АБАЙДЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

АБАЙДЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

АБАЙДЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ
ашық дереккөзі
1024

Жақында «Ел-шежiре» қоғамдық қор» баспасынан философ ғалым Досым Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы» атты дүниетанымдық кiтабы жарық көрдi. Осы кiтаптың алғашқы беттерi мынадай «Алғы сөзбен» ашылған.

Абай туралы сөз айту, не болмаса сөз жазу бiр жағынан оңай да, сонымен бiрге, екiншi жағынан өте қиын. Абайды оқуға кiмнiң болса да ынтасы зор және одан әркiм өзiнше нәр алып, оны өзiнше қабылдайды. Абай кiмнiң болса да жүрегiне енiп, оған өшпес iз қалдырады. Абай туралы әркiмнiң өз түсiнiгi бар, сондықтан, әркiмнiң өз Абайы бар. Абай әлемi жатқан бiр тұтас дүние. Ол – бүкiл әлем болмысын қамтиды. Сондықтан, Абай шығармаларынан бүкiл әлемнiң сырын түсiнiп, керемет құпиясын көре аламыз.

Ол үшiн оны көретiн жүрек көзi болу керек. Абай туралы ой айтудың, не болмаса сөз жазудың қиындығы осында жатыр деп ойлаймын.

Абай тұлғасының ұлылығын, асқақтығын сезiну үшiн оның рухани әлемiн тұтас қамтыған тұста ғана ақынның шалқар Жан дүниесiнiң ұлылығына көзiмiздi шын жеткiзе аламыз. Сонда ғана ұлы ойшыл ақынымызды ардақтау ғана емес, сонымен бiрге, оның ұлы мұрасын өмiрде кеңiнен қолданып, өз өмiрiмiздi соған үйлестiруге мүмкiндiк туар деп ойлаймыз.

Қолдарыңыздағы кiтап, мiне, осы бағытта жазылған алғашқы туындылардың бiрi. Бұл кiтапта Абайтану саласында алғаш рет ақынның туып өскен ортасы, ата-тегi, бала жасынан бастап айқын танылған ерекше жан дүниесi артына қалдырған мол мұрасы, сол мұраны адамның күнделiктi өмiрде пайдалану жолдары бiр жүйемен, бiр-бiрiмен байланыстырылып берiлген. Абайдың асқар тұлғасының қалыптасуы мен оның адамзатқа қалдырған рухани мұрасы кездейсоқ көрiнiс емес, әлем заңдылықтарымен тығыз байланысып жатқан құбылыс екенi даусыз. Абай болмысы арқылы бiз де жан дүниемiздi еселеп, биiк дәрежеге жеткiзу мүмкiндiгiне ие боламыз.

Абайтану саласында бұдан да бұрын түрлi шығармалар молынан жазылды. Бiрақ солардың көпшiлiгi ойшыл ақын мұрасын халық жүрегiне алды деп айта алмаймыз. Ондай шығармалар ғылыми мекемелердiң кiтап сүрелерiнен түсе алмай, тек қана архив материалы ретiнде жатқаны да белгiлi. Адамзат қамы үшiн өмiр сүрген Абай – халықтың Абайы, бүкiл адамзаттың Абайы.

Мен жазбаймын өлеңдi ермек үшiн,

Жоқ-барды, ертегiнi термек үшiн.

Көкiрегi сезiмдi, тiлi орамды,

Жаздым үлгi жастарға бермек үшiн, —

деп ақын өзiнiң ең ардақты мақсаты адамның жан дүниесi, арлы болмысы болғанын, тiлеулi арманы өз сөзiн әр адамның жүрегiне жеткiзу екенiн анық ұқтырған жоқ па? Ақын Абайдың осы асыл арманының iске асуына арналып оның мұрасын Адам өмiрiнiң бастаушысы, жетекшiсi, жарық шамшырағы ретiнде көрсетуге тырысқан бұл кiтаптың айтар ойы ерекше деп бiлемiн.

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

Серіктес жаңалықтары