ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚҚА АЙДАП САЛУ МА?..

ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚҚА АЙДАП САЛУ МА?..

ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚҚА АЙДАП САЛУ МА?..
ашық дереккөзі
283

"Ел iшi партия болды да, бүлiндi" дейтiн ұлы Абайдың тәмсiлi бүгiн де маңызын жойған жоқ. Осыдан бiраз жыл бұрын Мәжiлiстен партияларға 10 орын берiлген дегеннен-ақ олардың iсi жандана бастаған. Қазiр партиялық жүйе қалыптасты десе де болғандай. Соның нәтижесiнде бүгiнгi сайлау пропорционалдық жүйемен өткелi отыр.

Бiрақ, осы жүйенiң астарынан да мiн iздеп, қазаққа қазақты айдап салуды басты мақсат етiп алғандар табылып жатыр. "Zonakz" сайтында Еркен Қырбасовтың "На этих выборах третий лишний" атты мақаласын көргенде, алғашында ұлтшыларға қатысты шығар деп ойлағам. Оқи келе, мазмұны мүлдем басқа екенiне көз жеткiздiм. Автор "партиялық жүйенiң салдарынан Батыстың, яғни Кiшi жүздiң қазақтары Мәжiлiске бара алмайтын болды. Жалпы, Қазақстанның негiзгi байлығы — мұнайдың мекенi болған Батыс қазақстандықтар үнемi билiк жүйесiнен ығыстырылып келедi" деген ой айтқан. Тiптi, Орта жүз бен Ұлы жүз Кiшi жүздi жау көредi дегенге дейiн барған.

Бiз Қазақстан қоғамын интеграциялау мәселесiн сөз еткенде, үнемi өзге ұлттардың қазақ құндылықтарына бейiмделiп, тiптi Еуропадағыдай ұлтын азаматтығы арқылы анықтауға көшу керек деген идеяны үнемi алға тартамыз. Ал, қазақты қазаққа айдап салып, оны жүздiк құрамы арқылы бөлшектеу саясатының соңы тек қана өкiнiшке ұластыратындығын неге ескермеймiз? Жалпы, орыстiлдi басылымдар Қазақстан қоғамының жымдасып, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығару идеясын үгiттегеннен гөрi үнемi бөлшектеу саясатын ұстанады. Егер, Қазақстанда кадрлық өзгерiстер бола қалса, ең алдымен билiк басына келген адамның руы, жүзiне мән берiледi. Премьер-министрлердiң жүзiн баса айта отырып, "бұл жолы рулық баланс сақталды" немесе "бұзылды" деген әңгiменi өршiтетiн. Сайлау жақындаса бүкiлхалықтық ортақ проблемаларды көтергеннiң орнына орыс пен қазақтың проблемаларын тергiштеп, елдегi негiзгi екi ұлтты бiрiне-бiрiн айдап салады. Ал, бұл жолғы сайлауда рулық мәселенi басты көзiр етiп алған. Ең өкiнiштiсi, орыстiлдi басылымдар әлi күнге дейiн елiмiзде басты рөл ойнап келедi, соның iшiнде интернет басылымдардың таралымы бүкiл әлемдi шарлайтыны белгiлi. Демек, "отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайтын" тәмсiлге келсек, бұл отыз руды емес, отыз мемлекеттi шарлап кеткенi мәлiм.

Бiрақ, бiр нәрсе айқын, Қазақстанда рулық дәрежедегi партия түгiлi ұлттық мәселенi ту етiп көтерген қоғамдық ұйымдар да партия ретiнде тiркеле алмайды. Бұл "Сайлау туралы" конституциялық заңда айқын көрсетiлген. Партия ретiнде тiркелу үшiн Қазақстанның 14 аймағында оның өкiлдiгi және әр аймақта мыңнан кем емес мүшесi болуы керек. Яғни, партия бүкiл Қазақстанды қамтыған кезде ғана тiркеле алады. Ендеше, партиялардың жетекшiсi басқа жүзден екен деп, оның құрамындағы мүшелердi де сол жүздерге таңудың қажетi жоқ. Сондай-ақ, тiркелген әрбiр үмiткердiң рулық тегi сұралмайды. Демек, тiркелген үмiткерлердiң қаншасы ұлы жүз, қаншасы кiшi жүз, қаншасы орта жүз дегендi айқындау мүмкiн емес. Ендеше, мақала авторының кiшi жүздiң 5-6%-ы ғана тiзiмге енген. Алайда, олардың да сайлануы неғайбыл деуi ненi меңзейдi. Жалпы, бүкiлхалықтық немесе жалпықазақстандық идеяны ту еткен Қазақстан үшiн рулық, жүздiк факторды өршiту, сол арқылы қарапайым халықтың қолтығына су бүрку елдiң бөлiнуiне алып келетiндiгiн ұмытпауымыз керек. Тiптi, "Жүзге бөлiнгеннiң жүзi күйсiн" деген Төле бидiң тәмсiлiн Жарлық етiп бекiту керек сияқты. Сонда ғана бiздiң қоғамымыздағы ең ауыр дерттiң де шипасы табылар ма екен?

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары