ӘР МИНУТТА – АЛТЫ АДАМ...

ӘР МИНУТТА – АЛТЫ АДАМ...

ӘР МИНУТТА – АЛТЫ АДАМ...
ашық дереккөзі
329

Жақында Алматының бiр топ дәрiгер мамандары бас қосып, медицина саласындағы орын алып жатқан мәселелердi талқыға салды. Олар, әсiресе кейiнгi кезде жеделжәрдемнiң қант диабетi дертiне шалдыққандарға дер кезiнде көмек бере алмайтындығына шүйлiгiп, мысалдармен дәлелдедi. Ал жеделжәрдем қызметiнiң мамандары қарсылық танытып, бұл жаламен үзiлдi-кесiлдi келiспейтiндiктерiн бiлдiрдi. Алайда екi жақтың шағымын қоса тыңдаған қалалық мәслихат депутаттары, айналып келгенде мұндай бейберекетсiздiктiң бәрiне, «Денсаулық сақтау министрлiгi кiнәлi» дегендi айтады.

Шынында да, белгiлi бiр диетамен ғана өмiр сүретiн қант диабетi (сусамыр) ауруына шалдыққандардың саны жылдан-жылға өсiп барады. Мәселен, елiмiзде үстiмiздегi жылдың алғашқы екi айында қант диабетiнен 550 адам көз жұмған. Әуелi бұған жеделжәрдемнiң тиiстi құралдармен жабдықталмауы және ақ халаттылардың дұрыс диагноз қоймауы дерт ошағының көбеюiне септiгiн тигiзiп отырғандығы анық. ҚР Диабет қауымдастығының президентi Н.Тукалевская: «Жеделжәрдем кешiгiп қана қоймай, көбiне қан құрамын анықтайтын құралсыз келедi. Оның үстiне дәрiгер диагнозды дөп басып қоя алмайды. Кейбiрi тiптi, науқасты ауруханаға апарып, арнайы медициналық тексеруден өткiзбейдi де. Өз iсiне салғырттықтың салдарынан, яғни, дер кезiнде науқасқа көмек көрсетпегендiктен қаншама жан бақилық сапарға аттанғанын естимiз» дегендi айтса, ал жедел-жәрдем қызметкерлерi бұл пiкiрмен келiспейдi. Кесiмдi жауаптары: «Бiзде мамандар бiлiктi, дәрi-дәрмек те жеткiлiктi». Жедел-жәрдем стансасының бас дәрiгерi Игорь Волков осы тұрғыда: «Барлық жедел-жәрдем тобы қажеттi медициналық құралдармен жабдықталған. Демек, дайындығымыз – 100 пайыз! Айталық 6 айдың iшiнде бiзге қант диабетiмен ауыратын 620 адамнан шағым түстi. Бұл небары 0,3 пайыз ғана. Сондықтан да, бүгiн бұл көрсеткiшке дабыл қағудың ретi жоқ, өйткенi, өлiм жағынан қант диабетi емес, жүрек аурулары бiршама озып кеттi» деп ақталумен болды.

Жалпы, биыл қант диабетiне қарсы күреске Үкiметтен 307 миллион теңге бөлiнгенмен, министрлiк бұл қаржыны дұрыс игермей жатқанға ұқсайды. Алматы қалалық мәслихатының депутаты Т.Төлендиевтiң де Денсаулық сақтау министрлiгiнiң жауапсыздығына қарны ашқандай болды. «Қант диабетiн лабораториялық тексеру керек деп құрал-жабдыққа ақша бөлiнедi. Бiрақ, осы тiзiмдi министрлiк әлi дайындаған жоқ» дейдi. Сонда қазынадан бөлiнетiн қаржы судай сiңiп кете ме? Екi жақ қызыл кеңiрдек болып жатқанда, екi ортада «шыбын» өлмей ме? Ол шыбыныңыз – адамның кеудесiндегi жаны. Статистикалық көрсеткiштерге зер салсаңыз, қант диабетiмен елiмiзде 150 мыңнан аса адам тiркелсе, әлемде минут сайын 6 адам дүниеден озады екен. Ал мұны есепке алып, жұмылған жұдырықша аурудың алдын алатын министрлiк қайда қарап жүр?

Шаһ-Керiм КӘРМЕНОВ

Серіктес жаңалықтары