ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖYЗДЕСУ

ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖYЗДЕСУ

ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖYЗДЕСУ
ашық дереккөзі
714

Жуырда бiр топ қалам иелерi Елбасымыздың қабылдауында болды. Жазушылар одағы құрылтайының алдында өткен бұл кездесуде Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаламгерлермен бiрқатар мәселелер төңiрегiнде келелi әңгiмелердi қозғағаны да белгiлi. Көпшiлiк арқа сүйейтiн зиялы қауымға Елбасы қандай әңгiме айтты, қандай тапсырмалар бердi, көптен күткен кездесуде жазушы қауым не мәселенi қозғады? Ұлттың көкейiнде жүрген ұлттық мәселелер сөз болды ма?.. Осы орайда кездесуге қатысушы қаламгерлерiмiздiң бiрi, көрнектi жазушы Әкiм Таразиге сауал тастаған едiк.

— Әкiм аға, Елбасымен кездесу құрылтаймен тұспа-тұс келуi тегiн емес шығар. Жалпы, кездесу барысында не мәселенi қозғадыңыздар?

— Жазушылар одағының құрылтайының алдындағы кездесу болды ғой. Екi сағат жиырма минуттай отырдық. Кездесу соншалықты әдемi өттi. Қазiргi Қазақстан, қазiргi саясат, Президенттiң жүргiзiп отырған саясаты, Конституциялық өзгерiстер туралы әңгiмелер қозғадық. Конституцияны өзгерту, бүкiләлемдiк тарихта жалпы, конституцияның бiр парасын өзгерту үлкен айқаймен болушы едi. Тiптi, кейде қантөгiске апаратын. Бiр бабын түгiл, бiр нүктесiн өзгертудiң өзi қиындық тудыратын. Мұндай нәрсе Американың тарихында болған. Бұл жолы бiздiң Елбасыдан инициатива болғанын өз басым ұнаттым. Қоғамда ешқандай дүдәмал жағдайларға жiбермей, өзiнiң ұсынысын осылай жеткiзгенiне риза болдық. Бұл жағдайға Президенттiң өзi бармағанда қоғамның iшiне кетiп қалатын дерт болуы мүмкiн едi. Сондықтан, осы жағынан риза болғанымызды айттық. Содан кейiн осы құрылтайға байланысты өзiмiздiң өтiнiштерiмiздi айттық. Өтiнiштерiмiз негiзiнен, Жазушылар одағы бiраз уақыт қоғамға қажет болмай қалды. Кеңес үкiметiнiң кезiндегiдей саяси ұйым болмағаны жақсы. Бiзге сол саясидан қашу керек. Бiрақ, халық жазушыны жақсы көредi ғой. Көптеген БАҚ халық үшiн жұмыс iстеп жатқанымен, олар жазушыны iздейдi. Жазушы осы мәселеге қалай қарады деп күтiп жүредi. Сондықтан, бiз саясатқа қатыспасақ та, қоғамдағы миллиондаған халықтың тiлегiн тiлеп жүремiз. Осы жағынан бiзге жағдай жасау керек. Жағдай болғанда, бiзге ешнәрсе керек емес. Шынын айтқанда. Өз күнiмiздi өзiмiз көрейiк дедiк. Президентке бұл ойымыз ұнады. Жетпiс-сексен жылдан берi келе жатқан баспа орындарымызды қалай болса, солай келдi де, бiреулер тартып әкеттi. "Жұлдыз" журналынан айрылып қалдық. "Қазақ әдебиетiнен" айрылып қалдық. Кезiнде сол басылымдардың басында бiздiң классиктер отырған едi ғой. Ендi келiп, ешкiмге белгiсiз бiреулер алып кеттi. Осындай ойлар айтылды. Бұған Президент бiрден жауап бердi. "Ол үш басылымның үшеуiн де қайтарып беремiн. Бұған ешқандай қобалжымаңыздар", — дедi. Бүкiлдүниежүзiнде жазушылардың бәрi өзiнiң қаламақысымен күн көредi. Бiздегi қаламақының көбi бiр министрдiң бiр айлық айлығына жетпейдi. Бiз оны бiр жылда, тiптi кейде екi жылда табамыз. Кейбiреулер бес жылда бiр кiтап шығарады. Ал, ол шығарған кiтабыңыз, министр емес, кейде жай қызметкердiң айлығына жетпей қалады. "Қаламақы мәселесiн жөндеймiз. Бiрнеше есе көбейтуге күш салайық" дедi. Үшiншi жағдай, жаза алмай қалған, жасы келген жазушыларымыз бар. Олардың алатын зейнетақысы күлкiлi ғой. Елбасымыз бұл мәселенi де шешiп беретiн болды. Сондай-ақ, ұйымдық мәселеде ол кiсi өтiнiш жасады. "Кiмдi қойсаңдар да, мен араласпаймын. Кiм сендерге ұнайды, соны сайлаңыздар?! Бiрнеше адам түсетiн шығар. Солардың iшiнен өздерiңiз қалаңыздар" дедi. Сонымен, келiсiп қайттық.

— Ұлттық мәселелер ше… Тiл мәселесi… Бұл мәселелер туралы айттыңыздар ма?

— Тiл мәселесiн кесiп айтты. "Азаматтар, Конституцияда жазылды ғой. Осыны қайта-қайта проблема қылып айтасыздар. "Қазақ тiлi –мемлекеттiк тiл" деп, ап-анық жазылып тұр. Соны ендi iске асыру керек емес пе? Мен қашанғы айта берем. Басқа ұлттың өкiлдерiнен қазақ тiлiне қарсы боп жүргенiн көрген емеспiн. Бәрi өздерiңе байланысты. Тiл туралы айқайлап жүргендердiң кейбiрi отбасында қазақша сөйлеспейдi ғой. Сөйтiп жүрiп, оны қызыл сөз сияқты айғайлаудың қаншалықты қажетi бар", — дедi. Шынында да солай ғой. Қазақ тiлiне қарсы боп жүрген басқа ұлт өкiлдерiн өз басым көрген жоқпын. Барлық қарсылық, тоқырау бiздiң өзiмiзден шығып жатыр. Осының бәрi әдебиеттiң бұрынғы деңгейiнен төмендеп кетуiне байланысты. Кiтап шықпай қалды. Екi мың таралым деген түк емес. Кезiнде жетпiс-сексен мыңмен шыққан кiтаптар мың ғана таралыммен шығады. Осы мәселенi де Елбасы шешiп беруге уәдесiн бердi. Жалпы, екi сағаттан аса уақыт отырғанда осындай пайдалы әңгiмелер сөз болды.

— Елбасы жазушы қауымға да талап қойған болар…

— Талап қойды. "Бiзде көп жұмыстар жасалып жатыр. Қаншама өзгерiстер болуда. Соны бiз бiрде-бiр шығармадан көрiп жүрген жоқпыз", — дедi Елбасы. Ол кiсi саясаттың адамы. Баяғыда партия десе, бәрiң жабылып кетушi едiңдер, ендi неге үндемейсiңдер дегенге келтiрдi ғой. Дәл өйтiп тiкелей айтпаса да, дипломатиялық тұрғыда жеткiздi. Бүгiн мiне, құрылтай басталып жатыр. Жазушыға ең басты қажетi татулық, бiрлiк қой. Құрылтай да татулықта, бiрлiкте өтетiн шығатын шығар деген үмiттемiн.

P.S. Елбасының бiрнеше қаламгердi өзiнiң қабылдауына шақырып, жинауының да сыры құрылтайда жатса керек. Араға жылдар салып, өтiп жатқан бұл құрылтайдан жазушы қауымның көп үмiт күтетiнi сөзсiз. Кеше күнi бойы Абай атындағы опера және балет театрында өткен құрылтай туралы әңгiменi алдағы нөмiрлерiмiздiң бiрiнен оқитын боласыздар.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары