МЕМЛЕКЕТТIК ДЕҢГЕЙДЕГI ҮШ МӘСЕЛЕ

МЕМЛЕКЕТТIК ДЕҢГЕЙДЕГI ҮШ МӘСЕЛЕ

МЕМЛЕКЕТТIК ДЕҢГЕЙДЕГI ҮШ МӘСЕЛЕ
ашық дереккөзі
224

Қызылорда облысына алғаш келгенде Мұхтар Құл-Мұхаммед аймақтың қадау-қадау мәселелерi бұрыннан таныс екенiн байқатқан болатын.

Қазақстанда электр энергиясынан кестелiк сөндiру мен берiлу қолданылмайды. Ауылдық жерлерде, шалғайдағы елдi мекендер болса бiр сiрә ғой, үлкен қаланы жарықпен қамтамасыз ете алмау – елiмiздiң даму кезеңiндегi артта қалушылықтың өрескел көрiнiсi деп түсiнуге болады. Проблеманы ашық айту қажет. Бұндай қиындықтан шығу үшiн не iстеу керек? Облысқа берiлетiн электр энергиясының квотасын көбейту қажет. Қазiргi облыс халқының алып отырған жарығы бюджетке де, қарапайым халыққа да қымбатқа түсуде. Мысалы, Тараздан алынатын жарықтың 1 квт-ын, 1,92 теңгеден алынса, одан 3 теңгеге қымбат бағамен сатылуда.

КЕГОК – ортақ желiден облыстан алатын «квотасын», яғни үлесiн белгiлеп қойған.

Өткен жылы тұтыну мөлшерi Республика бойынша жалпы 72 млрд/сағат электр қуатын құраған. Жан басына шаққанда, республиканың әрбiр тұрғынына орта есеппен 4,5 млн.квт.сағаттан келедi. Қызылорда облысында өткен жылы 497 млн. кв/сағат электр қуаты тұтынылған, орта есеппен жан басына шақсаң 0,815 мың кв/сағат айналады. Бiздiң облыста «алпауыттар» жоқтың қасы. Соған қарамай электр қуатының өзi тапшылық тудыруда. Қызылорда қаласында проблема шаш етектен. Бүгiнде қаланың электр қуатына деген қажеттiлiгi жыл сайын 10-12 пайызға өсiп отыр. Газдың келуiне байланысты Қызылорда жылу-электр орталығында газ-турбиналық қондырғылардың қуатын кезең-кезеңмен арттыру көзделiп, осының негiзiнде электр қуатының тәуелсiздiгiне қол жеткiзуiмiз мүмкiн. Жетпейтiн энергия Екiбастұздағы Ақсу мен Тараздағы көздерден сатып алынады. Тараздағы электр стансасының Үкiмет дотациясын сұрағанына көп болды. Осында өндiрiлген 1 квт/сағат электр қуатының өзiндiк құны 6 теңге 71 тиынға көтерiлген.

Құмкөл мен Қызылорда арасындағы 600 шақырым электр желiсiнiң айналма жолы болып тұр. Байқоңыр жалға берiлгендiктен, Ресейге қарайды.Тасымал үшiн отандық энергетиктер Ресейге жылына 300 млн.теңге санап берiп отыр. Осы жерден Қызылордаға дейiн желi тартылса, онда 200 шақырымға дейiн қысқарады. Егер Құмкөл–Қызылорда 220 кв.электр желiсi салынса, онда Оңтүстiк Қазақстан өңiрiнiң проблемасы шешiлер едi. Ең өкiнiшiтiсi, оған КЕГОК пен Энергетика министрлiгi қызығушылық танытпай отырған секiлдi. Жезқазған–Сексеуiл темiржол желiсi тартылғанда оған 7-8 мвт. қуат қажет. Аралдағы мұнай-газ кешенi, Батыстан Қытайға тартылатын мұнай-газ құбырларының өзi қосымша электр қуаттарын талап етедi. Байқоңыр-Қазалы-Арал аралығындағы 110 кернеулiк желiнi 220-ға ауыстыру қажеттiлiгi туындап отыр. Қызылорда қаласы мен облыс энергетикасының 2010 жылғы және 2015 жылға дейiн аймақтың даму бағдарламасында қамтылған. Өкiнiшке қарай, КЕГОК аймақтың дертiн айықтырғысы келмейдi. Қазақстанның iрi өндiрiс аймақтарынан ақшаны судыратып санап алуға құмар. Өткен жылы Сырдария жағалауын су алып кеттi. Облыстың бiрнеше жерiнде үлкен желi жүргiзiлген бағаналар судың ортасында қалды. Жоғарғы кернеулi бағаналарының iстен шығуынан Жалағаш төңiрегiндегi 10 ауыл жарықсыз қалып, олар Жосалы желiсiне қосылды. Ал, Арал мен Қазалының проблемалары да шаш-етектен. Қосымша стансаның қуатын 220 кернеулiк деңгейге көшiру үшiн тағы да Аралға 1,3 млрд. теңге, Қазалыға 1,1 млрд. теңге қажет. Шыны зауыты пайдалануға берiлсе, оның электр қуатына деген қажеттiлiгi 18 мвт. құрмақшы, ТЭЦ-тегi қосымша станса коммуналдық меншiкте, КРЭК-тiң жалпы иелiгiндегi 9,5 мың шақырым желiлердiң 70 пайызға жуығы, қосалқы стансалардың 77% тозығы жетiп, пайдалануға берiлген уақыты бiткен. Облыста барлығы 1700 қосымша станса бар.

Бағдарламада энергетикалық тәуелсiздiкке жетудiң бiр жолы ретiнде оның балама көздерiн пайдалану да көзделген. Сыр өңiрiне келген француздар да өз ойларын бiлдiрдi. Күн сәулесiнен электр қуатын өндiруге болады. Бiр үйге 1 квт/сағат жеткiлiктi болса, оның құны 2,5-3 мың доллар құрайды.

Дегенмен аймақтық бағдарламаның орындалуы үшiн не iстеу керек?

Алдымен жалпы энергетика саласындағы меншiкке қатысты орын алған кемшiлiктен арылып, бiр жүйеге түсiп алған жөн. Елiмiздiң Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi, жергiлiктi атқарушы билiк аймақтың даму бағдарламасына сай қаржыны кезең-кезеңмен, ең мұқтаж жерлерге бөлсе, жуық арада энергетика саласындағы қордаланған мiндеттердi шешуге болар едi.

Екiншi мәселе – халықты көгiлдiр отынмен жабдықтау жобасы да Үкiметтен тиiстi қаржы сұрауды қажет ететiнi аян. Өйткенi, газдандыру жобасы тек жергiлiктi бюджеттiң қаржысымен шешiле қоймайды. Қазақстанның көптеген облыстарында шалғай ауылдардың өзiне газ құбырлары тартылған. Ал, бiздiң iргемiздегi Құмкөл газы босқа далаға жанып жатыр. Сыр елiнiң халқы оның игiлiгiн қашан көрмек? Облыстың аймақтағы газ, су жылу мәселесiн шешуге күшi жетпейдi. Аймақтағы үкiметтiк деңгейдегi шешiлетiн күрделi үш мәселе – электр энергиясы, газ және ауыз сумен қамтамасыз ету. Дегенмен, дүниежүзiлiк тәжiрибеде су құрлысы плотинасын салған елдерде арзан электр қуатын өндiредi. Қызылорда облысында гидроқұрылыстары пайдаланылып, тиiмдi қуат өндiру жолдары қолға алынуда. Сонымен бiрге газ-турбиналық стансаның қуатын қазiрден бiрнеше есе арттыру қажеттiгi туып отыр. Қызылорда қаласы өсiп-өркендеп келе жатқандықтан, бұл мәселе дұрыс шешiлуi керек. Себебi, кезiнде бiрден тиiмдiлiк берiп, көзге көрiнбейтiндiктен айтылған iстер кейiнге сырылып отырған. Қызылорданың ауыз суы да күрделi жайт. Көп қабатты үйлерде су жоғарғы қабаттарға көтерiлмей, тұрғындар қиындық көрiп отырса, ыстық су атымен жоқ. Коммуникациялар, құбырлар әбден ескiрген, тозған. Басқа облыс орталықтары Сыр елiнiң халқының көрген қиындығын көрiп отырған жоқ. Газ жөнiндегi жобаны жүзеге асыруға Үкiметтiң араласуы керек.

Аймақта мемлекеттiк тұрғын үй құрылысының да қарқыны төмен. Сәулеттiк бейнесi әрсiз. Әрбiр қаланың бас жоспарында салынатын құрылыс қолымен қойғандай сән берiп тұруы қажет. Облыста құрылыс салуда тәртiп, реттiк жоқ екенi көрiнiп тұр. Қызылорда қаласында құрылыс ажарсыз, талғамсыз салынған. Кiм қайда салам десе, тұрғындар өздерi бiледi. Тұрғындарға бiр үлгiдегi он шақты жобаны неге ұсынбасқа?! Орталықта ескi үйлер жетiп артылады. Ал қаланың шетi су, жарықпен қамтамасыз етiлмеген. Орталықтағы көне үйлер орналасқан аймақты ивесторларға сатып, оларға жақсы жоба берiп, әсем архитектуралық шешiмдегi тұрғын үйлер мен офистер салдыру жөн. Ең алдымен қаланың бас жоспарының макетiн жасау керек. Қай жерге қандай құрылыс салатыны белгiлi болады. Дегенмен, өткен жылы құрылыс салуда 1,1 млрд.теңге игерiлмей қалған.

«Азғантай қаржы игерiлмеуi түсiнiксiз мәселе,– дедi облыс башысы. – Жалпы аймақ бюджетi өткен жылдарда 37 млрд.теңгенi құраса, биыл да осы жобада межеленiп отыр».

Бұл тапсырманы орындау мақсатында Қызылорда қаласының әкиматы мемлекеттiк сараптамадан өткен ТЭН дайындап, экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiне ұсынылды. Индустрия және сауда министрлiгiнен қолдау тапқан бұл жоба қабылдамай тасталынды. Аймақ халқының экологиясы мен денсаулығына байланысты көптеген тұтас проблемалар жиынтығы нақ осы проблемалардың шешiлуiмен тiкелей байланысты болып отыр.

Қызылорда қаласының жылу-энергия көздерiн, тұрғын үй секторын iлеспе газға көшiрудi де тез аяқтау қажет. Қазiр бұл жоба экономика министрлiгiнде басым бағыттағы инвестициялық жобалардың тiзiмiн енгiзу үшiн қаралу үстiнде. Бұл мәселе мемлекет басшысының 2004 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылса да, осы кезге дейiн орындалмай келедi. Облыста газ-турбиналық стансасының құрылысын жүзеге асыру да оңай iс емес. Бұл жобаны жүзеге асыруға шамамен 70-75 млн.доллар қаржы талап етедi. Экономика министрлiгi бұл жобаны өзiнiң ресми жазбаша жауабында қуаттап, оны 2008 жылдың басталуымен қаржыландырылатын тiзiмге кiргiзу жөнiнде ұсыныс енгiзiлдi. Әйтсе де Қызылорда қаласындағы денсаулық сақтау нысандарының құрылыстары да оңай мәселе емес. Бұл нысандар 100 аурухана бойынша бағдарламаға енгiзiлдi. Осы уақыттағы ең толғандырар мәселелердiң бiрi осы.

Бүгiнге дейiн жасалмаған қаланың бас жоспарына қатысты жергiлiктi бюджеттен 46 млн.теңге бөлiндi. Конкурс өткiзiлiп, жеңiмпаз анықталды.

Ең негiзгi мәселе, облыстық бюджеттi жетiлдiру. Бұл барлық аймақтар үшiн көкейкестi мәселе. Жергiлiктi бюджеттiң кiрiс бөлiгiн ұлғайтудың барлық көздерi қарастырылуда. Өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда үстiмiздегi жылдың төрт айының қорытындысының өзiнде, жергiлiктi бюджеттiң орындалуы 142 пайызға өстi. Осы өсу қарқыны тұрақты сипат алып келедi. Үстiмiздегi жылдың басынан облыстық салық органдарында жаңадан 903 заңды тұлға салық төлемгендерi тiркелдi. Қызылорда облысы өткен жылы республикалық бiрiккен бюджетiне 208 млрд.теңге қаржы аударды.

Миуа БАЙНАЗАРОВА

Серіктес жаңалықтары