ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТӨРКIНIНЕ YҢIЛСЕК

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТӨРКIНIНЕ YҢIЛСЕК

ТӨЛ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТӨРКIНIНЕ YҢIЛСЕК
ашық дереккөзі
764

Қазiргi таңда тәуелсiздiгiмiздi орнықтырудың стратегиялық мiндеттерiнiң бiрi – ұлттық тарихымызға тәуелсiз рухтағы көзқарас орнықтыру және соған сәйкес жаңа мазмұн қалыптастыру. Евроцентристiк ұстанымдардың билеп-төстеуiмен қалыптасқан ұлттық тарихымыздың құрылымы мен мазмұнын қайта қарау бағытында түбiрлi ғылыми зерттеу жұмыстары атқарылуы тиiс. Бұл жұмыстардың ең түйiндi мәселесi – ұлттық мемлекеттiгiмiздiң хронологиясын айқындаудан туындайды. Осыған байланысты ойластыратын мәселелер жеткiлiктi.

Кеңестiк тарихнама қазақ мемлекеттiгiнiң тарихын Қазақ ордасының құрылуынан бастайды. Соңғы кезде тарихшылар арасында мемлекеттiлiктiң бастауын Ақ Орданың құрылуымен байланыстыру концепциясы белең алып келедi. Әрине мұндай батыл ғылыми тұжырымдар қолдап қуаттауға әбден лайық. Осы тұрғыда мемлекеттiк хронологияны Дештi – қыпшақ, Қарахан, Оғыз, тiптi Түркi қағанатына дейiн жылжыта беруге болады. Өйткенi, бұл мемлекеттер арасында көшпелi және отырықшы өркениеттен нәр алған қоғамдық рухани дәстүрлердiң сабақтастығы үзiлген жоқ. Түркi қағанатынан Қазақ хандығына дейiнгi мемлекеттiк құрылымдардың бәрi де қазақ жерiнде өмiр сүрдi. Олардың мемлекеттiк билiк құрылымдары, мәдени – рухани құндылықтары, дүниетанымы бiр — бiрiмен сабақтас құбылыстар болатын. Ең бастысы ол мемлекеттердiң қоғамдық–саяси құрылымындағы айырмашылықтары тыңнан қосылған ықпалдың өзгерiстерi емес. Қоғамдық дамудың эволюциялық, сапалық жаңа деңгейi болғаны даусыз. Күлтегiн, Төныкөк жырларының хандық дәуiрдегi жыраулар поэзиясымен үндесуi осы сөзiмiздiң айғағы болады. Мемлекеттiк билiк пен қоғамдық санадағы үзiлмей келген алтын желiдей сабақтастықтың көптеген мысалдарын тiзбелей беруге болады. Бiрақ, осының бәрiн өз тарихымыздың түбiрлi мәселелерiн айқындауға пайдалана алмауымызда болып отыр. Рас, Қазақстан тарихының мазмұны ежелгi дәуiрден бастап оқытылады. Осы мыңдаған жылдық тарихымызда ұлттық мемлекеттiлiгiмiздiң хронологиясын 550-750 жылдық өлшеммен шектеуiмiз дұрыс па? Ал, ежелгi Сақ, Үйсiн, Қаңлы, Ғұн мемлекеттерiн, тiптi Түркi қағанатынын өзiн мемлекеттiлiгiмiздiң бастауы деп айта алмай келдiк. Тарихи территориялық тұрғыдан алғанда Қазақстан осы мемлекеттердiң заңды мұрагерi.

Қазiргi кезде, тарих ғылымы әлi де болса марксистiк методологияның ықпалынан толық арыла алмай келедi. Қоғамның даму заңдылықтарын айқындауда бiршама жетiстiктер болғанымен, марксистiк дүниетаным қоғамдық ғылымдарға сiңiскен евроцентристiк көзқарастар жүйесiнiң ұстанымдарын орнықтыруға шешушi ықпал жасаған күш болатын. К.Маркс адамзат тарихын қоғамдық – экономикалық формацияларға бөлген едi. Ал, көшпелi және жартылай көшпелi халықтардың тарихы мұндай қоғамдық формациялардың аясынан тыс қалды. «Мемлекет таптық қоғам бар жерде ғана құрылады» деген лениндiк тұжырым бойынша көшпелiлерде мемлекет ұғымы болмауы тиiс. Осындай теориялық ұстанымдар Кеңестiк тарихнамада ұлттық мемлекеттiлiк ұғымының шеңберiн тым тарылтып жiбердi. Өйткенi, тарихи танымды формациялық өлшеммен бағалау адамзат тарихындағы баламалық өркениеттердi жоққа шығаратын едi. Сондықтан да кейбiр тарихшылар көшпелiлердiң құрған саяси құрылымдарына кездейсоқ, уақытша сипат беруге тырысады (Кушкумбав А.К. К проблеме государственности в кочевых обществах// Государство и общество в странах постсоветского Востока: история, современность, перспективы. Материалы межд. Конференции. Алматы. «Дайк-Пресс», 1999. – С.49-55). Әрiптесiмiздiң бұл пiкiрi төл тарихымыздың төркiнiн тануда тәуелсiздiкке қолымыз жетсе де евроцентристiк көзқарастан арыла алмай келе жатқандығымызды танытады.

Шындығына келсек, Евразия даласындағы көшпелiлер өркениетiнiң бiрден-бiр заңды мұрагерi қазақ халқы екендiгi даусыз. Қазақ жерiнде Батыс пен Шығыстың өлшемдерiне сай келмейтiн төл тума мәдениет қалыптасты. Осындай ерекшелiктi сезiну арқылы тарихи танымның өзегiне материалдық ескерткiштер емес, қоғамдық сана, әлеуметтiк мәдени құндылықтар сияқты рухани факторлар қойылуы тиiс(Артықбаев Ж. Казахское государство: к проблеме методологии. Аталған жинақ. 37-47 бб) деген пiкiрлердi қуаттауға болады.

Демек, қазiргi кезде ұлттық тарихи танымның даму бағыттары айқындалып келедi. Соның бiрi және ең маңыздысы – мемлекеттiгiмiздiң құрылуының хронологиясын айқындау. Мұндай мiндеттердi қоғамдық дамуымыздың өзi алға тартып отыр. Ендiгi мәселе, қоғамтанушы ғалымдардың осы мiндеттердi шешуге қол жеткiзетiн теориялық – методологиялық концепцияны негiздеу. Тарихи танымдағы кез келген методология бәрiн қамтушы әмбебептық қызмет атқара алмайды. Ол мүмкiн де емес. Мұндай концепция белгiлi бiр ғылыми мақсаттар мен мiндеттер кешенiнен туындайды және соған қызмет жасайды. Бұл жердегi мақсат пен мiндет мынандай: өркениеттiк концепция бойынша Евразия даласы көшпелiлерiнiң өркениетi материалдық, рухани мәдениет үлгiлерi, қолданбалы қолөнер туындылары, төлтума дүниетанымы бойынша негiзделiп келедi. Бұл өркениеттiң қайталанбас үздiк туындылары (Есiк, Шiлiктi, Қырқабат қазба ескеркiштерi және т.б.) аз емес. Қазiргi кездегi қоғамдық ғылымдардың осы бағыттағы зерттеу нәтижелерi көшпелiлерiнiң өркениетi тарихының мазмұнын байыта түсуде. Ендiгi мақсат осындай материалдық, рухани мәдениет үлгiлерiнiң дәйегiне жүгiнiп Отан тарихының бiр тұтас мазмұнын қалыптастыру. Сол үшiн де тарихи танымда жаңа көзқарас қалыптасуы қажет.

Осындай жаңа көзқарас мемлекеттiгiмiздiң қалыптасу хронологиясын айқындауда оны қазақ этнонимiнiң пайда болуымен байланыстыру сияқты жалаң концепциядан бас тартуды қажет етедi. Қазiргi кезде өркениеттi елдердiң тарихы мыңдаған жылдарды қамтиды. Осыған байланысты мына мәселеге айқындық беруiмiз қажет: мемлекет территориясында адамзаттың пайда болуынан басталатын Отан тарихы бар да, осы тарихтың ұстыны болып есептелетiн мемлекеттiлiктiң тарихы бар. Мыңдаған жылдық Отан тарихының мазмұнына айқындық, тұрақтылық беру үшiн мемлекеттiк құрылымның пайда болу, қалыптасу мәселесiн тұрақтандырудың маңызы зор. Мiне, осы мәселеде бiз өркениеттi елдер сияқты мемлекеттiгiмiздiң бастауын айқындауда тарихи – территориялық қағиданы басшылыққа алуымыз қажет. Бұл қағиданың мәнi – елiмiздiң қазiргi шекарасы аумағында пайда болған алғашқы тарихи мемлекеттi мемлекеттiлiгiмiздiң бастауы етiп белгiлеу. Қазақтардың осы территорияның автохтонды тұрғындары болуы осы қағиданы басшылыққа алудағы ең басты дәлел болады. Осы бағыттағы ғылыми зерттеу жетiстiктерiне негiзделiп Түркiстан қаласының 1500, Тараз қаласының 2000 жылдық тарихы аталып өтiлдi. Сол сияқты Алматы, Шымкент қалаларының да 2000 жылдан асатын тарихы дәлелденiп отыр.

Жақында Елбасымыздың қатысуымен «Мәдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасының бiрiншi кезеңiнде атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Осы жиында ҰҒА салалық институттарының басшылары К.Байпақов, М. Әбусеитова, С.Қасқабасов пен тарихшы-ғалым З.Самашевтердiң жасаған есептерiнде ұлттық мемлекеттiлiктi тарихи-территориялық концепция бойынша айқындауға дәлел болатын көптеген ғылыми тұжырымдар мен дәйектер негiзделдi. «Мәдени мұра» бағдарламасының екiншi кезеңiнде ұлттық тарихтың осындай жетiстiктерiн әлемдiк деңгейде таныту бағытында мiндеттер белгiленуде. Демек осы бағдарламаның өзектi мәселесiнiң бiрi ұлттық мемлекеттiлiктiң қалыптасу кезеңiн айқындау болуы тиiс деп бiлемiз.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi түркi әлемiндегi iргелi ғылым мен бiлiм ошағына айналған. Университеттiң тарихшы ғалымдары Отан тарихының хронологиясы мен мазмұнын барынша кең ауқымда қарастыратын концепцияны, яғни Қазақстан мемлекеттiлiнiң хронологиясын бiздiң заманымызға дейiнгi Сақ, Ғұн, Үйсiн, Қаңлы мемлекеттерiнiң тарихынан бастауды қуаттайды. Сонда, Қазақ мемлекеттiлiгiнiң тарихы 2500-3000 жыл деп толығымен айта аламыз. Бұл ертефеодалдық мемлекеттер қазiргi Қазақстанның территориясында өмiр сүрген, оның құрамындағы халықтардың тiлi, мәдени құндылықтары ортақ және қоғамдық құрылымының бiрегейлiгi жазба және археологиялық зерттеулер нәтижесiмен дәлелденуi осындай концептуалды тұжырым жасауға негiз болады. Отандық ғылымда орнығып келе жатқан осы концепция саяси сипат алып, ресми идеологияның мазмұнынан орын алса тәуелсiздiгiмiздi нығайта түсетiн мемлекеттiк атрибуттардың бiрiне айналады деп есептеймiз. Шекаралас мемлекеттердiң 5000 (Қытай), 2700 (Өзбекстан), 2000 (Қырғызстан) жылдық тарихы ресми қуатталып жатқанда көне мемлекеттердiң ортасындағы Қазақстан мемлекеттiгiнiң 550-750 жылдық тарихы халықаралық қауымдастықтың алдында да көңiлге қонбайды.

Қазақ жерi бүкiл түркi жұртының ата қонысы болса, осы ата қоныстың киелi шаңырағы Түркiстан қаласындағы университеттiң ұжымында түркi халықтарының тарихына, әдебиетi мен мәдениетiне байланысты кешендi ғылыми –зерттеу жұмыстары атқарылуда. Атап айтқанда университеттiң Түркология институты осы тақырыпта екi рет Халықаралық Түркологиялық Конгрес өткiздi, үш томдық «Түркi халықтарының тарихы» еңбегiн жарыққа шығарды, «Түркi өркениетi» атты көп томдық монография дайындалуда. Университет отандық қоғамтанушы ғалымдармен бiрге түркi тiлдi мемлекеттердiң ғылыми мекемелерiмен және танымал ғалымдарымен ғылыми-шығармашылық байланыс орнатқан. Осындай ғылыми интеллектуалдық база негiзiнде «Қазақстан мемлекеттiгiнiң хронологиясы мен мазмұны: теориялық, практикалық және саяси аспектiлер» деген тақырыпта халықаралық ғылыми сессия ұйымдастыру қажет сияқты.

Кеңесе пiшкен тон келте болмайды. Бүкiл түркi халықтар тарихының құрылымын айқындап, даму бағыттарын белгiлеуге тиiс келелi кеңес қоғамтанушы ғалымдардың, саясатшылардың араласуымен көптеген түйiндi мәселелерге жауап берген болар едi.

С.МАДУАНОВ,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нiң

«Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушiсi, тарих ғылымдарының

докторы, профессор

Х. ТҰРСЫН,

тарих ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары