ОЙМАҚТАЙ ЕЛДIҢ ОРАСАН ҚУАТЫ

ОЙМАҚТАЙ ЕЛДIҢ ОРАСАН ҚУАТЫ

ОЙМАҚТАЙ ЕЛДIҢ ОРАСАН ҚУАТЫ
ашық дереккөзі
253

1. БIР КIСI АЛПЫС АДАМДЫ АСЫРАЙТЫН БРИТАНИЯ

Ұлыбритания және Солтүстiк Ирландия бiрiккен корольдiгi, тарихи төрт аймақ: Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстiк Ирландияның одағы ресми түрде осылай аталады. Өркениеттi, гүлденген, әлемдегi ең қуатты 7 мемлекеттiң бiрi болып саналатын Тұманды Альбион небары 244 мың шаршы километрден сәл ғана астам жердi алып жатқан оймақтай ел. Батыс жағалауларын Атлант мұхитының асау ақжал толқындары тынымсыз сабалап жатса, ал терiскейiнде Солтүстiк теңiздiң суық ағыстары аспанға шапшып аласұрады. Еуразия құрылығынан Ла-Манш бұғазының биiк те сұсты жартастары бөлiп жатқан елдiң климаты еш тынбайтын жылы Гольфстрим ағысының әсерiнен соншалықты жанға жайлы, қоңыржай. Жыл мезгiлдерiнiң кез келген уағында жиi жаңбыр жауып, жұртты мезi еткенi болмаса, қысы май тоңғысыз. Түрлi ауа және теңiз ағыстарының түйiскен тұсында орналасқандықтан ба, ауа райы аса құбылмалы. Сол ерекшелiгi елдiң аузында аңызға айналған. Теңiз бетiнен көтерiлген қою тұман онша биiк емес тау қыраттары мен жасыл беткейлердi, атағы төрткүл әлемге жайылған ағылшын көк майсаларын жиi тұмшалайтын болғандықтан да осынау аралдар Тұманды Альбион деп аталатын болса керек.

Сан ғасырдан берi әлемнiң жетекшi державаларының бiрi болып отырған осынау елдiң бар көлемiн шынайы сезiну үшiн ерiксiз туған Отан – Қазақстанмен салыстыруға тура келген. Өз елiмiздегi шыңдарын мәңгi мұз жапқан биiк таулар мен сайын дала, ұшқыр қиялдың қанаты талатын шексiздiкке үйренген қазақ баласына осынау ғажайып ел оймақтай ғана болып көрiнерi заңды. Таулары да аласа. Мәселен, жалпы Ұлыбритания аумағы 428 мың шаршы километр болатын Қарағанды облысынан екi есеге жуық кiшкентай. Бiздiң елiмiзде жалпы ұзындығы 1000 километрден асатын 7 өзен болса, бұл елдегi ең ұзын Северн өзенi бар жоғы 354 км ғана. Бұл өзен Орталық Уэльстен Англияның оңтүстiк батысына қарай ағып жатыр. Шотландия мен жалпы Британ аралдарындағы ең биiк тау Бен-Невис те бiздiң үйреншiктi Көктөбеден онша биiк емес-ау. 59 миллион тұрғындары бар Ұлыбритания халқының саны жағынан Еуропада төртiншi орын алады. Алғашқы орындарда Ресей мен Германия екенi бесенеден белгiлi ғой. Бiрақ, әрбiр шаршы шақырымға 250 адамнан келетiн Британия әлемдегi халқы ең тығыз елдердiң санатында болумен қатар, ел халқының 90 пайызы iрi қалалар мен қала маңындағы аймақтарға шоғырланған екен. Қазақстан жұртына, әсiресе қазақтарға етене жақын болғандықтан осы елдiң ауыл шаруашылығының жағдайына баса назар аударғанымыз да түсiнiктi шығар. Ең таңданарлығы, ел тұрғындарының 1 пайызы ғана ауыл шаруашылығымен тiкелей айналысатын боп шықты. Соған қарамастан жаңа технологиялардың көмегiмен аса жоғары еңбек өнiмдiлiгiне қол жеткiзiлiп, жыл сайын зор өнiм қамтамасыз етiледi. Мұның өзi Ұлыбританияның iшкi сұранысын 60 пайызға толық қанағаттандыруға мүмкiндiк беретiн көрiнедi. Бейнелеп айтсақ, Британ аралдарында бiр кiсi алпыс адамды асырайтын боп шықты. Жер көлемiнiң шағындығына әрi өндiрiстiк ел екендiгiне қарамастан Ұлыбританияда мал шаруашылығы әсiресе жақсы дамыған. 2001 жылы аусыл болған сиырлардың жаппай өлтiрiлгенi мәлiм және 1 млн. бастан артық мүйiздi iрi қара өлтiрiлiп, өртелiп жiбердi. Мұның таяу арада ғана болғандығынан ба, адамдар сол қырғынды әлi үрей және аянышпен еске алады. Оған дейiн елде 11 млн. мүйiздi iрi қара бар болатын. Биязы жүндi қойлары мен әсiресе даңқы әлемге жайылған ағылшын тұлпарларын өсiру де ел экономикасына қомақты табыс әкелуде. Ел аумағының онсыз да оймақтай екендiгiне қарамастан, дәлiрегi осыған байланысты ел территориясының 7 пайызы ұлттық парктер мен қорықтарға берiлiп, тұмса табиғатты қаз-қалпында сақтауға зор күш жұмсалуда.

Әйгiлi Лох-Несс құбыжығы бар делiнетiн Ұлыбританиядағы ең iрi көл Лох-Ней Солтүстiк Ирландиядағы тау iшiнде орналасқан екен. Талай аңыздар мен зерттеулерге, түрлi қорқынышты киноларға арқау болған жұмбақ көл адам аяғы жетпейтiн алыс түкпiрлерде орналасса жөн-ау, бiрақ, бұл көл iрi өндiрiс ошағы Белфаст қаласынан небары 20 шақырым жерде ғана болып шықты. Қазақтың ауылдағы қара домалақтары мұндай қашықтықтағы көлге күнде болмаса да, анда-санда жаяу барып-ақ, тұнық судан шықпас едi. Әлгi Лох-Несс аталатын құбыжығын шуылдарымен-ақ шошытып, құлағын керең етсе таң қалмас едiк.

Ұлыбритандықтар өз елдерi туралы түрлi аңыздар туғызуға шебер көрiнедi және әлгiндей аңыздарды сақтауға да құмар. Бәлкiм, мұнысы жыл өткен сайын адамдардың табиғаттан алыстап, урбанизацияның әсерiнен қалаларға тым көп шоғырлануынан болса керек. Ұлыбритандықтардың ел тарихына аса құрметпен қарайтындықтары, жәдiгерлiктердi шексiз қастерлейтiнi ерiксiз сүйсiндiредi. Оның себептерi жеткiлiктi.

2. АҢЫЗДАРЫН ҚАСТЕРЛЕЙТIН АНГЛИЯ.

Ұлыбритания мен Ирландия бiр кездерi Еуразия құрылығының ең батыс шетiндегi жерлер болған. Осыдан 11 мың жыл бұрын мұздықтардың жаппай ерiп, теңiз деңгейiнiң күрт көтерiлуiне байланысты құрылықтан бөлiнiп қалған. Мiне, содан берi бұл өлкенiң тарихы Еуропадан бөлектеу әрi сабақтас. Жүздеген жылдар бойына аралдардағы бейбiтшiлiк құрылықтан келген жаулап алушылармен жан берiп, жан алысқан соғыстармен алма-кезектесiп тұрыпты. Ұлыбританияның тарихында бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 1 ғасырда кельт халықтарының қоныс аударуы мен қазiргi жыл санауымыздың 1 ғасырында римдiктердiң жаулап алуы орасан зор мәнге ие болды. Қазiр 8,5 млн. тұрғыны бар ел астанасы Лондонды бiздiң ғасырымыздың 43 жылы римдiктер бекiнiс ретiнде тұрғыза бастаған болатын. Және Лондон орналасқан өлке оңтүстiк-шығыс Англияның адамдары ең көп қоныстанған аймағы болып отыр. V-VI ғасырларда бұл аралдарды англосакстар жаулап алып, ал IХ-ХI ғасырларда жаужүрек викингiлер өз мемлекеттерiн құрса, 1066 жылы атақты Вильгельм бастаған нормандардың жеңiс тулары желбiредi. Ұлыбритания конституциялық монархия елi болып қалса да, бұл елдегi парламентаризмнiң тарихы да сан ғасырларды қамтиды. Қазiргi үйреншiктi қалпындағы парламент Еуропада, яғни, әлемде ең алғаш Англияда құрылуының өзi даңқты елге құрметпен қарауға итермелейдi. Аңыз демекшi, әдiлдiк үшiн күрескер, әлсiздердi батыл қорғаушы Робин Гуд туралы әфсана, Шекспир қаламынан туған мәңгi махаббат аңызы – Ромео мен Джульетта жөнiндегi пьесаны әлемде бiлмейтiндер жоқ шығар. Әдiл, мейiрбан билеушi король Артур және оның серiктестерi, дөңгелек үстел басындағы серiлер, Вальтер Скоттың айбынды батыр Айвенгосы әлемнiң кез келген түкпiрiндегi балалардың сүйiктi кейiпкерлерiне айналған. Ал Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмсы мен доктор Ватсонына әлi күнге хат жазушылар табылатынын естiгенде таңданыстан көзiмiз алақандай болғанын жасыра алмаймыз.

Орталық Англиядағы Трент-энд Мерси сонау ХVIII ғасырда, 1777 жылы – өндiрiстiк төңкерiс кезеңiнде ашылып, шикiзат пен тауар тасымалдауға пайдаланылған. Бiр ғажабы, елде мыңдап саналатын мұндай каналдардың басым бөлiгi бәз баяғы қалпында сақталған және қазiр туристердi тасымалдау, соларға көрсету үшiн арналып отыр. Әрине, өз тарихи, мәдени жәдiгерлiктерiн қол тигiзбей сақтап қала алған елге ағылушы туристердiң легiнде шек жоқ. Жылына ондаған миллион туристер Тұманды Альбион жерiне аяқ басып, орасан зор сезiмдерге бөленедi, кәрi тарихтың алдында бас иедi. Жер бетiндегi жұмақ сияқты аралдарға алғаш қадам басқан кiсi бұл елде әдемi аңыздар қай тұста аяқталып, ақиқат қайдан басталарын айыра алмайтыны сөзсiз. Сондықтан бұл елде Гарри Поттер хикаялары туралы сүйiп оқитындар сан миллиондап саналады. Қазiргi Қазақстандағы әдеби кiтаптар небары екi мың данамен шығатынын ойға алсаң, британдықтарға ерiксiз қызығасың. Әрине, Ұлыбритания туралы айтқанда әйгiлi Стоунхенджге соқпай өту де мүмкiн емес. Оңтүстiк Англияда бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 3200 және 1000 жылдар аралығында тiгiнен тұрғызылған зор тас бағаналардан дөңгелектеп соғылған бұл дiни рәсiм кешенi өзiнiң жұмбақтығы әрi орасан зор көлемiмен адамдарды әлi күнге таңдандырады.

Бiр кездерi әлемдегi иелiктерiнiң үстiндегi күн ешқашан батпайтын, яғни, дүниенiң о шетiмен бұ шетiне дейiн жаулап алған Ұлыбритания туралы айтқанда «ең алғашқы» деген сөзден де қашып құтылу мүмкiн емес.

Әлемде ең алғашқы метро салынған қала – Лондон. Лондон метросы 1863 жылы ашылып, қазiр мұнда 260 станция жолаушыларға қызмет көрсетедi. Орасан зор қаланың кез келген жағына көздi ашып жұмғанша жетiп баруға мүмкiндiк бар. Лондонның «смогы» – тұман араласқан улы түтiнi бiр кездерi тыныс аштырмай, қала көшелерiмен адам жүре алмайтын болып қалса, қазiр мүлдем керiсiнше. Орасан зор мегаполис тап-таза,жинақы. Қаладағы ең биiк әткеншек (колесо обозрения) Темза үстiнен 135 метр биiктiкте бой созады. Әлгi әткеншекке отырған адам Ұлыбританияның әр түкпiрiн көретiн шығар, сiрә. Өйткенi, Солтүстiк Ирландия мен Шотландияның аласа таулары болмаса Англия жерi негiзiнен жазық далалар. ХVII ғасырдан ХХ ғасырдың ортасына дейiн әлемдегi ең iрi отарлаушы ел, теңiз державасы болып келген Ұлыбритания экономикасы өткен ғасырдың орта тұсынан бастап құлдырай бастағаны аян. Мұндай ұзақ әрi адамдар тағдырына зор ықпалын тигiзген дағдарыстан елдi шығару үшiн әйгiлi темiр ханым – Маргарет Тетчердiң қайыспас қажыр-қайраты, берiк ерiк-жiгерi қажет болды. Қазiр Канада-сквердегi 1 әкiмшiлiк ғимараты – Кэмэри –Уорф – Билдинг атымен мәлiм үй Ұлыбританиядағы ең биiк ғимарат болып саналады екен. Осы заманға сай бұл әсем үйдiң биiктiгi 244 метр. Әрине, бұдан да биiк үйлер әлемнiң түкiпiрлерiнде жетiп артылады.

Айтпағымыз ол емес. Гәп, Кэмэри–Уорф – Билдингтiң 1980 жылдары қирандыға айналған Лондон портының аумағында салынғандығында. Бұл осы елде қысқа уақытта болған зор өзгерiстер, экономикалық табыстардың нақты көрiнiсi сияқты. Қазiр Британ ақшасы –фунт стерлинг орасан зор беделге ие. 1 фунт стерлинг 2 АҚШ долларына сай дерлiк. Оның үстiне өз тарихтарына құрметпен қарайтын ағылшындардың көбiсi кәрi Еуропа бiраздан берi қолданып жүрген еуроға көшуге түбегейлi қарсы. Оның үстiне Ұлыбритания қазiр әлемнiң көптеген елдерiне электр жабдықтарын, химия өнiмдерiн, автомобильдер, мұнай және мұнай өнiмдерiн экспорттайды. Мұнай туралы да баса айту керек шығар. Солтүстiк теңiздiң шельфтерiнен өндiрiлетiн мұнай Парсы шығанағындағы елдермен, тiптi, өзiмiздiң Қазақстан мұнайымен салыстырғанда әжептеуiр қымбатқа түскенiмен, сапасы жағынан жоғары. Оны өндiруде қауiпсiздiк шараларын қатаң сақтау керек. Ал ашық теңiзге мұнай төгiлуi ұлттық апат ретiнде қабылданады.

Ғалымжан МЕЛДЕШ, «Түркiстанның» арнаулы тiлшiсi
Алматы – Лондон – Алматы

Серіктес жаңалықтары