УРАН — ҚҰДIРЕТТI ҚУАТ КӨЗI

УРАН — ҚҰДIРЕТТI ҚУАТ КӨЗI

УРАН — ҚҰДIРЕТТI ҚУАТ КӨЗI
ашық дереккөзі
324

Болашақтың отыны уранның маңыздылығына Қазақстан Президентi Н.Назарбаев өзi алғаш рет өткiзген Интернет конференцияда да тоқталып өттi. «Бiз дүниежүзiнде уран қоры жөнiнен 2-3 орындамыз. Бұл мұнай мен газдан да бағалы болып шығады түбiнде. Себебi бiр ғана Америка Құрама Штаттарының өзiнде 55 блок, дүниежүзiнде 100-200-ге тарта блок салатын жоспарлар құрылып отыр» дедi ол.

Қазақстанның уран кенiштерiн игерумен айналысатын «Қазатомпром» ұлттық компаниясы түбiнде уранның мұнай мен газдан да бағалы болып шығатындығын бiледi. Компанияның президентi Мұхтар Жәкiшев «Бiз мұнай-газ өндiру бойынша ешқашан лидер бола алмаймыз. Өйткенi, бұл рыноктi Парсы Шығанағы елдерi иеленiп қойған. Ал Қазақстан әлемдiк геосаясатқа тек уран өндiрiсi арқылы ғана ықпал ете алады» деп үнемi айтып жүр. Дамыған елдер бүгiнгi күнi өздерiнiң жылу-энергетика мәселесiн тек атом кешендерiнiң арқасында ғана шешiп отыр. Өйткенi, 2030 жылдары қазiргi энерго көздерiнiң бәрi де тапшылықты қанағаттандыра алмайтын жағдайда қалғанда, тек уранның ғана мүмкiндiгi мол болмақ. АҚШ, Ұлыбритания, Жапония елдерi мұны бiлгендiктен де атом электр станцияларының санын көбейтуге ден қоюда. Жақын арада әлемде 750 млрд. АҚШ долларына атом электр станцияларын салу жоспарлары да соның бiр дәлелi болса керек.

«Қазатомпром» компаниясының президентi Мұхтар Жәкiшев сыртқа тек уран шикiзатын ғана экспорттаудың жақтасы емес. Ол: «уран өндiрiсiне, энергетикаға қатысты ақыл-ой мен интеллектуалдық мүмкiндiктi де барынша дамытуымыз керек. Қазақстан интеллектуалдық меншiгiн, соңына дейiн өз жерiнде өндiрген өнiмiн экспортқа шығаруы тиiс. Ал интеллектуалдық қор сарқылмайды ғой» дейдi. Ол уран кенiштерiндегi жұмысты барынша пайдалы әрi шығынсыз, қауiпсiз жасау үшiн жапонның «Гемба Кайдзен» деген философиясын енгiзiптi. Мәселен, әр маман өз саласын, жұмысын онан әрi жақсарта түсу үшiн жұмыс барысында өз идеяларын енгiзуi керек. Сол саладағы әр идея қаржымен сүйемелденедi. Мұндай тәсiлдi жапонның «Тойота» концернi жүзеге асырып келе жатыр. Жапонияда көлiк шығаратын компания көп. Бiрақ, «Тойотаның» орны бөлек. Өйткенi, жаңартылған идеялармен жұмыс iстейдi. Концерннiң әр жұмысшысы өнiмге өз идеясын қосып отырады. Көлiктiң сұранысқа молынан ие екендiгi, әлемдiк нарықты жаулап алып, «дүние жүзi елдерiнде сенiмдi де сүйiктi» көлiкке айналуына осы философияның сiңiргенi мол екен. Жәкiшев те сондай жолды таңдау арқылы «Қазатомпром» өнiмiнiң әлемдiк нарықта барынша бәсекеге шадамды болуына күш салуда.

Қазатомпромның әлеумет үшiн жүзеге асырған шаруалары да шаш-етектен. Бұл компания әлеумет алдындағы өз жауапкершiлiгiн жақсы түсiнедi. «Қазатомпромның» уран кенiштерi орналасқан Оңтүстiк Қазақстан, Қызылорда облыстарында соңғы уақытта әлеуметтiк кешендер кеңiнен пайдалануға берiле бастады. Мәселен былтыр 7 мың тұрғыны бар Таукент поселкесiнде «Қазатомпром» бөлген 250 млн.теңгеге Iсмет Кеңесбаев атындағы 800 орындық мектеп күрделi жөндеуден өткiзiлiп, 220 млн.теңгеге мәдени- спорт кешенi салынған. Оның iшiнде тренажер залы, 200 орындық кинотеатр, спорт кешенi бар.

Iшiнде боулингi мен бильярды, би алаңқайы бар сауық орталығы 105 млн. теңгеге бой түзеген. Биыл Таукентте 160 балаға арналған бала-бақша бой көтермек. Орта және шағын бизнес объектiлерi: сұлулық салоны, тiгiн цехы, фотосалон ашылмақ. Бизнес орталығы салынбақ. 50 адамға арналған 3 жұлдыздық қонақүй құрылысы басталмақ. Кейiннен бала-бақшаны 280 баланы қабылдай алатындай етiп кеңейту iсi жоспарлануда. 20 млн.теңгеге соңғы үлгiде жабдықталған жапон реаномобилi — «көшпелi ауруханасы» сатып алынған. Оқыстан бiрнәрсе орнай қалса, сол жерге барып-ақ, осы реаномобильдiң iшiнде отырып, операция жасай беруге болады. «Мұндай дөңгелек үстiндегi аурухана облыс бойынша жоқ» дейдi дәрiгерлер. 3 мың тұрғыны бар Қыземшек поселкесiнде 280 балаға арналған бала-бақша пайдалануға берiлдi. «Бұл бала-бақша елдегi мегаполистердiң бала-бақшаларымен иық тiресе алады».

Жәкiшевтiң өзi: «Бизнестiң әлеумет алдында жауапкершiлiгi болуы керек. Президент осы мәселенi көтердi. Бiз болсақ, объектiлердi қазiрдiң өзiнде пайдалануға берiп үлгердiк. Әлi алда талай жоспар бар. Бұл жобаларды компания соңғы бес жылдан берi қаржыландырып келедi. Бiз тiптi осы объектiлердi дер кезiнде бiтiру үшiн болашақ түсiмнiң есебiнен несие де аламыз. Өйткенi, ең бiрiншi кезекте әлеумет алдындағы қарызымызды өтеуiмiз керек» дейдi.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары