“АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӨҢIРЛIК ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ” ЖОЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚҰРБАНДЫҚ

“АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӨҢIРЛIК ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ” ЖОЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚҰРБАНДЫҚ

“АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӨҢIРЛIК ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫ” ЖОЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚҰРБАНДЫҚ
ашық дереккөзі
282

Құрбандыққа шалынған — Қазақстан Қор биржасы. Осы арқылы, өңiрлiк қаржы орталығы жолындағы «кедергiлердi» бұзып-жаруды бастап та жiберiптi. Бiз қаржы орталығының көкiрегi айқаптай ма деп қалдық. Бiр жыл бұрын құрылған өңiрлiк қаржы орталығы өз жұмысын қорытындылағанда, одан мынадай ой түюге болар едi.

Нью-Йорк пен Лондон, Гонконг қалаларына әлем инвесторларының бал арасындай ұмтылуы тегiннен-тегiн емес. Өйткенi, қаржы орталықтарының өздерi үшiн қолайлы ахуал түзетiн мүмкiндiгiнен инвесторлар хабардар. Мұның көрiнiсi ретiнде кеден және салық жүйелерiндегi жеңiлдiктердi айтуға болар. Ендi құрлықтың бiр түкпiрi мен мұхиттың арғы жағындағы қаржы орталықтарына бой үйретiп алған инвесторлар Еуразияның кiндiгiнде орналасқан қаржы орталығына молынан көңiл бөледi деген үмiттен Алматы қаласында құрылған қаржы орталығының топ-менеджерлерi аса дәмелi. Олар мұндай ауқымды шараның ТМД-де бұрын-соңды қолға алынбағандығын ескере отырып, қаржы орталығының iрi-iрi қаржы ойындарының алаңқайына айналатындығына күмән келтiрмейдi.

Алайда, ол үшiн Қазақстан Қор биржасының «жұтылып кетуi» көңiлде аз-маз көмескi ой туғызады екен. Қазақстан халқы Қор биржасы деген ұғыммен ендi таныс-бiлiс болып жатқан сәтте елдiң Қор биржасы таратылып кетпек. Таратыңқырап жазсақ, елде бұған дейiн де қор биржасының болғанын ескерсек, Алматы қаржы орталығы құрылғаннан кейiн, Қазақстан Қор биржасының мақсат-мiндеттерi көмескiленiп қалған. Сарапшыларымыз айтпақшы, бiздiң жүйеде қиғаш жайттар жиi болып тұрады. Қор биржасы бола тұра, екiншi бiр биржаға ие орталықтың құрылуын қиғаштық демей не дерсiз. Сонымен, Алматы қаржы орталығы Қазақстан Қор биржасы екеуi бiрiгуге бел шеше кiрiстi. Алматы қаржы орталығының Басқарма төрағасы Аркен Арыстановтың сөзiне қарағанда, биржалық кеңес екi заңды тұлғаның бiрiккен келiсiмiне, яки, Қазақстан Қор биржасын коммерциализациялауға келiсiм берген. Бiрiгудiң себебiн Арыстанов Қор биржасының өз құрылтайшыларына пайда әкелмейтiндей жағдайға түсiп қалуымен түсiндiргiсi келедi. Ендi бiрiккен Директорлар Кеңесi құрылады. Кеңесте екi жақтың адамдары пропорционалды жүйе бойынша таңдалып, креслоларға жайғасатын болады. Бұған қарап, пропорционалды жүйе бойынша жұмыс iстеу деген ұғым заң шығарушы органнан ендi қаржы саласына ауысқанын байқайсыз.

Арыстановтың сөзiне қарасақ, ол ендi заң шығару саласына ауыз салмақ секiлдi. Ескере кететiн дүние: бiзде кез келген заңды тұлға заңның жетiмсiздiгiн айтудан жағы талмайды. Бұл тiптi, үйреншiктi ахуалға айналған. Мұның астарынан әр саладағы жетекшi ұйымның заңды өздерiне ыңғайлап алуға деген мүддесiн байқауға болатын шығар. Арыстанов та: «Құнды қағаздар туралы» Заңға өзгерiс енгiзген жөн. Ол биржаны коммерциялық негiзде құруға мүмкiндiк бермейдi» дейдi. Айтпақшы, Арыстанов басқаратын өңiрлiк қаржы орталығының кейбiр «ұсыныстары» кiсiнiң езуiн тартқызады. Оны қаржыгер, Банк академиясының ректоры, Бейсенбек Зиябек байқап қалған. Бiзге берген сұхбатында: «Мен Алматы өңiрлiк қаржы орталығының концепциясын оқығанда, мынадай жолдарға тап болдым: «Қызметкерлердiң атақ алу мәселесi бойынша, агенттiк басшысы Президентке ұсыныс жасай алады» деп тұр. Бұл не сұмдық? Олар құрылмай жатып, неге атақ жайын қозғайды? Тағы бiр жайт: Алматы-Бiшкек, Алматы-Ташкент жолдарында жымқырылған ақшаның жүруiне жол берiлмейдi» деп жазылыпты. Бұл қалай болғаны? Сонда қалған маршрут бойынша, жымқырылған қаржыға жол ашық деген сөз бе?» деп ашынады қаржыгер Бейсенбек Зиябек.

Хош делiк. Арыстановтың жоспарын тыңдап отырмыз. «Халықтың инвестициялық қабiлетiн арттыру жолындағы шаралар жасалынуда. Тұрғындарды биржаға барынша тартуға мүдделiмiз. Сондықтан сол және өзге де шаралар үшiн Үкiметтен 50 млн.доллар қаржы бөлiндi. Қазiр Қор биржасына қатысатын адам саны шамамен 4 мыңдай. Болашақта, олардың санын алдымен 200 мыңға, сосын 1 млн. 500 мыңға көбейту жоспарымыз бар. Шет елдерде халықтың 10-50 пайызына дейiн Қор биржасында қатысушы ретiнде тiркелген» дейдi ол. Бiздiңше, Үкiмет бөлген 50 млн.доллар аса қомақты қаржы болып көрiндi. Бұл ақшаның халықтың белсендiгiн арттыруға жұмсалатыны аз-маз қиғаштау секiлдi ме, қалай? Жауап таба алмадық.

Ал шетел халқының өздерiндегi биржаға өте белсендi қатысатыны бөлек әңгiме. Өйткенi, ол елдерде кiсiнiң табатын табысы мен биржадағы акцияның бағамы бiздегiдей жер мен көктей емес. Бiзде болса, халықтың биржаға қойылған компаниялардың акциясын сатып алуға шамасы келмейдi. Мәселен, «Қазақтелекомның» Қор биржасына шығарған жәй акциясының құны 400 АҚШ доллары; Ал Қазақстандағы орташа жалақының ол 400 АҚШ долларына жетпейтiнi белгiлi, 250 доллардай ғана. Соңғы кезде ел басшылығын ақпаратпен қамтамасыз ететiндер: «Халықта ақша көп. Ол қаржысын қайда сақтарын бiлмегендiктен, жылжымайтын мүлiкке салады. Сондықтан да қор рыногiн дамыту керек» деп хабардар ететiн секiлдi. Жылжымайтын мүлiктiң негiзiнен «лас ақшаның» есебiнен, былайша айтқанда, көлеңкедегi сыбайласқан қаржының есебiнен «айы оңынан туып тұрғандығын», сондықтан да, топтардың ол бағаны түсiруге құлықсыз екендiгiн түйсiнгiсi келмейтiндер баршылық. Ал ай сайынғы тапқан табысы «Қазақтелекомның» Қор биржасындағы акциясын сатып алу түгiлi, күнiн көруге әрең жететiн адамның Қор биржасында несi бар? Сондықтан, Алматы Өңiрлiк қаржы орталығы басшыларының Қор биржасына қатысушылардың санын жергiлiктi халық есебiнен бiр жарым миллионға жеткiземiз дегенi әзiрше бос дүние секiлдi.

Ал әзiрше, екпiнi тау жығардай. Тек қор нарығын дамыту үшiн халық ахуалының сол дәрежеге жетуi қажеттiлiгiн ұмытпаған да жөн едi.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары