SMS-КЕ ҚҰМАРЛЫҚ ТА ҚАУIПТI...

SMS-КЕ ҚҰМАРЛЫҚ ТА ҚАУIПТI...

SMS-КЕ  ҚҰМАРЛЫҚ ТА ҚАУIПТI...
ашық дереккөзі
245

Қысқа телефонды байланыс бiрте-бiрте шынайы табиғи қарым-қатынасты шеттетiп жатыр. Бүгiнгi күнi коммуникацияның қажеттi құралы болып жүрген SMS-пошта жай ғана сергiту ретiнде қабылданады. Алайда, оның құмар дертiне шалдықтырар қаупi жоқтығына сенiмдiмiз бе?

SMS ойлап табылғалы берi құмарлық қаупiн тудырар құбылысқа айналды. VODAFON телекоммуникациялық компаниясының инженер маманы Нейл Папуорт 1992 жылды қарсы алған түнi SMS-ты алғаш ойлап-тауып, анасына жолдаған екен. Жолдау қысқаша ғана «Happy New Year — 92» деп жiберiлген. Бiрақ бұл қызмет көрсету түрi (Short message service) тек 2000 жылы ғана жаппай таралыпты.

Қазiр ұялы телефон байланысының операторлары дәл осы мәтiндi жолдамалардың есебiнен 60 пайыз пайда табады десек, олардың барлығы бұл керемет жаңалықтың талай жылдар бойы назардан тыс қалып қойғандығына өкiнген болар. Қалай болғанда да, SMS-қызметi халықтың арасында кең таралғандығы соншалық, өткенге өкiнудiң де қажетi шамалы. Олардың алдындағы басты мiндет – тек «ауруды жұқтырған» абоненттердiң қызығушылығын қолдап отыру ғана емес, сондай-ақ, олардың мүддесi жаңа абоненттердi көптеп тарту болған. Мол пайда түсiретiн iске тартылғандар да аз болған жоқ: ұялы телефон байланысының операторларына мобильдi телефондарды өндiрушiлер де келiп қосылған, сонымен қатар, БАҚ — радиостанциялар, ТВ-арналар, журналдар. Бiреулерi — SMS-байланыстың жанкүйерлерiне пошталық қызмет үшiн арнайы тарифтер сыйлаумен үмiттендiрсе, ендi бiреулерi мәтiндi жолдамалар терудi жеңiлдететiн уникалды аппараттармен қызықтырған. Бұқаралық ақпарат құралдары мобильдi телефондардың иегерлерiн SMS-ойынға тартуды көздеген. «Неғұрлым көбiрек SMS жолдап автомобильдiң иесi бол!», «Жолдама жазып, реалити-шоудың қатысушысы бол!», «Бiр SMS — Анталияға жолдама?!» — деген сияқты ұсыныстар арманның орындалуына әкелмей ме?

SMS арқылы мобильдi телефонға жаңа әуен, сурет және ойындар толтыруға болады. Әр түрлi компаниялар халықты SMS-жеткiзулермен қамтамасыз етуде. Мысалы, спорттық матчтардың қорытынды есебi, ауа-райы, кинотеатрлар көрсетiлiмнiң кестесi, жұлдызнамалар. Таң қалатындай ештеңе де жоқ, мобильдi байланыс аясында бұл қызмет түрi пайда болғаннан берi аз уақыт өткенiне қарамастан, Батыстың таблоидтары мен Интернет-жаңалықтардың жолдары «SMS-тың құрбандары» жайлы хабарлармен толтырылуда. Ал, психологтар «SMS-құмарлық» деп аталатын қауiптi дерттiң пайда болатындығы жайлы ескертуде.

Әрине, қатерге iлiнгендер, бiрiншi кезекте, жасөспiрiмдер болмақ. 2001 жылы 15 жасар ағылшын қызы Риа Вердли жайлы барлық әлем естiген болатын. Әр ай сайын бойжеткен 1000-ға жуық SMS-жолдама жiберiп отырған. Ливерпульдiң тұрғыны болған жас қыз мұның құнын өтеу үшiн жылына 2000 долларға шығынданып, бiр минут та телефоннан айрылмайтын көрiнедi.

Алайда, SMS арқылы қарым-қатынысқа сәлден соң үлкендерiмiз де құмарта бастапты. Бүгiнгi күнi, пошталық қызметтi пайдаланушылардың 80 пайызын әйелдер құрайды екен.

Британияда осы күнi газеттiң жеке жарнамалық бөлiмдерi мен Интернет-ресурстардың беттерiнде «дәстүрлi» құмар ауруларының (алкоголизм, нашақорлық, ойынқұмарлық) қатарында SMS-құмарлықты емдеуге дайын мамандар табылған екен. Бұған кейбiр әлеуметтанушылар, тек қана жарнамалық қадам, не болмаса PR деп қарауда.

Сонымен қатар, бұл проблема жайында психологтардан бұрын … лингвистер дау көтерген болатын. Олар ұялы телефон абоненттерiнiң денсаулығы үшiн емес, өздерiнiң ана тiлiнiң «денсаулығы» үшiн қауiптенуде. SMS-жазушылар көптеген қысқартулар мен шартты белгiлерден тұратын өздерiнiң тiлi мен әлiппесiн ойлап тапқан екен. Мысалы бiзде, ең басты қағида – естуiмiз бойынша жазу: «мен сенi суем», «мен тос тұр», «барам», «естим». Ал, пунктуацияның жағдайы тiптен ауыр. Ең бастысы, мұндай «грамматикаға» үйренген әлеуметтiң сауаттылығы, ертеңгi күнi не болмақ?

Айнұр БАЗАРБАЕВА,

Қарағанды Мемлекеттiк университетiнiң студентi

Серіктес жаңалықтары