НАУҚАНШЫЛ ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰДАЙЫ БЕРДI

НАУҚАНШЫЛ ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰДАЙЫ БЕРДI

НАУҚАНШЫЛ ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰДАЙЫ БЕРДI
ашық дереккөзі
833

Кезектен тыс сайлау алдындағы кезектен тыс жиындар

Науқаншылдық қанымызға сiңген. Кеңестiк кезеңнiң әдеттерiнiң бәрi бiрдей жағымсыз емес шығар. Науқаншылдықтың жақсылығы да, жамандығы да бар.

Жақсылығы – барша саналы азаматтарды бiр ұран, бiр тудың астына бiрiктiрiп, белгiлi бiр мемлекетшiлдiк мақсатқа жұмылдыратындығында, бiр ел, бiр ұлт екендiгiмiздi еске салатындығында.

Жамандығы – бiр ұлтты әр жiкке, топқа, идеялас-сыбайластарға, тiптi, кей жерлерде руға бөлiп, iштен iрiтетiндiгiнде.

Жақсы болса да, жаман болса да, биыл кезектен тыс сайлау науқаны басталды. Сайлау өтетiн күн белгiленер-белгiленбестен, ОСК науқанды өткiзудiң ереже-тәртiптерiн бекiтiп, жариялап та үлгердi. Қазақша айтқанда, Парламент тарағаннан кейiн электоратқа «ес жиғызбастан» сайлау көрiгi қызып та кеттi.

Ендi саналы сайлаушы 18-тамызда өз мекен-жайы бойынша орналасқан сайлау учаскесiне барып, Мәжiлiс және мәслихат депуттаттарына дауыс беруге дайындалуы керек. Ол қалай дайындалмақ дейсiз ғой? Ақпарат заманында ақпаратты тұтынудың өзi – үлкен жұмыс. Жан-жақтан атойлаған сан-мың ақпараттың арасынан суы мен маңызын ажырата бiлiп, өзiне керегiн тауып алу оңай емес.

Саяси партиялар да кезектен тыс құрылтай өткiзiп, партиялық тiзiммен сайлауға түсетiн үмiткерлердiң есiмiн анықтап жатыр. Ең алғаш партиялық тiзiммен сайлау өткен 2004 жылы Парламентке саяси партиялар атынан бар-жоғы 10 депутат барып едi. Оның жетеуi – «Отан» партиясынан, бiреуi – «Асар», бiреуi – «Ақ жол» партиясының өкiлi болды. «Ақ жол» партиясының өкiлi Әлихан Бәйменов әуелi депутаттық мандаттан бас тартқанымен, 2006 жылы райынан қайтып, сегiз айдай уақыт депутаттық мiндетiн атқарды.

Биылдан бастап Парламентте партиялық тiзiммен 98 депутат сайланбақ. Ал қалған 9 депутатты Қазақстан халықтары ассамблеясы ұсынады.

Парламенттiң құрамы мен құрылуына байланысты конституциялық өзгерiстер сессияның соңына таман қабылданғандықтан, алдағы сайлау кезектен тыс, тiптi асығыс өткiзiлгелi отыр. Науқанды ұйымдастыруда көптеген кемшiлiктер болуы мүмкiн. Оның бiр кiлтипанын газетiмiздiң өткен санында жарияланған сұхбатында саясаткер Амалбек Тшан атап көрсеттi: оқуы бiтiп, ауылына тараған мыңдаған студенттердiң дауысы осы жолы ескерусiз қала ма? Өйткенi, олардың денi оқу орнының жатақханасында уақытша тiркеуге тұратыны белгiлi. Ал сайлаушыға тек тiркелген жерiнен ғана дауыс беруге рұхсат берiледi. Ендеше, студенттердiң құқығы бұзылмауын ойлаған кiм бар?

Кезектен тыс сайлауға саяси партиялар «рекордтық» қысқа уақытта дайын болып үлгердi. «Руханият» партиясы шiлденiң алғашқы күндерiнiң бiрiнде құрылтайын өткiзiп, сайлауалды бағдарламасын бекiтiп үлгерiптi. Ресми деректерге сәйкес, 70 000-дай мүшесi бар партияның құрылтай жиналысы саяси реформалар бағдарламасы мен жаңартылған Конституцияға қолдау бiлдiрумен аяқталыпты. Бiр қызығы, бұл партия сайлауға өз атынан заңға сәйкес 127 емес, 11 үмiткердi ғана қатыстырмақ. Сонда «Руханият» атынан Парламент Мәжiлiсiне депутаттыққа лайық басқа адам табылмады ма, әлде олар 11 үмiткердi додаға қатыстырып, 11-iнiң де жеңiске жететiндiгiне кәмiл сенiмдi ме?

Негiзi, нағыз саяси додада жеңiске жетуден 11-дiң емес, 127-нiң үмiтi көбiрек болса керек-тi.

«Нағыз Ақ жол» мен Социал-демократиялық партиялары бiрлесе өткiзген құрылтайында екi партияның бiрiгiп, ендi Жалпыұлттық Социал-демократиялық партия болып аталатындығы белгiлi болды. Бұл партия төртiншi шақырылымның Мәжiлiсiнде кемiнде 25 орын иемденуден үмiттi. Партиялық тiзiмде жүз шақты адам бар.

«Ақ жол» партиясы мен «Әдiлет» партиясы бiрiгiп, осы аптаның жексенбiсiнде құрылтай өткiзбек. «Ақ жол» деген атын сақтап қалатын партия өкiлдерi алдағы сайлауда 20-ға жуық орын жеңiп алатындықтарына сенiмдi.

«Нұр Отан» партиясы 80 орынды мiсе тұтып отыр. Шындығында, билiк партиясы «100 пайыз жеңiске жетем десе де, өз қолында» деген пiкiр қаулап жүр. Жақында бұл партияға Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов мүше болды. Бұл да билiк партиясының беделiн арттыра түсерi сөзсiз.

Маусым айының соңында өткiзген кезектен тыс құрылтайында «Ауыл» партиясы Мәжiлiс депутаттығына 40 үмiткердiң тiзiмiн бекiттi. Партия төрағасы Ғани Қалиев «ауылдықтар» сайлаушылардың 20 пайыз дауысын алатындықтарын нық сенiммен мәлiмдедi. Партиялық тiзiмде жазушы Дулат Исабеков, композитор Нұрғали Нүсiпжанов бар. Төрағаның айтуынша, «Ауылдың» 200 000-ға тарта мүшесi бар.

Кезектен тыс жиындардың ұзын-ырғасы осы. «Патриоттар» мен «Коммунистерден» әзiрге «хабар жоқ». Сайлау алдында қай партияға қосылатындықтарын ойланып жатуы да мүмкiн. Бұл сайлау – алдағы сайлаулардан өзгеше болғалы тұр. Өзгешелiктiң үлкенi – бұл жолғы дода – жеке тұлғалардың бет жыртысы емес, iрi топтардың тартысы болмақ. Соны сезе ме, науқаншыл қазақ екi алақанына түкiрiп қойып, дайындалып жатыр.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары