КӨКТӨБЕДЕ КӨК ТIРЕЙДI АЛЛАҺ YЙI

КӨКТӨБЕДЕ КӨК ТIРЕЙДI АЛЛАҺ YЙI

КӨКТӨБЕДЕ КӨК ТIРЕЙДI АЛЛАҺ YЙI
ашық дереккөзі
235

Елдi ынтымаққа шақырып, имандылыққа баулитын қасиеттi мешiт үйiнiң күн сайын болмаса да, жыл сайын қатары көбейгенi жанымызға жылылық ұялатады. Сондай игiлiктi бастама ендi Алматының төрiнде, төрiнде болғанда да нақ Көктөбенiң бөктерiнде бой түзейтiн болады. Әрi, бұл Аллаһ үйi Қазақстандағы ең үлкен мешiт болатындығымен де ерекшеленбек.

Өткен аптаның бейсенбiсiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов мешiттiң жобасын бекiтiп, оның алғашқы iргетасын қалап кеттi. Алты гектар алқапты алып жататын жаңа мешiттiң биiктiгi 64 метр болса, азан шақыратын мұнарасы 84 метр болмақ. Бұл мұнаралар қаланың қай бұрышынан болсын қарасаңыз, көзге "менмұндалап" көрiнетiндей етiп салынбақ. Дiни ғимараттың бiрiншi қабатында намаз оқитын жер, екiншi қабатында Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының арнайы кеңсесi, ал жоғарғы қабаттарда мәжiлiс залы, кiтапхана, медресе, қонақүй орналасады. Дiни орталыққа дейiн арнайы жаяу жолдар, автокөлiктер қойылатын арнайы тұрақтар да салынатын болады.

Ең бастысы, мешiтке жұмсалатын 40-45 миллион доллар көлемiндегi қаржыны демеушiлер мен қайырымдылық қорларынан түскен қаражаттан жұмсамақ. Мешiт құрылысын бастаған түрiк компаниясы: “Дiни орталықты 2009 жылы бас мүфтидiң қолына тапсырамыз” деп, уәде берiп отыр. Президент өз сөзiнде: "Алматы – Америкадағы Нью-Йорк, Қытайдағы Шанхай сияқты Қазақстанның бетке ұстар қаласы болуы керек" – деп, ерекше атап өттi.

Сондай ақ, жуырда мешiт құрылысына арнайы көмек ретiнде қор ашылмақ. Оның есепшоттары да бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады. Имандылық үйiне жәрдемдескiсi келетiн қайырымды жандар болса, аталмыш есепшот бойынша қаржы аударуға да болады. Ал жанашырлық жасау – дiни тазалықты бетке ұстаған әрбiр азаматтың парызы.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары