ТАҒЫ ДА ЕКIНШI ОРЫН ҮШIН КҮРЕС НЕМЕСЕ САЙЛАУДА КIМ ЖЕҢЕДI?

ТАҒЫ ДА ЕКIНШI ОРЫН ҮШIН КҮРЕС НЕМЕСЕ САЙЛАУДА КIМ ЖЕҢЕДI?

ТАҒЫ ДА ЕКIНШI ОРЫН ҮШIН КҮРЕС НЕМЕСЕ САЙЛАУДА КIМ ЖЕҢЕДI?
ашық дереккөзі
449

Егер естерiңiзде болса, 2005 жылғы Президент сайлауындағы күрес билiк партиясымен емес, өздерiн демократиялық күштерге балап жүрген, бiрiн-бiрi оппозиция емес деп кiнәлайтын топтар арасында болғаны белгiлi. Онда да президенттiкке үмiткерлер арасынан екiншiлiк үшiн күрес анық байқалып тұрған едi. Бұл жолы да билiк партиясының әлеуетi және оған ешқандай партияның iлесе алмайтындығын әлеуметтiк зерттеулер де, саяси технологтар да жағы сембей айтуда.<br>Ал, екiншiлiкке үмiткер партиялар саяси зерттеулерге сүйене отырып, өзiнiң мүмкiндiгiн асыра айтуға жұмылып бағуда. Билiктi үнемi сынап, БАҚ-тардан орын бермегенi үшiн кiнәлай беретiн оппозиция – Жалпыұлттық демократиялық партияның сайлауалды бағдарламасы, ақпараттары мен жаңалықтары көбiнде оппозициялық газеттерден орын алуда. Дәл осы газеттерде әлеуметтiк зерттеулердiң қорытындысын да жариялап қоюды ұмытпайды. Бiрақ, өздерiне тиiмдiсiн ғана. Оппозицияға тиесiлi дейтiн «Свобода слова», «Тасжарған» газеттерiнде Әлеуметтiк технологиялар орталығының рейтингiсi жарияланған. Аталған орталықтың әлеуметтiк зерттеулерiнiң қорытындысы негiзiнде Мәжiлiстен екi партия – «Нұр Отан» мен «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП)» орын алады делiнген. Қалған партиялар 7%-дық кедергiден өте алмайды дейдi аталған сауалнама қорытындысы. Назар аударып көрелiк: бұл зерттеу 10-14 шiлде аралығында республиканың алты аймағында жүргiзiлген.

Респонденттердiң саны — 1800.

Жауап беруге қиналғандар — 19%

Әлi де таңдау жасамағандар — 14%

«Руханият» — 0,7%

Патриоттар партиясы — 0,8%

Қазақстанның халықтық коммунистiк партиясы — 1,2%

«Ауыл» партиясы — 2,1%

«Ақ жол» партиясы — 3,1%

ЖСДП — 20,1%

«Нұр Отан» — 36,9%

Демек, аталған әлеуметтiк зерттеулер қорытындысына сенетiн болсақ, Мәжiлiс тек екi партиядан – «Нұр Отан» мен «ЖСДП»-дан жасақталуы мүмкiн. Бұл ақпаратты бiз өзге ақпарат құралдарынан көре алмадық. Керiсiнше, бұл ақпаратқа мүлдем қарама-қайшы екi саяси зерттеу орталығының әлеуметтiк сауалнамасының куәсi болдық. Оның бiрiн 15 жыл бойы әлеуметтiк зерттеумен айналысып келе жатқан Қазақстанның әлеуметтанушылар және саясаттанушылар қауымдастығы ұсынса, екiншiсiн «Орталық Азия даму институты» қоғамдық қоры ұсынып отыр. Алғашқысы әлеуметтiк зерттеудi сәуiр айында жүргiзiп үлгерген екен. Олардың байыптауы бойынша, Мәжiлiске тағы екi партия ғана өтуi мүмкiн. Бiрiншiсi, әрине «Нұр Отан». Оған ешкiм дау айта алмайды. Ал екiншiсiн бұл қауымдастық басқаша сипаттаған. Ол – ЖСДП емес, «Ақ жол» партиясы. Онда респонденттерге «Бүгiн сайлау бола қалса кiмге дауыс бересiз?» деген сауал қойылған. Жауап берушiлердiң 20,1%-ы «Нұр Отанды» атаса, 7,8%-ы «Ақ жолды» таңдаған. Ал, Жармахан Тұяқбай басқаратын «ЖСДП» партиясына 3,1% және «Ақ жолдан» бөлiнiп, «Нағыз Ақ жол» партиясын құрған, қазiр Жармаханмен күш бiрiктiрген Ә. Бәйменовтiң басты қарсыластарының жинаған ұпайы – 3,2%. Демек, екеуiнiң бiрiккендегi дауысы – 6,3%.

Ал, «Орталық Азия даму институты» қоғамдық қоры ұсынған әлеуметтiк зерттеулердiң екiншi кезеңi бойынша, 1-16 шiлде аралығындағы уақыт қамтылған. Бұған Алматы, Ақмола, Қарағанды, Оңтүстiк-Қазақстан, Атырау және Шығыс-Қазақстан облысының тұрғындары қатысқан. Респонденттердiң саны – 1600. Сұралушыларға үш сауал қойылған: Бiрiншiсi, «Мәжiлiс сайлауында дауыс бересiз бе?». Бұл сауалға сұралушылардың 65%-ы «иә» деп, 18%-ы «жоқ» деп, 27%-ы «әлi де шешкен жоқпын» деп жауап берген. Яғни, сайлау арасы жиiлеп кеткенiне қарамастан, халықтың сайлауға деген белсендiлiгi жоғары. Бұны Әлеуметтiк технологиялар орталығының жүргiзген зерттеулерi де растап отыр. Олардың зерттеуi бойынша сұралғандардың 60%-ы сайлауға қатысатындығын мәлiмдеген. Екiншi сауал: «Мәжiлiс сайлауы алдағы жексенбiде өтетiн болса, қай партияға дауыс берер едiңiз?». Бұл сауалға жауап төмендегiдей:

Жауап бере алмағандар — 34,20%

Барлығына қарсы дауыс бергендер — 8,20%

«Руханият» — 0,90%

Патриоттар партиясы — 0,80%

Қазақстанның халықтық коммунистiк партиясы — 1,40%

«Ауыл» партиясы — 1,35%

ЖСДП — 4,50%

«Ақ жол» партиясы — 14,75%

«Нұр Отан» — 33,90%

Яғни, бұнда да «Нұр Отан» — лидер. «Ақ жол» партиясы екiншi орында тұр. Үшiншi орынды ЖСДП иеленген. Әрине, әлеуметтiк зерттеулер саяси технологияның бiр түрi екенi рас. Бiрақ, бұл бүкiл халықтың тыныс-тiршiлiгiн, көзқарасын таныта қоймайды. Әлеуметтiк зерттеулер әртүрлi жағдайда жасалады. Бiрiншiден, билiктiң қолшоқпарымен, екiншiден, қандай да бiр тапсырысты орындау мақсатымен, үшiншiден, ешкiмге тәуелсiз, елдегi жағдайды бақылап отыру мақсатымен. Әрине, ең объективтi зерттеу тәуелсiз ұйымдардың зерттеуi болып табылмақ. Ал бiздiң сөз етiп отырған зерттеу институттарының қаншалықты деңгейде тәуелсiз сараптама жүргiзгенiн тап басып айту қиын. Дегенмен, бұл сараптамалар алдағы Мәжiлiс сайлауында электораттың көңiл-күйiне әсер ететiнi анық. Сондықтан, саяси технологтар әлеуметтiк сауалнамаларды жиi ұсынғанды жөн көредi.

Сондай-ақ, бiз мысал келтiрiп отырған соңғы зерттеуде «Жаңа Парламентте оппозиция қанша пайыз дауыс алуы мүмкiн?» деген 3-сауал бар. Оған сұралушылардың көбi (30%) – 5-10% деген жауап берiптi. Ал, 28%-ы – 10-20%, 17%-ы – 20-30% деген. Демек, қоғам оппозицияның Мәжiлiстен орын алуына оң көзқарас танытқан. Бұл Парламентте оппозицияның өз орны болуы бек мүмкiн дегендi бiлдiрсе керек.

Саяси технологтардың, әлеуметтiк сарапшылардың және саясаттанушылардың пiкiрiне сүйенсек, алдағы Мәжiлiс сайлауы негiзiнен үш партияның өзара тартысы деңгейiнде өтпек. Кiмде-кiм әкiмшiлiк ресурстарына сүйенсе де, елдегi әкiм-қаралардың барлығының қолдап отырғанына меңзесе де, ең бастысы, лидерi ел Президентi Н. Назарбаев болып отырғанын ескерсе де, «Нұр Отан» партиясының әлеуетiн ерекше сипаттайды. Оның шаңына iлесетiн партияны атай алмай әуре. «Ал, одан кейiнгi орынды кiм иелендi немесе кiмдер бөлiседi?» деген сауал әркiмнiң көкiрегiнде. Әрi әркiм өз көрпесiне қарай тартуда. Мәселен, «Ақ жол» партиясы Мәжiлiстен 30-35 орынды иеленетiнiне сенiмдi болса, ЖСДП-ның да дәмесi зор. «Свобода слова» газетiнде партия жетекшiсi Жармахан Тұяқбай «Негiзгi мақсатымыз «Нұр Отан» партиясын басып озу» («Стране нужна оппозиция», №28, 19 июля, 2007 года) деген екен. Бұл әзiрше болжау ғана. Қалғанын алдағы сайлау нәтижесi көрсететiн болады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары