СЕГIЗ ЖАСЫНДА ТYРМЕ КӨРГЕН 85 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕНIҢ ӘҢГIМЕСI

СЕГIЗ ЖАСЫНДА ТYРМЕ КӨРГЕН 85 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕНIҢ ӘҢГIМЕСI

СЕГIЗ ЖАСЫНДА ТYРМЕ КӨРГЕН 85 ЖАСТАҒЫ ӘЖЕНIҢ ӘҢГIМЕСI
ашық дереккөзі
484

Үлкен дастархан басында сексеннiң сеңгiрiне шыққан әжей сөйлеп отыр. Сөздерi iрi, өктемдеу. Алысырақ отырсам да кейуананың сегiз жасында шешесiмен бiрге түрмеге қамалғанын құлағым шалып, аз-кем сөзге тартқанымда, ол кiсiнiң Ырғыз өңiрiндегi Тоқа Сәтбайдың немересi екенiн бiлдiм. Ара-тұра аузына сөз салып, өзiме қажеттi деректерге қарай бұрып отырдым. Сөз арасында Дина апай:

…Сәтбайұлы Саудабек,

Атадан туған асыл-тек.

Үш жүз бiлген дабысын,

Хабарына қандырған

Петербор, Мәскеу шаһары, – деп әңгiмесiн тақпақтай бастаған. – О дариға, бәрiн де бiр Алла бiледi ғой, сол Сәтбай бабадан тараған ұрпақтар кеңестiк саясаттың нәтижесiнде тым-тырақай болып, басы ауған жаққа бытырап кеттi. Менiң өзiм Сәтбай бабамыздан тараған ұрпақтардан кiмдер бар, қайда тұрып жатыр, нақты хабарым жоқ. Емiс-емiс әр жерде туысқандардың барлығын естимiз. Бiздi ағайыннан ажыратқан – кеңестiк саясат. Айыбымыз – бай болғандығымыз. Атағы таудай болып естiлетiн Сәтбай бабамыздан тараған ұрпақтардан нақты деректер таба алсаң, бiзге де айтарсың.

Мiне, сол уақыттан берi қолым жеткен мұрағаттардан Сәтбай Ақбанұлы, оның балалары Саудабек, Нұржан, Бижан, Ержан атты ер балалары болғанын анықтадым. Әңгiме желiсiн бастаған апамыз Дина сол Сәтбай бидiң Ержанынан туады екен.

Сонымен сан-қырлы мұрағаттардың түрлi қатпарларын қарап, оларға қатысты деректердi iздей бастадым. Олардың тұстастары болған ақын-жыраулардың өлеңдерiнен, орыс шенеунiктерiнiң естелiк-жазбаларынан там-тұмдап iздедiм. Iздеу нәтижесiнде Тоқа Сәтбай оның балалары туралы мұрағат пен түрлi басылымдардан үзiк-үзiк дерек көздерi шықты.

Сәтбай Ақбанұлы кiм болған, елге қандай жақсылықтар жасады. Халқына несiмен қадiрлi болды? Оны ХIХ, ХХ ғасырларда өмiр сүрген көрнектi ақындар: Құрманалы, Қарасақал Ерiмбет, Оразымбет жыраулардың өлең-жырларынан да бiлуге болады екен. Мысалы, Құрманалы ақын:

…Тоқадан шығып би болды,

Кешегi Сәтбай данышпан.

Белгiлi жүйрiк озбай ма?

Қиғаштаған шабыстан, – деп оның билiк иесi, ел тұтқасын ұстаған, бiлiктi басшы екенiн нақтылай түседi.

Ырғыз, Шалқар өңiрiнде Сәтбайдың есiмi атақты Алмат сардармен қатар аталады. Сәтбай Ақбанұлы 1818-1820 жылдарда туса керек. Өйткенi оның есiмi Торғай облысы басқармасының 1850-1880 жылдарындағы құжаттарынан кездестi. Әуелде түтiн пұл жинаудың, дистанцияның бастығы болса, 1869 жылдан бастап Ырғыз уезiндегi Тәуiп болыстығының болысы болып сайланады. Екiншi бiр деректе 1878 жылдың 9 наурызында Торғай облысы әскери губернаторының бұйрығымен үш жылға тағы да болыстыққа сайланады. Үшiншi бiр құжатының Тәуiп өзенi бойында шабындық жерi және қыс қыстауының барлығы, оларды арнайы күзеттiң қарауылдайтыны, 1,5 түтiндi тiкелей Сәтбайдың басқаратыны ашып жазылыпты.

Сәтбай би балаларын оқытып, елдi отырықшылдыққа бастаған, елдегi мешiт, мектеп ашу iсiнде белсендiлiк танытқан және оларға қамқоршы болғандардың бiрi. Ол замандастары Алмат, Самұрат, Қара, Дербiсәлi тағы басқа тұлғалы азаматтар мен сыйлас, құдандалы болған. Сәтбай балаларының iшiнде үлкенi Саудабек (Сауда) есiмi аса құрметпен аталады.

Саудабек Сәтбайұлы шамамен 1850-1852 жылдарында өмiрге келген. Ырғыздағы мектепте оқыған. 1880-1881 жылдары Тәуiп болысына кандидат, кейiннен 1884 жылдан бастап әр жылдарда, 18 жыл болыс болып, ел басқарған. Оның Ырғыз уезiнiң кейбiр iс-қағаздарында ол атап айтқанда:

1893-1896,1884-1888, 1890-1896 және 1901-1904 жылдары Тәуiп болысы болғанын жазған. Сондай-ақ патша генералдарынан алтын сағат және Станиславский лентасымен марапатталған. Жасы келе Меккеге қажылыққа барып, дiн жолына бiржола бет бұрады. 1930 жылғы Ырғыздағы көтерiлiсшiлерге бүйрегiң бұрылды деп Саудабектi Арал, Ақмешiт түрмесiне қамалады, 1931 жылы түрмеде қайтыс болып, туыстарының сұрауымен Тәуiпке жерленедi. Саудабектен – Ахмедияр, Үмбетияр тарайды. Ахмедиярдың ұрпақтары Челябi облысында тұратын көрiнедi. Сәтбайдың екiншi ұлы Нұржан шамамен 1871-1872 жылдары өмiрге келген. Ырғыздағы мектептi бiтiрген. Орыс шенеунiктерiнiң жазбаларында оның орысша, қазақша сауаттылығы айтылып, болыстыққа талас болғанда, әскери губернатор 1905 жылы басқаны жаратпай Нұржан Сәтбайұлын Тәуiп болысы етедi. Ол 1892-1893 жылдары Тәуiп болысының №4 ауылының халық соты, 1895-1898 жылдары болысқа кандидат болған. Оның Наубет, Қаумет есiмдi балаларынан тараған ұрпақтар Аралда тұратын көрiнедi.

Бижан Сәтбайұлы туралы құжаттарда 1899 жылы оның 26 жаста екенi айтылады. Сонда ол 1873 жылы туған болып шығады. Ағалары сияқты Тәуiп болысында билiкке араласып 1904-1910 жылдары халық соты қызметiн атқарған. Елдiң бiрлiгiне, тiрлiгiне араласады. Әдiл шешiмiнен болса керек, ел аузында «бiтiсетiн болсаң Бижанға бар» деген сөз бар. Бижан Тәуiпте жерленген. Бижаннан – Әмiрхан, одан – Данияр т.б. балалары болған. Бижан ұрпақтары бүгiнде Өзбекстан өңiрiнде.

Сәтбайдың кенжесi Ержан ағасы Саудабекпен бiрге Торғай облысының вице-губернаторы Эверсман өткiзген (1916 ж.) сьезге қатысып, көптеген түйiндi мәселелердi шешуге ықпал еткен. 1928 жылдың 25 қыркүйек күнгi байларды тәркiлеу қаулысына орай мал басы, адам жаны есепке алынып, жан-жақтан қыспаққа алынады. Өйткенi малдың көбi Ержанда болған және 1911-1917 жылдарда Тәуiпте болыс болған. 1916 жылғы тылдың қара жұмысына адам беру iсiне де араласқан. Оның мал-мүлкi хатталып 1928 жылдың 3 қазанында Қарқаралы округiне iрi байлардың қатарына жатқызылып, 8 жылға жер аударуға шешiм шығарылады. Оның 176 бас iрi қарасы, қыстау қорасы, киiз үйi, текемет, кiлемдерi, тарантасы тәркiленiп, өзi сайлануға, сайлауға құқығынан айырылады.

Е.Сәтбайұлы тәркiлеу комиссиямен, қазақ үкiмет ұйымдары басшыларына арызданып, 72 жастағы шешесi Балжанмен атастырылып қойылған қызы Фатиманы туған жерде қалдырып, қызының жасауына тимеудi сұрайды. Арызы қанағаттандырылып, шешесi Балжан Шалқарда қалдырылып, қызы Фатима Қармақшыдағы Байзақ баласы Әбдiрасiлге мол жасауымен ұзатылған.

Ержанның үйiне бөтен-бөгде адамдар кiре алмайды екен. Шақырусыз келсе жазалаған, үйiне рұқсатсыз келген Ә.Нұрқайұлын суық қораға қамағаны туралы тәркiлеу қағаздарында жазылған екен. Ал өздерi Ержан әйелi мен ұлы Әбiш, қызы Дина 1929-1930 жылдары Қарқаралы ауданында тұрады. Мұнда да көптеген қиыншылықтарға кездескен Е.Сәтбаев 1930 жылы Омскiге қарай қашады. Жолай ұсталып Қызылжар қаласына айдалады. Ержан баласы Әбiш пен әйелi, қызы Динамен бiр түрмеде болады. Түрмедегi жағдайларды еске алса Дина апайды бiр мұң басады.

– Қалай босатылғанымызды бiлмеймiн, 1932-1933 жылдары Қарақұмға, кейiннен Аралға келiп тұрақтадық. 1934 жылы әкемдi Сiбiрге ағаш кесуге алып кеттi. Сол жақтан арып-ашып келдi де, көп ұзамай қайтыс болып, Ырғызда жерлендi. Бiрде Қызылорда, Қармақшы, Оңтүстiк Қазақстанда болдық. Әйтеуiр өмiр сүру үшiн күрестiк дейдi ол.

Әңгiме барысында Әбiштiң түрлi қызметтерде болып, 1942 жылы майданға алынып, содан хабар-ошарсыз кеткенi, өзiнiң Өзбекстанның Сухандария облысындағы апасы Фатиманы сағалап барғаны, ондағы қызметi Қызылорда мен Қармақшыда оқып 6 сыныпты бiтiрген бiлiмiнiң пайдаға асқанын, жай есепшiден «Шаршы» аудандық комсомол комитетiнiң хатшысы болғанын, кейiнде басқа да қызметтердi абыроймен атқарғанын, туған елге 1971 жылы Қарағандыға оралып, қазiр Алматыда тұрып жатқанын айтады Дина апай.

85 жастағы қария Дина Ержанқызы жасында көп көрген қиыншылықтарын жапырақ жайған ұл-қыздарының қуанышты жүзi, шаттық өмiрi әлдеқашан-ақ ұмыттырып жiберген. Ержанның қыздары Фатима мен Дина да ата-баба қасиеттерiн бойларына терең сiңiрген ұрпақ болды. Iштегi бiр өкiнiштiсi, Сәтбай ұрпақтарының бай, би-болыс болдың деп кеңестiк кезеңде қудаланып, шұбырындыға ұшырағаны, олардың ел-жұртына еткен қызметтерi тәуелсiздiк алған 16 жылдың беделiнде аталмай отырғанын қынжыла сөз етедi.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi, этнограф

Серіктес жаңалықтары