ӨЗ ҰЛТЫҢДЫ ҰЛЫҚТА

ӨЗ ҰЛТЫҢДЫ ҰЛЫҚТА

ӨЗ ҰЛТЫҢДЫ ҰЛЫҚТА
ашық дереккөзі
228

«Бабалары олардың жылап кеткен» деген өткiр тiркестi өлеңдi жақында бiр газет бетiнен көзiм шалып қалды. Жыр – оралмандар жайлы. Рас, кешегi аласапыран заманда тайқымаңдай тағдырлы қабырғалы қазақ не көрмедi? Қаралы көш, босқан ел жалпақ әлемнiң қай қиырына болсын ауды…

Тәуелсiздiктiң толқынымен, Бостандықтың бағытымен қазақ пен қазақ қайта қауышты.

Мен Өзбекстан мемлекетiнiң Қарақалпақстан аймағында туып-өстiм. Арғы аталарымыз Сыр елiнен солай қарай ойысыпты. Тұрмыстың ыңғайына қарай Бұқар облысына көштiк. Жоғары оқу орнынан бiлiм алған соң мектепте мұғалiмдiк қызметте болдым. Өзге жұрттың босағасында өз отымызды өшiрмей, тiлiмiздi, салт-дәстүрiмiздi сақтап, болмысымызды өзгерткен жоқпыз. Әйтсе де, кiсi елiнде керi тарту кесiрi көп сезiлдi. Қанша жерден дарынды, бiлiктi болсаң да ұлттық ұстанымнан әрi асып кете алмайсың. Менiң өзiмнiң сол жақта мұғалiмдердiң облыстық байқауынан 2-орын алуыма тура келдi. Талабым мен сабағыма сендiм бе, тартысып көрдiм. Түк шықпады. Себебi – ұлтым бөлек. (Шындығы солай). Нәтижеде 1-орынды тәжiрибесi аздау, атлас көйлек киген сiңiлiм алды. Республикалық сынға сол шығуы керек. Бiттi. Жалпы, ол жақта биiктеу орынтаққа отыру мүмкiн емес. Министрлiктi, комитеттi, облыстық әкiмшiлiктердегi жұмысты армандаудың қажет жоқ. Нағыз ұлттық идеология мықты дамыған. Шыны керек, олар ұлттық ұстанымды кейде бiзден де мықты ұстағандай.

Қазақ елiне келгенiме 4 жыл болды. Бiрiншi санатты мұғалiм болғанымды қайтейiн, жұмыс жоқ. Мектептерге барсам, орын жоқ. Аудандық бiлiм бөлiмiндегiлер «хабарласып тұрыңыз» деп шығарып салады. Мектептерге ақшамен жұмысқа тұру дегенге сенгiм келмедi. Өзге тiлдiлер қазақшаны менсiнбейдi деген өтiрiк саясат та көңiлiме қонбайды. Бiз «халықтар достығы» дегендi жиi айтамыз. Иә, ол да керек. Әйтсе де өз ұлтыңды ұлықтаудан артық ұлы қасиет еш жерде жоқ. Тыныштық бұзылмасын. Қазақы идеологияның еңсе көтеруiн бiр Алладан тiлеймiн.

Жаңыл ӘЛМАХАНОВА

Серіктес жаңалықтары