АЙТЫС ОСПАН БАТЫР РУХЫНА АРНАЛДЫ

АЙТЫС ОСПАН БАТЫР РУХЫНА АРНАЛДЫ

АЙТЫС ОСПАН БАТЫР  РУХЫНА АРНАЛДЫ
ашық дереккөзі
427

Қазақта ұлт үшiн басын бәйгiге тiгiп, қасиеттi күресте тайсалмаған батырлар аз болған жоқ. Тәуелсiздiк алғаннан берi бiз тарихымыздағы ақтаңдақтарды аршып, кезiнде атын айтуға тыйым салған ұлт батырларын ақтап алуға кiрiстiк. Солардың бiрi және бiрегейi – Оспан батыр туралы қазiргi ұрпақ аз бiледi. Оның өзiндiк себебi де жоқ емес. Бiрiншiден, Оспан батыр қазақтың тәуелсiздiгi үшiн Қазақстаннан тыс, Қытай жерiнде күрестi. Сонда Шығыс Түркiстан атты тәуелсiз республика құруға қол жеткiздi. Кейiн өз қолымен құрысқан мемлекеттiң Қытай мен Кеңестiң қолжаулық, қуыршағына айналып кеткенiн сезiп, олар берген лауазымнан да бас тартты. Сөйтiп, орысты да, қытайды тiтiркендiрдi. Екiншiден, Қытай қазақтың ұлы батырын әлi ақтаған жоқ.

Дегенмен, қазақ өзiнiң тәуелсiз ел екендiгiн танытып, Оспан батырдың да есiмiн ұлықтауды қолға алды. Өткен сенбi күнi Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Азаттық үшiн жан пида» атты Оспан батыр рухына арналған республикалық айтыс өттi. Айтысқа 14 ақын қатысты. Ақындар Оспан батырдың ерлiгiн паш етiп, оның рухын асқақтатуды негiзгi мақсат етiп алды. Оспан батырдың жаужүрек қайсарлығы, қайтпас батырлығы әрбiр ақынның аузынан жыр болып төгiлдi. Оның ерлiгi бүгiнгi ұрпаққа үлгi, ертеңгiлерге аңыз болып жететiндiгi әңгiме арқауына айналды. Оспан батырдың қазақ үшiн арпалысқан жанкештi батырлығын суреттей отырып бүгiнгi оралманның, шеттегi қазақ диаспорасының тағдыры да нысанадан тыс қалмады. Әсiресе, Қытайда қалған әжесiмен 65 жылдан кейiн көрiсiп қайтқан Ринат Зайытов оралмандардың Қазақстанға келуiнде әлi де шикiлiктердiң барлығын тiлге тиек еттi. Бұл ел аман, жұрт тынышта екiге бөлiнiп қалған қазақ тағдыры, екiге жарылған елдiң мұң-зары, әлi күнге дейiн бас қоса алмай жүрген қазақтың қасiретi. Бұл Абылай хан заманынан кейiн бiр шаңырақта бас қоса алмаған қазақтың бытыраңқы тiрлiгiнен хабар бередi. Қазақ тәуелсiздiгiн қолына алып, өз қолы өзiне жеткен бүгiнгiдей бейбiт заманда шетте қалған бауырларын жинап алуға әлi де самарқаулық танытып отырғандығын бiлдiредi. Осылай толғанған ақындар Оспан батыр арқылы талай проблеманың шетiн сөгiп, қазiргi қоғамдық-әлеуметтiк өзгерiстердi жырлап, жиналған қауымның көңiлiн бiр демдеп тастады. Дегенмен, бұл басқосу ұлт бiрлiгi жолындағы тағы бiр маңызды қадам деп айтуға болады. Шетте қалған батырларымыз бен ақындарымызды ұлықтап, олардың ерлiгiн атамекенге танытып жатуымыздың өзi елдiгiмiздi танытады. Айтыс барысында айтыстың екi тiзгiн, бiр шылбыры қолында отырған ақын, Қазақ радиосының басшысы Жүрсiн Ерман, өмiрi Қытай түрмесiнде өтiп келе жатқан, қазiр «мырза қамақта» отырған, көрнектi қазақ жазушысы Қажығұмар Шабданұлы Қазақстанға келуге ниет етiп, бiрнеше рет хат жазғанымен, сол жазушыны атамекенге алдырып ала алмай отырған қазақы енжарлығымызды тағы да түйреп өттi. «Егер, ел болсақ, көптеп көмектесiп, Қ. Шабданұлының елге келуiн тездетер едiк» дедi налыған күйде.

Сөйтiп, бас демеушi, жеке кәсiпкер Аллажар Ыбырайұлы тiккен бас жүлде «Джип» автокөлiгiн – семейлiк ақын Ринат Зайытов иелендi. Ал, 5 мың долларлық бiрiншi жүлдеге шымкенттiк Ақмарал Iлеубаева қол жеткiзсе, шымкенттiк Маржан Есжанова 2-жүлденi қанжығасына байлады. Қалған ақындардың барлығы да 1 мың долларлық жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Қайрат Бодауханұлы өз көңiлiнен шыққан Қазақ радиосының қызметкерi Бақыт Жағыпарұлына арнайы жүлде тапсырды.

Е. ҚҰМАР

Серіктес жаңалықтары