МӘҢГIЛIК ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ МЕНIҢ ӘРIПТЕСТЕРIМ

МӘҢГIЛIК ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ МЕНIҢ ӘРIПТЕСТЕРIМ

МӘҢГIЛIК ТАҚЫРЫП ЖӘНЕ МЕНIҢ ӘРIПТЕСТЕРIМ
ашық дереккөзі
337

Жалпы сырт көзге журналистер бiртүрлi түсiнiксiздеу, қызық қауым. Түсiнiксiз болатыны — көбiнiң қиялшылдау келетiнi, өзгелердiң қиындығына он екi қабырғасы қайысып жүретiн диуаналығында. Мейiрiмi аз, қатыгез мынау дүниеде өзгенiң тағдырына жүрегi ауыратын жандарды басқа қайдан iздеп табарсың? Жүйрiк қиялының шегi жоқ осы қауымға риза болушылар да, ұнатпай тыржаңдайтындар да қоғамда қарақұрым.

"Қыз Жiбек" жырында ауыр жараланып, ақтық сөзiн айтып жатқан Төлегеннiң:

"Әуелеп ұшқан алты қаз,

Атайын десем оғым аз.

Өлмеген құлға, япыр-ай,

Келiп те жеттi мiне жаз", — дейтiнi сияқты ай ауысып, жыл өтiп, биыл тағы да Журналистер күнi келiп қапты. Осы бiр беймаза, материалдық қанағатынан гөрi рухани ләззаты басым қиын да күрделi мамандықтың иелерi кезектi рет: "Бiр жылда не тындырдым? Ауыз толтырып айтар қандай мәселенiң бетiн аштым?", — деп өздерiне iштей есеп беретiнi хақ.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын елiмiзде күтпеген тұстан "Қазақ журналистикасының беделi орыс журналистикасынан жоғары ма, жоқ па?" деген мүлдем қисынсыз, өрескел дау өршiгенi есте. Әркiм әртүрлi пiкiр айтқан, өз ойларын түрлi дәйек, деректермен құндақтап сан саққа жүгiртсiн. Кейбiрi "қазақ журналистикасы беделдi" дедi, базбiрi "Орыс журналистикасынан бiр мысқал кем емес", — деп кемеңгерлiк танытты. Ең өкiнiштiсi, Қазақстанда мүшелерiнiң әртүрлi ұлт өкiлдерi болуына қарамай тек қазақ боксы, қазақ футболы, қазақ баскетболы, қазақ киносы, қазақ ғылымы т.б. ғана болатыны сияқты, елiмiзде бiртұтас қазақ журналистикасының ғана бар екенiне көңiл аударылмағаны. Орыс тiлдi, ұйғыр, өзбек, немiс, корей т.б.тiлдердегi қазақ журналистикасы. Бiртұтас мемлекеттiң мүддесiн қорғайтын, сол елдегi барша азаматтардың сөзiн сөйлейтiн журналистердiң тiлдерi әртүрлi болғанына қарамастан Қазақстанда тұрады делiнетiн 130 ұлт пен ұлыстың әр қайсысының жеке-жеке журналистикасы болуы мүмкiн емес. Мәселен, таяу болашақта елiмiзде ағылшын тiлiнде газет-журналдар көптеп шығарыла бастауы ықтимал. Оның негiзi қаланып, жүзеге асырып жатқандар қазiр де бар. Дегенмен, оларды "ағылшын журналистикасының негiзiн қалаушылар" дей алмаймыз ғой. Өйтсек, алыс Англиядағылар өмiрбақи өкпелеп қалар. Құдайға шүкiр, биыл әлгi қисынсыз, өрескел даудың оты өшкен сияқты.

Иә, қоғам қандай болса, сол қоғамдағы "халықтың көзi, құлағы һәм тiлi" (А.Байтұрсынов) болып табылатын журналистика да сондай. Ең қасиеттiсi — мемлекеттiк тiлiнiң өзi талас-тартысқа түсiп отырған Қазақстанда бiртұтас журналистикасы да дау-шардың нысанына айналса қатал тағдырға амал нешiк…

Ол ол ма, өткен жылы футболдан әлем чемпионаты дүркiреп өтiп жатқан кезде "Евразия" арнасы таратқан телехабарлар қазақ тiлiнде жүргiзiлмей, елiмiздегi миллиондаған жанкүйерлер өкпе-ренiштерiн жаппай бiлдiрiп, қынжылыс танытқан тұста "Егемен Қазақстан" газетiнiң бетiнде: "Қазақ тiлiнде футболдан репортажды жетiк жүргiзетiн спорт коментаторлары жоқ, сондықтан орысша жүргiзiлгенi жақсы-дүр", — деген мәнзелде қисая жазып, ресми тiлге жадыланып қалған журналистер де, тiптi, "Жамбыл жыр шығармаған, Қарасай батыр тарихта болмаған" деуге дейтiн барған нәмақыл қалам иелерi де табылып жатыр. Қайтерсiң, сөз, баспасөз бостандығына не шара?! Бiрақ, ардың сотын қайда қоямыз… Сөйте тұра әлгiндейлер өздерiн сотқа бергендердi айыптап, өз сөзiн жақтайтын сабаздарды жинап: "Бұл саяси тапсырыс", — деп қоғамдық керi пiкiрдiң көмегiмен жалтармақшы. Оу, қаламмен ақ қағазға жазғанды қара балтамен бұзуға болмайтыны iспеттi, елдiң, ұлттың намысына тиген екенсiң, ендi маман ретiнде, азамат ретiнде бұлтақтамай, зымиян түлкiдей бiр тұтам құйрықпен iз жасырып-жабуға тырыспай-ақ қою керек шығар.

Қай елдiң болса да билiгiнiң қулығына найза бойламайтынын да ерiксiз мойындау керек. Амал-айласы көп. Қазақстанның бiрсыпыра биiк лауазымды шенеунiктерi көп жылдан берi "төртiншi билiк — бұқаралық ақпарат құралдары" деген тұжырымға қырын қарап, әр тұста ұнатпайтындықтарын, өркениеттiң осы бiр қағидасына келiспейтiндiктерiн аңғартып жүрген. Осылайша амалсыз iштен тынып жүргендердiң сұрағанын биыл көктен бердi.

Қазақстанның атқарушы билiгi — Үкiмет Журналистер күнiн бұрынғыдай 28-маусымда ресми түрде емес, маусым айының соңғы жексенбiсiнде елеусiз тойлауға шешiм шығаруы да әлгiндей айла-амалдарының көптiгiнен. Зәуiмен жылына бiр келетiн журналистердiң мерекесi алдағы жылдарда дабырасыз тойланбақшы. Жер-жерде салтанатпен аталып өтiп, шын мәнiнде жалпы қоғамдық, шынайы халықтық думанға айнала бастаған журналистердiң кәсiби мерекесi осыған дейiн билiктiң қатты алаңдаушылығын туғызған шығар. Бәлкiм, сынаптай сырғыған уақыттың белгiсiндей әр жылда әр күнге келетiн жексенбiде жел шайқаған қалтқыдай қалт-құлт етiп тойлап жүрсiн дейтiн шығар. Мейлi, ол да ештеңе емес, әйтеуiр билiктiң қай формасы да журналистер қауымын жақсы көре, iштарта қоймайтыны ежелден мәлiм. Қутұяқ, айлакер билiк журналистердi әдетте көзге iлмегенсiп, кейiнгi қатарға қойып, өзiне аса қажеттi кезде идеологиясын жүзеге асыруға көмегi, титтей септiгi тиетiн құрал ретiнде ғана пайдалануға ұмтылатыны ежелден берi қалыптасқан әдет. Даңқты Напалеон Бонопарттың: "Өзiңе бақайшығына дейiн қаруланған төрт армиядан гөрi, төрт газеттiң қарсы тұрғаны аса қауiптi", — деген пiкiрде болуы тегiн емес. Тiптi, француз әдебиетi классиктерiнiң бiрi күнделiктi шығатын газеттердiң бәрiн құрбақаға теңеуi де өмiр шындығы. Кейбiреулерге осылайша бұқаралық ақпарат құралдары сондайлық сүйкiмсiз, жиренiштi әрi түкке тұрғысыз болып көрiнуi заңды да. Бұған қарамастан бiлiктi, кәсiби шеберлiгi жоғары, отаншыл, қуатты журналистикасы жоқ мемлекет дамымайды, оның iлгерi басуы, өркендеуi мүмкiн емес. Бұл — дау тудырмайтын ақиқат. Сөйте тұра билiк тарапынан журналистикаға деген Қазақстанда қалыптасқан кертартпа көзқарас, ұстанымға ерiксiз қайран қалуға тура келедi. Сот қызметкерлерiне (судьялар) зейнетақы төлемдерiн аударуды өмiр бақи мемлекет өз мойнына алып отыр, ал жоғары лауазымды, шен-шекпендi шенеунiктер өздерiне өте зор көлемде жалақы тағайындауды жаппай үрдiске айналдырғанын былай қойғанда, түрлi көлемдi бонустарды да белгiлеп алған.

Өткен сенбi күнi аталып өткен полицейлер күнiне де ресми тұрғыдан үлкен мән берiлiп, жер-жерде мемлекет тарапынан сансыз сый-сияпат жасалып жатты. Жалпы Қазақстан бойынша оларға жүздеген жеңiл автокөлiктер тарту етiлдi. Бiр ғажабы, елiмiздiң полицейлерi жеңiл автомашиналарды iшiп-жеп қоя ма, әйтеуiр өздерiнiң кәсiби мерекелерi ғана емес, кез келген атаулы мейрамда оларға үнемi жеңiл машиналар берiлiп жатқаны айтылады. Көп ұзамай-ақ олардың бiразы "көлiгiмiз жоқ немесе тым ескi" деп ауыздарын қу шөппен сүртiп, алақандарын жайып отырғанын тағы көруге болады. Қалай айтқанда да қарапайым жұрт түсiнуi қиын құпия бар. Ал Қазақстан БАҚ-тарына, оның өкiлдерiне ешқашан мұндай көңiл аударылып көрген жоқ. Сiрә, лаузымды адамдар "БАҚ-тар — төртiншi билiк" дегенге басқаша мән беретiн сияқты, сөйтiп "өзiмiзбен билiкке таласатындарды байытып қажетi қанша" деп қауiптенетiн болулары ықтимал. Сондықтан да өткен жылғы мерекеден берi Қазақстан билiгiндегiлердiң бiразы отандық БАҚ-тар, оның бiрсыпыра өкiлдерiмен жүзшайысып, текетiресiп үлгердi. Басқа басқа, Мәдениет және ақпарат министрi Ермұхамед Ертiсбаев мырзаның "Эра" телеарнасының журналисiмен түсiнiспей қалуы, "Время" газетiнiң министрдi сотқа беруi, сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының басшысы Сейiтқазы Матаев мырза екеуiнiң үнемi iлiнiсе беруi де елiмiзде билiк пен журналистер қауымы арасында аса ерекше жағдайдың қалыптасып отырғанын аңғартса керек.

Осыдан бiршама уақыт бұрын "Тiлдер туралы" Заңның талаптарын сақтамағандары үшiн жарыққа шығарылуы уақытша тоқтатылған "Караван" газетi мен "КТК" телеарнасының өз қызметтерiн одан әрмен жалғастыра бастауының өзi елiмiздiң журналистерi үшiн соңғы күндердегi қуанышты жайттардың бiрi. Қалай десек те, "Ағайынның азары болғанмен, безерi болмайды".

Бiр маңызды мәселенiң басын ашып айтатын кез келген сияқты. Бұқаралық ақпарат құралдарының беделiн қанша көтергенмен, журналистер қауымы билiк өкiлдерi емес, қайта олар халықтың, елдiң қызметшiлерi ғана. Ұлтты, адамдарды мазалайтын сандаған өмiрлiк аса маңызды мәселелер жанына маза бермейтiн елгезек қызметшiлер. Қазақстан тәуелсiздiгiнiң баяндылығы үшiн жар құлағы жастыққа тимейтiн жанкештiлер. Көбiнiң уайымы сол ғана.

Әлемде журналист мамандығы өмiрге аса қауiптi мамандық ретiнде бағаланғанына жүздеген жылдардың жүзi болған. Әсiресе соңғы жылдары сырт қарағанда ең бейбiт көрiнетiн осынау мамандық иелерiнiң жазықсыз құрбан болуы жиiлей түскенi анық байқалуда. Халықаралық беделдi ұйымдар жыл сайын әлемнiң әр түкпiрiнде өзiнiң кәсiби мiндетiн адал атқарып жүрген 200-250 журналистiң адам қолынан қаза табатынын үнемi жариялап жүр. Және бұл үздiксiз жалғасып келе жатқан аса қорқынышты жағдай. Әлемдегi әр журналист биыл да, келесi жылы да, одан кейiнгi жылдары да осыншама әрiптестерi түрлi тирандардың, авторитарлық билiктiң немесе мафия, ұйымдасқан қылмысты топтардың қолынан қаза табатынын жақсы бiледi. Бiрақ, бұған қарсы тұрар амалы жоқ, еш шарасыз.

Иә, журналистер билiк иелерi де емес, сондай-ақ сайқымазақтар (клоун) да емес. Олар жалпы адамзаттық құндылықтар — шындық, әдiлдiк, теңдiк, адамгершiлiк, тазалық үшiн күресушiлер. Ұлттың жоғын iздегендер. Кез келген мемлекеттегi сияқты Қазақстандағы журналистер түгелдей iшкi мәдениетi аса жоғары, өз iсiне шын берiлген, кәсiби шеберлiгi мүлтiксiз мамандар деуге болмайды. Жаппай олай болуы мүмкiн де емес. Тiптi, бiрқатар телеарналардағы "қ" мен "ғ", "ң" мен "ү", "ө" мен "i", тағы басқа нағыз қазақы дыбыстарды айтуға қабiлетi жетпейтiн, қайран тiлiн қырық бұрап, өресi биiк, дүниетанымы кең қалың көрермендер емес, үй арасындағы санаулы құрбы-достарының алдында тұрғандай шолжаңдап сөйлейтiн, дауыс ырғағынан орысша ма екен, әйтеуiр белгiсiз бiр акцент аңғарылатын тележурналистер де табылады. Әрине, әлгiндейлер мұны кемшiлiк, тiптi асқан ұят, намыссыздық деп бiлмейдi, ерекшелiгiм, басқаға ұқсамайтын ғажайып қасиетiм деп түсiнетiн де шығар. Бәлкiм, кейбiр телеарналардың лауазымды басшылары таяу жылдарда қазақ тiлiнiң қадiр-қасиетiн қашырып, кiсi танымастай етiп бұзуды алдарына басты мақсат етiп қойған шығар. Сол үшiн қолдан келген айла-амалдың бәрiн пайдаланып қалуды жөн көретiн болар.

Бәрi де мүмкiн. Бiрақ әр күн, әр сағатта қоғамдық өмiрде, Тәуелсiз мемлекеттiң тарихында сандаған жаңалықтар болып, саяси, экономикалық, әлеуметтiк тұрғыдан күрт өзгерiстер орын алып, iлгерi дамып жатқанда қазақ журналистикасы одан тыс қалуы мүмкiн емес. Өседi, дамиды, iлгерiлейдi. Мәңгiлiк ескiрмейтiн тақырыптарды әлi шарқ ұрып iздейдi, шаршамай қалам тербейдi. Бұл — өмiрдiң басты заңдылығы!

Ал бiздiң халықаралық "Түркiстан" газетi редакциясының ұжымы да қазақ журналистерiне ортақ мұң-мүдделермен өмiр кешуде. Кей-кейде орыстiлдi журналистер алатын еңбекақы мен қаламақыны армандаймыз. Өткен жылғы төл мерекемiзден берi еш журналист қызметтен қуылған емес. Ешкiм сөгiс алған жоқ, қатаң сөгiс те берiлмептi. Бәрi де қалпынша. Осыдан бiраз уақыт бұрын "журналист ретiнде қазiргi қазақ үшiн мәңгiлiк тақырып не деп ойлайсың?" деген сауалнама жүргiзгенбiз. Бiздiң редакция журналистерiнiң барлығы үшiн ұлттық мүдде, қазақ тiлiнiң тағдыры мәңгiлiк тақырып болып шықты. Одан кейiн дiнiмiздiң беделiнiң биiктеуi мен Қазақстанның демографиялық ахуалы — қазақ балаларының дүниеге көптеп келуi, денсаулығы мықты, бiлiмдi болуы да әрiптестерiмдi алаңдататын мәселелер қатарынан. Елiмiздегi демократиялық, саяси реформалардың тереңдетiлуi, халықтың мұң-мұқтажына билiктiң жiтi құлақ түрiп, назар аударуы да аса маңызды жайт.

Елiмiздiң экономикалық әлеуетi артып, өркениеттi, озық елдердiң қатарынан орын алуы, халықтың тұрмысы одан әрi жақсаруы да жандарын мазалайды. Коррупцияның құрықталуына септiгiн тигiзу де журналистер үшiн мәңгiлiк тақырып боп шықты. Және бiр мәңгiлiк тақырып… махаббат екен ("Әрбiр қазақ, әсiресе, журналист шынайы махаббатқа мәңгi шөлдеп жүруге тиiс"). Отанға, туған елге, шындық пен әдiлдiкке, рухани байлыққа, адамгершiлiкке сүйiспеншiлiк.

Ең таңданарлығы, материалдық байлықты ешбiрi ауыздарына алмады. Бәлкiм, бәрi дүниеауи игiлiктерден баз кешкен сопы шығар… Әлде жалпы қазақтар сияқты материалдық байлықты онша елей бермейтiн болар менiң әрiптестерiм.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары