АТФ БАНК САТЫЛДЫ

АТФ БАНК САТЫЛДЫ

АТФ БАНК САТЫЛДЫ
ашық дереккөзі
360

>«Өсiп келе жатқан» АТФ банк Еуропа банктерiне сатылды. Итальяндық «Уникредит» банкi өзiнiң құрылымдас компаниясы австриялық «Крединтальштальт банкi» арқылы АТФ банктiң 80 пайыздық үлесiне қол жеткiздi (жыл соңына дейiн 100 пайызын иеленбек). Банк 2 млрд. 175 млн. долларға бағаланды. Банктiң топ-менеджерлерi бұл сауданың себебiн «АТФ банкке инвестицияның қажет болуымен немесе «Өсiп бара жатқан банктi» қанағаттандыру үшiн жасалынған шара» ретiнде түсiндiрдi.

«АТФ банктiң» негiзiн қалаушыларының бiрi қазiргi Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов болғанын ескермегенде, Болат Өтемұратовтың Ақ Орданың шенеунiгi екенi белгiлi.

Сонымен, АТФ банктiң 65,3 пайызына иелiк етiп келген «Өтемұратов және К» АТФ банктi саудаға шығарып отыр. Айтпақшы, осы банк пен Өтемұратов арасындағы қарым-қатынас деңгейi бұрыннан да белгiлi болғанымен, банктiң заң жүзiнде Өтемұратовтың атына өтуi күне кеше ғана. Өтемұратов мүлiктi заңдастыру акциясы аясында көлеңкеден шығуды жөн санаған. Өйткенi, Қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгi оған «банктiң iрi қатысушысы» деген статусты 2006 жылдың соңғы шенiнде ғана бердi.

Бiзде «Банктегi бұл сауда капиталды заңдастырып, сыртқа шығарудың амалы ма, жоқ әлде, банк қаржылық қиындыққа ұшырады ма» деген сауал туындап едi, банктiң Басқарма төрағасы Талғат Қуанышев сауданың мәнiн былай түсiндiргiсi келдi:

– «Банктегi қазiргi өсiм өте күштi. Бiз тiптi ол өсiмдi қадағалап үлгiрмей отырмыз. Сауданың негiзгi себебi банктiң зәрулiгiнен емес. Осы өсiмдi сақтап қалуға инвестиция тарту қажет болды. Банк жылына 100-120 пайыздық көрсеткiшпен өсуде. Мұндай өсiмге ие банкке қаржыны да көбiрек құю керек. Сондықтан, банктiң бiр орында қалып қоймауын, осы қалпынан айнымай өсе беруiн қалап, ақшасы мол инвесторларды табу жайлы шешiм қабылдадық». Әрине, бұл жауапқа бас изей салу қиын.

Талғат Қуанышевке АТФ банктiң Директорлар Кеңесiнiң төрағасы Тимур Исатаев көмекке келдi: – «Экономика жылдам дамып келедi. Банктiң де дамуы сондай дәрежеде. Банктiң акционерлерi бұл өсiмдi қалай ұстап тұрамыз деп бас қатырды. Экономика тез дамып келедi. Банк үшiн мүмкiндiктер мол. Ал инвестиция тартудың үш түрi болды:

Алдымен қазiргi инвесторлар ақша тауып беруi тиiс едi;

Болмаса, IРО өткiзу (банк акцияларын биржаға шығару) керек едi;

Ия болмаса, стратегиялық инвесторларға жүгiнуiмiз қажет едi;

Әрине, бiздiң өзiмiздiң құрылтайшыларымыз ақша тауып беретiн. Бiрақ, ол қашан да жетпейтiн. Сондықтан, екiншi немесе үшiншi жолды таңдау керек болды. Бiз бiр уақытта екi жолмен ақша табуға дайындалдық. Бiрақ, IРО-ның банкке беретiн бағасы бiздi қанағаттандырған жоқ. Ал соңғысы бiздiң көңiлiмiзден шықты», – дейдi Исатаев.

Банктi сату жайлы келiсiмнiң өзi 7 ай бойы дайындалыпты. АТФ банктiң консультанты «JP Morgan» компаниясы болса, итальяндықтардың ақылшылары «Credit Suisse» пен «Investment Banking» компаниялары. АТФ банктi иеленуге iрi-iрi бес еуропалық банк пен екi қазақстандық инвестор ықылас танытқан. Банк топ-менеджерлерi қазақстандық компаниялардың есiмiн атағысы келмедi. «Бұл сауданы ауқымдылығы жөнiнен ТМД-дегi ең мықты сауда, Орталық және Шығыс Еуропадағы екiншi сауда деп айтуға болады» дейдi олар.

«ҚОЖАЙЫНДАР ПАЙДАНЫ ӨЗДЕРIНЕ ҚАЛДЫРАДЫ»

Қазiргi акционерлер 2007 жылы банктiң тапқан пайдасын өздерiне қалдыратын болыпты.

Банк секторындағы үлес салмағын 11 пайызға жеткiзген АТФ банктiң қазiргi аты өзгеруi де, осы қалпында қалуы да мүмкiн. Өйткенi, инвесторлар маркетологиялық зерттеулер жүргiзiп, соның нәтижесiнде банктiң есiмiн қалдыру-қалдырмау мәселесiн жылдың соңына дейiн шешедi екен. Ал қожайындарының өзгеруi банктiң құрамындағы құрылымдас компанияларға еш әсер етпейдi. Олар бұрынғысынша жұмыс iстей беретiн секiлдi. «Отан» зейнетақы қорында да, «АТФ полис», «АТФ лизингте» де еш өзгерiс болмайды.

Шет елдердегi құрылымдас компаниялар да жұмысын тоқтатпайды. «Тiптi, аймақтардағы бөлiмшелерiмiздiң басшылары да сол қызметiнде қалады» деген Исатаев пен Қуанышевтың өздерi де сол қызметтерiнен еш жаққа ауыспайтын секiлдi. «АТФ банктiң әрi қарайғы жұмысын бiзден басқа кiм жүргiзедi?» дейдi олар.

Еуропалықтардың қол астына өткен АТФ банктiң жоспары мықты. Басшылары «үш-төрт жылдан кейiн АТФ банктiң активi 25 млрд. долларға жетедi» дейдi.

АТФ банктiң «Уникредит банкке» сатылуындағы алғашқы тиiмдiлiктердi де айтып үлгiрдi. «Бiз бұрын VISA карточкесiн шығарып, өз клиенттерiмiздiң пайдалануына бергенiмiз үшiн VISA компаниясына қыруар қаржы төлейтiн едiк. Ендi, бiздiң төлейтiн ақшамыз АТФ банктiң емес, «Уникредит банктiң» тарифiмен жүредi. Ал бұл дегенiңiз өте арзан тариф. Өйткенi, АТФ банк 560 мың карточкеге қызмет көрсетсе, «Уникредиттiң» мұндай карточкенi пайдаланатын тұтынушылары 50 млн. адамға жетедi» дейдi олар.

АТФ банкпен бұған дейiн несие келiсiм шартын жасасқан заңды және жеке тұлғалардың келiсiм-шарттары сол қалпында қалады. Тiптi, пайыздық көрсеткiшке тиiмдi жағынан әсер етуi мүмкiн. «Арзан несие алсақ, оны мұнда әкелгенде де арзан етiп беруге тырысамыз ғой» дейдi АТФ банктiң топ-менеджерлерi. Олар сауданың тиiмдi жағына көбiрек көңiл бөлдi.

Бiрақ, активi (осы жылдың бiрiншi мамырына сай дерек) 992,4 миллиард теңге немесе 8.2 миллиард АҚШ долларына сай АТФ банктiң 2 млрд. 175 млн. долларға сатылуы бiздi таңғалдырған. Тiптi, арзанға кеткендей болып көрiнген. Сөйтiп, белгiлi қаржыгер Ораз Жандосовқа хабарласуды жөн санадық.

«АТФ БАНК ЖАҚСЫ БАҒАҒА ӨТIПТI»

— Ораз Әлиұлы, АТФ банк арзанға сатылып кеттi деп ойламайсыз ба?

— Жоқ, арзан емес. Қайта жақсы бағаға сатыпты.

— Ендi банктiң өзiнiң активтерi саудаланған бағадан да көп едi ғой?

— Банктi бағалағанда негiзгi көңiл тек активтерiне бөлiнбеуi керек. Ал негiзiнен баға жақсы.

— Өтемұратовтың банктi саудаға салуының астарынан ненi көруге болады?

— Бұл арада саяси ештеме жоқ шығар. Қалыпты бизнес сауда ғана секiлдi.

— Өтемұратов пен бұл банктiң қатынасы баяғыдан белгiлi болғанымен, заңды түрдегi иесi екенiн мүлiктi заңдастыру акциясы кезiнде бiлдiк. Ендi, дүние-мүлкiн заңдастырып алып оны саудаға шығарып отыр. Қаржыны сыртқа алып шығу деп түсiнiктеме беруге бола ма?

— Өйтуге болмайтын шығар. Себебi, ол банктi сату арқылы қайта инвестицияның осында келуiне әсер етедi. Яғни, қаржыны iшке алып келедi. Егер ол Италиядан банк сатып алса, онда қаржыны сыртқа шығаруы деп анықтама беруге болар едi.

— Ендi, Өтемұратов заңды түрде миллиардерлер қатарын толықтыратын шығар…

— Иә, осы жылдың аяғында оны «Форбс» журналы түзетiн миллиардерлер арасынан көретiн шығармыз.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары