БЕС ЖЫЛДАН СОҢ ... ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТI, НЕ ӨЗГЕРДI?!

БЕС ЖЫЛДАН СОҢ ... ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТI, НЕ ӨЗГЕРДI?!

БЕС ЖЫЛДАН СОҢ ... ҚҰРЫЛТАЙ ӨТТI, НЕ ӨЗГЕРДI?!
ашық дереккөзі
250

Маусымның 6-сы күнi Қазақстан жазушыларының кезектi ХIII құрылтайы өткен едi. Абай атындағы Опера мен балет театрында өткен жиналыс екi күнге созылатын шығар деп ойлағанбыз, бiрақ, құрылтай бiр күннен әрiге бармады. Құрылтайдан бiр күн бұрын өтедi деп жоспарланған пленумда аяқсыз қалды. Сонымен, алыс жақын шетелдерден келген делегаттар мен зиялы қауым бас қосқан Құрылтайдың соңында басқарма төрағалығына Нұрлан Оразалин қайта сайланып, орынбасарлығына Ғалым Жайлыбай, Берiк Шаханұлы, Талаптан Ахметжан бекiтiлдi.

Қазақстан Республикасы Президентi әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң орынбасары Мәулен Әшiмбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрылтайға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын табыс еттi. Қалыптасқан дәстүр бойынша Жазушылар одағының кезектi құрылтайының беташарын Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Әзiлхан Нұршайықов ашты. "…Соңымыздан өсiп келе жатқан жас өркендерге үлгi-өнеге көрсетейiк. Бiр-бiрiмiзбен жауласпай, дауласпай, ортақ мәмiлеге келiп, ынтымақты болайық. Туған елiмiз, тiлiмiз, әдебиетiмiз аман болсын!" деп қаламгерлерiмiздiң бас қосуының табысты өтуiне сәттiлiк тiледi.

Араға жылдар салып, қаламгер қауымды жинаған құрылтайды бiрқатар мәселелер сөз болды. Прозада, поэзияда, драматургияда соңғы бес жыл iшiнде болған жаңалықтарды әдеби секциялар басшылары хабарлама жасау арқылы көпшiлiкке таныстырды. Рас, Жазушылар одағы осы жылдар iшiнде көптеген қиындықтарды бастан кешiрдi. Бiр кездерi қалам иелерiнiң қасиеттi шаңырағына айналған Одақ үйiнен де бүгiнде жылу кеттi. Елдiң мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын жазушы жеке бастың күйiн күйттеп кеттi. Күйiн күйттемегенде қайтсiн, соңғы жылдары жазушылардың еңбектерiн жарыққа шығару мұңға айналды. Бiр жылдары жетпiс-сексен мың данамен шыққан кiтаптар бар жоғы екi-үш мыңнан аса алмай қалды. Оның өзi тұтынушының қолына жетпейдi, тек қана кiтапханаларға таралатын болды. Оның өзiнде елеулi ғана кiтапханаға түсiп жатады. Бұрынғыдай том-том кiтабына төленетiн қаламақы тағы жоқ. Есесiне, қалтасы қалың жолдан қосылған жазғыштар көбейдi. Олардың мұқабасы жылтыраған қалың кiтаптарын кез келген сауда дүкендерiнен кездестiретiн болдық. Оған өзге елдерден келетiн кiтаптарды тағы қосыңыз. Мiне, құрылтай осындай күрделi мәселелердiң, өзектi дүниелердiң басын ашу үшiн өткiзiлген болатын.

"Жазушыны елдiң еркесi дейдi бiреулер. Бiр кездерде солай болса, болған да шығар?! Қазiр олай емес. Қазiргi жазушы — жанкештi. Жазушыны жөндi жөнсiз арқасынан балаша қағып, ұсақ-түйекпен алдандырудың күнi өтiп барады. Көр-жердi жазып, өмiрiнiң өткен-кеткенiн түгендеп жүргендердiң бәрiн жазушының санатына қосудың керегi жоқ. Ондайлар бұрын да болған, қазiр де бар. Қазiр бұрынғыдан да гөрi көбейiңкiреп кеттi. Ақша мен баспаның одағы күшейгелi мұқабасы мен мазмұны үйлесе бермейтiн халтураға жол ашып алдық па деймiн?!" – дедi өз баяндамасында Одақ басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин. Төраға жазушылар үшiн шешiмiн таппай келе жатқан үш мәселе қаламақы, таралым, кiтап саудасы туралы да мәселе көтердi.

Бұл мәселенi жарыссөзге шыққан зиялыларымыз да көтердi. Әуелде сөз алған көрнектi жазушы Шерхан Мұртаза жазушы қауымды ауызбiршiлiкке шақырып, елдiң ұйытқысы болуын өтiндi. "Бiр уыс қана халықтың" тыныштығын ойлауды мiндеттедi. Ашына сөз алған қаламгердiң сөзiне залға жиналған қауымда бас шұлғысып жатты.

Парламент депутаты, белгiлi ақын Мұхтар Шаханов: "Тiлге, ұлтқа жаны ашымайтын жазушы жазушы емес" десе, жазушы Қабдеш Жұмадiлов қаламгерге күйе жағып, жазықсыз ғайбаттап жүрген қалам иелерiн Одақтан шығару туралы ұсыныс тастады.

Ең қызығы, жарыссөзге шыққан қаламгерлердiң көбiнiң сөзiнен белгiсiз бiр "адреске" айтылған өкпе-назды байқадық. Ол адрестiң иесi кiм және ол сөздердiң көбiсi кiмге бағытталып жатқаны тағы белгiсiз. Бiз осыны түсiнбедiк. Бiздiң түсiнбегенiмiздi ақын Темiрхан Медетбек те байқаған екен. Мiнберге шығып, сөз алған ақын: "Бiрақ, мен бiр мәселеге таңғалып отырмын. Сөйлеген кiсiлердiң көбiсi осы арамызда бiр жау, дұшпандар автоматпен келiп отырған сияқты көрiнедi. Олардың қолдарында шоқпар, сойыл бар сияқты. Олардың кiмдердi меңзеп отырғанын мен жақсы бiлемiн. Бәрiмiз түсiнiп отырмыз, өздерi де, бiз де бiлемiз. Айналайын халқым-ау, қаламдас қауым-ау, олар да сiздердiң араларыңызда елдiң сөзiн сөйлеп жүрген азаматтар емес пе?! Өзiмiздiң бауырларымыз ғой. Олар қайдан шыққан жау? Кiмге бiрлiк пен ынтымақ керек емес? Алауыздықты өршiтiп жүрген кiмдер? Алауыздықты өршiтетiн адамның көзi ағып түссiн, аузы қисайып қалсын! Алпыс алтыншы жылдан берi бұрынғы жазушылардың съезiне, кейiнгi құрылтайларына қатысып келе жатып байқағаным, бiр-бiрiн сынамай, айтыспай, тыныш өткен жиынды көрген жоқпын. Соның бiрi ғой бұл құрылтай. Бiреу ащы айтады, бiреу тұщы айтады, бiреулер тiптi қатты кетедi. Сол үшiн бiр-бiрiмiздi жау көруiмiз керек пе?" дедi. Расында да, кейбiр қаламгерлерiмiздiң сөз астарында бiз түсiнбеген жайттар көп-ақ. Әлде, түсiнбегенiмiз абзал ма?

Жарыссөзге шыққан қалам иелерiнiң iшiнде көрнектi жазушы Қалихан Ысқақтың пiкiрi ұтымды шықты. "Менiң уайымым қазақ үшiн. Мен барлық шығармамды қазақ үшiн жазам. Бiзде байқасаңыздар, Ресейде жоқ газет-журналдар, кiтаптар қаптап кеттi. Информациялық экспанция дейдi мұны. Мұның бiр-ақ мақсаты бар. Ұлттық тiлiмiзге, дiлiмiзге барлығын жұқтыру. Ұлтты азғындату. Бiзге лақтырған кәмпиттiң бәрiн қақшып жей беруге болмайды" дей келе, "Әуезов қазақ жазушысы болды. Атылып кеткен алаш азаматтарының мiндеттеп кеткен жүгiн жалғыз өзi арқалады. Бiзге де, осындай қазақ жазушысы болу керек" дегенге келтiрдi.

Ең қызығы, жарыссөзге шыққандардың көпшiлiгi, жоғарыда айтылған үш мәселенiң, яғни қаламақы, кiтап таралымы, кiтап саудасынан аса алмады. Әдебиет дейтiн киелi дүниенiң есiгiн тәй-тәйлап ашқан жастардың проблемасы бұл жолы ұмыт қалды. Бәрi де сол бәз-баяғы күйкi тiршiлiктен әрiге барған жоқ. Бүгiнгi қоғамды, бүгiнгi нарықты игерiп, сол заманға лайық әдебиеттi де тудыратын келешек жастар емес пе? Жоғары буын өкiлдерi осыны неге естен шығарып алды екен?! Әр дәуiрдiң өз сөзi, өз ойы, өз қуанышы, өз мұңы болады десек, сол қоғамның ойын, сөзiн, мұңын, қуанышын жырлайтын жастар емес пе? Үлкеннен тәрбие алып, келешекке кемелдiлiкпен аттайтын жастар әдебиетi, жастар әдебиетiнiң өкiлдерi де осынау құрылтайды асыға күткен шығар. Осынау құрылтайдан олар да бiрдеңе дәметкен болар. Бiрақ….

Тағы бiр байқағанымыз, құрылтай барысында көпшiлiк жарыссөзден гөрi, түстен кейiн болатын пленумды асыға күткен сыңайлы. "Ой, Одақ басқарма төрағалығына кiмдер түседi, кiмдер сайланады?! Бүгiнгi додада кiмнiң асығы алшысынан түседi екен?!" деген ой мазалап жүргенiн анық байқадық. Екеуара кездесiп, екеуара жүздескендердiң де емеурiнiнен осыны байқадық. Соған қарағанда, құрылтайды осы үшiн ғана күткен сыңайлы. Әлде, бiз дұрыс байқамадық па?

Жарыссөзге шыққандардың көбiнiң сөзi, ауызбiршiлiкке шақыру, зиялы қауымды бiрлiкке топтастыру болды. Елдiң сөзiн сөйлейтiн, ұлт үшiн тiрлiк кешетiн, қаламы қаруына айналған қалам иелерi үшiн "өткеннiң «әттеңi» бүгiнге сабақ. Тоқсаныншы жылдары жiберiп алған қателерiмiздi жаңа-жаңа түзеп, қоғам мен сөз өнерiнiң, билiк пен әдебиеттiң ара салмағын ендi-ендi ретке келтiрiп жатқан тұста, жоқтан өзгеге бет жыртысып, бiрiмiздi-бiрiмiз өсек ғайбаттың құрбаны жасау дәл қазiр әдебиет алдында қылмыс жасаумен бара бар. Ондай ойсыз әрекеттен ұтылатын өзiмiз ғана. Елбасы бастап, билiктiң сала-салаларында отырған ұлтжанды жiгiттер кiтап оқитындар қоғамын орнықтыру ұранын көтерiп жатқанда, сол кiтапты жаратушылар бiрiмiздiң жағамыздан бiрiмiз алып жатқанымыз жараса қоймасы анық".

Рас, Жазушылар одағы қиын кезеңдердi бастан кешiрiп, нарықпен де бетпе-бет кездескен ауыр күндердi артқа қалдырды. Ендiгi мақсат — зиялы қауымның беделiн көтеретiн, ынтымағы жарасқан, бiрлiгi берiк Одақты жасау. Бiздiкi: "Жазушысы қандай болса, Одағы да сондай болсын" деген тiлек қана…

Әңгiменiң тұздығы

Құрылтайға келе жатқанымда, такси жүргiзушiсi: "Е-е, жазушы қауымның басы қосылып жатыр де. Қайран баяғы кездер-ай! Бiз жазушының жақсы кiтабы шықты десе, соны iздеп жүрiп, жата-жастана оқушы едiк. Қазiр iздеп жүрiп те оқитын кiтап таба алмаймыз. Бiз сөйткен кезде, бүгiнгi жастар қайдан таппақ?! Әй, солар жазушының кiтабын оқымақ түгiлi, есiмдерiн де бiлмейтiн шығар" дедi. Орта буын өкiлiнiң дәл осы күрсiнiсiнен көп нәрсенi аңғаруға болады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары