Амалбек ТШАНОВ: КЕЗ КЕЛГЕН ПАРТИЯ ҰЛТШЫЛ БОЛУЫ КЕРЕК

Амалбек ТШАНОВ: КЕЗ КЕЛГЕН ПАРТИЯ ҰЛТШЫЛ БОЛУЫ КЕРЕК

Амалбек ТШАНОВ: КЕЗ КЕЛГЕН ПАРТИЯ ҰЛТШЫЛ БОЛУЫ КЕРЕК
ашық дереккөзі
327

Сонымен, екi жылдан сәл астам уақыт жұмыс iстеп, үшiншi шақырылымның Парламент Мәжiлiсi жұмысын мерзiмiнен ертерек аяқтады. Халық қалаулылары кешегi аптаның iшiнде-ақ Алматыға келе бастады. Депутаттық мандатын тапсырып, «ауылына қайтқан» азаматтардың бiрi – Амалбек Тшанов. Қырық қатпарлы саясаттың сырын тiсқаққан саясаткерден сұрағанды жөн көрдiк.

— Қазiргi басты саяси жаңалық – конституциялық реформалардың қабылдануына байланысты Парламент Мәжiлiсiнiң таратылуы ғой. Бiрақ осы жағдайды кейбiр депутаттар қынжыла, амалсыздан құп көргендей көрiндi. Бұл өзгерiстi Сiз қалай қабылдадыңыз? — Конституциялық өзгерiстер туралы заң жобасын алып келгенде-ақ бұл Парламенттiң таратылатыны белгiлi болған. Бiрақ Парламент туралы заңның өзiнде оның таратылуы туралы ешқандай бап жоқ, сондықтан Игорь Рогов мырза «Парламенттiң өзiн-өзi таратуына негiз жоқ» дедi. Бiрақ басқа жағынан қарағанда, болашақта парламент тек партиялық тiзiммен құрылатын болғанда, ол әлбетте осылай болсын деп шешiм қабылдады. — Ол шешiмдi кiм қабылдады? — Президент қабылдады. — Президенттiң атына «Бiздi таратыңыз» деп хат жазған депутаттардың өздерi емес пе? — Бiзде бiлесiз ғой, өзiнен өзi ештеңе болмайды. Бiзде ондай Парламент болған емес, болмайды да. Өздерi бастама көтерiп, тараймыз деген депутаттарды өз басым көрген емеспiн. Барлық кезде де билiк өз ықпалын танытып, ол қай бағытты нұсқаса, депутаттар солай қарай жүредi. Бiздiң депутаттық өмiрiмiз күнбағыс сияқты ғой, күн қалай еңкейсе, бiз солай қарай бұрыламыз. Бұған басқаша баға беруге болмайды. Жалпы, Парламентiң құрамы, құрылымы билiктiң қалауымен болғандықтан, осылай болуы заңды. Сондықтан да осылай болуын өзiмiз тiлеп алдық. Мен екi рет Жоғарғы кеңес депутаты болдым, ол жаңа кезеңдегi парламент болса да, жоғарғы деңгейдегi парламент болды. Оның орны бөлек едi, себебi ол кезде парламенттiк билiк негiз болып қалыптасып келе жатқан едi. Ал одан кейiн бiрiншi, екiншi, мiне, үшiншi шақырылымдағы Парламенттi айтсақ… мұндай Парламент бұрын-соңды болмаған, халықтың өзi де бiзге өте дұрыс баға бердi: қалтаның iшiндегi қалтадағы парламент деген «атақ» алып қайттық. — Конституциялық реформаның басты жаңалығы – болашақта парламенттiк республикаға өту ғой, Парламенттi күшейту. Осы тұрғыдан алғанда, мына әлсiз Парламент саяси сахнадан кетуi керек болды ма және келесi Парламент бұдан күштiрек бола ма, қалай ойлайсыз? — Парламенттiң күшейгенiн қай баптан көрiп отырсыз? — Президенттiң өзi айтты ғой, бiз ендi президенттiк-парламенттiк республика боламыз деп… — Сөз жүзiнде солай – президенттiк-парламенттiк, ал тереңiрек қарап көрсеңiз, заңның он бес-он алты бабында президенттiк билiк күшейтiлiп отыр да, үш-төрт баптағы кейбiр өзгерiстер ғана Парламентке қатысты. Ең бастысы, 63-бапта Президентке қос палатаның спикерлерi мен Үкiмет басшысымен ақылдасып отырып Парламенттi таратуға құқық берiлген. Яғни, шәй iшiп отырып, Парламенттi тарата салады деген сөз. Басқа ешқандай себеп жоқ. Бұл Парламенттi күшейту емес, керiсiнше, ендi Парламенттiң басында қашан да қылыш ойнап тұрады деген сөз. — Конституциялық өзгертулер туралы заң жобасына қол қойған сiздер емессiз бе? — Сұрағыңыз өте орынды. — «Өзi отырған бұтақты өзi кескен» деп… — Соның себебiн мен өзiм де түсiнгiм келедi, бiрақ түсiне алмай келемiн. Ал бiздiң депутаттардың тым көтерiңкi көңiл-күймен сөз сөйлеп, таласып, тырмысып, билiкке жақсы атты көрiнiп қалуға тырысуы менiң көзiме қуыршақ театрын елестетедi. Келесi сайлауда «Нұр-Отанның» тiзiмiне ену керек қой… Ең өкiнiштiсi, осы менi халық сайлады, олармен бiр ауыз ақылдасуым керек деген ой бастарына кiрiп шықпады. — Ал сiздiң өзiңiзде «Нұр-Отан» партиясының тiзiмiне кiру деген ой болған жоқ па? — Партиялық тiзiмге кiру туралы ой бар, бiрақ ол «Нұр-Отан» емес. «Нұр-Отан» … оу-у.. (қолын алдына қарай сiлтедi) толып қалған… … Билiк үшiн бұдан жай, бұдан жалтақ, бұдан жұмсақ Парламент болған емес. Қандай заң өткiзем дейдi – өткiзедi. Сондықтан бiзге осы бейшара күйiмiзбен тағы екi жыл отыра беруге болар едi, одан өзгере қоятын ештеңе жоқ. Ал ендi билiк келесi Парламенттi бiр партиядан ғана құраймыз десе, онда осы күннен бастап «Бiз «Нұр-Отан» коммунистiк партиясын құрып жатырмыз» деп жасырмай айту керек. Онсыз да бәрi тайға таңба басқандай анық қой. Қазiр билiк сайлауды қалай өткiзем десе де – өзi еркi. – Халықтар ассамблеясының тоғыз мүшесiн депутаттыққа сайлауға қалай қарайсыз? – Бұл бiр таң қалатын жағдай. Нонсенс! Бұл адам құқығын қорғау емес, керiсiнше, бұзу ғой. Бiзде жүзден астам ұлт өкiлдерi тұрады. Олардың бәрiнiң мүддесi қорғалуы үшiн бәрiнен бiр-бiр адам алу керек. Ал бiз тек тоғыз адам аламыз деймiз. Олар кiмдер, қай ұлттың өкiлдерi? Мұның өзi өте үлкен қайшылық. Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың құқығы тең десек, онда жүз ұлттың бiр-бiр өкiлi «Нұр-Отанға» мүше болып, партияның тiзiмi бойынша сайлауға түсуi керек. Жүз адамның арасында тоғыз орын үшiн талас жүрсiн. Нағыз әдiлеттiлiк осы болмақ. — Конституциялық өзгертулердi қазiр сынап отырсыз. Сонда сiздер дауыс берiп, қабылдаған конституциялық реформа не үшiн керек болды? — Мен де соны түсiнгiм келедi. Егер бiз демократияландыру дейтiн болсақ, онда әрбiр бапты салыстырып қарап, дәлелдеу керек едi. Екiншi жағынан, кейбiр баптар ғана аздап жанап өткенi болмаса, ол өзгертулердiң көпшiлiгiнiң ешқандай демократиялық негiзi жоқ. Бұл жерде бiр ғана көңiлге қонатын нәрсе – әкiмдердi мәслихат депутаттарымен келiсiп тағайындау. Бiрақ бұл жерде ескеретiн бiр жайт бар: мәслихат қалай құрылады? Мәслихат әкiмнiң дегенiмен құрылады, кiмдi өткiзем десе, соны депутат қылады. Бiзде бүкiл сайлау қисық айна секiлдi, терiсiнен жүредi. Қазiргi мәслихат әкiмнiң қалауымен сайланады да, ал әкiмдi мәслихат депутаттары сайлайды. Бұл қандай демократия? Жұрт соқыр емес қой? Бұл бiр жағынан. Ал екiншi жағынан, әлеуметтiк өндiрiстiк корпорациялар (СПК) құрылғалы жатыр. Олар тiкелей Президентке қарайды, аймақтағы экономикалық билiктiң бәрiн қолына алады. Егер СПК бүгiн-ертең құрыла қалатын болса, онда әкiмдер тек әлеуметтiк, қауiпсiздiк және коммуналдық мәселелерге жауап беретiн болады. Ал ондай әкiм сайлауында үлкен тартыс болмайды, өйткенi ол бұдан былай толық билiкке ие емес. Сондықтан да әкiм сайлауын жалпыұлттық деңгейде әдiл өткiзе берсек болмай ма? Менiңше, демократияландырудың нағыз «көрiнiсi» осы болар едi. — Мүмкiн ОБСЕ-ге төрағалыққа өту үшiн керек болған шығар? — 63-баппен ОБСЕ-ге қалай өтемiз? Бұрын Парламент пен Үкiмет арасында теке-тiрес болған жағдайда, оны шеше алмаған жағдайда ғана Парламенттi тарататын. Ал қазiр ұнамаған жағдайда алады да, тарата салады. Оның үстiне, Орталық сайлау комиссиясы құрамындағы жетi адамның үшеуiн Президент тағайындайды. Төрағаның өзiнде екi дауыс. Осы да демократия ма? Премьер-министрдi бұрын да Парламенттiң келiсiмiмен тағайындайтын. Қазiр де солай. Не өзгерiс бар? Бiз барынша президенттiк басқаруды күшейттiк. — Таратылып жатқан Мәжiлiс сайлауы өтiсiмен-ақ «бұл сайлау әдiл өткен жоқ» деген пiкiр айтылды. Осы сөз әлi айтылып келедi. Қазiр де сарапшылардың көбi «әдiл сайлаумен келмеген депутаттардың ертерек өз орнын босатқаны дұрыс» дейдi. Ендi алдағы сайлаулардың әдiл өтуi үшiн не керек деп ойлайсыз? — Осы сайлаудың әдiл өтетiнiне кiмнiң сенiмi бар?! — Оны әдiл өткiзу үшiн не керек? — Қазақстан тәуелсiз ел болғалы берi әдiл өткен сайлау болған жоқ. Жоғарғы кеңестiң он екi, он үшiншi шақырылымының сайлаулары ғана әдiл өттi. Ол кезде әлi бiржақты бұру деген билiктiң де, халықтың да санасына енген жоқ болатын. Кейiн бертiн келе билiк өзiне қандай сайлау керек болса, сондай сайлау өткiзудi әдетке айналдырды. Менiңше, ең жаман ауру бұл. Сайлауды әдiл өткiзбеу не нәрсеге алып келедi? Сайлауды өткiзетiн кiмдер? Мұғалiмдер, мектеп директорлары, бала тәрбиешiлерi. Сайлаудың әдiл өтпеуiне себеп болатын, яғни билiктен тапсырма алып, сайлау нәтижесiн бұрмалайтын да – мұғалiмдер. Бала тәрбиелейтiн адамдар осындай келеңсiздiктердi көзiмен көрiп, бұрмалаушықты қолымен жасауға мәжбүр. Олар қалай бала тәрбиелемек? «Нұр-Отан» партиясы теледидардан, газет-журнал бетiнде «бiздi халық жақсы көредi, қолдайды» дейдi. Шынымен солай шығар. Мен де солай ойлаймын. Егер осылай болса, «Нұр-Отан» партиясы Орталық сайлау комиссиясына немесе Парламентке немесе Президентке үндеу жасап, «Бiздi халық қолдайды, сондықтан бiз сайлаудың ашық, әдiл өткенiн қалаймыз» деп неге айтпайды? Әуелi, сайлау туралы заңға өзгертулер енгiзейiк, сосын сайлау учаскелерiнде әрбiр сайлауға қатысып жатқан партия өз өкiлдерiн қатыстырсын. Қазiр қалай? Қазiр сайлау учаскелерiнде тоқсан бес пайыз «Нұр-Отанның» және оны қолдайтын «Әдiлет», «Ауыл», «Ақ жол» сияқты партиялардың адамдары, қалған бес пайызы ғана – басқа партияның өкiлдерi. Мұны қалай түсiнуге болады? Бұл қандай әдiлеттiк? Мен бұл туралы депутаттық сауал да жiбердiм. Алматы қаласында өткен сайлауда «Нағыз Ақ жол» мен Социал демократиялық партиясының өкiлдерi тек бес-ақ учаскеде болған. Онда да оларды байқамай қалған болулары керек. Халық жақсы көрсе, оны қолдайтын болса, онда неге ашық сайлау өткiзiп, анық жеңiске жетiп, қол шапалақтап отырмаймыз? Жаңа мен айтқан партиялар қала сыртындағы, әлдебiр асханалардың ғимараттарын жалдауға мәжбүр. Неге? Қазiр нарық заманы емес пе? Ақшасын төле де, қажеттi жиналысыңды қалаған жерде өткiз деп неге айтпайды? Бұл сұраққа кiм жауап бередi? Әйтеуiр жан-жақтан қысым жасау. Егер ол партия әдiл болса, халықтiкi болса, неге осындай әдiлетсiздiк жасайды? Неден қорқады? Мен бұл сұраққа осы сұхбатты оқыған адамдардан, халықтан жауап күтем. Студент жастар каникулда болса да шақырып алып, дауыс бергiзедi. Көбiне олар курс жетекшiсiнiң немесе факультет деканы меңзеген үмiткерге дауыс беруге мәжбүр. Азат елдiң азаматының өзiндiк пiкiрi жоқ па сонда? Сайлауға түсетiн барлық партия өкiлдерiн жинап, пiкiр таластырып, ой айтқызу жоқ. Сонда жастар қандай болып өседi? Жалтақ болып, құлдық психологияда өседi. Билiкке қарсы келсе, оқудан шығады, жұмыстан қуылады. Неге бiз жастарды отансүйгiштiкке, өз пiкiрi үшiн күресе алатын еркiн азамат етiп тәрбиелемеймiз? «Нұр-Отан» мықты болса, мықтылығын дәлелдесiн. Басқа партия өкiлдерiне де жастардың арасында үгiт жүргiзуге мүмкiндiк берсiн. Келесi сайлауда көресiз әлi, «Нұр-Отаннан» басқа бiрде-бiр партияны студентермен кездестiрмейдi. Кiргiзбейдi де. Жастар бiлiм алу үшiн өз ойын өзгеге тәуелдi етуi керек пе? Оқу бiр бөлек те, саяси жағдай бөлек емес пе? — Студент болғанда өзiмiздiң де басымыздан өткен жағдай ғой. — Мiне, мәселе қайда? Әскерде де сондай жағдай. Оларды жинап әкеледi де, бәрiне бiр адамға дауыс бергiзедi. Тағы бiр ескеретiн жайт-биылғы сайлау кезiнде студенттер каникулда болады, олар қалада тiркеуде ғой, сонда қайда дауыс бередi? Оларды тағы шақырып ала ма? — Сайлау алдында әр түрлi партиялар құрылып жатыр. «Алға», «Атамекен», «Халық рухы». Басқа да партиялар құрылуы мүмкiн. Осы «Халық рухы» партиясы құрылмай жатып, кедергiге ұшырап жатыр деп Шаханов дабыл қақты. Бiз ұлттық мүдденi көздеген партия құра алмаймыз ба сонда? — Ұлттық негiздегi партия құруға шектеу жоқ, бiрақ Ата Заңда анық көрсетiлгендей, қоғамдық ұйымдарды құру арқылы ұлтаралық, дiнаралық қақтығыстың тууына себепшi болуға жол жоқ. Ал, тек қазақ ұлтының мүддесiн көздеген партияны өзгелер, өкiнiшке қарай, осылай қабылдауы мүмкiн. Кейбiр топтардың ұлтаралық араздықты өршiтпеу керек деген жалған байбалам салуы бұл партияның тiркелуiне кедергi болуы да мүмкiн. Өз басым қандай партияға кiрсем де, ұлттық негiзiмiздiң, тiлiмiздiң, дiнiмiздiң, рухани байлығымыздың дамуына қызмет iстеймiн. Сол партияның осы мәселеге көп мән беруiне түрткi боламын деп ойлаймын. Тiл мәселесi әлi түбегейлi шешiлген жоқ. Қазақи мұра жойылып бара жатыр. Әлеметтiк мәселелердi көтере отырып, ұлттық негiзде дамуға мән беру керек. — Ұлттық мүдденi айта алмағандықтан да, бiз қазiр тiл мәселесiн шеше алмай отырмыз ғой. Мысалы, көршi Ресейдi алыңыз. Онда ұлттық емес, әсiреұлтшылдық бағыт белең алып келе жатыр. Бiз өзiмiзге үнемi Ресейдi үлгi тұтамыз ғой, ал олар болса ұлттық мүддесiн ашық айтып, тiптi Ресейдегi ғана емес, ТМД-дағы орыс азаматтарын «отандастар» деп бауырына тартып жатыр, ал бiз өз жерiмiзде отырып, мемлекеттiк тiл мәселесiн артықтау айтқанға қорқамыз… — Дұрыс емес қорқу деген. Бiз қазақ ұлтымыз, қазақ мүддесiн қорғаймыз да… — Айту бөлек те, партия құрып, iс жүзiнде… — Негiзiнде бiздегi қандай бiр партия болмасын, ұлттық мүддеге қорған болуы тиiс. Жойылудың аз-ақ алдында қалған қазақтың тiлi, салт-ғұрыптары мен мәдени мұрамызды бетке ұстап, билiкке ұлттық негiздi мойындататындай жағдайға келуi керек. — Кез келген партия ұлтшыл болуы керек дейсiз ғой. — Қалай болғанда да ұлтшыл болуы керек. — Бiрақ Бунаковтар партия құратын болса, қай мағынада ұлтшыл болады? — Әлбетте, олар партия құратын болса, олар өздерiнiң ұлтшыл партиясын құрады. Егер бiз мемлекеттiк тiл мәселесiн мемлекеттiк саясат ретiнде жолға қойып, дұрыс бағыт алатын болсақ, қазақ тiлiнiң дамуына бiрде-бiр басқа ұлт өкiлi қарсы емес екенi айдан анық. — «Дұрыс бағыт» дегенiңiз, қандай бағыт? — Партия құрып, айғайламай-ақ, билiк бұл мәселенi шешкiсi келсе, бiр-ақ ауыз сөзбен шешуiне болады. — Сол шешiлмегендiктен де бiз партия құрып, айғайлауға мәжбүрмiз ғой… — Ұлттық негiздiң бәрiн алға қою менiң мақсатымның бiрi. Мен бағана айттым ғой, мен қандай да бiр партияға кiрсем, сол партияның осы ұлттық негiздi бағытқа алып жұмыс iстеуiне себепшi боламын. — Өзiңiз партия құратын ойыңыз жоқ па? — Жоқ. (күледi). Ондай көп ақшам жоқ менiң. — Мәжiлiстiң жұмысы аяқталып қалды. Екi жылғы жұмысты қорытындылар болсақ, осы уақыт аралығында төменгi палатаның депутаттары өздерi бастама көтерiп, қанша заң жобасын ұсынды? — Жалпы шамасы 360-қа жуық заң жобасы қабылданды, оның 50-i депутаттардың мұрындық болуымен дүниеге келдi. Парламент өзiнiң жағдайына, мүмкiндiгiне қарай жұмыс iстедi. Ал саяси мәселеге келгенде, халықтың көкейкестi мәселесi – жер, тiл мәселесi, жер қойнауындғы байлықтарды заңсыз жекешелендiрiп алып, есепсiз бай болып отырғандарды ретке келтiретiн уақыты келген сияқты. Стратегиялық нысандарды мемлекет өзiне қайта сатып алатын мүмкiндiгi бар, экономикамыз қарқынды дамып келедi, ендеше осы мәселенi түбегейлi шешетiн кез келдi. — Депутаттар заң жобасын өздерi жазып отырса, мемлекеттiк тiлде сапалы заң жазылуына мұрындық бола ма деген ой ғой. — Заң жобалары Үкiметтен орыс тiлiнде жазылып, сосын қазақ тiлiне аударылып келедi. Ал оны мемлекеттiк тiлде дайындайтын мамандар Үкiмет құрамында аз. Менiңше, Үкiмет қазақша сауатты мамандарды жұмысқа алуға құлықты емес сияқты, әйтпесе, ондай мамандарды табу қиын емес қой. — Комитеттер бар емес пе? — Комитетте төрт-бес адам бар. Келiп жатқан том-том заң жобаларының өзiн өңдеу қанша уақыт алады. Әрбiр парламентте сараптама жасайтын институттар болуы керек. Экономикалық, әлеуметтiк зерттеулер жасайтын. Ондай институттар болса, онда заң жобаларының бәрiн електен өткiзiп отырып, көптеген ұсыныстар жасауға болар едi. Ал депутаттар өздерi мұрындық болып, өткiзген ұсақ-түйек мәселелер болды. Ал iрi заң жобаларын өткiзу қиын. Содан кейiн егер заң жобасын дайындап бергенде де, Үкiмет қаламаса, оған пәленбай ақша керек екен деп, терiс тұжырым берсе, ол заң жобасы қаралмайды. Үкiмет Парламенттiң төбесiнде отыр. Ал бiз парламенттiк ел құрамыз деймiз. Бiзде Үкiметтiң өзi Парламенттiң жұмысын қадағалап отырады. — Бұл, әрине, Үкiметке тиiмдi. Ал Парламент күштi болуы үшiн онда отырған тұлғалар мықты болуы керек қой. Қалай ойлайсыз? — Парламенттiң қолынан ештеңе келмейдi деген де дұрыс емес. Егер Парламент ұйымшыл болса, талай нәрсенi жасауға болады. Тiптi осы келген конституциялық өзгертулердiң өзiн жан-жақты талқылап, басқаша қорытынды жасап, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деуге болар едi ғой. Содан кейiн тараса тарар едi. Өкiнiшке қарай, оны айтатын депутаттар аз болды. Ал қалғандарының көпшiлiгi «Нұр-Отанның» батасымен келген депутаттар. Ал бiз халықтыкiмiз деймiз. Ол дұрыс емес. Бiз билiктiкiмiз деп шындықты айту керек. — «Батамен» келгендердiң бiрi кезiнде Болат Әбiлев едi ғой, «Отан» партиясының тiзiмiмен депутат болып, сосын ол партиядан шығып кеткен. Солай жасауға болмай ма? — Болат Парламентке келгеннен кейiн көп шешiмдердiң бiржақты қабылданатындығын байқап, өз көзқарасын айқындап, партиядан шығатынын мәлiмдедi, солай жасады да. Соңғы Мәжiлiс сайлауынан кейiн Жармахан Тұяқбай да «Отан» партиясының құрамынан шығып, өзiне берiлген депутаттық мандаттан бас тартты. Екi азаматтың да бұл әрекеттерiн өз көзқарастары үшiн күресудiң көрiнiсi деп бiлемiн. — Рахат Әлиевтiң үстiнен қылмыстық iс қозғалуы, оның тұтқындалуы қарапайым халық iшiнде бiраз қобалжу тудырған сияқты. «Мұның арты не болар екен?» деген дағдару да жоқ емес. Бұл жөнiнде интернет-конференцияда Президент өз пiкiрiн бiлдiрдi. Сiз не дейсiз? — Мұның артында үлкен топтардың мүдделерi тұр. Егер үлкен ықпалды топ осыған әсер етпегенде, бәрi бұрынғысынша қала берер едi. Ал ендi оның арты қалай болады? Мұны болжау қиын. Себебi Рахат Әлиев интернет арқылы кешiрiм сұраймын деп жатыр, Австриядан саяси баспана алуы мүмкiн. Сонымен, «жабулы қазақ жабулы» күйiнде қалады ғой. IIМ мен БАҚ-тардың мәлiметтерiне жүгiнсек, оның қылмыстары толық дәлелденiп жатыр. — Сайлаушыларыңызбен соңғы рет қашан кездестiңiз? — Әр тоқсан сайын сайлаушылармен кездесiп тұрамын. — Алдағы сайлауға қатысатын ойыңыз бар ма? — Әлбетте, қатысамын. Әлi де өмiрлiк потенциалым жеткiлiктi. Саяси тәжiрибем, депутаттық тәжiрибем бар. Жоғарғы кеңестiң екi дүркiн депутаты болдым. Парламентте депутат болдым. Одан бөлек өмiрлiк тәжiрибем әлi де елге, халыққа қызмет етуге мүмкiндiк бередi. Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi мен ешқандай партияға мүше болған емеспiн. Бұған дейiн өз көзқарасымның әуелi Құдайға, сосын сайлаушыларыма ғана тәуелдi болғанын қалаған жанмын. Ал Ата Заңға енгiзiлген өзгертулерге байланысты ендi депутаттыққа тек партиялық тiзiммен өту мүмкiн болғандықтан, мен Социал демократиялық партия мен «Нағыз «Ақ жол» демократиялық партияларының атынан сайлауға түспек ойым бар. Ендi бiр партия туының астына бiрiккен жаңа Жалпыұлттық социал демократиялық партиясын толық қолдап, сол партия құрамында жұмыс iстеуге бел байлап отырмын. — Сонда бұл оппозицияға кеттiм деген сөзiңiз бе? — Өз пiкiрiмдi ашық айту үшiн маған оппозицияның iшiнде болу шарт емес. Онсыз да қай кезде болмасын, пiкiрiмдi еркiн бiлдiрiп жүргенiм өздерiңiзге мәлiм. Қазiр билiк оппозиция дегендi халыққа жеккөрiнiштi етiп көрсетiп жүр. Шын мәнiнде, дамыған елдерде оппозиция – билiк партиясының кемшiлiгiн көзiне көрсетiп, оның жақсы жұмыс iстеуiне қозғау салып отыратын үлкен саяси күш. Егер бiзде де екiпартиялық жүйе орнап, алдағы сайлауда Жалпыұлттық социал демократиялық партия жеңiске жетiп, «Нұр-Отан» аз дауыс алып қалса, ол автоматты түрде оппозиция болады. Сонда да олар оппозицияны елдi iшiнен iрiтетiн күш деп танитын бола ма? Ал бiздегi оппозицияның «қарасын көбейтiп» жүрген партиялар, мысалы, «Әдiлет», «Руханият», «Ақ жол», «Патриот» партиялары «Нұр-Отанның» ықпалынан шыға алмайды, олар киттiң айналысында оның тiсiн және басқа жерлерiн тазалап жүретiн шабақтарға ұқсайды. Сондықтан олар өзiн-өзi алдамай-ақ «Нұр-Отанға» қосыла салғаны дұрыс сияқты. Сондай-ақ бiзде саясат жолында әбден қиыншылық көрiп, жолдастарынан айрылып, түрмеге де жабылып жүрген жiгiттер бар. Егер ол партия сол күйi күштi болып тұра бергенде, жауыздардың Алтынбекке қастандық жасауға жүрегi дауаламас па едi деген ой келедi кейде маған. Осы тұрғыдан келгенде, ЖҰСДП-ға бiрiкккен Социал демократиялық партия мен «Нағыз «Ақ жол» ғана оппозициялық партиялар.
Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА  

Серіктес жаңалықтары