12 ЖЫЛДЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

12 ЖЫЛДЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

12 ЖЫЛДЫҚҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
ашық дереккөзі
271

Жақында Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң алқа мәжiлiсi болып өттi. Басқосудың күн тәртiбiне қойылған мақсат – 12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшуге дайындықтың барысы туралы, жоғары оқу орындарын жоспардан тыс тексерудiң қорытындылары және жоғары оқу орындарының желiсiн оңтайландыру туралы, техникалық және қызмет көрсету еңбегiнiң бiлiктi кадрларын даярлау проблемалары және оларды шешу жолдары, сондай-ақ ҚР бiлiм және ғылым саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарымен күрес жөнiндегi қабылданып жатқан шаралар туралы.

Негiзi 2005-2010 жылдарға арналған бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес, Қазақстан бiлiм ұяларының 2008 жылдан бастап 12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшетiнi жайында айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, бұған бiздiң мектептер дайын ба? Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың сөзiне сенсек, 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне бiлiм ұялары 2010 жылға дейiн түбегейлi көшiп үлгередi. Ағымдағы жылы экспериментке 104 мектеп, соның iшiнде 45 ауылдық, 59 қалалық мектеп қатысып жатқан көрiнедi. Жалпы эксперимент жұмысы 6 мың 322 оқушыны қамтып отыр. Эксперимент барысында 1-4 сыныптарға арналған жалпы бiлiм беру бағдарламаларына, оқулықтарға және ағылшын тiлiнде оқыту және «Өзiн-өзi тану» адамгершiлiк-рухани бiлiм беру бағдарламаларын сынақтан өткiзу жоспарланған. Осыған байланысты жоғары оқу орындарының алдына үш тiлде пәндердi, көптiлдiлiктi оқыту бойынша мектептер желiсiн кеңейту үшiн тиiстi мамандар даярлауды шешу мәселесi қойылды.

Жалпы орта бiлiм беретiн бiлiм ұяларының мұғалiмдерi жыл сайын бiлiктiлiгiн көтеру курстарына 2005 жылы республикалық бюджеттен трансферт бөлiндi. Осы жылдан бастап пән мұғалiмдерiн және басшы кадрларды оқыту жұмыстары жүргiзiлуде. 12 жылдық бiлiм беруге көшу жағдайында негiзгi жалпы бiлiм алған оқушыларға техникалық және кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарында оқуды жалғастыру және кәсiпке ие болу мүмкiндiктерi ұсынылады. 12 жылдық бiлiм берудi аяқтау деңгейi болып кәсiптiк оқыту ұйымы болып табылады. Негiзi орта мектептi бiтiрушiлердiң бiр бөлiгi оқуын бейiндiк сыныптарда, бейiндiк мектептерде, гимназияларда, жалпы орта бiлiм берудiң ресурс орталықтарында жалғастырады.

12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшуде негiзгi мәселелер: бейiндi оқытуды ұйымдастыру; бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықтау жағдайы; кәсiптiк мектептердi кеңейту қажеттiлiгi, педагогикалық кадрларды даярлау мен қайта даярлау болып табылады.

Ал жоғары оқу орындары мен филиалдарды жоспардан тыс тексеру жүргiзген министрлiк аты бар, заты жоқ оқу орындарын жабуды ұйғарды. 143 жоғары оқу орны мен 66 филиалда өткен тексеру жұмысы медициналық жоғары оқу орындары, сондай-ақ 2007 жылы мемлекеттiк аттестаттаудан өткен және лицензиясы керi қайтарылып алыған жоғары оқу орындары қамтылған жоқ. Нәтижесiнде жоғары оқу орындарының санын 34-ке, филиалдарды 58-ге қысқарту туралы шешiм қабылдап, 13 оқу орнының лицензиясының қолданысы 4 ай мерзiмге тоқтатылды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары