ТIЛ – ТАҒЫ ДА САЯСАТ ҚҰРАЛЫ

ТIЛ – ТАҒЫ ДА САЯСАТ ҚҰРАЛЫ

ТIЛ – ТАҒЫ ДА САЯСАТ ҚҰРАЛЫ
ашық дереккөзі
453

Шiлденiң 18-iнен берi басталған ресми үгiт-насихат шаралары бүгiнде әртүрлi сипатта өрбiп отыр. Мәжiлiс сайлауына үмiткер 7 партияның қай-қайсысы да өзiн танытып қалуға тырысуда. Осыдан 2 жыл бұрынғы Президент, 3 жыл бұрынғы Мәжiлiс сайлауынан кейiн аяқасты өткелi отырған бұл жолғы кезектен тыс сайлаудың уақыты да, үгiт-насихат жұмыстарына бөлiнген мерзiмi де тым тығыз. Партия жетекшiлерiнiң көбi бұл электоратқа партияларды танытуға, олардың қолдауына ие болуына мүмкiндiк бермейдi дегендi жиi айтуда.

Дегенмен, қызу дода басталып та кеттi. Болғанынан боладысы қызық сайлаудың мiнберiнен әртүрлi үн қатқан партиялардың бағдарламаларымен таныса отырып, бұның алдындағы Мәжiлiс сайлауы мен Президент сайлауы кезiндегi сайлау алды бағдарламаларынан қашық кетпегендiгiн байқаймыз. Барлығы да әлеуметтiк мәселелердi алға тартқан. Әлеуметтiң көңiл-күйi дұрыс болуы үшiн, оның жағдайы осал болмауы керек дейдi қай-қай партия да.

Бұдан екi жыл бұрын партиялардың көбiнiң бағдарламасында мемлекеттiк тiл мәселесi қалыс қалған едi. Бұл жолы партиялардың барлығы да тiл саясатын айналып өтпегендiгi байқалады. Бiрақ, дегенмен мәселенi шешудiң жолын әркiм әртүрлi ұсынады. Алайда, нақты шешiм жоқ.

Айталық, сарапшылар электораттың ең аз дауыс беруi мүмкiн деп бағалап жүрген «Ауыл» партиясының бағдарламасында мемлекеттiк тiлге арнайы көңiл бөлген. «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiлiктiң негiзi» делiнген онда. «Ауыл» партиясы елдегi барлық ұлт өкiлдерiнiң тiлiн сақтауға және дамытуға көмектесе отырып, мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту үшiн қазақ тiлiн елiмiздiң барлық мектебiнде бастауыш сыныптан бастап үйрету қажет» дейдi. Бiрақ, бұл тәжiрибенiң қолданылып келе жатқанына 15 жылдан астам уақыт өткен жоқ па? Демек, бұл ұсыныстың ешқандай жаңалығы жоқ. Тек бұл партияның «мектептерде қазақ тiлiмен қоса, «Қазақ әдебиетi», «Қазақстан тарихы» секiлдi пәндердi де қазақ тiлiнде үйрету керек» дегенi ойға қонады. Оның өзiнде «Қазақ әдебиетi» қазақ тiлiнде үйретiлiп келедi, ендi бұл пәннiң қатарын «Қазақстан тарихымен» көбейтсе, мектеп түлегi қазақ тiлiн әжептәуiр меңгерiп шығар едi.

Рейтингiсi жағынан ең төменгi көрсеткiштердiң бiрiн көрсетiп жүрген «Руханият» партиясы да қазақ мәселесiн назардан тыс қалдырмаған. Бұл партияның бағдарламасында «Мемлекеттiк тiлдiң рөлiн көтеру» және «Оралмандарды қолдау» деген екi бөлiм бар. Екеуi де елдегi негiзгi электорат – қазақтың жанды жерiне тиетiн мәселе. Дегенмен, партия бағдарламасы тағы да ескi сарында «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессiн» деген ескi қағидаға иек артады. Ең бастысы, партияның мемлекеттiк қызметкерлердiң, соның iшiнде қоғамдық қызмет пен бiлiм ордаларындағы қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн бағалап отыруды ұсынуын құп алуға болатын сынды. Бiрақ, нақты қадам, айқын ой айтылмаған. Ұсыныс тым қарабайыр әрi жалпылама. Бұл да мемлекеттiк тiлдiң мәселесiн шеше қоймайтын сынды.

«Руханият» партиясының жетекшiсi А. Жағанова ханым кезiнде «Көшi-қон және демография агенттiгiн» басқарғаны белгiлi. Бәлкiм, сондықтан болар, бұл партияның сайлау алды бағдарламасында «Оралмандарды қолдау» мәселесi қарастырылған. Онда жұмыссыздықпен күрес, ипотекалық несие алуға мүмкiндiк жасау, оралмандарды аймақтардың мүмкiндiгiн ескере отырып, ел аумағына теңдей бөлiп орналастыру, квотадан тыс келетiн оралмандарға жағдай жасау, тiлдiк кедергiлердi болдырмау сияқты мәселелер қамтылған екен.

Ал, мемлекеттiк тiлдi әлi күнге дейiн «өлi тiлдер» қатарына жатқызып келген «Патриоттар» партиясының жетекшiсi Ғани Қасымов мемлекеттiк тiлдi дамыту үшiн ең алдымен ол тiлде сөйлейтiндердiң айлығына үстеме ақы төлеудi ұсынады. Билiк бұл ұсынысты қабыл алып, өткен жылдан берi тәжiрибеге енгiздi. Оның нәтижесi қалай болатыны әзiрге беймәлiм.

Владислав Косарев басшысы болып келетiн халықтық Коммунистiк партияның бағдарламасы тiл мәселесiн жылы жауып қойған.

Елдегi ең басты оппозициялық партия Жалпыұлттық социал демократиялық партия ұлт мәселесiне арнайы тезис арнайды. «Бiз қазақ тiлiн дамытудың жаңа мемлекеттiк бағдарламасын қабылдау керек деп санаймыз. Оның аясында дәрiстiк курстарды ұйымдастыруға, мұғалiмдердi даярлауға, кiтаптар мен оқулықтарды, методикалық құралдарды басып шығаруға жыл сайын кем дегенде 15 млрд. теңге жұмсау қажет» делiнген онда.

2004 жылғы Мәжiлiс сайлауында «Отан» партиясынан кейiнгi орынға табан тiреген «Ақ жол» партиясының бағдарламасында басқа партиялармен салыстырғанда, ұлт мәселесiн әлеуметтiк және экономикалық құндылықтармен байланыстыра қарастыру көзделген. «Сайлау – билiк үшiн болатын дода. Қазақстан билiгiнiң мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Бiз қазақ тiлiнiң шын мәнiсiнде мемлекеттiк тiлге айналуы үшiн жұмыс жасауымыз керек. Бiрақ, бұл тiлдi күштеп үйрету қажет дегендi бiлдiрмейдi. Керiсiнше, тiлдi үйренуге ынталандыру керек. Ал, ынталандыру – материалдық тұрғыдан болмауы керек, керiсiнше, мемлекеттiк тiлде ақпарат алу, бiлiм алу сияқты мүмкiндiктердi жасау. Бұл бағытта Үкiмет өте аз жұмыс iстеп отыр.

Қазiр қазақ тiлiнiң орыс тiлiн мүлдем ығыстырып, қолданылу аясынан шығарып келе жатқан қаупi туралы байбалам салып жүргендер — асыра сiлтеушiлер. Қазақстандағы елдiмекендердiң қайсынан «қазақ тiлiнде үйрететiн оқытушы» керек деген хабарландыру көрдiңiздер. Демек, қоғам қазақ тiлiнiң келешекте мансап баспалдағы бола алатынына, саясат құралы болатынына әлi де сенбей отыр. Егер 15 жыл iшiнде Үкiметтiк жиындардың, Парламент отырыстарының бiрде-бiреуi қазақша өтпесе, бұндай сенiм азаматтардың жүрегiнде қалай ұялауы мүмкiн. Тiл саясаты болжалды және дәйектi болуы керек. Алдымен мемлекеттiк тiлге көшудiң кезеңдерi белгiленуi керек. Айталық, кез-келген қызметтегi адамға 3 жылдан кейiн мемлекеттiк тiлдi үйренбесе, бұл лауазымымен қоштасатыны ескертiлмесе, ол 100 жылдан кейiн де үйренбеуi мүмкiн. Сондықтан мемлекеттiк қызмет немесе қызмет көрсету саласы арқылы мемлекеттiк тiлдi жүзеге асыру жоспарын белгiлеу керек. Қазiр Қазақстанда тек қана қазақ тiлiмен мемлекеттiк қызмет сатысына көтерiлу мүмкiн емес. Ал, керiсiнше, орыс тiлiн ғана бiлетiн, мемлекеттiк тiлден мақұрымдар мемлекеттiк қызмет мансабында әжептәуiр жерге барады» делiнген.

Елдегi ең басты партия, өздерiне сай келетiн ешкiм жоқ деп жүрген «Нұр Отан» партиясы да мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту мәселесiн талқылайды. Дегенмен, партия бағдарламасында мемлекеттiк тiлдiң шын мәнiсiндегi өз дәрежесiне жетуiнен гөрi, елiмiздiң үш тiлдiлiкке бағыт алуы айқын көрсетiлген. «Нұр Отан» партиясының үмiткерлер тiзiмiне енген Ермұхамет Ертiсбаев та мемлекеттiк тiлдiң дамуына айрықша назар аударатынын айта отырып, орыс және ағылшын тiлдерiнiң дамуына күш салу керек екендiгiн тынбай дәрiптейдi. Демек, Қазақстанның бiлiм тұжырымдамасы бойынша, орта мектепте бiрнеше пәндi орыс тiлiнде, бiрнеше пәндi ағылшын тiлiнде, ал қазақ әдебиетi, Қазақстан тарихы сынды пәндердi қазақ тiлiнде үйрету мәселесi – билiк партиясының басты бағыты болмақ.

Яғни, бiзде партиялардың ұлттық мәселелерге келгенде ойланып барып қадам жасауы, нақты ұсыныстар жасамауы, жалпылама тезиспен шектелуi – елiмiзде ұлттық құндылықтардың әлi де өз деңгейiне жете алмағандығынан. Бiзде, өкiнiшке қарай, қазақ саясаткерлерiнiң көпшiлiгi әлi күнге дейiн қазақ тiлiнiң намысын жыртқанның орнына, орыс тiлiнiң жоқтаушысына айналып келе жатыр. Оған дәлел — жақында «Политон» пiкiрсайыс клубында «Ақ жол» партиясының лидерi Әлихан Бәйменовпен пiкiрталасқан белгiлi оппозиционер журналист, «Азат» газетiнiң өкiлi Казис Тогузбаев өзi сөйлейтiн, жазатын, әзiрге, өзге емес, қазақтың қамқорлығын қажет етпей тұрған орыс тiлiнiң жанашыры екендiгiн танытты. Сөз соңында әркiм өз пiкiрi мен ойын ашық талқылауға көшкенде, Казис Тогузбаев «Қазақстанда тұратын 3 миллион орыс кетiп қалса да, бiзге орыс тiлi мен орыс мәдениетi қажет. Бiз онсыз тыныстай алмаймыз. Сол себептi де, орыс тiлiне екiншi мемлекеттiк тiл дәрежесiн беру қажет» дегендi айтып, жағамызды ұстатпасы бар ма? Бiр қызығы, үстел басында отырған өзге ұлт өкiлдерiнiң, дұрысы, орыстардың бiр де бiрi бұл мәселеге араласуды жөн деп таппады. Герольд Бельгер ағамыз айтқандай «тiл мәселесi – қазақтардың мәселесi. Оны тек қазақтар шешуi керек» деген реакция байқалды. Әрi «сөзiңдi бiреу сөйлесе, тiлiң қышып бара ма?» деген кейiп те аңғарылды. Демек, бiзде өз тiлiне өзге емес, өзi қарсы шығатын топ билiкте де, оппозицияда отыр. Әрбiр сайлау кезiнде электораттың көңiлiн аулау үшiн қай-қай партия да мемлекеттiк тiл мәселесiн сөз етiп қояды. Бiрақ, оның саяси құрал болудан аспай тұрғаны қынжылтады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары