Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ: БIЗ ДЕ СОЛАЙ ӘРТIС БОЛДЫҚ

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ: БIЗ ДЕ СОЛАЙ ӘРТIС БОЛДЫҚ

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ: БIЗ ДЕ СОЛАЙ ӘРТIС БОЛДЫҚ
ашық дереккөзі
425

Нұрқанат Жақыпбайдың өнерде жүргенiне аз уақыт болған жоқ. Әрi актер, әрi режиссер, әрi шәкiрттерiнiң сүйiктi ұстазы. Жуырда Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылығына арналып, қойылған спектакльдерiн оңтүстiк астана жұртшылығы тамашалап көрдi. Бiз де осы өнер кешiнен кейiн Нұрекеңмен өнер туралы, өнердегi алғашқы қадамдары туралы әңгiмелескен едiк.

Жас кезiмде өнерге келемiн деген ой мүлдем болмапты. Милиционердiң формасына қатты қызығатынмын. Балалық қой. Бiр күнi ауылға Әуезов театрының ұжымы келiп, спектакль көрсеттi. Ол кезде театрдың атын да бiлмеймiз. Ауылдағы шағын клубта «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» деген спектакль қойды. 3-класта оқитын кезiм. Балалар әдеттегiдей кеш батпай, ерте барып алып, алдыңғы жаққа, еденге жайғасады ғой. Бiзде солай жасадық. Тұп-тура сахнаның алдына жайғасқанбыз. Трагедия басталды. Қозы өлдi. Оған жыладық. Сондай сенiп отырмыз. Жарық сөндi де, қайта жанып едi, үлкен бiр мола пайда болды. Тұп-тура кiрпiштен қалағандай. Ауылдағы бейiттердiң бәрi солай жасалады ғой. Демнiң арасында қалай дайындап үлгердi деп таңырқап отырмын. Таңданысым шексiз, әйтеуiр. Екi шешесi, Баян келiп сүйенiп жылаған кезде, әлгi мазар маған келiп құлағаны. Орнымнан айғай салып, атып тұрдым. Зәре-құтымыз қалмаған. Елдiң бәрi у да шу. Шын екен деп ойлап отырмыз. Қарасам, ағашқа тiреп қойған картон. Әлгiнi көрiп, көңiлiм бiртүрлi болып кеттi. Спектакльге деген көңiлiм қалды. Бәрi өтiрiк екен деп ойладым. Шығып кеттiм де, одан кейiн театрға қайта бармадым. Содан кейiн театрға деген сенiмсiздiк пайда болды. Бiрақ киноға баратынмын. 9-класты оқитын жылы Алматыға келiп, ауыстым. Мұнда ағам оқитын. Сонымен бiрге болайын деп, 12-мектепке келдiм. Ылғи мектепте жүргенде ұйымдастырып, апайларымыз театрға жиi апаратын. Көбiне-көп бармауға тырысам. Әлия дейтiн мұғалiмiмiз бар едi. Сол кiсi: «Балалар, бармасақ болмайды. Мен де барам, жүрiңдер» деп, қоймаған соң театрға бiрге бардық. Ол кезде академиялық театр қазiргi Жастар театрының орнында. Балконға отырдық. Бiр кезде музыка басталды да, үлкен перде ашылды. Перде ашылғаннан кейiн, ар жағынан Абай шыға келгенi. Шын Абай, тұп-тура Абайдың өзi. Бұрын суретiн ғана көргем. Үп-үлкен тастың үстiнде қолын бұлғап келе жатыр. Таң қалдым. Менiң көрген театрларым картон сияқты бiрдеңе едi ғой деп ойлап қоям. Мынаны көргеннен кейiн, мүлдем аузымды ашып қалыппын. Кейiн бiлдiк қой, мұның бәрi суретшiнiң жұмысы екен. Әлгi Абай жылжып отырып, сахнаның алдына тоқтады да, «Мыңмен жалғыз алыстым, кiнә қойма?» деген монологын оқи жөнелдi. Абайдың рөлiн сомдап тұрған Қалибек Қуанышбаев екен. Әлi күнге дейiн дауысы есiмде. Менiң театрға деген қызығушылығым сол күннен басталды. Содан бастап, келесi күнгi спектакльдi бiлiп аламын да, театрға билет алып қоям. Күнде бардым десем де болады. Бiздiң мектептiң жанында «Қазақфильм» киностудиясы орналасқан едi. Бiр күнi әлгi киностудияның қасынан өтiп бара жатсақ, хабарландыру iлiнiп тұр. Ол хабарландыруда «Киностудияның жанынан киноактерлiк студия ашылады. Келем деушiлерге есiк ашық» деп жазылып қойған. Әлгi хабарландыруды өткен сайын, қарап өтем. Тiптi күнiне бiр рет оқимын десем де, артық айтпаған болар едiм. Барғым келедi. Бiрақ менi оқушы деп алмайтын шығар деген ой болады. Дәулет деген жолдасым бар едi. Соған «Актерлiк мектеп ашылып жатыр екен. Барсақ қайтедi?» деп едiм, ол менiң ұсынысымды бiрден қолдай жөнелгенi. Қабылдау түстен кейiн. Адам көп. Мектептен келген екеумiз ғана. Қалғандарының бәрi ЖОО-ның студенттерi. Қабылдап жатқан Шәкен Айманов деп естимiз. Соңғы күнi екеумiзден басқа ешкiм қалмады. Есiктiң ар жағынан «Бiттi ме?» деген дауыс естiлдi. «Бiттi» дедi бiреулер. Жалма-жан есiктi ашып, кiрiп келдiк. Шәкен аға кетуге жиналып жатыр екен. Бiзге қарады да: «Өй, сендер неғып жүрсiңдер?» дедi. Баласынып тұр. «Аға, бiздiң келiп жүргенiмiзге бес күн болды. Оқуға түскiмiз келедi» дедiк. Ол кiсi ойланып қалды да, қасындағы комиссия мүшелерiне қарап: «Қалай, қараймыз ба, балаларды?» дедi. Сөйтiп тұрды да: «Қай мектептен келдiңдер?» деп сұрады. «12-мектептен» -деп едiк. «О-о, жалғыз қазақ мектебi ғой. Жарайды, онда көрейiк» дедi. Не бiлесiңдер деп сұрап жатыр. Мектепте айтып жүрген әнiмiздi, тақпағымызды айтып жатырмыз. «Қазiр пианино ойнаймын. Соның дыбысын дауысқа салып көрiңдер» дедi. Оны салдық. Бiр кезде бiзге қарады да: «Мына кiсiлердi жоқ деп есептеңдер. Мынау ауылдағы үйдiң ауласы. Сендер өздерiңнiң аулаларыңнан басқа үйдiң ауласына түсiп, көйлектерiңдi толтырып, алма ұрлап жатырсыңдар. Сөйтiп жүрiп, келесi аулаға кiргендерiңде иттiң құйрығын басып кеттiңдер. Сол кезде не iстейсiңдер? Соны бiзге көрсетiп берiңдершi» дедi. Бiз де барынша iс-қимылмен алманы ұрлап жатырмыз. Сөйтiп жүргенiмiзде, Шәкен аға иттiң дауысына салып, үрiп қоя бердi. «Ойбай» деп, атып шығып, қашып жүрмiз. Әлгi бөлменiң iшiнде айналып қашып жүрмiз. «Әй, сендер неге ауладан шығып кетпейсiңдер?» дейдi Шәкен аға. Бiз болсақ: «Аға, шығатын есiк жоқ» деп айғайлап қоямыз. Бәрi қарқ-қарқ етiп күлiп жатыр. Сөйтiп, бiздi оқуға қабылдады. Қызық өмiр басталды. Күндiз мектепте, кешкi алтыдан түнгi 11-12-ге дейiн киностудияда боламыз. 11-класты бiтiргенде, киностудияны да қатар бiтiрiп шықтық.
«МЕКТЕПТЕ МЕНI БӘРI «НӘЗIК» ДЕЙТIН»
 

Мектепте жүргенде «актер боламын» десең, қызық қарайды ғой. Мектептегi мұғалiмдердiң көбi кештерде маған өлең оқытатын. Шәмшә Беркiмбаева апайымыз онда Қыздар педагогикалық институтында оқитын. Бiздiң мектепке тәжiрибеден өтуге келдi. Көп дүниенi сол кiсiден алдым. Спектакль қойдырып, түрлi кештер өткiзетiн. Сәкен Сейфуллиннiң «Қызыл сұңқарлар» деген поэмасын қоятынбыз. Өнердiң не екенiн, актерлiктi, режиссерлiктi сол кiсiден үйрендiк. «Әртiстер қайда оқиды?» деп сұраймын ол кiсiден. «Консерваторияның актерлiк бөлiмi бар. Сонда тапсыруға болады» дейтiн. Кластағы балалардың бәрi менi «Нәзiк» деп атайтын. Бiр күнi қызық болды. Емтиханды тапсыруға дайындалып жатқанбыз. Екi әйел кiрiп келдi де, жетекшiмiзбен сөйлесе бастады. Сөйтсек, актерлiк бөлiмге балалар iздеп жүр екен. Жетекшiмiз бiзге қарап: «Кiм әртiс болғысы келедi?» деп сұрады. Ешкiм «барамыз» деп айтпайды. Класс жетекшiмiз маған қарап, «сен бармайсың ба?» деп ыммен сұрап қояды. Мен барғым келiп отыр. Айтайын десем, қыздардың бәрi маған күлетiн сияқты. Iштен тынып отырмын. Сосын әлгi кiсiлер: «Егер ойланып жатсаңдар, келерсiңдер, Шiлденiң бiрiнен бастап, емтихан басталады. Бiрақ, алдын-ала консультацияға келу керек» дедi. Сөйттi де, әлгi кiсiлер бұрылып шыққалы жатқан. Жетекшiм тағы да маған қарады да: «Бол, тезiрек айт. Әйтпесе кетiп қалады» дедi. Не болса да, орнымнан атып тұрдым да: «Мен» дедiм. Сөйтсем әлгi кiсi Қаныбаева деген профессор екен. Кейiн менiң ұстазым болды ол кiсi. «Тұрыңыз»,–дедi маған. Тұрдым. «Бойыңыз жақсы. Ертең келiңiз» дедi. Балалар күлiп жатыр. Әсiресе, «Нәзiк» әртiс болады» деп, қыздар мәз. Мен ол кiсiге: «Бiрақ, қазiр оқи алмаймын» дедiм. Ол кiсi: «Жарайды. Ертең сағат тоғызда кел» дедi. Мен жолдастарыма өкпелеп, кластан шығып кеттiм. Ертесiне сағат тоғызда кеңес алу үшiн, консерваторияға келдiм. Адам көп. Әрқайсысы өздерiнiң бiлген өлеңдерiн оқып жатыр. Маған ешқайсысы ұнап тұрған жоқ. Екi-үш сағаттай отырдым. Сосын, маған кезек келдi. «Сен бiрдеңе бiлесiң бе?» дедi. «Бiлем» дедiм. «Жаттағаның бар ма?». «Бар». «Кiм?» дедi. «Шыңғыс Айтматов» дедiм. Ол кiсi түсiнбей қалды. Ол кезде Айтматовтың жаңадан шыққан кезi. «Сен оны қайдан бiлесiң?». «Мен ол кiсiнiң творчествосына дейiн бiлем» дедiм. «Жарайды, оқи қойшы» дедi апайым. Айтматовтың «Шынарым менiң, шырайлым» деген повесi болатын. Соны жаттап алғам. Оқыдым. Бәрi тып-тыныш. Апайымның көзi жасаурап маған қарап тұр. «Мiне, осылай оқу керек» дедi.

«АЙТМАТОВПЕН АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҒЫМ ОСЫЛАЙ БАСТАЛДЫ»
 

9-класта оқып жүргенiмде бiр қызық болды. Орталық саябақтан басталып, базардың төменгi жағына дейiн, ылғи кiтап базары болатын. Тұп-тура жайма базар. Қысы-жазы бiрдей, кiтап жәрмеңкесi болып жатады. Әлгi базарды жақсы көрем. Өйткенi, ылғи сол жерден кiтап алам. Қыстың бiр күнi. Базар жағалап келе жатырмын. Келе жатып, қалыңдығы бiр елi кiтапқа көзiм түстi. Көлемiне қарай, тек қалың кiтаптарды ғана оқитынмын. Жұқаны оқымаймын. Қарасам, «Тау мен дала хикаясы» деп сыртына жазылып тұр. Кiтаптың сыртында айдың суретi, оның бер жағында бидайдың сабақтары, әйелдiң шашы жайылып кеткен. Айдың үстiнде тұр. Әлгi сурет қатты ұнады маған. Кiтаптың сыртына Шыңғыс Айтматов деп жазылып қойған. Бұрын естiмеген есiмiм. Бағасын қарасам, қымбат екен. Қалтамдағы ақшам аз ғана. Оқушыда қайбiр ақша болсын. Әлгi кiтапты алғым келедi, ақшам жетпейдi. Сол жерде көп тұрдым. Қайта-қайта қолыма алып, қарап қоям. Ертесiне әлгi жерге қайта келдiм. Сөйтiп, екi-үш күндей келiп жүрдiм. Аңдығаным–әлгi кiтап. Келемiн де, ашып бiрнеше беттерiн оқып алам. Алайын десем, ақшам жоқ. Сосын, «Ұрлап алсам ба екен» деген арам ой келдi. Сол оймен, базарға тағы келдiм. Адамдар әжептеуiр жиылып қалған. Кiтапты қолыма алып, қарап тұрмын. Кiтапты алып, былай шығып едiм, ешкiм байқамады. «Кетейiн» десем, аяғым қозғалмайды, қатып қалған. Бұрын-соңды ұрлық жасап көрмеген соң, қиын болады екен. Жүре алсамшы… Не iстеймiн? Бұл кiтапты алмасам, ұйқы қашады. Содан кейiн, жайлап жылжып едiм, сатушы қарамады. «Алып кел» десе, қайтып берейiн деп тұрмын. Қар қылаулап жауа бастады. Сосын ақырын жылыстап, жылжи бердiм. Қар жауған соң, ешкiм-ешкiммен жұмысы болмай кетедi ғой. Бәрi апыр-топыр жинастырып жатыр. Артымнан бiреу қарап тұрған сияқты, жүрiп келем, жүрiп келем. Бiр кезде артыма қарасам, бiраз жер ұзап кетiппiн. Базар алыста қарауытады. Содан екi қолымды өкпеме алып, жүгiрдiм келiп. Келдiм де, кiтапты баса алмай оқып шықтым. Бүкiл кейiпкерлерiнiң бәрiн жаттап алдым. Сенесiз бе, әлгi кiтап әлi күнге менiң архивiмде сақтаулы. Әбден ескiрген. Парақтары майысып тұр. Содан бастап, Шыңғыс Айматовты жинай бастадым.

«ТЕАТРҒА ГИТАРАНЫ АЛҒАШ АЛЫП КЕЛДIМ»
 

«Қазақфильмде» массовкаға қатысып жүргем. Фильм түнде түсiрiледi. «Найзатас» деген фильмдi дайындап жатқан кез. Түнгi 3-4-те демалып, актерлердiң бәрi шай iшедi. Ешқайсысын танымаймын. Бiр шетте отырам. 3-курста оқитын кезiм. Көп әртiстер жиналып, шай iштi. Әңгiмелерiнiң ауанына қарағанда, мен туралы айтып жатқан сыңайлы. Өйткенi, маған қарап-қарап қояды. Арасынан бiреуi тұрды да, маған қарай жүрдi. Мәкiл Құланбаев деген актер екен. Жақындап келдi де: «Әй, бала, сен кiмсiң?» дедi. «Студентпiн». «Қайда оқисың?». «Консерваторияның актерлiк бөлiмiнде оқимын» деп жатырмын. «Қай жақтансың?» дедi. «Алматы облысынанмын» деп едiм, «Бәсе, бiлiп едiм ғой» дедi. Сөйтсе, менiң қай жақтан екенiме дауласып отыр екен. Сөйтiп, бiрiншi рет әртiстермен шай iшуге бардым. «Бала, сенiң театрда жұмыс iстегiң келе ме? Жастар театрын бiлесiң бе, сонда келшi. Бiз бастықтармен сөйлесiп көрейiк» дедi. Ертесiне ұялып бармай қойдым. Бiр күнi аудиторияда жұмыс iстеп жатыр едiк, бiр кәрiс кiсi келдi де, «Жақыпбаев деген кiм?» деп сұрады. Менi көрсетiп едi, ол кiсi өзiн Жастар театрының режиссерi деп таныстырды да: «Сен неге келмейсiң?» дегенi. Сөйтiп, менi алып кеттi. Барлық әртiстер сонда. Жиналып отыр. Ол кiсiлердi көрiп, ұялып тұрмын. Қолыма бiр мәтiндi бердi де: «Мынаны оқып көршi» дедi. Әбдiлда Тәжiбаевтың пьесасы бойынша спектакль дайындап жатыр екен. Сол пьесадағы Сәкен Сейфуллиннiң монологы екен. Алдымен көз жүгiрттiм де, сосын оқып бердiм. Оқып шығып едiм, «Сен бала осы театрда қаласың ба, бiз сенi жұмысқа аламыз» дедi. «Басшыларыңмен өзiмiз сөйлесемiз. Сейфуллиннiң екiншi құрамында сен ойнайсың, жазып ал»,– дедi. Қарасам, менiң алдымда үлкен актерлер ойнайды екен. Олардың аттарын көрiп, қатты ұялдым. «Ұят болады. Келмеймiн, ойнамаймын» дедiм де, кетiп қалдым. Бiр күнi қоярда қоймай, театрға тағы алып келдi.Сахнаға келсем, Еркеғали Рахмадиев отыр. Спектакльдiң музыкасын сол кiсi жазыпты. Маған ол кiсi: «Өлең айта аласың ба?» дедi. Айта алатынымды айтып едiм, қандай аспапта ойнайтынымды сұрады. «Гитарада» деп айтып жатырмын. «Ертең гитараңды алып кел» дедi. Сөйтiп, мен үшiн гитарист деген роль енгiздi. Әбдiлда Тәжiбаевтың көзi тiрi. Бұл менiң алғашқы спектаклiм едi. Қазiр авторлар пьесасын бередi де, кетiп қалады ғой. Ол кезде авторлар күнi-түнi қасымызда жүретiн. Бiрге отыратын. Бүкiл классик жазушыларымызды көрдiк, бiрге жүрдiк. Бiр қызығы, сол кезде ол кiсiлердiң барлығы дерлiк, шақырусыз келе беретiн. Қазiр шақырту жiберiп, театрға келтiре алмайсыз. Сол жылдары театрдың мықты болғаны сол кiсiлердiң арқасы шығар деп ойлаймын. Ол кiсiлер сенiң алдыңда өнерiңдi тамашалап отырады. Ал, сен қалай олардың алдында халтураға жол бересiң. Мiне, бiз осындай мектептен шықтық. Қазiргi актерлердi жаман деп айтпаймын. Әр кезеңнiң өз қызығы болады. Сол студент кезiмде қабылданған театрдан былтыр кеттiм. Қимадым. Қиын болды. Бiрақ кетуге тура келдi. Мен сол театрдың iшiнде тұрдым. Менiң үйiм-күйiм болмаған уақытта маған үй де, күй де болған сол театр. Қысы-жазы сол кабинеттiң iшiнде тұрдым. Театр Қабанбай мен Абылайхан көшесiнiң қиылысында болатын. Қазiр оның орнында үлкен әсем үй пайда болды ғой. «Сын полка» дейдi ғой. Сол сияқты мен де театрдың ұлы едiм. Мықты-мықты актерлердiң бәрiнiң бiрдей баласы болып өстiм. Ешқайсысы маған жаттық көрсеткен жоқ. Әмина апам шешемiздей едi. Досхан екеумiздi ұлым дейтiн. Лидия Каденова, Досхан Жолжақсынов,Ғазиза Әбдiнабиева төртеумiз ең жасы болдық. Бiрiнен-бiрi өткен актерлердiң тәрбиесiнен шықтық. Сол мықты адамдар жұмыс iстеген шақта театрға билет алу мүмкiн болмайтын. Билет жоқтың қасы едi.

«МЕНI РЕЖИССЕР ЕТКЕН ТАҒЫ ДА «ШЫНАРЫМ МЕНIҢ, ШЫРАЙЛЫМ!»
 

Режиссерлiкке кеткен себебiм, бiр күнi театрдың алдында тұрғам. Сол кезде театрдың директоры Гүлжаһан Әбуова дейтiн кiсi болатын. Сол кiсi бiр күнi театрдың алдында тұрсам, «Неғып тұрсың?» деп сұрады. «Қазiр шығам, сен менi күт» дедi. Шықты да, машинаға отырғызды. «Сен режиссер болуға тиiссiң» дедi. Мен режиссер болам деп армандағам жоқ. Әзiрбайжан Мәмбетов қабылдап жатыр екен. Әзiрбайжан аға менi көрдi де: «Сен жақсы актерсiң ғой. Режиссер болғың келiп жатыр ма? Театр онсызда жақсы актерлерге зәру. Мен сенi қабылдамаймын» дедi. Әлгi сөздi естiгеннен кейiн, намысыма тиiп кеттi. «Жоқ, мен оқуға түсем» дедiм. Емтихан тапсырып жатырмыз. Конверттi ашқан кезде, бiрiншiсi, «Абай жолы» екен де, екiншiсi, өз қалауың бойынша. Өз қалауым тағы да –Айтматов. «Шынарым менiң, шырайлым». Жазып отырмын. Әзекең келiп: «Сен не iстеп отырсың? Неге Айтматов?» деп сұрады. «Менiң ең жақсы көретiн жазушым осы кiсi. Ал, Мұхтар Әуезовтi түсiну үшiн, маған әлi уақыт керек. Бiрақ, кейiн жақсы түсiнген кезде Абайды да қоятын шығармын» дедiм. Артынан барлығының бағасын естiрттi де, маған үндемейдi. Тұрып-тұрып бетiме қарап күлдi де, «бес, идиот» дедi. Сөйтiп режиссерлiкке түсiп кеттiм. Режиссерлiктен менiң дипломдық жұмысым Қадыр Мырза Әлiнiң «Сақал саудасы» атты пьесасы болатын. Социализм туралы жазылған, өте астарлы пьеса болатын. Ең бастысы, мен оның формасын таптым. Яғни, пластикалық қимыл-қозғалысты алып келгенiм де сол кез. Оған әрi музыканы қостым. Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» деген әнiнiң дүрiлдеп тұрған кезi. Сейдолланы iздеп таптым. Мейрамханада iстейдi екен. «Өмiрi спектакльге ән жазып көргем жоқ» дедi. «Мен де өмiрi спектакль қойып көргем жоқ» дедiм күлiп. Әңгiмелестiм, түсiндiрдiм. «Ендi саған келмеймiн. Не жазатыныңды өзiң бiлесiң?» дедiм. Ол да қызықты. Он күннен кейiн телефон шалып тұр. Досхан Жолжақсынов бас кейiпкерi болатын. Екеумiз бiрге бардық. Сұмдық музыка жазыпты. «Мынауың масқара» дедiм. Спектакль дайын болды. Мәдениет министрлiгiне тапсыру керек болды. Орынбасары келдi. Орынбасар үндемедi. Министрге көрсеттiк. Ол да үндемейдi. Үшiншi рет қайтадан көрсеттiк. Үшiншi рет көргеннен кейiн, «бiраз жерiн қысқарт» дедi. Бiраз жерiн алдық, өңдедiк. Басқаша өзгерткен болдық, бiрақ оқиғаның астары сол күйiнде қалды. Соңында ЦК-ға көрсету қалды. Ол жақ қабылдамаса, бiттi. Жұмыстан қуыласың. Ол кезде онда бөлiм бастығы болып Қуаныш Сұлтанов жұмыс iстейтiн. Спектакль бiттi. Сыртқа шығып кеткем. «Қанат,Қанат» деп iздеп жатыр. Келсем, Қуаныш Сұлтанов шақырып жатыр екен. Ол кiсi менi көрдi де, құшағына қысты. «Мiне, спектакль осындай болуы керек» дедi. Мiне, режиссерлiк жолым осылай басталды. Көптеген спектакльдер қойдым. Жаман болған жоқ деп ойлаймын.

«ОРЫНБАСАРҒА АРТАР ӨКПЕМ ЖОҚ»
 

Жүргенов атындағы Өнер академиясы жұмысқа шақырды. Сонда балалар тәрбиелеп келем. Қазiр менiң өзiмнiң мектебiм, өзiмнiң жолым бар. Сонда жүрiп, балалармен бiрге «Мен» атты жастардың театрын аштым. Ол театр 1997 жылы «Көксеректi» қойды. Мен оны өзгеше жасауға тырыстым. Қасқырды адамның орнына, қасқырлардың орнына адамды қоюға тырыстым. Көксеректi оқығанда солай түсiндiм. Бейшара күн кешiп жатқан қасқырлардың бiздiң орнымызда тұрғанын түсiндiм. Әуезов театрының алдында қойдық. Түн iшiнде. Бүкiл қаланың студенттерi жиналды. Жақсы қабылдады. Бұдан кейiн «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» пьесасына мюзикл жасадым. Мюзикл жазған себебiм, менiң де балаларым бар. Сол бiздiң балаларымыз ауыз әдебиетiн оқып өссе, естiп өссе деген арманым бар. Сол үшiн балаларға ұғынықты тiлде қойғым келдi. Фольклорды музыкл жасап, пластикамен көрсеттiм. Алғашында қорықтым. Менi жастар да, үлкендер де түсiнбейтiн шығар деп ойладым. Жоқ, есесiне, бәрi разы болды.

Былтыр балалар бiтiргеннен кейiн, тарап кете ме деп қорқып едiм. Орынбасар Тазабеков деген азамат менiң спектакльдерiмдi көрiп, бақылап жүрiптi. Ол кiсi маған келiп: «Нұреке, бiр клубты алып, театр құрып едiм, сонда барып, бiрге жұмыс iстесек қалай болады» дедi. Қабылдады. Сөйтiп, бiр жыл сонда болдық. Қиын кезде, Орынбасар бiзге көмектестi, театрына шақырды, оған үлкен рахмет. Ол жерде бiздiң жағдайымыз жаман болған жоқ. Өткенде «Время» газетiне шыққан мақалаға орай, бiраз нәрсеге жауап бергем. Бiрақ, сол мақаланы мен оқығам да жоқ. Жалпы, менiң Орынбасарға артар өкпем жоқ. Ол қыз менiң соңымнан қалмай жүрiп, сұхбат алды. Орынбасар телефон шалып, «Сөйлесейiк» дедi. Түсiнiстiк қой. Бұл басқа әңгiме. Қазiр ендi сол балалармен Астанада театр ашып қайттық. Ашылу салтанаты Астана күнiне орай өттi Қазiр демалыста жүрмiз. Қазiр бiр-екеуi кетiп қалса, спектакль бұрынғыдай болмайды. Үкiметтiк театрда жұмыс iстесе, бiр үмiт болады ғой. Сол үмiтпен театрды ашып отырмыз. Ең болмаса жеңiлдетiлген несиемен болса да әртiстерiм пәтер алса деп ойлаймын.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары