АЙ ЖЕРГЕ ЖАҚЫНДАҒАН ЖАЗ

АЙ ЖЕРГЕ ЖАҚЫНДАҒАН ЖАЗ

АЙ ЖЕРГЕ ЖАҚЫНДАҒАН ЖАЗ
ашық дереккөзі
324

1-маусым Халықаралық балалар күнiнiң қарсаңында Жазушылар одағы мен «TSC-group» корпорациясының бiрлесiп ұйымдастыруымен Халықаралық «Дарабоз» бәйгесi өткiзiлген болатын. Аталмыш бәйгеде газетiмiздiң саяси шолушысы, белгiлi жазушы Жаңабек Шағатайдың «Ай жерге жақындаған жаз» атты хикаяты 1-жүлденi иемденген едi. Бүгiн сол хикаяттан үзiндiнi оқырман назарына ұсынып отырмыз.

СОВХОЗДА ҚАЛҒЫМ КЕЛМЕЙДI

Түнi бойы құлаққа жағымды үнмен жұмсақ сытырлап жауған жаңбырдың, ендi қазiр ауланың шетiне жағалай егiлген биiк мырзатеректердiң алақандай жапырақтарынан тырс-тырс етiп тамшылар тамғаны естiлген терезеге жақтырмай көз тастаған ағам – Құрманғазы қолындағы кесесiн төңкере салды. «Болдым, шәйға қандым» дегенi ғой. Мейлi, мен де мiндетiмнен құтылдым. Жақсылап азанғы шәйiн бердiм. Қаласа, түсте тағы шәй қайнатып беру түк қиын емес. Бiрақ, шөп орағында олар күнделiктi түскi астарын шабындық басындағы қоста iшедi. Ал кешке, түнде қонуға үйге келгенде жылдамдатып шәй-су қамдаймын. Қиналатын жұмыс емес қой, электр шәйнектi тоққа қоссаң жетiп жатыр, көздi ашып-жұмғанша бұрқ-сарқ қайнап шыға келедi. Бақшалықтың бiр шетiндегi жүйекте картоп жайқалып өсiп шыққан екен, ара-тұра картошка қазып әкеп, ыстық суға қайнатамын. Ол картошканы кiм еккен, қалай шыққан, соны бiле алмай аң-таңбыз. Бәрiбiр Құрманғазы тамақсау ма деймiн, ылғи ашқарақтанып: «Ыстық тамақ жоқ па?» деп сұрайды кешкiсiн.

Қазiр де шекесi тырысып отырғаны кәмiл.

– Бүгiн шөп тасымайтын шығармыз, сiрә,– дедi ол күңгiрт терезеге ренiшпен сүзiле көз тастап. Шытыңқы қабағынан жаңбыр жауғанын суқаны сүймей отырғаны анық аңғарылды. – Арты созылып кететiн ақ жауын сияқты ғой. Бүйте берсе шөп ору бiтпейтiн сұры бар. Бәлкiм, ауылға жуық маңда қайта да алмайтын шығармыз.

«Мәссаған, сондайы бар ма едi?! Ауылға, үйге қайтпағаны қалай? Сәл жауынға бұлар шөп жинамай, кергiп жатып алса, жұмыстары биыл бiтпес…»

– Сонда… сонда ештеңе жинамайсыңдар ма?– деп сұрадым сасқалақтап. – Түк етпейтiн шығар, сәл ғана тамған сияқты, тiптi, жаумаған десе де болады. Соған бола үйде жата бересiңдер ме ?

– Сен де айтасың-ау, аспанның түбi тесiлгендей түнiмен тоқтаусыз сiркiредi. Сiлбiлеген жауын өткiр келедi,– деп көңiлсiз күлдi Құрманғазы кiнәлi жандай жеңiл күрсiнiп. – Ауылға қайтқың кеп, әрең шыдап жүргенiңдi бiлем, бiрақ су сiңген шөптi маялап жинауға болмайды ғой.

– Неге, шөп соншалықты ауыр болып, су түктердi көтере алмайсыңдар ма?

– Жоғ-а, онда тұрған ештеңе жоқ. Тек дымқыл шөп қыста түгел шiрiп кетедi. Жарайды, бұлттың арты ашылса жұмысқа шығып та қалармыз. Үйде құр жатқанша, жiгiттерге барып қайтайын.

– Ә-ә! – Терезеге бағжия қарап, үнсiз отырып қалдым. Әйнектiң ар жағынан көрiнiп тұрған сұрғылт, түнерiңкi аспанды, жер бауырлай баяу көшiп жатқан қорғасын түстес бұлттарды ұнатпай, өшiге қараймын. Ыстықтың бетi қайтатын болды деп жүрсем…

– Әй, Жомарт, шөп қораның алдында жүрген сабалақ ит кiмдiкi?– дедi сыртқы есiктен аулаға аттай берген Құрманғазы кiлт басын керi тартып ап. – Әбден бауыр басып, етi үйренiп алған неме ғой. Сумаңдауын…

– Кiмдiкi екенiн бiлмеймiн, бiрақ оның иесi жоқ сияқты. Аштан бұратылып, өлейiн деп қапты, әнеукүннен берi өзiмiзден қалған тамақты соған берiп жүрмiн.

– Ақымақ! – дедi ағам табан асты түтiгiп. – Тексiз, бұралқы иттi үйге бауыр бастырғаны несi?

Ауыр керзi етiгiмен сыры көше бастаған едендi дүрсiлдете басып, iшкi бөлмеге өттi де, iле-шала ақ матамен құндақтаулы ұзынша бiрдеңенi көтерiп шықты. Сыртқы есiктi сәл ашық қалдырған күйi әлгi заттың орауын шешiп алған. Құндағы қып-қызыл, сорайған қап-қара ұңғысы есiк саңылауынан әлсiз төгiлген жарықпен үрейлi жылтыраған құс мылтық! Бiздiң үйде мылтық бар екенiн бiлсемшi.

– Атпашы оны!– дедiм орнымнан ұшып тұрып. – Атпасайшы, обал ғой. Жүре берсiн де. Өзi сондай сүйкiмдi ит.

– Сөйлеме,– деп дүңк еттi ағам маған алара қарап. Қара торы жүзi одан әрмен тотығып, қарауытып кеткен. Шүңiрек көздерi ызалы ұшқын шашады. – Бiз ауылға кеткен соң ауланы, шөп қораны майқандайды ғой. Жинаған шөпке тышып-сиедi. Ал қаңғырған ит сарыған шөпте қандай қасиет қалмақшы, а?! – Iле құлақ жарғағын тұндырып мылтық «гүрс» етiп, дәрiнiң ащы, жиренiштi иiсi танау жарып, қолқа қапқан. Әйтсе де, түнi бойы тоқтаусыз сiркiреген жауыннан дымқыл, сыз тартқан ауа мылтық даусын бәсеңсiтiп, құмықтырып жiбергендей. Сүйретiлген құйрығын бұлғаңдата үйдiң есiгiнен көз алмастан, пiшен қораның алдында бiр бүйiрлей сүзiле қарап тұрған қоңыр ала ит «қаңқ» етiп, бiр орында шыр айнала өз бүйiрiн қауып-қауып түстi. Қаңсылаған күйi кенеттен бетi ауған жаққа қарай зымырай жөнелсiн. Жаны шыдатпай ауырғаннан бiр сәт кiдiрер емес. Мен оның соңынан емес, керiсiнше, жұмсақ сазды көлденеңiнен кесе жүгiре жөнелдiм.

– Тоқта, ақымақ! Қайда барасың?– деп соңымнан айқайлаған ағама бұрылып та қарамадым. Өмiрiмде бұлайша өкпем өшiп, тiрсегiм сынардай әрi сiңiрiм рәзiңкедей созылып жүгiрiп көрген емес ем. Көк майса жазаңның шетiн ала иiрiлiп жатқан қара жолдың аузындағы Сағындық қарияның ауласына таяғанда иттiң де жылдамдығы баяулап, кирелеңдеп қалды. Соңғы рет тәлтiректей екi-үш қадам басып, әлi бiтiп, бiр бүйiрлей құлады да, сосын басын жандәрмен жерден екi-үш көтерiп, қайтадан сылқ ете түскен.

Екi иiнiмнен дем алып, өкпем аузыма тығылған күйi дымқыл шөптiң үстiнде ұзынынан сұлап жатқан иттiң жанына келiп, жүрелей отырдым.

Жантәсiлiм еткелi жатқан қоңыраланың кiрпiгi әрең қимылдап, танауы жыбырлай соңғы рет ауыр дем алды да, қимылсыз сiресiп қалды. Өткiр сарғыш азу тiстерi көрiнген ырсиыңқы езуiнен ұзын қызыл тiлi салақтап жатыр. Жалаң аяғымнан өткен суықтан ба, әлде бойымды буған үрейден бе, әйтеуiр бүкiл денем су құйғандай мұздап кетсiн. Жаңбыр суы мен бүйiрiнен аққан қан сабалақтап тастаған ұзынша қылшықтары мен жүнi қазiр тым сүйкiмсiз көрiнедi. Соңғы рет қоңыр ала иттi ақырын сипағым келсе де, аяушылығымды әлдеқандай үрей жеңiп, дiрiлдеген қолымды секемдене тартып алғанымды аңғармай да қалдым. Құдайым-ай, жаңа ғана тiрi, бiрақ көз алдыңда жаны шыққан нәрсенiң бәрi әрi қорқынышты, әрi жиренiштi көрiнедi екен ғой. Өлiмнiң өзi қорқыныш!

Бетiмдi алақаныммен басып, дауыл шайқағандай теңселiп келемiн. Өн бойымды дiрiлдеткен суық жүрегiме қырау боп қатып жатқандай. «О, жазықсыз, бейшара иттi атқан ағам нағыз қатыгез екен. Қоңыр ала иттiң түк те кiнәсi жоқ. Бар болғаны адамдарға, маған сенiп жүрдi ол. Болмаса бұл маңға, бiздiң аулаға аттап аяқ баспас едi. Оны бұрын бiреулер асырады, сосын бейшараны таяқтап үйден қуып шыққан шығар. Мүмкiн, көшкен қойшылардан адасып кетiп, иесiн қайта таппай қалған болар. Ал ағам… ағам нағыз жауыз!»

Қолына ебедейсiз ұстаған мылтығын әлi орнына қоймаған Құрманғазы ауланың ортасында состиып тұр. Жанына таяп келгенiмде:

– Жаман иттiң соңынан соншама жалбақтап жүгiргенiң қалай? – деп күңк еттi ашулы, болмаса кiнәлi екенiн сездiргiсi келмеген селқос қалыппен. –Өзiңде шайнамдай ми жоқ екен ғой. Әрбiр бұралқы иттiң соңынан осылай жүгiре беретiн болсаң, өмiрде түгiң қалмайтын шығар. Тiлiң салақтап жүгiре-жүгiре жүрегiң күйiп кетер.

– Ол байғұс өлiп қалды,– дедiм даусым ерiксiз дiрiлдеп. Iшiм удай ашытып, тамағыма ыстық түйiн тiрелдi. Балқыған қорғасын жұтқан сияқтымын. – Оны сен өлтiрдiң! Жауызсың!

– Оттама,– дедi Құрманғазы тiстенiп. Шықшыты терiсiн тесердей. – Дүние бiр бұралқы, қаңғыған иттен арылды. Бар болғаны сол-ақ.

«Бар болғаны сол-ақ!» Үнсiз тiстенемiн. Қатыгездiктiң аса қорқыныштылығы сол, ол ешқашан өз кiнәсi мен озбырлығын мойындамайтын ожарлығында, басқаша ойламайтын тоңмойындығында екен-ау. Ал осыдан кейiн ағам екеумiз айтар әңгiме, сөз қалды ма?!.

Құйтақандай екi iнiшегiмдi сағындым кенет. Ғалымды да. Оның Қоңырқазы үлкен болған шығар. Ендiгi ұшатын болар. Аман-сау жүрсе үлкейетiн кезi жеттi. Күз жақындап қалды ғой…

– Балам-ау, жағың суалып, көзiң тiптен шүңiрейiп кетiптi ғой. Аз ғана шыда, Құдай қаласа, жақында шөп орығы бiтiп те қалады,– дедi жәкем еңкейiп маңдайымнан иiскеп. Сосын табалдырық түбiнде состиып тұрып қалған Шахмарға – Жарқынайдың әкесiне бұрылып:

– Төрге шық, Шахмар! Ендi менiң Робинзон баламның қолынан дәм татайық,– деп жымиып күлдi қолындағы түйiншектерiн маған ұстатып жатып. – Ал қалдарың қалай? Сенi өкпелеп жүр дей ме, туған ағаңмен де тiл қатыспайтын көрiнесiң. Оның не?

– Өзi ғой… өзi иттi атып тастады. –Ыңғайсыз күйге түсiп, күмiлжи айттым. Құрманғазының үстiнен шағым жасап тұрғаныма Жарқынайдың әкесiнен қысылып барамын. Ол кiсi мынау әлi жас бала, шағымшыл жылаңқы екен деп қалуы мүмкiн-ау.

– Онысы бекер болыпты,– дедi жәкем ескi кереуеттi сықырлата шетiне жайғасып. – Байғұсқа обал жасапты. Бiрақ сен де түсiншi, әлгi ит пiшен қораға кiрiп-шығып жүр дедi ғой. Ол ауру болса қайтесiң? Ертең бұл шөптi жеген малға iндет тараса ше?

– Бiлмеймiн. Тарамайтын шығар. Жүнi сабалақ-сабалақ, аш екен, бiрақ сап-сау сияқты.

– Сау екенiн қайдан бiлдiң?– деп сұрады Шахмар аға орындығын сықырлата алға еңкейiп. – Мал дәрiгерi ретiнде саған айтып қояйын, сап-сау боп жүрген иттердiң табан асты ауыратыны жиi кездесетiн жағдай. Әсiресе, иесiз, қаңғыбас иттердiң құтырып кетуi оп-оңай.

– Мiне, Шахмар ағаң айтып отыр ғой. Ендi болған iске өкiнбе, ағаңа өкпелеуiңдi қой,– дедi жәкем менен көзiн алмай. – Осындағы екеуiңнiң бiр-бiрiңмен сөйлеспей жүргендерiңдi естiп, үйде анаң бүлiк шығарып жатыр. Сенi қайтар дейдi. Екеуiңдi де. Болмаса, iнiлерiңдi алып, өзi осында келмекшi. Аз ғана қалды, шыдасаңшы, балам. Айтпақшы, мылтық үйге қайдан келген? Әлi осында тығып жүр ме?

– Жарайды, жәке,– дедiм тағы да әлдеқандай ыңғайсыз күйдi бастан кешiп. – Шыдаймын ғой. Ал ол мылтықты бiр қойшы ағаға берiп жiбердi сол күнi кешке.

Әлгiден берi үйдiң бiр жақ қабырғасын тұтас алып тұрған сөрелердегi кiтаптарға таңдана қарап отырған Шахмар аға:

– Пай-пай, Бәке, әдеби кiтаптарды бiр адамдай-ақ жинаған екенсiз. Профессорлардың үйiнде де мұнша кiтап жоқ шығар,– деп жымиды риза қалыпта. – Жомарт-әй, жағдайың жақсы көрiнедi ғой, салқын үй, сансыз кiтап. Бәрiн де оқып шықтың ба?

– Жоқ, аға, бәрiн тауысып шығу мүмкiн емес, бiрақ көбiсiн оқыдым. Ең қиыны, әнебiр пьесаларды түк түсiне алмайды екенсiң. Әйтеуiр мен ұға алмай жүрмiн. Бiр адам сөйлейдi, сосын екiншi адам тоқтаусыз ағытылып ала жөнеледi. Пьесада табиғат, спорт туралы ештеңе жазылмайды екен, – деп жан-жағыма алақтадым да, кенет үстел үстiндегi бетi ашық жатқан қалың кiтапқа көзiм түстi. – Мiне, тыңдаңызшы. Сiздерге оқып берейiн…

«Жанұзақов. Бұл сылтау. Бұл сол Жетiсу кулагының амандығын қимағандық. Жер бермесең неге әкелдiң, босқынды! Барлық жерiн переселен алып қойған, ол қайда орналаспақ? Екiншi, көп жерлерде, поселкелерде босқындарды қайта қырып жатыр. Соған не iстедiңдер?..

Өтепов. Сен, Жанұзақов, босқан елге шын жаның ашыса, сөздi демагогияға айналдырма, бiлдiң бе?..

Сәрсембаев. Олай сөйлемеңдер, жолдастар?! Иә…

Өтепов. Әр нәрсенi өз атымен атау керек! Мынау сол демогогия… Қазақтың переселен алса егiндiгiн алды, таудағы жайлауын алған жоқ. Қазiр күн жаз, күзге дейiн шыдауға болады.

Жанұзақов. Малы жоқ аш-арық несiмен барады жайлауға?

Есеналин. Иә… соны айту керек. Барса малы бар, амандау қалған ауқатты бай барады, босып жүрген кедей қайда барады?»

– Ха-ха… Тоқташы, күлкiмдi келтiрдiң ғой,– деп ақтарыла күлген Шахмар аға көзiнiң аңғалағын сүртпектедi. – Судырата жөнелгенiңдi мен де түсiне алмай отырмын. Берi әкелшi, бұл қай кiтап өзi.

– Мiнеки. Мұхтар Әуезов. Пьесалар. «Октябрь үшiн» деп аталады.

– Бәке-ау,– деп көңiлдене күлдi Шахмар аға тағы да екi иығы селкiлдеп. – Болмас, мына Жомартты жылдам ауылға қайтарыңыз. Талай оқымыстыны көрген ем, бiрақ пьеса оқитын баланы әлi күнге естiп-бiлмейтiнмiн. Бiр түрлi тосын екен.

– Ештеңе етпейдi,– деп жымиды жәкем көздерiмен менi аймалап, сүйсiне қарап отырып. – Қазiр түсiнбесе, кейiн өсе келе қайталап оқыр. Кiтап оқыған адамның көкiрек көзi ашық болады, сонда санасына сәуле түсер.

– Оған дау жоқ қой. Бiрақ баланың ұғуына жеңiлдеу «Көксерек» пен «Қараш-Қараш оқиғасы» бiр бөлек те, ересектiң өзi түсiнуге қиын, астарлап, тұспалдап айтатын күрделi пьесаларды оқу бiр басқа емес пе?!

– Жомарттың мұнысы менi басқа ойға жетелеп отыр,– деп әлденеге толқи сөйледi жәкем папиросының түтiнiн бұрқыратып. – Аңғардың ба, ұлы Мұхаң қалай-қалай айтады. Әлгi Өтепов дегенi белгiлi революционер емес пе? Соның аузына «Қазақтың переселен алса егiндiгiн алды, таудағы жайлауын алған жоқ. Қазiр күн жаз, күзге дейiн шыдауға болады», деген сөздердi әдейi салып отыр ғой. Қарашы, қандай кемеңгерлiк, қандай байқампаздық!

– Онда тұрған не бар? Ойыңызды ашып айтыңызшы, Бәке, мен де сiздi ұға алмай отырмын.

– Түсiнбейтiндей қиын мәселе емес. Байқасайшы, тау баурайындағы құнарлы жерлердi, етектегi егiс алқаптарын переселендер алып қойса, жадағай, жалаң тау-тас, шығуы қиын биiктерде қазақ не бiтiредi, қалай күн көредi? Көшi-қонның жүрер жолын переселендер бауырына басса, ол күштiлер қазақтың мал-жанын өз иелiктерiнiң үстiмен қадам бастырмайтыны белгiлi. Оның үстiне, «қазiр жаз, күзге дейiн шыдауға болады» дейдi әлгi Өтепов. Әнi, сатқындықтың, өз ұлтын, ел-жұртына деген опасыздықтың тамыры қайда жатыр! Күз келгенде әлгiндей опасыз революционерлер: «Қазiр күз, егiн салмайсың, ендеше жердi не iстейсiң?» деп шыға келмек. Осылайша сылтауға сылтау қосып, қазаққа жер бермеудiң, есе бермеудiң амалы тоқтаусыз жалғаса бередi,– дедi жәкем айрықша қызбаланып. Жайшылықта мұншама төгiлiп сөйлемейтiн әкемнiң аузына аң-таң боп, көз айырмай қарап қаппын. – Ендi түсiндiң бе, жалпы қазақтың жағдайы әлi күнге, қазiр де осындай. Бас көтерiп, белiн жазып өзiне тиесiлi сыбағасын ала алмай шерменде. Солтүстiк, орталық аймақтардағы, тiптi, барлық облыстардағы шұрайлы жерлердiң бәрiн келiмсектер бауырына басып алған.

– Қойыңыз, Бәке, ол жерлер жеке меншiктiкi емес, колхоз-совхоздардың иелiгiнде. Түптеп келгенде жер — үкiметтiкi!

– Оның бәрi сылтау ғана. Шаруашылық жүргiзудiң формасы өзгергенмен, мазмұны бәз баяғы әдiлетсiз қалпында. Әлгi тың игеруге келген келiмсектер тұратын колхоз-совхоздар шылқып байып, қазақтың жерi есебiнен гүлденуде ғой. Барлық жерде жағдай солай. Ал құнарсыз жерлерге, шөлейттерге ығыстырылған, тау-тас пен баябан құмдағы қазақтар әлi кедей қалпында. Қазiр де малдың соңында салпақтауда ұзын етегiн өткiр тiкен жыртып. Еще, Өтепов сияқтылар «демагогия» дейдi-ау. Қайран Мұхаң соны дөп басып, дәл айтқан емес пе?! Астарлап жеткiзген…

– Бәке, сiзден сескенейiн дедiм. Мынауыңыз нағыз антисоветчина екен, – деп наразы күйде басын шайқады Шахмар жүзi құбылып. – Пәле боп жүрмесiн. Мұныңызды менен басқа ешкiм естiмей-ақ қойсыншы. Өзiмiз нанын жеп жүрген үкiметтiң қырына iлiгiп, қаһарына ұшырап кетерсiз.

– Ән-нi, қорқамыз, әлi күнге қоянжүрекпiз, – деп тiстене ауыр күрсiндi жәкем қараңғылық үйiрiлген терезеге жалт қарап. – Бала-шағаға кесiрiм тимесiншi деп ойлайсың. Әйтпесе… Жарайды, қойдым, бiрақ ұлы Мұхаңның шығармаларын тағы бiр қайталап, тереңдеп оқуым керек екен.

– Көрдiңiз бе, Бәке, кiтап оқу ойыншық емес. Сiздiң өзiңiз әлгi жұртты шуылдатып жүрген диссиденттердiң сөзiн айтып отырсыз. Ал кiшкентай Жомартқа мұндай пьесаларды оқу әлi тым ерте екенiн ойлаңыз. Мен Жарқынайыма оқытпас едiм. Жасынан бұрын оқыған қиын кiтап жанына ауыр тиер.

– Жә, жалықса, миы қатса өзi-ақ оқымай қояды ғой, – деп жұмсақ жымиды жәкем сабырлы, алаңсыз күйде. – Балам-ау, «Қуыс үйден құр шықпа» деген, бiзге берер қандай тамағың бар? Бiзге бiрдеңе бересiң бе, жоқ, ұйқтағанымызды қанағат деп, аш жатамыз ба?

– Әлгiнде сiздер орталықтан үйге қарай бұрылып, жолдағы құмөзектен өткендерiңiздi байқаған соң, шәй қойғанмын, – дедiм жұлып алғандай. Қолғанат болып, әжетке жарағаныма iштей марқайып, мақтаныш кеудемдi кернесiн. Бойыма жеп-жеңiл, мысқалдай салмағы жоқ үлбiрек қанат бiткен секiлдендi. Оған таңданатын несi бар, өзiм тұрғылас балаларға ересектердiң күнде iсi түсе бермейдi ғой. – Қазiр қорадағы жүйектен картоп қазып әкеп, қайнаған суға пiсiрейiн. Сосын тұз сеуiп жесе тәп-тәттi болады.

– Ха-ха… “Картошка в мундире”. – Шахмар аға әлденеге көңiлденiп, iшек-сiлесi қата күлген екi иығы селкiлдей. – Әй, Жомарт, орыстардың сүйiктi асын пiсiрудi қайдан үйренiп жүрсiң? Қорада картошка өскен неткен жүйек ол. Жұмбақты көбейттiң ғой сен.

– Бiлмеймiн, аға. Бiз осында келсек, өзi жайқалып тұр екен. Оны пiсiрудiң де түк қиындығы жоқ көрiнедi. Кез-келген тамақ ыстық суға пiседi емес пе?!

– Бұның рас, барлық адал ас атаулы суға қайнап пiседi, – дедi жәкем маған мейiрлене қарап. Жұмсақ даусы жүрегiме майдай жағады. – Айтқандай, анаң бағана құрт-май, iрiмшiк, қауынқақ салып жатқан ана дорбаға. Пiскен ет те болуы керек. Ал картопты көктемде анаң екеумiз еккенбiз. Қаптың түбiнде қыстан қалған майда картошканы далаға тастауға қимадық… Құданың құдiретi, шөлден қурап қалмай, сендердiң несiбелерiңе өсiп шыққан екен ғой.

Менiң түсiне алмайтыным, ересектердiң тамақ iшкенi де бiртүрлi осы. Әшейiнде кiшкентай балаларға “дастархан басында балпылдап сөйлей бермейдi, ауқат iшкенде үндемеу керек”, дейдi де, ал өздерi бас қосса бiттi, ауыздары жабылмастан таусылмайтын әңгiме тиегiн ағытады кеп. Әй, ересектердiң үйреншiктi әдiлетсiз әрекеттерi ғой, екi түрлi ереже жасап алады өздерiне ыңғайлы етiп. Осы жолы да жәкем мен Шахмар аға мен түсiнуге қиын, миым жетпейтiн бiрдемелердi талқыға салсын. Тiптi, бiр-бiрiнiң сөзiне қонақ бермей, қолдарын сiлтеп қойып, қызу әрi қызараңдай салғыласты.

– Бәке, бәрiбiр мұныңыз бекер-ақ, – дедi Шахмар аға сiңiрлi, жуан қолдарымен титiмдей картошканың жұқа қабығын ебедейсiз арши отырып. Сосын тәлеңкедегi қаратiкен тұзды аямай сеуiп, қаршылдатып шайнады құшырланып. – Адам баласы өз айтқанын ғана жөн санап, ал басқалардың пiкiрiне мүлдем құлақ қоймайтын болса, бұл – нағыз тоңмойындық! Өренiң тарлығы емей немене?!

– Мен де ылғи соны қақсап айтып жүр емеспiн бе? – деп жәкем ащы кекесiнмен жымиды бiр езулеп. – Өзiм ғана бiлемiн, менiң ұстанымдарым ғана талассыз тура деп кеуделеп жүрген ол ғой.

– Бұлтармаңыз, Бәке. Әрине, бүгiнгi жиналыста сiзге жазықсыз шүйлiккенi дұрыс болмады, бiрақ, күштiнiң арты диiрмен тартатынын да ескерген жөн. Осыны мойындаңыз. Оның үстiне, қанша айтқанмен, Әбекең осы совхоздың жақсылы-жаманды директоры, айтқаны болып, айдағаны жүрiп тұрған кiсi. Онымен ұстасып, әлiмұлыққа жетпейсiз деймiн.

– Қателесесiң, Шахмар, менiң ұстанымдарым тоңмойындық емес, туралық! Азаматта айнымайтын принцип болуы керек. Бәрiмiз күштiге жалтақтап, лауазымдыға ғана тәу етсек, әдiлдiктен бас тартсақ, адамның өмiрiнде, тiршiлiкте қандай мән-мағына қалмақшы?! – Жәкем толқудан сәл ғана дiрiлдеген қолындағы пиаласын дастарханға қоя салып, Шахмардың жүзiнен көз алмай, айрықша тесiлiп қарасын. Ағы мол үлкендеу қара көздерi жайнап тұр. – Осындағылардың бәрiн айдағанға көне беретiн қой аузынан шөп алмайтындар, бас көтермейтiн ез санап, жәреуке жандайшаптықтарына әбден етi өлiп алған. Жан баласы қарсы келмегенге дандайсып, мейманасы тасып жүр. Ал шексiз, мәңгiлiк олай жалғаса беруi мүмкiн емес.

– Ендi… отыз жылдай осы елдi басқарып, еңбегi сiңгенi рас қой. Сосын сөйтедi де… Бiрақ, өзiм дегенге етiн кесiп беретiн нағыз ер екенiн де жоққа шығара алмайсыз.

– Хм… “Өзiм дегенге етiн кесiп бередi” дешi… Ал өзiм демегенге ше? Адамдарды сонша алалайтындай ол жаратушы ма, жарылқаушы ма?! – Темекiсiн iздеген жәкем кенет жан-жағын асығыс-үсiгiс қармалап, қалталарын ақтарып, қолына үйреншiктi “Беломорканалы” iлiккенде ғана үзiлiп қалған сөзiн қайта сабақтады. – Осы совхозда сен екеумiз бiлмейтiн еш құпия жоқ. Ал, бiз бiлгендi басқалар да өте жақсы пайымдайды. Дұрыс па, Шахмар? Сен сөзiн сөйлеп отырған директор жаңа трактордың кiлтiн беру үшiн баспақ, жаңа машинаға жылқы сұрайтыны бәрiмiзге мәлiм. Көмекейi кең, парақұмарлығы шектен асты. Қит етсе, қарсы келгендердi “совхоздан қуамын” деп қорқытып-үркiтедi. Ол ол ма, әйелi де осы елге билiк құрам деп әлек.

– Қойыңызшы, Бәке, ол кiсi ғана емес, әлгi параны ауданда да, облыста да, тiптi, астанаңыз Алматының өзiнде де көсiп тұрып алады. Қазiр қоғам, мемлекеттiң өзi бастан-аяқ iрiп-шiрiген. Ағынға қарсы жүзе алмайсыз! Пара бермесең, алмасаң шаруа шешiлмейдi, адымың ашылмайды.

– Жарайды, оныңа да келiсейiн. Дей тұрғанмен, сонда таза, адал боп өмiр сүруге болмай ма? Кейiнгi өсiп келе жатқан жастарға, мына кiшкентай балаларға қандай үлгi, жақсы тәрбие қалдырмақпыз бүйте берсек. Параға өзiмiз, ел-жұрт болып жабылып үйреттiк дейiкшi. Бiрақ, ол шектен тыс тойымсыз, опыра жемесе көңiлi көншiмейтiн обырға айналып барады ғой. Сонда алға басқан iсiмiз қайсы? Ауданға жол жоқ, қалаға күнiне бiр қатынайтын автобустың жайы анау! Көктемгi қара суықта, күздiң қарлы жаңбырында Асаның жағасындағы сорға батып, ылғи айдалада қалады. Балалы-шағалы жолаушылар ауыр жүгiн иығына артып, ызғып жүргенi сосын.

– Бiлмеймiн… аз шыдау керек шығар. – Шахмар бүкпесiз, бұлталақсыз айтылған ащы шындыққа қарсы қандай уәж айтарын бiлмей, нанның түйiршiгiн саусағымен домалақтай, төмен қарап бiраз отырды. – Жол салу оңай, бiр күндiк шаруа емес қой. Республика, берiсi облыстың көмегi болмаса, бұл совхозға жолдың ауылы алыс-ау.

– Мiне, соны талап ету керек. Ал директор соны сұрап отыр ма?! Әнеукүнi жалпы жиналыста айтқанын жақсы бiлесiң. “Тас жол салсақ, берiсi мынау аудан, облыстан, әрiсi Алматыдан шақыртылмаған қонақтар, комиссия қара қытайдай қаптайды. Әртiс дейсiң бе, ақын-жазушылар деймiсiң, жын-шайтан қуғандардың бәрi осында ағылады топырласып, әрқайсысына мал сойып күтiп, иiлiп жастық, жайылып төсек болып, белiмiз бүкiрге айналады”, – дедi емес пе бәрiмiздiң көзiмiздi бақырайтып қойып.

– Ендi… онысы шындық қой, – деп тағы да күлдi Шахмар. – Қызу науқан кезiнде қонақтар ығырды шығаратыны өтiрiк емес.

– Ол қонақтан емес, комиссиядан қашады. Олар жиi келетiн болса, өзi сауын етiп отырған елдi бұрынғыдай сора алмайтынын есептеп, шоттап қойған. Әйтпесе… өзiң айтқан отыз жылда бiр жолды күрек-кетпенмен-ақ салуға болар едi.

– О-ой, Бәке-ай, қайран жездекем-ай, Әбекеңмен жиырма жылдан астам бiрге қызметтес болдыңыз. Бiр-бiрiңiздiң сырларыңызды менен әрмен жақсы бiлесiздер. Оған таласым жоқ. Бiрақ, мына айтып отырғандарыңыз кекшiлдiктiң, кешiрмейтiннiң кертартпа сөзi сияқты. Ал орынсыз кектен өшпендiлiк басталады, өзгенiң дұрысы мен жақсысын пайымдауға, орынды бағалауға мүмкiндiк бермейдi. Сiз айтқанның бәрiне қарамай, талай адам ол кiсiмен тiл табысып, қоян-қолтық iстес боп жүр.

– Жоға-а, бұл өшпендiлiк емес, – деп кенет бiр пәсте күреңiтiп кеттi жәкем. Шеке тамырлары көгiстене шодырайып, лықсыған iшкi ыза, әлдеқандай ашудан бет-әлпетiнiң бiртiндеп қызара бастағанын көз алмай, үнсiз бақылаймын. Ол түтiгiп, көк түтiндi танаудан бұрқ-бұрқ еткiзедi. – Ештеңенi көрмеген-бiлмеген секiлденуге, түйеқұс сияқты басыңды құмға тығып, шындықтан қашуға болмайды. Бәрiбiр өмiрдiң сансыз сұрақтарынан құтыла алмайсың. Бiле бiлсең, мен балаларымды, мына Жомартымды әдiлдiкке, тазалыққа, адамдыққа тәрбиелегiм келедi. Мақұл, бiз жалғандық, екiжүздiлiк, жағымпаздықтың боғына белшемiзден былғандық, ендi осылар iзгiлiк, жақсылық, әдiлдiктiң құлы болса деймiн. Жалтақтамай, құл болмай өмiр сүрсе!.. Ал күнiм үшiн принциптерiмнен тайқысам, хамелеон сияқты күнiне мың құбылсам адамдығым, әкелiк қасиеттерiм қайда қалады?! Соны ойладың ба? Оның үстiне, қисынды кектен өшпендiлiк емес, өжеттiк пен табандылық туындайды. Табандылық қайсарлықпен туыстас. Әттең, бiздiң қазаққа сол табандылық, әдiлдiк үшiн белiн шарт буатын қайсарлық жетпей жатады-ау.

– Қайран Бәке-ай, өз айтқаныңыз болмаса, басқаға мойын бұрмайтын әдетiңiз жаман, – дедi Шахмар аға әрi күйзеле, әрi iштей наразы күйде басын шайқап. – Ылғи тартысып, керiлдесiп қала бергендерiңiзбен, Әбекең сiздi сырттай шын құрметтейдi ғой. Тiптi, iштей жақсы көретiн, алғаусыз сыйлайтын да сияқты. Бiрақ, басшы адам кiшiрейе, үлкен басын ие алмайды емес пе?! Татуласудың алғашқы қадамын сiз жасауыңыз керек шығар. Одан тағыңыздан тайып қалмассыз. Осы ретте тiлiмдi алыңыз, бiр малдың мұрнын қанатып, совхоздың игi жақсыларымен бiрге үйiңiзге қонаққа шақырыңызшы.

– Хе-хе… Iнiлiк кеңесiңе, жанымды түсiнуге тырысқаныңа рахмет, Шахмар. – Жәкем көзiнен қуақы ұшқындар шашырай, күлiп жiберген. Риза кейiппен басын шұлғып, кеш бойы алғаш рет жүзiнен әдемi, нұрлы шуақ төгiлсiн. – Оның кiсiлiгiне мен кiшiрейе алмаспын. Менi күйдiретiнi, директордың өзi емес, ана кербез әйелiнiң ел iсiне мұрын сұғатыны, сызылып отырып пара алатыны ғой. Әбекең оны бiлмей отырған жоқ, әбден жақсы бiлiп-сезiп отыр. Сонда әйелiнiң де аяғына бас ұр, жеңiлгенiңдi мойында дегенiң ғой.

– Тү-у, орыстар “Муж и жена – одна сатана” дейдi емес пе?! Солай-ақ болсын. Қораңыздан қимасаңыз, ферманың бiлдей мал дәрiгерiмiн ғой, сол бiр қойды мен-ақ есептен шығарып берейiн. Құдай қаласа, алдағы 7-қарашада, мерекенiң кезiнде осы шаруаны жайғайықшы. Ферманың өзiмiз сияқты басшыларын шақырыңыз, бәрiмiз ебiн тауып сiздердi жарастырайық.

– Пәлi, iсiм ақиқат, сөзiм шындық бола тұрып, орта жолдан жалт берiп тайқысам, ең әуелi сен менi сыйламайтын едiң. Ол ол ма, бiрiншi өзiмдi өзiм құрметтеуден қалар едiм. Онда мына бейопа жалғанда өмiр сүргенiмiзге несiне мәз болмақпыз, а!? Құр от оттап, су iшкенiмiзге ғана шүкiрлiк айтпасақ…

– Оу, Бәке-ай, орынды уәжге тоқтап, жүйелi сөзге жүгiнген аузы дуалы бұрынғы аталарымыз:

“Арғымақты жамандап,

Буданды қайдан табарсың.

Ағайынды жамандап,

Туғанды қайдан табарсың”, – деген емес пе?! Исi қазақ ағайынбыз, қандаспыз. Оның үстiне бiр совхозда өмiр сүрген соң, бiр атаның балаларындай боп кеттiк. Үйге қонаққа шақырғаныңыз үшiн сiздi ешкiм де айыптай алмайды. Мейрамның құрметi… адамдар бiр-бiрiне қонаққа баратын, барын шашатын күн.

– Айтқан сылтауың қисынды, себебiң қолмен қойғандай-ау, – деп тағы да жымиды жәкем жүзi мияттанып. Бүгiн айрықша күлегеш боп алған iспеттi. Әйтеуiр бiр кеште осынша көңiлденгенiн бұрын-соңды көрген жоқ едiм. Әлде iшкi ашуын аңғартпаудың амалы ма екен. – Ешкiм менi жазғыра қоймайтыны да рас шығар, бiрақ адамға өзiнен асқан төрешi, ар-ұятынан бөлек әдiл қазы жоқ. Табансыздығым, жалтақтығымды өзiме ешуақытта кешпес ем.

– Әбекеңнiң де, өзгелердiң де бұған ештеңесi кетпейдi, Бәке. Жасыңыз жер ортасы – Көктөбеге таяп қалды. Айтыс-тартыспен жылдар өте бередi, ал балаларыңыз болса өсiп келедi. Бұлардың да болашағын ойламаса болмайды.

– Директордың сыртымнан: “Тезек тергiзiп, ашық күнiн қараңғы түн етiп, аштан қаңғытып жiберемiн”, дегенiн естiген боп шықтың-ау, – деп жәкем кекесiнмен күлiп жiбердi де, кiдiрместен сөзiн жалғай жөнеледi. – Ежелгi қоқан-лоққысы, үйренген құқайым ғой, ызғарыммен ықтырып, ырқыма бағындырсам дейдi. Әлi есiмде, қызметке алғаш араласа бастаған сарыауыз жас күнiмде Сталин қайтыс болды. Кеңседегi төргi бөлмеде суретi үнемi iлулi тұратын. Қанша жыл солай тұрғанын кiм санапты, әйтеуiр сол суретi көсем қайтыс болған күнi жiбi өз-өзiнен үзiлiп, еденге құлап түссiн. Бөлмеге кiрсем, бетiндегi қалың шынысы еденде шылпара шашылып жатыр екен. Ал еңiреп жылайын… өзiмдi тоқтата алмай, ағыл-тегiл жылағаным-шы. Сенсең, неге үйткенiмдi қазiргi күнге шейiн түсiндiрiп бере алмаймын.

– Ендi… онда жалғыз сiз емес, бүкiл ел болып жылап-еңiредi ғой. Қасиеттi кiсi шығар…

– Мүмкiн. Бәлкiм, ойсыз жастықтың әсерi болар, мүмкiн санамыздың әбден уланып: “Ұлы көсем қайтыс болса, айдың өшiп, күннiң батқаны, өмiрдiң аяқталғаны”, деп, көзсiз сенгенiмiздiң ықпалы шығар. Бақсам, бұл өмiрде ештеңе де мәңгi емес екен. Сондықтан, ендi Әбiкен сөйтiп күшенiптi деп көзiме жас ала қоймаспын.

– Тү-у, Бәке, берi жығыл десе, керi жығылатын ерегiспе әдетiңiз-ай. Осы мiнезiңiзбен бастықтарға жақпайсыз да. Әйтпесе, сiздiң бiлiмiңiз…

– Жә, түннiң талай уағы болыпты, осы әңгiменi доғарғанымыз дұрыс шығар. Баламның көзi кiртиiп қапты, өзiмiз де демалайық, – деп жәкем мажығып терең күрсiндi де:

– Жомарт, үйде көрпе-төсек жетерлiк едi ғой. Шахмар ағаңа төргi үйге төсек салып бер, – дедi орнынан түрегелiп. – Айтпақшы, үйде мылтық атқандарыңды ешкiмге тiсiңнен шығарушы болма. Сөз боп жүрер.

Ұйқым сергiп, бойым қунақ тартсын. Шахмар ағаға төсектi қалыңдап салдым шамам жеткенше. Өйткенi, сүмбiледе су суып қана қоймайды, үйдiң iшi де салқындап, дымқыл тартып кетедi емес пе?! Оның үстiне, ол кiсi Жарқынайдың әкесi ғой. Жанындай жақсы көретiн сүйiктi папасы…

Таңертең ол кiсiлер ауылға қайтқан соң, көңiлiм бұрынғыдан бетер құлазып сала берсiн. Еңсем түсiп, жаныма ауыр сызат, кеудеме түйнек боп қатқан нала аямай езiп барады. Мынау совхозда түк қызық қалған жоқ, әттең, өзiме салса бiр күн артық тұрмас ем. Мұғалiмдер де жалған сөйлейдi екен ғой: “Кiтап адамды жалықтырмайды. Оқыған адамды үйiрiп, сиқырлы әлемге сүйреп әкетедi”, – деушi едi бәрi бiр-бiрiнiң аузына түкiргендей. Жоқ, туған үйiн шын сағынған адамға ештеңе де алданыш, арзан жұбаныш бола алмайтын көрiнедi. Бәрi де бекер, ең әуелi кiтаптар жүректi мұңға кiлкiтiп, сағынышты одан әрмен үстемелей түседi. Төрт қабырғаға сыймай аласұрып, әлденеге бала жүрегiм лүпiлдеп, дем бiр жетiп, бiр жетпей сыздағанда көзiме ерiксiзден ыстық жас үйiрiледi. Есiкке жалтақ-жалтақ қараймын. Ал күндiз ауылға баратын күре жол жаққа жанарымды мұң шалып үңiлемiн. Күтудiң, сарғая тосудың зiлмауыр салмағы, сананы сансыратқан азабы-ай! Қазiр сүйiктi анашым, күлегеш iнiлерiм есiктен арсалаңдап кiрiп кеп, құшақтай алатын сияқты. Бәлкiм, Ғалым кiрiп келер есiктен Қоңырқазын құшақтап. Тым болмаса, ауылдың таныс адамдарының бiрiн көрсемшi… О-о, туған бауырларың ғана емес, бiр ауылдың таныс кiсiлерi де қымбат болады екен-ау үйдi сағынғанда…

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары