Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ

Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ

Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ
ашық дереккөзі
271

Сөз басы

Көз көргендер: «Әбдiманап Көмекбаев жақсы кiсi едi»,– дейдi.

Ал Шымкент обкомында ұзақ жылдар қызметтес болған Дүйсенкүл Бопова: «Мен кейiндеу облыстық Атқару комитетiне ауыстым. Бiр күнi кеңсеме Әбдiманап аға келдi. «Дүйсенкүл, өткен жылы домалақ арыздардың негiзiнде Сауда-финанс органдары бөлiмi бастығынан босатып, партиялық есеп кәртiшкеме жазылатын қатаң сөгiс жарияланғанын бiлесiң ғой»,– дедi. «Ел құлағы елу емес пе, Әбеке. Бюро мүшелерi сол арыздарда жазылғандарды жала деп, сiздi жандарын салып қорғағанын да естiгенмiн». Ол басын изедi. «Иә, солай болды. Бiрақ, олардың жан айқайына КПСС Орталық Комитетiндегi Ұйымдық-партиялық жұмыс бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Н.Ф.Мищенко құлақ асты ма. «Күштiнiң арты диiрмен тартадының» керiмен тiзеге салып, белден басса қалай жаның күймейдi. Қылша мойыным талша. Оның қиянатын көтеруiме тура келдi. Қаладағы №4 автокомбинатының жүк автобасқармасында кадрлар бөлiмiнiң аға инспекторы қызметiн атқарып, сол сөгiстi ақтадым». – Бiр парақ қағазды ұсынды. Обком бюросының 1986 жылғы 8 тамыздағы қаулысы екен.

«Ә.Көмекбаев жолдасқа 1985 жылы 6 маусымда обкомның бюросы жариялаған есеп кәртiшкесiне жазылған қатаң сөгiс алынсын. Қазақстан Компартиясы обкомының хатшысы В.Черненко».

Қиянатты да ер көтередi. Азаматтық iсiне iштей қуандым. «Әбеке, мұныңыз үлкен абырой болған екен. Ендi шаруаңызды айта отырыңыз».

Ол қағазды бүктеп қалтасына салып алғанша тiс жармады. «Дүйсенкүл, өмiрiмнiң отыз жылы обкомда өттi. Ыстығына күйiп, суығына тоңдық. Мiне ендi зейнеткерлiк жасқа да жеттiм. Оның үстiне денсаулық та сыр берiп жүр. Қалай қарайсың, қарағым. Одақтық дәрежедегi дербес зейнеткерлiкке шығуыма бола ма?»

Обкомда бiрнеше жыл бөлiм басқарғандарға ондай зейнетақы тиесiлi едi. «Сiздiң оған толық құқыңыз бар. Тек обком партияның бiрiншi хатшысы Рысбек Мырзашевқа бiр ауыз ескерткенiңiз жөн. Мен тиiстi құжаттарыңызды дайындайын», – деп шығарып салдым да бөлiм қызметкерлерiне тапсырма бердiм.

Бiр аптадан соң күтпеген жай болды. «Әбдiманап Көмекбаевты СССР Прокуратурасының Аса маңызды қылмыстық iстер жөнiндегi бөлiм тергеушiлерi ұстап кетiптi». Суық хабардан тұла бойым түршiктi. «Апырай, Асқаров пен Арғынбековтi жөнсiз қамағандары аз болғандай, ендi ауларын Көмекбаевқа тастағандары несi? Қандай жазығы бар едi? Нендей қылмысы үшiн? Олардың ел таныған облыс арыстарына бүйiдей тиiп жатқандары қалай?» Жауапсыз сұрақтар еңсемдi езiп, отырып қалдым. Жаным жай таппаған соң ертеңiне бiр мәнiсiн бiлер деп Мырзашевтың есiгiн аштым. «Рысбек Мырзашевич, сiздiң қабылдауыңызда Көмекбаев болды ма?» – дедiм. Ол: «Дүйсенкүл, Көмекбаев осында келген екен. Көмекшiме жолығып, зейнетақы жөнiнде менiң қабылдауымды өтiнiптi. Алматыдағы жиналысқа асығып тұрғанмын. Содан келiсiмен қабылдайын деп сәлем айттым. Өкiнiшке орай кездесудiң сәтi түспедi». – Мырзашев столдың бiр жақ шетiндегi қағаздар қаптамасын ашып, бiр парақты алды. «Оны тұтқындардан бiр күн бұрын мәскеулiк тергеушiлер маған мына хабарды жiберiптi. Мұнда обкомдағы қызмет бабын жеке басына пайдаланып, пара берiп, пара алғаны үшiн Көмекбаевты қамауға алып, үстiнен қылмыстық iс қозғайтындарын ескерткен. Ол кiсi менiң қарамағымда iстеген жоқ. Бiлмеген соң прокуратура тергеушiлерiне қалай қарсы тұрайын», – деп лажсыздық нышан танытты.

Мырзашев мейiрiмдi, қайырымды жан. Оған өкпе арту орынсыз. Әйтсе де мен басымды шайқап: «Мен бiлетiн Көмекбаев ондай жанға ұқсамайды» – деп кетуге ыңғайландым.

Уақыт неткен жылдам едi. Содан берi жиырма жыл өтiптi. Көмекбаевтар әулетi сол күннiң, сол жылдардың қасiретiн әлiге дейiн ұмытар емес. Азабы еттен өтiп, сүйекке жетiп, жүректерiн жаралаған тағдыр тәлкегiн егiлiп отырып естерiне алады. Бәлкiм өмiрлiкке ұмытпайтын да шығар. Сол күн 1987 жылдың 16 шiлдесi болатын.

Қырық күндiк шiлденiң Оңтүстiкте басталғаны қашан. Әдеттегiдей ұлы сәскеде-ақ төбеден шақшиған күн ыстығының отты лебi апшыны қуырды. Қала тұрғындарының көшеде сейiлген сәтi.

Үлкен бөлмеде ерлi-зайыпты Әбдiманап пен Гүлбаһрам теледидардан жаңалықтар көрiп отырған. Келiнi Сәуле ас әзiрлейтiн бөлмеде едi. Кенет есiк қоңырауының үстi-үстiне соғылған ащы үнi естiлдi.

–Сонша қатты қоңыраулатқаны несi. Асығып-аптығып жүрген кiмдер? – Гүлбаһрам қабағын шытып, орнынан тұруға ыңғайланды.

–Гүлеке, отыра бер, өзiм ашайын. – Үстiнде спорттық үлгiдегi жеңiл киiмi бар Әбдiманап сыртқы есiкке қарай беттедi.

Iшке соқталдай оншақты орыс жiгiттерi сау ете қалды. Бiразы милиция формасын киген. Араларында өзi танитындар жоқ тәрiздi. Қарсы алдында тұрған ат жақты, қыр мұрынды, көзiлдiрiк таққан жiгiт шегiр көздерiн қадап:

–Әбдiманап Көмекбаев осы пәтерде тұра ма?

–Иә, мен соның өзiмiн. Сiздер кiмсiздер?

Анау пиджагiнiң iшкi қалтасынан куәлiгiн шығарып, дауысын көтере сөйледi.

–СССР Прокуратурасының Аса маңызды қылмыстық iстер жөнiндегi бөлiм тергеушiсi Сидоренко. –Ол оң жақ, сол жағында тұрғандарды иегiмен меңзеп: – Сол бөлiмнiң тергеушiлерi Бескишков, Демиденко, – дедi.

– Менде сiздердiң қандай шаруаларыңыз бар едi? – Көмекбаев үшеуiне алма-кезек аңтарыла қарады.

– Қызмет бабын жеке басыңызға пайдаланып, пара берiп, пара алғаныңыз үшiн айыптысыз.

Әлдекiм дырау қамшымен арқасынан осып жiбергендей үнi қатты шықты.

– Қайдағы пара? Не айтып тұрсыздар?

Сидоренко сұстанып:

– Қазiр сiз облыстық прокуратураға барасыз. Сонда бәрiн де мойыныңызға қойып бередi. – Арт жағында тұрғандарға басын бұрды. – Алып кетiңдер!

Дабырлаған дауыстан әлденеге секемденген Гүлбаһрам зiл тартқан аяқтарын аудаңдай басып, дәлiзге шықты. Түсi суық бөтен жандарға шошына көз жүгiрттi.

– Әбдiманап, бұлар кiмдер?

– Мәскеулiк тергеушiлер көрiнедi. Маған жалған айып тағып тұр, – дедi өрекпiген ашуын зорға басып. – Облыстық прокуратураға алып кетпекшi.

Ас бөлмеден белiне алжапқыш байлаған Сәуле шықты. Түрiнде әлдеқандай қорқыныш бар. Атасының әлгi дауыс екпiнiнен бiр тықырды сезгендей. Қапелiмде аузына сөз түспей состиып тұрып қалды.

Топ арасынан екеу суырылып шығып, Көмекбаевқа: «Жүрiңiз», – деп зiрк еттi. Қарсыласса күшке салар түрлерi бар.

–Тым болмаса киiмдерiмдi ауыстыруға мұрсат берiңдер. – Ол жатын бөлмеге қарай бұрылды.

Сидоренко:

–Ауыстырудың қажетi жоқ. Осылай барасыз, – дедi кiжiнiп.

Көмекбаев реңi қашып, қан-сөлсiз тұрған әйелiне жәй ғана:

–Гүлеке, уайымдама. Бұлар менi әрi десе кешке дейiн ұстар. Жазықсыз екенiме көздерi жеткен соң жiбередi, – дедi. Есiктен шығып бара жатып кiдiрдi де әйелi мен келiнiне қимас жанармен тағы қарады. Оның сол көзқарасы Гүлбаһрамның көз алдынан көпке дейiн кетпей қойды.

Сидоренко:

–Көмекбаева, пәтерде қандай құнды заттарың бар? Алтын, күмiс, бриллиант? Бәрiн де өз еркiңiзбен көрсетiңiз. Бұл күйеуiңiздiң жазасын жеңiлдетуге себепшi болады. Қане, уақытты созбаңыз,– деп асықтырды. Тергеушiнiң өктем үнi құлазып далада қалғандай көңiлiн селт еткiздi. Сырқыраған аяқтарын сүйрете басып, үлкен бөлмеге кiрдi. Соңынан аналар да топырлап ендi. Бөлмедегi мүлiктердi қолымен меңзеп:

–Әлгi сұраған құнды заттардың көмбесi бiзде жоқ. Бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн тұрып жатқан жайымыз бар. Ал мынандай көне жиһазды осындағы кез келген басшының пәтерiнен көресiздер, – дедi Гүлбаһрам.

– Демек тыққандарыңды өз еркiңмен көрсеткiң келмейдi ғой. – Сидоренко қос бүйiрiн таянып, өшi кеткен жандай тiстене сөйледi. Сол сәтте бұрыштағы телефон безек қақты. Сидоренко оның ұзын бауының жалғанған жерiн жұлып тастады да жанында тұрғандарға әмiр еттi. – Қане, iске кiрiсiңдер.

Олар бөлмелерге бөлiнiп, тiнтуге кiрiстi. Қабырғалық жиһаздың киiмдер iлiнген бөлiгiн ашып, қалталарын қарады. Тартпаларын ақтарды. Бiрiнен жинақ кiтапшасы шықты. Бескишков жерден жетi қоян тапқандай қуақылана жымиып Гүлбаһрамға: «Iздеген табады деген осы», –деп кiтапшаның бүктеуiн жазып, дауыстап оқыды. «Абай Әбдiманапұлы Көмекбаев 2740 сом». Салымға көңiлi толмады ма өңiнен күлкiнiң табы лезде жоғалды.

Гүлбаһрам:

–Бұл менiң марқұм анамнан қалған мұралық ақша едi. Соны ұлым Абайға 1981 жылы сыйға тартқанмын. Папасының еш қатысы жоқ.

–Бiз мұны әлi анықтаймыз. – Бескишков кiтапшаны костюмiнiң қалтасына салды.

Екi аяғы сырқырап, жанын жеген соң арқалы жұмсақ орындыққа тiзесiн бүктi.

–Тұр! – Өктем сөзден Гүлбаһрамның жүрегi зырқ еттi. Сидоренко ашуға булығып: – Шұлыққа тыққан ақшаңды тауып бермейiнше отырмайсың.

–Бес қыз, бiр ұл өсiрiп, тәрбиелеп отырған жандарда қандай басы артық тыққан ақша болады? Балам, менiң аяқтарым сырқат. Ұзақ түрегеп тұруға жарамайды. Анаңдай адаммын. Жанымды қинама.

–Тұр! – Сидоренко ақиланып ақырып жiбердi. –Бәлкiм осы отырған орындықтың астына жасырған боларсың. – Орындықтың арқалығынан ұстап жұлқып қалды. Гүлбаһрам мол денесiн әзер көтердi. Сидоренко орындықты төңкерiп, астыңғы жағындағы қаптама матаны жыртты. Еденге төселген кiлемдердi аударып тастады. Басқа бөлмелерден де тасыр-тұсыр көбейдi. Iздегенiн таппаған Сидоренко жынданып:

–Көмекбаева, азық-түлiктерiңдi қайда сақтайсыңдар? – дедi екiлене дауыстап.

–Үйдiң астыңғы қабатында.

–Жүр, көрсет.

Ол баспалдақ текпiшектерiнен ақырындап түскенше Сидоренко мен қасына ерткен екеудiң шыдамдары таусылды. Гүлбаһрам қолындағы кiлтпен есiктiң құлпын ашты. Тiнтушiлер бұрыштағы бос жатқан төрт-бес ағаш жәшiктердi аударып төңкердi. Тұла бойы мұздай терге шомған Гүлбаһрам жәшiктiң бiрiн өзiне ыңғайлап отыра бергенде Сидоренко құтырған иттей арс еттi.

–Отырма. – Жанындағысы жәшiктi теуiп жiбердi. Сидоренко: – Көмекбаева, тыққан ақшаң қайда? – деп тағы сұрады.

–Жоқ ақшаны мен сендерге қайдан тауып беремiн.

Қабырға сөресiндегi кiшiгiрiм шыны ыдыстағы ұн мен сондай ыдыстағы жарманы еденге төгiп, шашып қарады. Аяқ астына төселген тақтайлардың астаң-кестеңiн шығарды. Түк таппаған соң қағынып-сiлкiнiп жоғарыға көтерiлдi. Гүлбаһрам баспалдақтарға тоқтап-тоқтап, әупiрiммен жоғары қабатқа жеткенше аналар Әбдiманап Көмекбаевтың ордендерi мен медальдарын, облыс басшыларымен бiрге түскен фотосуреттердi, екi кiлемдi, ұзынша тоқыма төсенiштi, «Шарп» теледидарын, қабырғалық жиһаз бен қонақтық ыдыс-аяқтарды буып-түйiп сырттағы жүк автокөлiгiне артып та болған едi. Олар кетiсiмен Сәуле телефон желiсiн қайта жалғап Абайға қоңырау шалды.

Сол күнi мәскеулiк тергеушiлердiң басқа топтары Көмекбаевтың қыздары Сараның, Жадыраның, Балқияның және Ұлбосынның пәтерлерiне де ат басын тiредi. Чернышевский көшесiндегi Сараның пәтерiне тергеушi Л.В.Нестерюктiң тобы барып, қайта-қайта қоңыраулатып қоймаған соң көршi кәрия шығып: «Бұл пәтерде Көмекбаева деген заң қызметкерi тұрады. Күйеуi — Әбдiрашев ғалым. Олар жұмыстан кешке оралады» – дедi. Топ жетекшiсi кешiрiм өтiнiп, келген iздерiмен қайтуға мәжбүр болды.

Балқия Көмекбаева декреттiк демалыста едi. Қонаев бульварындағы 31 үйдiң 80 пәтерiне ұлты грузин жiгiтi бастаған топ келдi. Олар екi бөлмелi пәтердiң лезде апыр-топырын шығарды. Еңгезердей бiреуiнiң көзi Балқияның құлағындағы алтын сырғасы мен саусағындағы неке сақинасына түсiп, шешуiн талап еттi. Балқия: «Бұл сырғаны қайын ата-енем, ал жүзiктi жұбайымның өзi сыйлаған. Сондықтан бұларды сiздерге бере алмаймын», – дедi. Тiнтушiлер ыдыс-аяққа арналған жиһаздан «Мадонна» сервизiн жинастырып, картон қорапқа салды. Басқа да көзге көрiнетiн мүлiктердi тiзiмдеп, ендi пәтерден алып кеткелi жатқанда есiктен орта бойлы жiгiт кiрiп келдi. Бөлмелердегi бей-берекет шашылған заттарды, еркiнсiп жүрген бейтаныс жандарды, абыржып тұрған Балқияны көрiп, бiр сұмдықтың болғанын iшi сездi. Балқия оған мән-жайды қысқа түсiндiрдi. Көкiрегiн керiп жiберген ашуды зорға басып, сабырлы қалпына түстi. Грузин жiгiтiне өзiн осы отбасының қожайыны Марат Есжанов деп таныстырды.

–Мен осындағы «Главрисстройда» инженермiн. Зайыбым Балқия Химия-технологиялық институт тың оқытушысы. Екеумiздiң айлық табысымыз жаман емес. Iшiп жеуiмiзге,киiнiп-қыдыруымызға, мына сiздер әкеткелi тұрған дүние мүлiктердi сатып алуымызға жеттi. Бiз бұларды өзiмiздiң таза еңбектерiмiзбен жинадық. Өзiмiзше жеке отау тiгiп, өзiмiзше өмiр сүрiп жатқан жандармыз. Сондықтан бұлардың ешқайсысын да сiздерге тәркiлеуге жол бермеймiн. Өйткенi сiздердiң пәтерiмiзге баса-көктеп кiрiп, отбасы отанымызға осылай ойран салғандарыңыздың өзi заңсыздық.

Грузин сөзге тоқтады. Бәрiн де қалдырып, тобын бастап, есiктен шығып кеттi.

Қаланың «30 лет ВЛКСМ» көшесiндегi көп қабатты №4 үйдiң 4 пәтерiне тергеушi Сергей Николаевич Клещев бастаған топ келдi. Ұлбосын Көмекбаева сәбиi Асқарды ұйықтатып, түстiк ас дайындап жатқан. Жұбайы Бақыт Байботаев пен жақын қайын iнiсi Мұрат жастар тақырыбында қызықты әңгiмеге кiрiскен едi.Клещев:

– Ұлбосын Көмекбаева сiз бе?

– Иә, мен.

Ол өзiн таныстырды.

–Пәтерiңiзге тiнту жүргiземiз.

Әлдеқандай қорқыныш сезiм Ұлбосынның тұла бойын шарпып өттi. Сонда да iшiнiң қалтырағанын сездiргiсi келмей айбаттана сөйледi.

–Бiрiншiден, бұл менiң қайын атамның пәтерi. Ол кiсi заң қызметкерi. Екiншiден, тiнту үшiн прокуратураның санкциясы болу керек. Сiз әуелi маған соны көрсетiңiз.

Клещев алдында кесе көлденең тұрған оны қолымен бiр жақ бүйiрге қарай ығыстырып:

– Тыныш тұрыңыз. Бiз мiндеттi түрде пәтерiңiздi тiнтуiмiз керек. – деп жанындағыларға бұйырды.–Кiрiсiңдер! Қаралмаған қуыс қалмасын.

Тiнтушiлер бөлмелерге кiрiп, еденге тастап жатқан бұйымдардың тарсыл-тұрсылдары көбейдi. Ұлбосын:

–Сергей Николаевич, сiз заңды қорғайтын жансыз, ал неге оны бұзасыз?

–Сiзбен тәжiкелесетiн менде уақыт жоқ. Тыққан құнды заттарыңызды, ақшаңызды шығарыңыз.

–Жас отбасында не болады? Мен институтта оқытушымын. Ал жолдасым обком комсомолдың қызметкерi. Сiздер мына тұрмысқа қажеттiлерден басқа, қандай байлықты көксеп келiп едiңiздер?

–Сонымен келiспейсiз ғой. – Клещев езу тартып, мысқылдай сөйледi. – Қасарысып та бiздi тежей алмайсыз.

Ол қапталдағы тiнту жүрiп жатқан бөлмеге ендi. Қабырғаны бойлай тiзiлген кiтаптарға көз жүгiрттi. Таңданғандай басын шайқап:

–Осыншама кiтапты қалай жинадыңыздар?

–Атам Әлiпбек Байботаев прокурор. СССР Жазушылар одағының мүшесi. Бұлар сол кiсiнiң жинаған кiтаптары. Осы пәтердiң иесi де сол кiсi.

Клещев оған көкшiл көзiн сығырайтып сынай қарады.

–Пәтер атаңызға емес, сiздерге заңсыз берiлген.Оны тек бiз емес, бүкiл Советтер Одағы бiледi.

Оның бұл сөзiнiң төркiнi арыда жатыр. КПСС Орталық Комитетiнiң органы «Правда» газетiнiң меншiктi тiлшiлерi В.Логинов пен А.Петрушовтың 1985 жылдың 14 шiлдесiнде «Бетiмен жiберу неге апарады» («К чему приводит попустительство») атты сын мақаласы жарық көрдi. Тiлшiлер Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық партия комитетiнiң пленумынан есеп жариялай отырып, бiрiншi хатшы Асанбай Асқаровтың басшылықтағы iстерiн қатты сынға алған. Сондай-ақ, сөз арасында қармақтарына Ә.Көмекбаевты да iле кеткен.

«…Мысалы, обкомның Сауда-финанс органдары бөлiмiнiң меңгерушiсi Ә.Көмекбаевтың жөнсiз iстерi еңбекшiлердiң бiрқатар хаттарында көрсетiлген. Алайда сол дабылдар тексерiлген де жоқ. Дегенмен, Көмекбаевтың өзiн жауапты қызметке ұсынған облыстық партия ұйымының сенiмiн жеке басына пайдаланғаны тексерусiз де түсiнiктi едi. Бұл сенiмдi барлық игiлiктерге берiлген жолдама деп қабылдаса керек. Жеке үйi бола тұра, бiрақ бiрiншi хатшы А.Асқаровтың рұқсаты бойынша төрт адамнан тұратын отбасы онымен бiрге бiр үйден төрт бөлмелi пәтердi заңсыз алды. Және отбасын құрған өзiнiң үш қызын да пәтерлермен қамтамасыз еттi. Өзiн жазадан тысқары екенiн жете сезiнген Көмекбаев жан-жағын қамтып, өзiн-өзi осылай қорғаныш етуге тырысты. …Көмекбаев осыдан бiраз уақыт бұрын қызметтен босатылды. Партиялық тәртiппен қатаң жазаланды».

Клещевтың осыны меңзегенiн түсiнген Ұлбосын:

–Газет тiлшiлерi қателескен. Бақыт екеумiз өткен жылдың қараша айында тұрмыс құрдық. Ал қайын атам бұл пәтердi содан жарты жыл бұрын алған, – деп дәлелiн айтты.

–Кiм бiледi, сен күйеуiңмен осы пәтерде соған дейiн де бiрге тұрған шығарсың. – Клещев мырс еттi.

Оның бұл мысқылы Ұлбосынның жанына қатты батты. Ашынып сөйледi.

–Сiз ненi көкiп тұрсыз? Неге бiздi қорлап сөйлейсiз? Сiздерде болмаса, бiздiң мұсылмандарда ондай әдет, ондай салт жоқ. Мен сiзге анығын, ашығын айттым. Бұл пәтерге менiң әкемнiң еш қатысы жоқ. Ал сiздiң айтып тұрғаныңыз парасатты адамның сөзi емес.

Клещев та қатты кеттi.

–Қай жерде, кiмге қалай сөйлеудi мен сенен сұрамаймын. –Бет ауызы жыбырлап, шаншыла қарады. –Сендердiң сауаттарыңды ашамыз деп, басымызға пәле тiлеп алыппыз.

Бөлмелердегi тiнтушiлердiң дабырлап сөйлескенi, жиһаздарды күшке салып ары-берi сықырлата қозғағандары, еденге тасталып жатқан заттардың тасыр-тұсыры, төсекте ұйықтап жатқан Асқарды шошытып оятты. Шырылдаған сәбиiне Ұлбосын ұмтыла бергенi сол едi, Клещевтiң ызғарлы дауысы тежеп қалды.

–Тоқта! Орыныңнан қозғалма!

–Балам жылап жатыр. Емiзуiм керек.

– Жоқ! Әуелi жасырған алтын, күмiстерiң мен ақшаларыңды көрсет.

Әлгiден сабыр сақтап, үнсiз тұрған Бақыт Байботаевтың төзiмi таусылды.

–Сондай заттар мен ақшаны тауып алсаңдар сендердiкi-ақ болсын. Iздеңдер, – дедi қасақана.

–Иә, бiз iздеу үшiн келдiк. – Клещев қатар-қатар жиналған кiтаптардың қасына барды. – Амал нешiк, сәнiн бұзуға тура келедi.Қане, бұларда не құпия бар екен, ақтарып көрейiк. – Ол кiтаптарды бiрiнен соң бiрiн парақтап, төмен қаратып сiлкiлеп, еденге қалай болса солай тастап жатыр. Клещевқа орындықтарды төңкерiп, едендi аударып түк таппағандар келiп көмектестi. Негiзгi iздегендерi жоқ. Құрқол кеткiлерi келмей үй жиһазы мен оны-мұны ыдыс-аяқтарды тiзiмдей бастады. Клещев сол тiзiмге кiшкене магнитофонды да қостырды.

Бақыт:

–Магнитофон бiздiкi емес. Осында бiзбен бiрге тұратын туысым Досан Малдыбековтiкi. Ол қазiр жұмыста, – дедi. Клещев аппаратты iске қосып көрдi.

–Кiмдiкi екенiн бiз әлi анықтаймыз.

Ұзын бойлы тергеушi төрдегi жиһаз тартпасынан аз ғана заем жиынтығын шығарғаны сол едi Мұрат қолына жармаса кеттi. «Бұлар менiкi. Бұған Бақыт ағам мен Ұлбосын жеңгемнiң еш қатысы жоқ. Ауылдағы әкем мен шешем малдарын сатып, қыстық киiм ал деп берген».

Тергеушi Клещевқа қарады. Ол:

–Мұны да анықтау керек. Тiзiмге тiркет, – дедi.

Сәбидiң бөлмесiнен бiреу шықты. Қолындағы жинақ кiтапшасын Клещевқа ұстатып: «Үш мың сом салымы бар» – дедi. Клещев кiтапшаны ашып:

–Асқар деген кiм?

Бағанадан берi сәбиiнiң шырқырағанына жаны шыдамай, ет-жүрегi езiлiп тұрған Ұлбосын жұлып алғандай.

–Анау жылап жатқан балам, – дедi. – Мұны нағашы атасы ол өмiрге келген кезде арнап ашқан. Кәмелеттiк жасқа жеткенше тимеңдер деп едi.

–Қайсы атасының салғаны тергеуден соң белгiлi болады. – Клещев оны да тiзiмге алдырды да Ұлбосынға – Саусағыңдағы сақинаны шеш, – дедi зiлдi үнмен. Ұлбосын оның сазарған бетiне жирене қарап, әлдене айтуға оқталғаны сол едi Клещев киiп кеттi. – Қарсыласпай айтқанды iсте.

Сақина мен су жаңа әйелдер туфлиi де тәркiлендi.

Асқар жылауын қоймады. Шырқыраған үнiнен құлақ тұнды. Тiнтушiлер арасындағы бет-әлпетi кавказдықтарға ұқсайтын бiреудiң жүйкесi сыр бердi ме Клещевқа.

– Сергей Николаевич, баланы бұдан әрi қинауға болмайды. Мамасының емiзуiне рұқсат бер, – дедi. Клещев қинала келiстi.

Ұлбосын сәбиiн құшағына алды. Жан дүниесiнiң қатты күйзелiсiнен бе сүтi тартылып, бала бiразға дейiн уанбады. Тойына бастағанда ғана тыншыды.

Тiнтушiлер тәркiлеген мүлiктердi сыртқа тасыды. Ең соңынан шығып бара жатқан Клещевтiң жанындағы мұртты дәлiздегi Бақыттың жаңалау туфлиiн көрiп, iлiп алды. Соны байқап қалған Ұлбосын:

–Сiздер ойлағандай күйеуiмнiң жиырма пар жаңа аяқ киiмi жоқ. Концерт, театрға барғанда киiп жүргенi осы жалғыз пар туфлиi едi. Сергей Николаевич, сiздер үшiн бұл да соншалық құнды ма?

Клещев ыңғайсызданып, анаған қатулана қарады да, қалдыр дегендей ишарат бiлдiрдi. Мұртты туфлидi орнына тастай салды.

Олар дел-сал күй кешiп отырғанда телефон шылдырлады. Ұлбосын тұтқасын құлықсыздау құлағына тосты. Сәуле екен. Атасы Әбдiманапты тергеушiлердiң алып кеткенiн қинала жеткiздi. Ұлбосынның жүрегiне әлдекiм бiз сұғып алғандай шым етiп, өңiнен қаны қашып, сiлейiп тұрып қалды.

Бiрер сағаттан соң бәрi қарашаңыраққа жиналды. Гүлбаһрам көкiрегiн кере күрсiнiп отырып,болған жайды ұл-қыздарына баяндады. Ес жиып ақылдасты. Әне, мiне келiп қалар деп әкесiн түн ауғанша күттi. Алдамшы үмiтке құр малданған екен. Келмедi.

Ертеңiне Сара, Балқия, Абай, Ұлбосын Шымкент облыстық прокуратураға барып, СССР Прокуратурасының Аса маңызды қылмыстық iстер бөлiмiнiң аға тергеушiсi Владимир Иванович Калиниченкомен кездестi. Орта бойлы, жазық маңдай, қырықтың үстiндегi жан екен. Олар: «Бiздiң әкемiз қайда?», «Оның не жазығы бар?» «Әкемiздi абақтыда ұстауға болмайды. Бiр өкпесiн алдырған. Денсаулығы жоқ. Медициналық анықтама қағазы мiне», – десе де Калиниченко немқұрайдылау тыңдап, анықтамаға зер салмады.

–Көмекбаев науқас жанға ұқсамайды. Қазiр қылмысын анықтап жатырмыз. Сондықтан кездесу кейiнге қалдырылады. – Ол кабинеттен шығып кеттi.

Арада үш күн өткен соң байланыс жүйесi арқылы прокуратурадан хабар келдi.

«Шымкент қаласы, Ленин даңғылы, 20 «в» үй, 2 пәтер тұрғыны азаматша Г.Көмекбаеваға.

Сiздiң күйеуiңiз Әбдiманап Көмекбаев пара берiп, пара алғаны үшiн СССР Прокуратурасының тергеу тобы тұтқындағанын және Шымкент қаласынан этаппен алып кетiлгенiн хабарлаймын. Сiзге оның қай жерде қамауда ұсталатыны қосымша хабарланатын болады.

СССР Прокуратурасы тергеушiлер тобының тергеушiсi С.И.Клещев. 17.07.87 ж.».

Көрсетiлген уақыты өткен күндер есебiнен жазылған.

Сара облыстық прокуратурадағы таныстары арқылы әкесiн Алматыға аттандырғанын бiлдi. Қасына Балқия мен Ұлбосынды ертiп, астанаға да жеткен. Жасыл желекке бөленген қала көз тартып-ақ тұр. Бiрақ көңiл қошы жоқ жандарға әсемдiк те әсерсiз болады екен. Үш қыз әркiмдерден сұрастырып жүрiп, Республика прокуратурасының еңселi жайын да тапты. Үлкен көшеден үйге қарай бұрылғаны сол едi, есiгiнiң алдына сұр түстi «Автозак» келiп тоқтады. Кабинадан шыққан екi милиция қызметкерi асыға қимылдап, бiтеу биiк қораптың қапталдағы темiр есiгiн сықырлатып ашты. Iшiнен қолдарын артына қайыра ұстанған, үстiне қарадан киiм киген егде жан түстi. Қыздар қапелiмде сең соққан балықтардай естерiнен танып бөгелдi. Iле Сара: «Құдайым-ай, бұл бiздiң папамыз ғой!» –дедi, тынысы тарылып, қарлыққан үнмен. Балқия мен Ұлболсын: «Папа!.. Папа!..» –деп шыңғыра дауыстап, жан дәрменмен ұмтылды. Милиционердiң бiрi бұларға қарсы жүгiрiп, қос қолын жазып: «Тоқтаңдар!» – деп кесе көлденең тұрды. Әбдiманап елең етiп, дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Қарынан шап берген милиционер қатқыл үнмен: «Кiдiрме?» – деп есiкке қарай жұлқи итердi. Қыздардың құлағында оның iшке енiп бара жатып: «Елге сәлем айтыңдар!» деген сөзi қалды. Өзi жалт етiп, жоқ болды.

Балқия милиционерге: «Папамның, бiр жақ бетi көгерiп, қатты iсiптi. Ұрып-соққансыңдар-ау, сендер», –деп жасаураған көзiн сүрттi. Милиционер ештеңе естiмеген жандай бұрылып жүре бердi.

Сол күнгi тергеу Сидоренконың кезегi екен. Қыздар есiк көзiндегi кезекшi арқылы қайта-қайта өтiнiп қоймаған соң, ол Сараны ғана қабылдады. Аузында шылым. Көк түтiндi құмарта сорып, үрлеп шығарады. Көзiлдiрiк киген қабағының астынан тесiле қарап:

–Құлағым сiзде, – дедi.

–Бiздi папаммен кездестiрiңiз.

–Тергеу кезiнде болмайды.

–Папам екiншi топтағы мүгедек. Өкпесiне эхинокок ауруынан операция жасалынған. Денсаулығы түрменiң ауыр жағдайын көтермейдi.

–Түрмеде де дәрiгерлер бар.

–Тым болмаса жылы киiмдерiн берейiк.

–Қажетi жоқ.

–Адвокат жалдасақ ше?

–Тек тергеу бiтiп, айыбы мойынына тағылған соң. –Ол стол астындағы кнопканы басты. Кабинетке кезекшi кiрдi. –Азаматша Көмекбаеваны шығарып сал.

Қыркүйек айының басында СССР Прокуратурасынан Гүлбаһрам Көмекбаеваның атына бiр жапырақ қағазға жазылған хабар келдi.

«Сiздiң күйеуiңiз Көмекбаев Әбдiманап СССР Iшкi iстер министрлiгiнiң №4 тергеу изоляторында қамауда отыр. Мекен-жайы 107076. Москва қаласы. «Матросская тишина» көшесi, 18 «а» үй. Осы көрсетiлген мекен-жайға белгiленген тәртiп бойынша сiз күйеуiңiздiң атына қажеттi заттар – азық-түлiк, ақша салып жiберуiңiзге болады.

СССР Бас прокуратурасы Аса маңызды қылмыстық iстер бөлiмiнiң аға тергеушiсi В.И.Калиниченко. 26.08.87».

(Жалғасы бар).

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары