519
ШОУ— БИЗНЕС ПЕ, “ТОЙ” БИЗНЕС ПЕ?
ШОУ— БИЗНЕС ПЕ, “ТОЙ” БИЗНЕС ПЕ?
Жаз мезгiлiмен бiрге тойдың да мерекесi басталады. «Той» десе, қу бас домалайды» демекшi, шал-шауқан, бала-шаға бiткен той болатын үйдiң есiгiнен табылатыны да рас. Тағы бiр қызығы, қазақтың тойы бүгiнде бәсекеге айналған. «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасамаса да, алашапқын жүгiрiп, бiр-бiрiнен қалыспай, барын төгуге әзiр. Тек бүгiнмен өмiр сүрем деп ойлайтын болса керек, жанталасып, барын тойға шашады. Бәсекелесем деп жүрiп, ысырап жасап жатқанын да бiлмейдi-ау, қайран қазекем…
Бүгiнгi мәселе, аста-төктiң мән-жайы емес, шоу-бизнестiң хал-ахуалы. Қазақтың ұлттық өнерiнiң бизнеске айналып, саудаға түскенiн кiмнен жасырамыз?! «Бас ал десе, шаш алуға» тырысып жүргендер, шоу-бизнестiң де мән-жайын толық түсiнiп жүрген жоқ-ау деген де ой келедi кейде. Шын мәнiнде, шоу-бизнес деген не? Тапқан-таянғанына ән жазғызып, телеарнаның бетiнде анда-санда «жылт» етiп көрiнудi шоу-бизнес деп ойлап жүргендер де жетерлiк. Тiптi, қалтасы қалың кейбiр азаматтар қаржының көптiгiнен, «ерiккеннiң ермегiнен» ән салып жүрген сыңайлы. Сондықтан да болар, шөптiң де, шөңгенiң де, қора-қопсының да әнге айналып кеткенi. Шын мәнiнде, «қазақта шоу-бизнес қалыптасты» дейiн десек, шоу-бизнес емес, той-бизнес бар сияқты. Әлде, бiздiң шоу-бизнесiмiз осы тойдың бизнесi ме?!! Бiреулер бұл сұраққа «иә» деп жауап берсе, ал кейбiр өнердiң ыстық-суығына күйiп жүргендер «жоқ» деседi. «Иә» дейтiндердiң көбi, әншiлiкпен ақша тауып, бизнестiң көзiн тапқандар болса, «жоқ» дейтiндер «өнер» дейтiн киелi дүниенiң киесiне шындап мойын бұрғандар. Олардың түсiнiгiнде, қазақтың төл өнерi сатылмауы тиiс. Ал, бүгiнгi қоғамда сатылмайтын дүние бар ма? Мәселен, нарықтың заңы бойынша, бизнес дегенiмiз —алып-сату. Сата алмасаңыз, яғни одан пайда түсiре алмасаңыз, онда сiздiң бизнесте жолыңыз болмайтыны да тағы белгiлi. Бұрынғыдай, Үкiметтiң асырап жатқан ештеңесi жоқ, сондықтан, қандай жолмен болса да, ақша тауып өмiр сүру сенiң мойныңда. Әрине, алғашқыдай, базар-базарды жағалап, мойынға дорба iлетiн заман келмеске кеткен. Қазiр ептеп болса да, қазақ та нарықтың көшiне iлесе бастады. Соның iшiнде, өнермен де тиын-тебен табатындар көбейдi. Композитор әнiн сатып күн көредi, әншi дауысын… Онда да, той-томалақта.. Сонда, бiздiң шоу-бизнес деп жүргенiмiздiң өзi де, осы той-томалақ емес пе? Өзiңiз қараңызшы, опера мен балеттi, классикалық өнердi айтпай-ақ қояйық, қазiргi эстрада жұлдыздарының көбi «тойдан» несiбесiн тауып жүр. Сiз оларға «тойға барма» деп айтып көрiңiзшi, қандай жауап алар екенсiз?! Рас, бұрынғыдай Үкiметке алақан жайып отыратын заман келмеске кеткен, сондықтан, оларға қаржы тауып, күн көру үшiн, «той» деген таптырмас дүние болып отыр. Ендi сол қазақтың тойына барып, шоу жасайтын әншiлердiң құны қанша деңiзшi?! Әрқайсысының бағасы әртүрлi.. Ол баға оның болмыс-бiтiмiне, ерекшелiгiне қарамайды, дауысы да маңызды роль атқармайды, ең бастысы, ол әншiнiң «танымалдылығы». Сонымен елге танымал жұлдыздардың «той бизнестегi» бағасы қанша? Атын атап, түсiн түстемей-ақ қояйық, Қазақстандағы танымал эстрада жұлдыздарының алды 5000 долларға барып тiрелсе, соңы 500-дiң үстiнде көрiнедi. Бұл бағаның рас-өтiрiгiне тойға әншi шақырып жүрген кез келгеннiң хабардар екендiгiнде дау жоқ. Сенбесеңiз, той жасаған адамдардан сұрап көруге болады. Тiптi, кейбiр жұлдыздарымыз, «айтқан ақшасын» бермесе, тойға келмейтiн де көрiнедi. Ондай ақшасы барлар көп емес. Қазақстанда ары кетсе 20 пайызы ғана бұған шамасы келер, қалған сексеннiң қалтасы көтере қояр ма екен. Бiрақ,кейде бұлардың арасынан бiр-бiрiнен қалыспай, той жасаймын деп тыраштанып, барынан айрылып қалатындар да кездесiп жатады. Бүгiнде көршi өзбек ағайындарымыздан келетiн «жұлдыздарымыздың» құны 10 000-ның үстiне шығып кетiптi. «Ялла», Юлдуз Усманова келмесе, қазақтың тойы өтпейтiндей, дарақы кейбiр жерлестерiмiз, ат-көлiк жiберiп, көршiлерiмiздi шақыратын көрiнедi. Бiр кеште, бiр кеш қана емес, бiр сағатта он мың долларды қанжығасына қыстыратын өзбектерге қарап, айына жиырма-отыз мың теңге алатындардың «iшi» бiр ашиды-ау! Неткен ақша, сол ақшаны сiз жылдап жұмыс iстесеңiз де, таба алмасыңыз бек кәмiл. Ал, он мың долларды суша лақтырып жүргендер үшiн, бұл ақшаның құны бес тиын. Еуропада той жасап жатқандар туралы айтпай-ақ қояйық… Тағы бiр қызығы, аттары дардай «жұлдыздар» тойға келгенде, алған ақшасын ақтаса разы боласың ғой, қайдағы?! Алдын-ала дайындап алып келген, «мини дискi», яғни фонограмма тойға жарап жатыр. Дауыс жыртып, айғайлап ән салудың да қажетi шамалы. Әлгi дискiңдi алып кел де, жымиып қойып, ән сала бер. Екi немесе үш ән салады да, «пәленбай» ақшаны қалтасына салып, тайып тұрады. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш». Сонда қалай, «үлкен сарайларда ән салу үшiн, арнайы акустикасы дұрыс аппараттар қажет» деп байбалам салатындар, екi жүз адамның алдында фонограммасыз ән салуға шамасы келмей ме? Тегiн айтып жатқан жоқ, тым болмаса, алған ақшасының құнын ақтаса қайтедi? Кiм-кiмдi алдап, кiм-кiмге желiнiп жатыр?! «Пәленбай» ақшаны тапқан әншi де мәз, «танымал» жұлдызды шақырып, аста-төк той жасаған той иесi де мәз. Ең қызығы, тойға келген әншi ән салып қана қоймайды, тойды сурет-көрмесiне айналдырады. Алыстан ат арытып келген ағайын «тiрi әншiнi» күнде көзбен көрiп жүрген жоқ. Бiр рет суретке түсiп қалса несi жаман, әрi ауылға барғанда мақтануға да қажет.. «Шоу-бизнес» деген әлде «Супер стар KZ» сияқты iрi жобалар ма екен?! Рас, жер-жерлерден дарындарды жинап, бағын ашуда бұл жобаға теңдесе қоятын жоба жоқ шығар. Тек, өкiнiштiсi, аталмыш жобаның ұлттық өнерден тым алыста жатқандығында. Мемлекеттiк тiл – бұл жобаның есiгiнен сығалап та қарай алмайтыны өкiндiредi. Ұлттық сипаты жоқ, түрлi ұлт өкiлдерiнiң басын қосып, «көп ұлттылықты», «ресми тiлдiлiктi» бетке ұстаған аталмыш жобаның талантты танытқанынан ұтар ешнәрсе жоқ. Есесiне көп нәрседен ұтыларымыз анық.. Демек, бұл қазақтың шоу-бизнесi емес… Ал, шын талантты қолынан жетектеп, қаржысын құйып, өнер әлемiне шығарып жатқандар некен-саяқ. Оның өзiнде де, шыққан шығынын ақтай алмайтыны тағы бар. Шын мәнiнде, бүгiнгi өнерде жүргендердi танытып жүрген – жиын-тойдың арқасы. Жиын-тойдан түскен бес-он теңгенi ән жаздыртуға, бейнеклип түсiруге жұмсайды. Одан қалғанына ас-суын айырады. Әншiнiң де, әннiң де қадiрi кеткенi сондықтан. Мүмкiн, бiреулер бұған келiсер-келiспес, өлместiң қамымен жүрiп, нағыз саф алтындай өнердiң қадiрiн түсiрiп алдық. Тым болмаса, тойға барған әншi өзiнiң шын дарын, күмiс көмей әншi екендiгiн өз дауысымен танытса да, разы болар едiк. Ауыл-ауылды аралап, үкiлi домбырамен әуелетiп ән салған қайран бабаларымыз-ай!!! Ондайларға атан түйе мiнгiзiп, оқалы шапан жапсаң да, артық болмас едi. Сонда ғана, ұлттық өнердiң құны артып, қадiрi қашпас едi… Қазақтың өнерi сатылмайды және сатылмақ емес. Шоу-бизнестi дамыту уақыттың талабынан шығар, бiрақ, ол тойдың бизнесi емес. Нағыз өнердi сақтап қалатын, өнер дейтiн киелi дүниенiң құлағынан ұстағандар. Ал, қалған майда-шүйде қолдан жасалынған «бұлбұлдардың» күнi ертең-ақ, қараң болатыны сөзсiз. Уақыт бәрiне де өзi төрешi. Шын жүйрiктi iрiктейтiн де, нағыз дарынды анықтайтын да сарабдал тыңдарманның өздерi болары сөзсiз.Гүлзина Бектасова