МЫҢ АСҚАНҒА — БIР ТОСҚАН

МЫҢ АСҚАНҒА — БIР ТОСҚАН

МЫҢ АСҚАНҒА — БIР ТОСҚАН
ашық дереккөзі
316

Өз елiнде жүрген қазақтарға қазақша сөйлеуге тыйым салған түрiк Түркияға түре қуылды. Қазақстандық прокурорлардың арқасында әдiл жазасын алған әлгi жатжұрттықтың 5 жыл бойы елiмiзге ат iзiн салуға құқығы жоқ. Өкiнiшке қарай, кейiнгi кездерi "есiктен кiрiп, төр — менiкi" дейтiн, ҚР Атазаңына бағынғысы келмейтiн жатжұрттықтар саны басым Қазақстанда. Осының кесiрiнен өз елiнде құқықтары аяққа аяусыз тапталып, тiптi, ел аман, жұрт тынышта қыршынынан қиылған қазақтар көбейiп барады.

Газетiмiздiң 17 мамыр (№20) күнгi санында жарияланған "Үкiмет бұл жолы да үнсiз" атты мақалада Қазақстанда нан тауып жүрген шетелдiктер тарапынан заң бұзушылықтарға жиi жол берiлетiнi туралы жазған болатынбыз. Мақалада ҚР Конституциясын белден басқан бiр түрiк азаматының елiмiзде заңсыз жүргенiмен қоймай, қазақтарға қазақша сөйлеуге қатаң тыйым салған көргенсiздiгiн қоса айттық. ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, жуырда Атажұртындағы қазақтарға қоқан-лоққы жасаған Бахче Юсуф елiне керi қайтарылған көрiнедi. Атырау облысына қарасты Қарабатан қыстағындағы "АСВ Кетринг" ЖШС-iнде қызмет ететiн отандастардың шағымы бойынша тексеру жүргiзген прокуратура өкiлдерi аталған мекемеде әкiмшiлiк қызмет атқаратын Юсуфтың тiлдiк белгi бойынша қысым жасап, азаматтардың құқығын шектегенiн анықтаған. Қазақтарға: "Егер жұмыс орнында тек түрiкше сөйлемесеңдер, жұмыстан қуамын" деп қоқаңдаған Бахче Юсуф "АСВ Кетрингтегi" кiр жуатын қандастарымызға ғана емес, Қарабатандағы түрiктердiң "Гате Иншаат" құрылыс компаниясындағы ұлты қазақтардың да ана тiлiнде сөйлесуiне тыйым салыпты. Мұның Атазаңға қайшы екендiгi айтпаса да түсiнiктi. Яғни, ҚР Конституциясының 14-бап, 2-тармақшасында "тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды" деп тайға таңба басқандай анық көрсетiлген. Осыған байланысты Атырау облыстық прокуратурасы ҚР әкiмшiлiк заң бұзушылықтар жөнiндегi Кодекстiң 82-бап пен 394-бап, 2-бөлiмi бойынша әкiмшiлiк iс қозғады. Бұған дейiн тiлдi таңдауда жеке тұлғалардың құқығына шек қою және шет ел азаматтарының Қазақстан аумағында жүрген кезiнде тәртiп ережелерiн бұзуға қатысты қазақтарға түрiк тiлiн таңып әлек болған Бахче мырзаға Атырау облысындағы Мақат аудандық соты әкiмшiлiк жаза ретiнде 65520 мың теңге көлемiнде айыппұл салған болатын. "Есiктен кiрiп, төр — менiкi" деп тайраңдаған түрiктiң әдiл жазадан осы азғантай сомамен оңай құтылып кетуi әбден мүмкiн болатын. Бiрақ соттың шешiмiмен келiспеген Мақат аудандық прокуратурасы апеляциялық тәртiппен осы iске қатысты наразылық бiлдiрдi. Осының нәтижесiнде, iстi қайта қараған Атырау облысының соты Мақат аудандық соты шығарған шешiмнiң күшiн жойып, Юсуф Бахченi бiр тәулiктiң iшiнде әкiмшiлiк тұрғыда қамауға алуға және кейiн Қазақстан Республикасынан аластауға шешiм шығарды. ҚР "Шетелдiктердiң құқық ережесi" заңының 200-бабына сәйкес, Юсуфқа қатысты шығарылған шешiм күшiне енген күннен бастап, ол 5 жылдық мерзiм iшiнде Қазақ жерiне аттап баса алмайды. Көңiлi — кең, жаны — жомарт қазақты қорлаймын деп абайсызда арандап қалған түрiкке тағайындалған жаза осы. Өкiнiшке қарай, қазiр елiмiзде бiр үзiм нанын Қазақ жерiнде тауып жүрген жатжұрттықтар тарапынан жергiлiктi тұрғын — қазақтарды қорлау, кемсiту, олардың құқығын аяққа таптау сияқты келеңсiздiктер мен заңды өрескел бұзушылықтар жиi кездессе де, қазақстандық құқық қорғау органдары кейде шетелдiктердi ауыздықтауға дәрменсiз. Өйткенi, ол үшiн шетелдiктерге қатысты қазақстандық заңға бiрқатар өзгертулер мен толықтырулар енгiзу қажет. Ал бiздiң билiктiң оған не мойны жар бермейдi, не мүдделi емес. Өйткенi, билiктi халық мүддесiнен гөрi қу құлқыны көбiрек мазалайды. Осының кесiрiнен қаншама қандас қорланып, қаншама қазақ заңға мойынсұнғысы келмейтiн шетелдiктердiң кесiрiнен Айдың, Күннiң аманында өз елiнде қыршынынан қиылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары