ЕКI ЕЛГЕ ОРТАҚ БАЙЛАНЫС

ЕКI ЕЛГЕ ОРТАҚ БАЙЛАНЫС

ЕКI ЕЛГЕ ОРТАҚ БАЙЛАНЫС
ашық дереккөзі
232

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен М.Ұйғыр атындағы Ташкент өнер институтының арасындағы ғылыми-шығармашылық байланыстар академик А.Жұбанов басшылықта болған жылдардан берi жалғасып келедi.

Бұрынырақ көптеген өзбек зерттеушiлерi М.Әуезов институтында кандидаттық диссертацияларын қорғап, қазақстандық ғалымдар тарапынан қолдау көрiп келсе, отандық музыкатануда жазылған ғылыми зерттемелерге өзбек ағайындар өз қаламдастарының кандидаттық және докторлық диссертацияларына ресми пiкiрлер жазып, бұл саладағы мамандардың дайындалуына үлкен үлес қосқан едi. Жылдар өткен сайын бұл рухани қарым-қатынастар жан-жақты дамып, екi елдiң мәдениетiнiң өрiстеуiне жемiстi ықпалын тигiздi. Бұл тұрғыдан бауырлас елдiң өнертану ғылымының докторлары Ф.М. Кароматов, Т.Б. Ғафурбеков, Н.С.Янов-Яновская, М.А.Хамидова, т.б. жетекшi мамандарды атап айтуға болады. Осындай шығармашылық жемiстi еңбектiң көрiнiсi ретiнде ғылыми жинақтарда жиi жарық көрiп келе жатқан екi бауырлас халықтың мәдениетi туралы мақалаларды айтуға болады.

Жуырда институттың музыкатану бөлiмiнде өзбек халқының танымал музыка зерттеушiсi, өнертану ғылымдарының докторы, ЮНЕСКО жанындағы халық шығармашылығы Халықаралық кеңесiнiң мүшесi, ғалым Рустамбек Самиғұлы Абдуллаевпен қызықты әрi пайдалы кездесу болды.

Бөлiм меңгерушiсi, өнертану ғылымының кандидаты, профессор С.Ә.Күзембай қонақты тәуелсiздiк жылдарындағы мәдениеттi қолдауға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасы аясында атқарылып жатқан ғылыми жобалармен таныстырды және бұл бағдарлама бойынша жасалып, жарық көрген "Қазақ музыкасы антологиясының" алғашқы екi томы мен өзiнiң музыкатанудағы маңызды да күрделi мәселелердi көтеретiн "Ұлттың көркемдiк дәстүрi және оның қазақ операсындағы сәйкестiгi" (2006) атты монографиясын сыйға тартты. Р.С.Абдуллаев "Қазақ музыкасының антологиясы" сияқты жинақтың Орталық Азияда бұрын-соңды болмаған жоба екендiгiн айтып, мұндай үлкен жұмыстың атқарылу барысына сәттiлiк тiлеп, ризашылығын бiлдiрдi.

Р.С.Абдуллаевтың есiмi ТМД елдерi мен алыс шет елдердiң музыкатану саласында "Орта Азиядағы ғұрыптық музыка", "Орталық Азия мен Өзбекстан мәдениетi контекстiндегi әдет-ғұрып пен музыка" монографиялары мен өзбек халқының ауызша-кәсiби ән өнерiне арналған "Катта ашула әуенiнiң кейбiр ерекшелiктерi", "Өзбек музыкасындағы дастандар", "Ауызша-кәсiби дәстүр мен фольклор", сонымен қатар "Өзбекстандағы музыкалық сын", "Музыкалық-этнографиялық тәжiрибе", "Орта Азия халықтарының культтi-ғұрыптық музыкасы" сияқты сан алуан тақырыптарда жазылған көптеген ғылыми-теориялық мақалаларымен танымал.

Фольклортанушы өзбектiң әйгiлi музыка зерттеушi ғалымы Ф.М.Кароматовтан дәрiс алып, 1969 жылдан бастап халқының бай музыкалық мұрасын зерттеген. Ол өз елiнде фольклорлық-этнографиялық iс-сапарлар ұйымдастырып, өзбек-американ (1987), өзбек-герман (1989) экспедицияларына қатысып, бұл салада белсендi жұмыстар атқарған жетекшi маман. Соңғы жылдардағы осындай зерттеу нәтижесiнде жарық көрген өзiнiң өзбек жерiндегi аймақтық музыка дәстүрiне арналған "Байсун" (Ташкент, 2006) атты кiтабын бөлiмге тарту еттi. Ол Байсун аймағының (бiр ғана аймақтың) музыка мәдениетiн ЮНЕСКО-ның дүниежүзiлiк рухани құндылықтарды қолдау бағдарламасына енгiзiп, ағылшын және орыс тiлдерiнде жарыққа шығарып, халықаралық деңгейге көтердi.

Осы орайда, iштей бiрнеше мектептерге бөлiнiп өзiндiк аймақтық ерекшелiктерiмен қалыптасқан қазақ халқының өте бай ән, күй, жыр мұраларын былай қойғанда, жалпы музыкатану мәдениетiмiзде бiрде-бiр мәдени жобаның мұндай қолдау таппағандығы өкiнiштi-ақ.

Ғалым өзбек халқының дәстүрлi музыкасының өткенi мен қазiргi замандағы жаңару барысы жөнiнде әңгiмелеп, бөлiмнiң ғылыми қызметкерлерiмен пiкiр алмасты. Баяндамада қазiргi уақыттағы музыка саласының бiлiм беру жүйесiндегi өзектi мәселелер, бұқаралық музыка мәдениетiндегi күрделi сұрақтарды көтердi, оның iшiнде халық музыкасының эстрадаға икемдеу бағытындағы жасалып жатқан шығармалардың жетiстiктерi мен кемшiлiктерi айтылды.

Фольклорист жас ғалымдардың еңбектерiмен танысу барысында А.Қазтуғанованың "Қазақтың аспапты музыка контекстiндегi арнау күйлер", Г.Мұсағұлованың "Қазақ операсындағы речитатив", Л.Жұмабекованың "Қобыз дәстүрiнiң көне дәуiрлердегi зерттелуi", А.Бұлтбаеваның "Қазақ ғашықтық жырларының орындалу ерекшелiктерi", З.Касымованың "Түркiтiлдес халықтардың үйлену ғұрыптық фольклорының музыкасы", т.б. тақырыптардағы ғылыми iзденiс бағыттары бойынша оларға бағалы кеңестер бердi.

Тәуелсiз елiмiздiң келешегiнде өзбек-қазақ байланыстарындағы iс-шаралар музыкатану ғылымының дамуында, бұл саладағы мамандарды даярлауда, түркiтiлдес халықтардың мәдениетiн ұштастырып зерттеуде үлкен үлес қосары даусыз. Мұндай басқосулар арқылы екi ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстар осылай болашақта да жалғастығын таппақ.

Б.ТҰРМАҒАМБЕТОВА, музыкатанушы

Серіктес жаңалықтары