ДАЛАДАН ҚАЛАҒА КЕЛГЕНДЕР

ДАЛАДАН ҚАЛАҒА КЕЛГЕНДЕР

ДАЛАДАН ҚАЛАҒА КЕЛГЕНДЕР
ашық дереккөзі
832

Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр… Ақ пима ән салады.

Ақ пиманың иесi ашулы ақпанның ақшұнақ аязына шыдай алмай, арлы-берлi жүгiредi. Қолында ет салған сөмкесi бар. Азанда ауылдан автобуспен келген едi. Содан берi базар жағалап жүрiп ет сатқан. Ендiгi қалғаны — өкпе-бауыр, жүрек қана. Оны iшке кiргiзбейдi. Өйткенi ет сатылатын жердегi орындар бос емес. Әрқайсысының өз иелерi бар. Олар мұны, ақ пиманың иесiн көргенде итше талап жеп қоя жаздайды. “Аулақ жүр, аулақ!” дейдi. Әйтпесе, қолыңдағы сөмкеңдi тартып алып: «Әкелген етiңмен қоса өзiңдi де көшеге лақтырып тастаймыз» деп айбат шегедi. Шiркiн-ай, сондай бiр жылы-ы жерде мұның да өз орны болар ма едi. Ақ халатты киiп алып, тұрар едi-ау асықпай…

Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр… Ақ пима ән салады.

Ақ пиманың иесi – ақ құбаша қыздың аяз қақтаған өңi бозарып, жәудiреген қара көздерiне үйiрiлген мұң қоюлана түскен. Бiрақ ол мұнда жалғыз емес. Көшенiң арғы бетiнде де кiрқожалақ сөмкелерiн көтерiп, ары-берi шапқылап жүрген екi-үш әйел бар. Олар өткен-кеткен жүргiншiлермен кәдiмгiдей-ақ саудаласады. Күс-күс қолдарымен қып-қызыл еттi сығымдап алып сөмкелерiнен шығарып көрсетедi, ауыздары жыбырлап жылдам-жылдам сөйлейдi. Егер алушы кiсi басын шайқап ұнатпаса, олар да бетiн тыржитып, жаман көздерiмен атып қарайды. Бiрақ осы бiр сиықсыз әйелдер ғана мынау тасқын судай ағылған нөпiрдiң iшiнен ақ пиманың иесiн танып, бас изеп амандасып тұрады. Алғаш көргенде анау бiр домаланған қап-қара әйел жүгiрiп келiп: “Сен көшенiң осы бетiнде тұра бер, бiз арғы бетiнде тұра беремiз. Милиса көрсең, бiзге белгi бер, бiз де саған белгi беремiз. Құдай өзi сақтасын, олардан аяушылық күтпе!..” деп кетiп едi.

Сықыр-сықыр, сықыр… Ақ пима ән салады.

Ақ пиманың иесi – аққұба қыз бiр орнында тағат тауып тұра алмай, безек қағып ары-берi жүгiредi. Сөмкесiндегi қалған еттi ешкiм керек қыла қоймаған соң, ол да мынау сұп-суық дүниеге өзiн керексiз жандай сезiнедi. Бiрақ, не болса соған алданғыш аңғал көңiлдегi тiрмiзiк үмiт сәт сайын бiр жұмбақ жақсылық күтiп, қу тiршiлiктен күдерiн үзгiсi келмейдi. Алғашқы ет алушылар келiп-кеткенде, оның көңiлiн бiразға дейiн “бiлместiкпен арзан сатып қайдым-ау” деген ой мазалап едi. Соның әсерiнен бе, кейiнгi бiр сұраған келiншекке бағасын сәл қымбаттау айтып жiбердi. Ол бiраз ойланып тұрып, ақыры алмай кеттi. Өкiнiштi-ақ. Өте мәдениеттi, сыпайы келiншек екен, саудаласқан жоқ. Егер саудаласқанда ғой, бағасын әрине, түсiретiн едi. Бәрiбiр сол айтқанынан төмен бағаға берiп жiбердi.

Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр… Ақ пима ән салады.

Ашулы ақпанның ақшұнаяқ аязына шыдай алмай дiрдек қаққан ақ пиманың иесi арлы-берлi өтiп жатқан кiсiлерге ақырын ғана дауыстап:

– Өкпе-бауыр, жүрек алыңыздар! –дейдi.

Олар алмайды. Қасынан үн-түнсiз өте шығады. Өкпе-бауыр, жүректiң қадiрiн бiлмейдi. Бiлсе, алар едi. Өйткенi бұл кеше ғана сойылған малдың жылы-жұмсағы ғой.

– Кәне, өкпе-бауырыңды көрсетшi? – дедi кенет бiр дауыс оны жалт қаратып. Құнттай болып киiнiп, қасы-көзiн бояп алған қаланың ысқаяқ кемпiрi екен.

— Мiнеки, апа, — деп ақ пиманың иесi апалақтап сөмкесiн ашты. Таңертеңгiлiк қана жып-жылы күйiнде салынған өкпе-бауыр қазiр тастай боп қатып қалған. Торс-торс етедi. –Алыңыз, апа, алыңыз!

— Шырағым-ау, тегiн бермейтiн шығарсың. Бағасы қанша?

— Се-сексен теңге! Жарайды, жетпiс теңгеге-ақ ала қойыңыз.

Кемпiр иегiн созып сөмкенiң iшiне үңiле қарады да, ернiн жымқырып басын шайқады.

— Жүректi алмаймын, — дедi. – Берсең өкпе-бауырыңды отыз теңгеге аламын.

Күн кешкiрiп барады. Бұл ең соңғы сатып алушы болар деген ой келдi оған. Бұдан ары қарай базарда қалғысы жоқ.

— Алыңыз, — дедi оп-оңай келiсiп. –Алыңыз, апа…

Сөйттi де, жұқалтаң сөмкесiнен қатып-семiп қалған өкпе-бауырды алып, кемпiрдiң қолындағы полиэтилен қалтаға өзi салып бердi.

— Ас болсын, — дедi үйреншiктi әдетiмен.

— Оны көрермiз,— дедi қу кемпiр.

Ол аяғын қалт-құлт басып ұзай бергенде көшенiң арғы бетiндегi домалақ қара келiншек алқынып жүгiрiп келе жатты.

— Әй, қыз, не саттың-ей?

— Өкпе-бауыр қалып едi, соны…

— Қаншаға бердiң, қаншаға бердiң? –дедi көзi жайнаған қара келiншек дегбiрсiзденiп.

— Отыз теңгеге.

— Үйбай-ау, сутегiнге бере салыпсың ғой!

— Ендi қайтейiн, ауылға… – ақ пиманың иесi сөзiн аяқтап үлгерген жоқ, жан-жағына жалтақтап қараған қара келiншектiң көзi бағжаң ете қалды да:

— Ойбай, милиса келе жатыр! Аблава! Қаш-ш!.. –деп томпаңдай жөнелдi.

Көшенiң арғы бетiнен бiр әйелдiң шыңғырған даусы естiлдi. Ет сатып жүрген жуан қара қатынға бiр-екi милиционер тап берiп, қолын артына қайырып жатыр екен. Оны көргенде ақ пиманың иесiнiң зәре-құты ұшып, екi аяғы өзiнен-өзi зымырап ала жөнелдi. Бiраз жер ұзай бергенде, қарсы алдынан екi милиционер шыға келдi. Қорыққанынан демi бiтiп қалған ол оң жақ бүйiрдегi кiшкентай қуыс көшеге қарай жалт бұрылды. Содан өкпесi өшiп, әбден шаршап құлағанша жүгiре бердi, жүгiре бердi…

Артынан қуып қалмай қойған милиционер бiрте-бiрте жақындай түсiп, ырс-ырс еткен демi дәл желке тұсына тақап келедi. Әне, қолын созды, саусағының ұшы мұның пальтосының жағасына iлiндi. Ой! Ақ пиманың иесi де, алқынып жете берген милиционер де тайып кетiп, ұшып түстi.

— Жiбер! –деп тiстендi ақ пиманың иесi бұлқынып. –Жi-бе-е-ер!

Үстiнен баса құлаған милиционердiң жағасына жармаса берген қолын қыршып тiстеп алды.

— А-ах, сука! –дедi ол балағаттап.

– Өлтiрем!

Кенет екеуiнiң қанталаған көздерi арбасып қалды.

— Жанат! –дедi милиционердiң көзi шарасынан шыға жаздап.

— Манат!.. –деп күбiрледi ақ пиманың иесi аң-таң болып.

— Сен бе?

— Мен…

Ұяттан ба, әлде намыстан ба, екi бетi ду етiп қызарып, ып-ыстық жас iркiлдi көзiне.

— Ха, кластас! –деп ыржиып күлдi милиционер жiгiт оған қарап. –А-анау жатқан немене?

Жаңа бұлар ұмар-жұмар құлаған кезде сөмкенiң iшiнен ұшып түскен малдың жүрегi аппақ қардың үстiнде күреңiтiп жатыр едi.

— Жүрек қой, — дедi ақ пиманың иесi сыбырлап қана.

— Жүрек… – деп қайталаған милиционер жерден құлақшынын алып жатып: Сен қазiр жүрегiңдi ал да, алды-артыңа қарамай қаша бер,– дедi, — мен соңыңнан қуған болайын. Бол, тез!

Ақ пиманың иесi оның үнiнен құпия бiр қамқорлықтың лебiн сезгендей орнынан апалақтап тұрып, тағы да жүгiре жөнелдi. Кенеттен төнген қауiптiң күтпеген жерден сейiлуi көңiлiне қанат бiтiрдi ме, ол өзiн қауырсындай жеп-жеңiл сезiнiп, алға қарай құстай ұшты. Бiраз жүгiрген соң қаланың Көктөбеге тiрелетiн жағындағы қайдағы бiр иiр-шиыр көшелердiң бiрiне кiрiп кетiп, ертеректе салынған аласа, жатаған үйлердiң ортасында iркiлiп қалды.

— Уһ! –дедi оның артынан жүгiрiп келген милиционер Манат ентiге тоқтап. – Сен… сен маған шынымен-ақ жеткiзбейдi екенсiң.

— Ә-ә, солай ма?! –деп күлдi ақ пиманың иесi, бүгiндiкке алғаш рет көңiлденiп. –Жан сақтау деген оңай емес!

— Жүр, кеттiк! –дедi милиционер Манат алға түсiп.

Өзi бiлетiн жолмен менi шығарып салатын болар деген оймен ақ пиманың иесi оның айтқанына үнсiз көнiп, ақсiреу боп жатқан қарды сықырлата басып соңынан ердi.

Олар әуелi темiр қақпалы үйлердiң арасындағы тар көшемен алға қарай бiраз жүрдi де, Көктөбенiң етегiне жете бере оңға бұрылып, жалғыз аяқ жолмен жоғары өрледi. Ыс басқан қаланың көк түтiнi ылдида қалып, таза ауада тыныстары ашыла бастағандай көрiндi. Бұлар биiкке өрлеген сайын жол жиегiндегi үйлердiң шатырлары төменде, қол созымдай ғана жерде қалып барады. Табан астындағы тар соқпақтың кей тұстары тiптi тайғақ, абайсызда сырғанап кетсең зулап барып сол үйлердiң бiреуiнiң ауласынан бiр-ақ шығасың.

— Бiз қайда бара жатырмыз осы? –деп сұрады бас айналар биiкке жеткенде ақ пиманың иесi алға қарай жүре беруге жүрегi дауаламай.

— Жай… мына жердегi бiр үйге, –деп мiңгiрледi милиционер Манат алдыңғы жақты иегiмен нұсқап.

— Ол кiмнiң үйi?! Онда не бар бiзге?..

— Ендi былай, жылынып, жан шақырып алмаймыз ба?!

— Ә-ә… Жо-жоқ, менiң ауылға қайтуым керек.

— Мұнда менiң бiр апайым тұрады. Сәл шыда, келiп те қалдық. Шай iшiп, жылынайық. Автобусқа өзiм шығарып саламын.

— Бармай-ақ қояйықшы, –деп қиылды ақ пиманың иесi кiбiртiктеп. –Ұяламын…

— Бес-ақ минутқа,— дедi милиционер Манат оның қолынан тартып. –Қатты тоңып кеттiм. Ищ-щай!..

Алға қарай жүрген сайын ақ пиманың иесi аяғын қорғана басып, ауыл қыздарына тән мiнезбен қымсынып, бейтаныс үйдiң иесiнен iштей ұялып келе жатты. Олар екi шетiнде таянышы бар солқылдақ ағаш баспалдақтармен жоғары көтерiлiп, жасыл қақпалы шарбақтың жанына жетiп тоқтады. Биiкке шыққандыкi ме, екеуi де алқынып, ауыздарынан жылы бу бұрқырап, ентiге дем алады. Бұл кезде күн ұясына батуға таяп қалған. Көктөбенiң баурайындағы жатаған үйлердiң арасы ықтасын сияқты көрiнгенiмен, кешкi аяз бәрiбiр бүрiстiрiп тұр.

Манат жасыл қақпаны жұдырығымен дүрсiлдете қағып, iштен жауап күттi. Бiраздан соң ақсiреу қарды сықырлата басып осылай қарай жүрген адам аяғының дыбысы естiлдi. Ақ бөкебай орамалын иығына желбегей жамыла салып, желең шыққан орта жастар шамасындағы әйел темiр есiктiң құлпын салдырлатып ашты да, бiр ауыз үн қатпастан қайтадан жүгiре басып үйге кiрiп кеттi.

— Бұл кiсi кiм? –дедi Жанаттың көзiнде үрей пайда болып.

— Ә-ә, өзiмiздiң Зухра апай ғой! –дедi қақпадан iшке қарай енiп бара жатқан Манат көңiлденiп. –Жүрсейшi, неғып тұрсың?

— Қойшы, ұяламын…

— Қызықсың ғой, Жанат. Кiмнен ұяласың? Бұл апайдың бiзбен iсi де болмайды…

Олар тұздалған капуста мен қияр иiсi мүңкiген қапырық үйге кiрiп, сыртқы киiмдерiн шеше бастады. Ақ пима босағада қалды. Оның иесiне мынау үйдiң iшi ұнаған жоқ. Бұрышта тұрған кiрқожалақ шелектегi жуындының жағымсыз иiсi қолқаны қабады. Кереуеттiң үстiнде бей-берекет шашылып жатқан ескi-құсқы киiмдер Зухра апайдың тазалық пен сән-салтанатқа самарқау, салдыр-салақ екенiн меңзейдi.

— Сен осында отыра тұр. Мен қазiр апаймен бiрге шай қамдап жiберейiн, –дедi Манат ас үйге қарай шығып бара жатып. Ақ пиманың иесi оған: “Керегi жоқ, мен бәрiбiр мұнда көп отырмаймын, кетемiн” дегiсi келiп едi, бiрақ оның құлақ аса қоймасын сезiп, үндемедi. Бүгiн өзiнiң бiр қатерден құдай сақтап аман қалғанын, ол үшiн Манаттың алдында борыштар екенiн де ойлады. Егер ол болмаса, кiм бiлсiн, Жанат қазiр көзi бозарып қайда отырар едi?..

— Мiне, бiздiң бар байлығымыз осы, — деп Манат бiр табақ тұздалған қияр мен капуста алып келдi. Зухра апай ас үй жақта жүрген болуы керек, бұл бөлмеге әлi бас сұққан жоқ. Ендi не iстесем екен дегендей екi алақанын ысқылап, жұпыны дастарқанға қарап сәл ойланып қалған Манаттың есiне тағы бiр нәрсе түсiп, қайтадан шығып кеттi. Жылы үйге кiргендiкi болар, ақ пиманың иесiнiң күнi бойы аяз сорған бетi албырап ысып, алаулап қызарып бара жатқан тәрiздi. Ол орнынан тұрып, қабырғадағы шаң басқан айнаның алдына келдi де, қолымен шашын түзеп, үстi-басын ретке келтiрген болды. Көмескi айнадағы жүдеу қыз оның әрбiр қимылын қайталап: “Сен бұл үйге неге келдiң?» дейтiн секiлдi. “Бiлмеймiн.” Бұл да, ол да аң-таң.

“Ауылға қайтпайсың ба?”

“Қайтамын ғой.”

“Қашан?”

“Бiлмеймiн…”

Ол да, бұл да иығын қозғап қояды. Жырым-жырым кiрқожалақ кленка дастарқанның үстiне тырс етiп бiр қатты заттың қойылғаны сезiлдi. Жанат жалт қарап едi, үстел үстiнде мойны сорайған бiр бөтелке қызыл шарап пайда болыпты.

— Иә, ауыл қалай? – дедi Манат алақанын ысқылап.

— Бұрынғыдай…

— Кел, отыр. Баяғы мектептегi күндердi еске алайық.

Жанат әдеп сақтап, ағаш орындыққа тiзе бүктi. Сұр көйлегiнiң етегiн тартып, тағы да түзеткен болды. Манат қызыл шараптың қақпағын ашып, екi стақанға орталап құйды.

— Кездескенiмiз үшiн, кластас! –дедi. Сөйттi де өзi қағып салды. Жанат стақанның ернеуiне ернiн тигiздi де қойды. Тұздалған капустаны ашқарақтана, асап-асап жеген Манатқа қарап қосыла күлiмсiредi.

— Жо-жоқ, болмайды, –дедi кенет оның көзi Жанаттың алдындағы стақанға түсiп. — Мұндай кездесу үшiн жақсылап алып қою керек.

— Мен… iше алмаймын.

— Соншама жылдан соң… – деп ол стақанды қолына алып, орнынан тұрды да, Жанаттың қасына келiп иығынан ұстады, — Кездесiп отырғанымыз осы емес пе. Сол үшiн, кәне, алғашқы тосты алып жiбер!

— Жарайды, жарайды, — дедi Жанат иығына артылған ауыр қолдың салмағынан тезiрек құтылғысы келiп. Сосын стақандағы шарапты қалай тауысып қойғанын өзi де байқамады. Ашқарынға iшкендiкi ме, iшiне тура от түскендей болды.

— Мiнеки, маладес деген осы! –дедi Манат көңiлденiп.

Жанат мырс етiп күлiп жiбердi.

— Iшпеген адам “маладес” болмай ма екен сонда?

— Жоқ, — дедi Манат та жадырай күлiп. – Iшпеген адам маладес болмайды. Ондай кiсi не арам, не сараң болады!

— Қойшы тегi, мұндай сөздi қайдан үйренiп жүрсiң?

— Бiздiң старший лейтенанттың сүйiктi мақалы ғой.

— Сонда немене, iшпесеңдер болмай ма?

— Болмайды. Iшпейтiн адам жұртпен араласа алмай, жырақтап, шеттеп қалады.

— Қызық екен,— дедi Жанат.

Әлгi шараптың әсерiнен бе, көңiл хошы бiрте-бiрте көтерiлiп, жылына бастаған секiлдi.

Олар тағы да стақан түйiстiрдi. Бұл тостан соң Жанаттың екi бетi өртенiп бара жатқандай болды. Аздап басы айналды. Содан қысылғандай қарсы алдында отырған Манатқа жанарын мөлдiретiп бiр қарады да, өз-өзiнен күлiп жiбердi. Ал ол алдындағы ащы капустаны асап жатып:

— Қарным ашып қалыпты-ей, –дедi.

— Сен менен қысылма…

— Неге қысылам, кластас емеспiз бе?

— Мен мүмкiн, сөмкемде қалған еттен тездетiп бiрдеңе қамдап жiберермiн… а?

Ащы капустаның үстiне етбеттей түсуге шақ қалып отырған Манат басын көтерiп, оған ырза болған кейiпте ыржиып күлдi. Жанат орнынан лып етiп тұрып, есiк алдына қалдырып кеткен ақ дорбасын алып келдi.

— Тек жүрек қана қалыпты, — деп күлдi. — Өкпе-бауырды бағана тым арзанға бере салып ем. Мiне ендi, сен айтқандай, жалғыз — жүрек…

— Аһа! – дедi әлi де аузы ащы капустадан босамай қаужаңдап отырған Манат басын изеп.

— Қазiр тез қайнатып жiберейiн! Тек сен… Зухра апайға бiр ауыз айтсаң…

— Аһа, қазiр, — деп Манат аузындағы капустасын малжаңдаған күйi шығып кеттi.

Ас қамдап үйренген ауыл қыздарына тән әдетпен Жанат бәрiн де жылдам iстедi. Салқын дәлiзде тұрған газ пештi тұтатып, қазанды отқа қойды да, қоңырсық иiсi қолқаны қапқан жылы бөлмеге қайтып келдi. Үстелдiң үстiн жинастырған болды. Нан турады. Манат орнынан тұрып:

— Мен сыртқа шығып, темекi тартып келейiн, — дедi.

Жанат үнсiз басын изедi. Ол шығып кеткен соң, терезенiң алдына келiп, далаға көз салды. Қыстың қысқа күнi кiрпiгiн айқастырып, аппақ қар жамылған айнала-төңiректi қараңғылық тұмшалапты. Сырттағы дүние де тап қазiр мынау қапырық, күтiмсiз бөлме сияқты кiрқожалақ, лас секiлдi көрiнедi. Сақылдаған сары аяз терезелерге өрнек салып жатыр. Бел ортасынан қарға батқан жатаған үйлерге төне қарап тұрған Көктөбедегi тәкапбар телемұнараның қызыл-жасыл, сарғыш шамдары жаныпты. Осы мұнараның үстiнде керемет ресторан бар деп естiген. «Қазiр онда кiмдер отыр екен, ә?!»

Жанаттың көз алдына жарқыраған әсем залда жеңiл, ойнақы музыка тыңдап, әзiл-қалжыңы жараса күлiп отырған көңiлдi топ – әдемi киiнген сұлу келiншектер мен сымбатты, бай кiсiлер елестедi. “Шiркiн, соларда да арман бар ма екен?!” деген ой кеудесiн шарпып өттi.

Биiк те тәкаппар мұнара төмендегi жатаған үйлердiң тiршiлiгiн көзiне де iлгiсi келмей, түнгi оттары жымыңдаған ана-ау сұлу қалаға қарап телмiредi. Ол бiраздан соң мынау қапырық бөлмеден сыртқа шығып, манағы келген жалғыз аяқ соқпақпен аяғын тайғанақтай басып, бүрсең қағып керi қайтатынын ойлады. Соңғы автобусқа үлгере алса жақсы, үлгере алмаса, Манат, өзi айтқандай, таныс жiгiттерiне айтып, мәшинеге салып жiбередi ғой. Содан кейiн қырық минут, әрi кетсе бiр сағаттан соң үйдiң жанынан түсiп қалады. Бiр шетi құлап қалған ағаш қақпадан iшке енiп, сыртқы есiктi қағады… Үйден апасы шығады. “Байғұс-ау, не болды саған… Екi көзiмiз төрт боп, сенi күтiп отырмыз ғой. Осы уақытқа дейiн қайда жүрсiң? Аптауыздың алдынан әлденеше рет шықтым. Сен кешiккен сайын бiрдемеге ұрынып қалды ма деп, зәремiз ұшты ғой…” – дейдi…

— Уф, ищ-шай, — деп сырттан Манат кiрдi. –Күн қақап тұр ғой тегi. Тоңып кеттiм.

— Мен қазiр жүректi алып келейiн, — Жанат дәлiзге шықты. Газ пештiң әлсiз жылуын бұйым құрлы көрмеген сары аяз қуықтай дәлiздiң iшiн азынатып, терезе әйнектерiн сындырып жiберердей шытынап тұр.

Ол буын бұрқыратып, пiскен жүректi Манаптың алдына әкелiп қойды да:

— Ал, тойып ал, — дедi оған қарама-қарсы отырып жатып. Жанаттың үнiнен аналық ыстық қамқорлықтың лебi естi. Бұл сiрә, әрбiр әйел затының бойында бұғып жататын табиғи сезiм болса керек.

— Өзiң ше? — дедi жас еттiң иiсi тәбетiн ашып, суық сорған жүзiне қан жүгiрген Манат оған елжiрей қарап.

“Еркектердiң махаббаты асқазанында болады” деген рас-ау, деген ой келдi Жанатқа.

— Сен маған қарама, — дедi ол. –Тез-тез жеп, тойып ал. Содан соң менi шығарып саласың, ия ма?

— Иә, — дедi Манат ұмыта бастаған мiндетi қайта есiне түскендей басын шұлғып. – Кел, кластас, алып қояйық.

— Не үшiн?

— Сен айтшы.

— Өткен күндер үшiн деп алайық, —дедi Жанат стақандағы қызыл шараптың iшiнен артта қалған, ұмытыла бастаған жылдардың елесiн көрiп отырғандай үңiле қарап, ойланып қалып. –Балалық шақ, мектепте оқыған күндер жақсы екен ғой, иә?..

Манат басын изедi.

— Бiрақ ол кезде бiз ертерек есеюдi армандайтынбыз. Өз еркiмiз өзiмiзге тиiп, өз қалауымызша өмiр сүрсек деушi ек. Сөйтсек… — Жанат стақандағы қызыл шараптан көзiн айырмаған күйi мұңайып, астыңғы ернiн тiстедi. Iштей толқытқан бiр ой көмейiне келiп кептелiп, «сыртқа шықсам ба, әлде ешкiмдi мазаламай-ақ iште жата берсем бе?» дегендей, iркiлiп қалған секiлдi. Кенет ол басын көтерiп, жүзiн тiктеп қарап:

— Манат, кедей болған қандай жаман, — дедi.

Сөйттi де, iшiн күйдiрiп бара жатқан өрттi сөндiргiсi келгендей қан түстес қып-қызыл шарапты түбiне дейiн бiр-ақ сарқып iше салды.

Оған ендi судай аққан уақыт та, қалт-құлт етiп қайықтай жүзген тiршiлiк те тоқтап қалғандай көрiндi. Ауылға қарай алып-ұшып, асығып отырғанын да ұмытты. Қиналып, арып-ашып, ұзақ жол жүрiп келiп, ұлы теңiздiң жағасына жеткенде амалсыз iркiлген жолаушының күйiн кештi. Асықтың не, асықпадың не, бәрiбiр. Дәм жазып, ұлы теңiздегi Тағдыр кемесiне тап келсең ғана арғы бетке өтiп, арманыңа жетесiң. Әйтпесе, өз қолыңнан келер қайран жоқ…

Ет салған сөмкесiн көтерiп, ертелi-кеш сол кеменiң жолын тосқан қаршадай қыздың үмiтi ақталып, Тағдыр кемесiнен оған бiр орын табыла ма? Ол да беймәлiм… Екi көзi тас қараңғы соқыр боп, үйден өздiгiмен шыға алмай отырып қалған әжесi айтушы едi: “Үмiтiңдi үзбе, балам. Үмiтсiз — шайтан деген…” Сонда бұл… үмiтi үзiлген күнi шайтанға айналып кететiн болғаны да…

Түу, мынау бiр ащы түтiн қайдан келдi. Иiсiнiң жаманын-ай, кәпiрдiң! Ол алақанымен түтiндi қақпайлап, мұрнын тыржитты.

— Ой, кешiр, — дедi темекi тартып отырған Манат та бiр қолымен түтiндi қуған болып. – Мен қазiр…

Ол орнынан тұрып, темекiсiн тастап келмек боп сыртқа шығып кеттi. Аласа бөлменiң ауасы қапырық тартып, тынысы тарыла бастады. Ол терезенiң алдына барып, тағы да сыртқа көз салды.

Ақ пен қара арбасқан дүние… Аяз қатайып келедi. Ақ көрпесiн бүркенiп, тоңып жатқан Жер-ананың үстiнен қап-қара боп түтiккен Аспан-әкей төне түсiп, түсiнiксiз бiрдеңелердi айтып, түсiндiрмек болады…

Көктөбенiң үстiндегi телемұнара айналасындағы аласа үйлердi көзге iлмеген күйi төмендегi қалаға қарап телмiредi. “Шiркiн-ай, осы мұнараның биiк қабатындағы ресторанда отырған қыздар мен жiгiттер қандай бақытты едi. Соншама байлық пен бақыт оларға қайдан келедi екен десеңшi?..”

Ол қырау басқан кiшкентай терезенi жылы демiмен үрлеп, алақандай тесiк жасап алды да, тәкаппар мұнара жаққа тесiлiп ұзақ қарады. Қараңғы түнде күлiп тұрған мұнараның қызыл-жасыл әдемi шамдары он сегiзге биыл ғана толған бойжеткеннiң әсершiл көңiлiне тым-тым жақыннан қол бұлғап тұрған асыл армандай болып көрiндi. Ол терезеге жабыса түсiп, бiр жұтынып қалды. Көзiнiң алды бұлдырап, ып-ыстық жас iркiлдi.

Кенет…

О ғажап!

Өң бе, түс пе, қиял ма, шындық па – белгiсiз, мұнараның қызылды-жасылды шамдардарынан ұшқан бiр жарық сәуле оның жанарына iркiлген қос тамшы жаспен шағылысты да, ақ пен қара арбасқан сұп-суық дүние алтын сағымға оранып, толқи жөнелдi. Ол көзiн жұма қойды. Бiрақ сонда да алтын сағым тарқаған жоқ. Құйындай үйiрiлiп келiп, терезенiң алдында тұрған бойжеткендi биiкке көтерiп ұша жөнелген секiлдендi.

…Ол көзiн ашқанда жап-жарық, әдемi залдың iшiнде тұр едi. Жас шамасы алпыстан асқан жылы жүздi швейцар шал күлiмсiреп келiп, мұның иығындағы жеп-жеңiл, аса бағалы аң терiсiнен жасалған шубаны шешiп алды да, ақ шалған басын иiп құрмет көрсеттi. Жанаттың үстiнде өте қымбат матадан тiгiлген алқызыл жұқа көйлек бар екен. Саусақтарында бриллиант жүзiктер жарқырайды. Құлағындағы сырғалары да бриллиант. (“Мен мұның бәрiн қашан тағып үлгергенмiн?” деген ой қылаң берiп өтедi санасында. Әйтсе де сыр бiлдiргiсi келмейдi). Содан соң ол аяғын сәнмен басып, үлкен залға қарай жүрдi. Алматының барша зиялы қауымы осында жиналған сияқты. Шаштарын әр түрлi сәндi үлгiмен қидырған сұлу да сымбатты қыз-келiншектер мен жүздерiне күлкi үйiрiлген серi де сылқым жiгiттер топ-топ болып әңгiме-дүкен құрып, бiр-бiрiне әзiл-қалжың айтып, күлiп тұр. Жоғарыдағы хрусталь люстралардан төгiлген алтын сәуле әсем залдың iшiн таңғажайып нұрға бөлеп, өзгеше бiр жылы шуақ шашады.

Жанаттың үлкен залға кiргенiн көрiп, орта бойлы, сымбатты жiгiт берi қарай жүрдi. Шашы мойылдай қап-қара. Өңi аққұба. Қыр мұрынды, ат жақты келген, көркем жiгiт. Үстiне киген көгiлдiр костюмi, кiршiксiз аппақ көйлегi мен қызғыш галстугы сымбатты тұлғасына керемет жарасады екен. (Ер-азаматтың осындай көрiктi болғаны қандай жақсы…)

— Иә, қалайсың? –деп ол Жанаттың қолынан ұстап, саусақтарын ақырын ғана қысып қойды. — Бiраз күттiрдiң ғой. Бiздiң столымыз ана жақта. Әдейi оркестрден алыстау орынды таңдадым.

Олар иллюминаторға ұқсайтын дөңгелек терезенiң тұсындағы столға келiп отырды. Қалыңдықтың орамалындай жұп-жұқа торғын перделер екi жаққа ысырылып ашылған екен. Бары-жоғы белгiсiз мөп-мөлдiр әйнектiң ар жағынан асқақ Алатаудың ақ бас шыңдары сығалайды.

— Мен ауылдан келдiм, — дедi Жанат өзiнiң көп күттiрiп қойғанына кешiрiм өтiнгендей болып.

— Бiздiң бәрiмiз де бiр кезде ауылдан келгенбiз, — деп жымиды ол.

Бұл әзiлдiң астарын түсiне қойған Жанат басын шалқайтып, сыңғырлай күлдi. (“Мұндай әдетiм жоқ едi ғой,” деген ой жүзiп өттi санасында.)

— Бiрақ мұндағылардың бәрi де ауылды әлдеқашан ұмытып кеткендер, –дедi жiгiт.

— Неге? Не үшiн ұмытады…

— Анау төмендегi үйлерге қарашы.

— Қарадым… Ой-и, қандай кiп-кiшкентай!

Жанат сона-ау төмендегi ойыншықтай кiп-кiшкентай үйлердi көрдi. Омбы қар басқан көшелер мен шарбақ қоршаулар адамдардың мекенi емес, құмырсқалардың жымы сияқты бiртүрлi күлкiлi. Биiкте отырған бiреу байқамай қалып, саусағымен түртiп жiберсе, бәрi қирап қалатындай. Бағана Манат екеуi… анау жiп-жiңiшке қара жiп секiлдi шұбатылған соқпақпен келмеп пе едi…

— Бұл жер тым биiк, — дедi жiгiт иллюминаторға ұқсайтын терезеден көзiн алып, Жанатқа ойлана қарап. — Бiр шығып алған соң, төмендегi тiршiлiкке қайтып оралуға зауқың соқпайды.

— Иә, анау кiшкентай үйлердiң арасына менiң де қайтып барғым келмейдi, — дедi Жанат. — Қайтып барғым келмейдi… Не деп күбiрлеп тұрсың?

— Бiлмеймiн…

— Жанат…

— Әу.

— Жанат…

Ол құшақтап сүйе бастады. Бұл да оған жабыса түстi. … Бiртүрлi сүйкiмсiз… Темекiнiң иiсi тұншықтырып барады. Неге сонша дөрекi қимылдайды? Ол… Ол кiм өзi? Ой!.. Мы-мынау Манат қой!..

— Тарт қолыңды…

Сумаңдап белiнен төмен қарай жылжып бара жатқан әдепсiз қолды қағып жiберiп, Манаттың құшағынан сытылып шыққан ол екi қолымен бетiн басып, қабырғаға сүйенiп тұрып қалды.

Япыр-ай, ғайып болды… Бәрi де ғайып болды.

Бұл не? Бұл не… елес пе, сиқыр ма, қиял ма, шындық па? Не-ме-не?..

Ол теңселiп барып, сылқ етiп кереуетке отыра кеттi.

— …

— Жа-нат… мен сенi мектепте оқып жүрген кезден берi жақсы көремiн.

— Өтiрiк.

— Жоқ, шын айтам.

— Онда неге iздемедiң?

— Ойладым… ойладым…

— А-а…

— Сен… сен күттiң бе менi?

Жанат жауап қатпай, бiраз ойланып тұрды да:

— Мен үнемi бiреудi күтумен болдым, – дедi өзiне өзi айтқандай сыбырлай сөйлеп. –Ол – сен бе, әлде басқа ма бiлмеймiн…

— Мен шығармын…

Ол ып-ыстық демiмен тұншықтырып, қыздың ернiнен қадалып ұзақ сүйдi. Қыз бұл жолы түк те қарсылық бiлдiрген жоқ…

* * *

Таң алдында аспан көгiлжiм тартып, жұлдыздар сирей бастағанда аяз тiптi қатая түстi. Бүрiсiп, жаурап Көктөбенiң баурайына тығылған үйлердi қора-қопсысымен, ие-киесiмен, тiптi күшiк-мысығымен қоса мұз қып қатырып тастағысы келгендей ағаш бiткендi сықырлатып, темiр бiткендi шытынатып барады. Тек анау, тәкаппар биiк мұнараның алдына жеткенде ғана бiр түрлi төменшiктеп, жiгерi жасып, мысы басылып қалады. Оның жарқыраған қызылды-жасылды шамдары — жылы iшiкке оранып, қазы-қарта мен майлы сорпаға тойып шыққан байдың ұшқын атқан көздерiндей төңiрекке тоқмейiлсiп, масаттана қарайды.

Нұрғали ОРАЗ

Серіктес жаңалықтары