ХАЛЫҚ САЙЛАУҒА БАРА МА?

ХАЛЫҚ САЙЛАУҒА БАРА МА?

ХАЛЫҚ САЙЛАУҒА БАРА МА?
ашық дереккөзі
284

Сайлау көрiгi қызып тұр. Тiркеуден өткен жетi партия – «Нұр Отан», «Ақ жол», ЖСДП, «Ауыл», ҚХКП, ҚПП, «Руханият» сайлау кампаниясын бастап кеттi, жарнама жасап, үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзiп жатыр. Жұртты «Халық кiмге дауыс бередi?», «Не үшiн дауыс бередi?» деген сұрақ қызықтырады.<br>

Сайлау – жарыс. Сайлау – күрес. Сайлау – бәсеке. Дәл осы тұрғыдан қарасақ, билiк те, ешбiр партия, тiптi оппозиция да сайлауға халықтың жаппай қатысқанына мүдделi емес. Әркiм тек өзiнiң жақтастары ғана сайлау учаскесiне келгенiн қалайды. Әркiм өзiнiң бәсекелесiнен озып, Парламенттен көбiрек орын алғанын құп көредi.

Бәрiн сайлауға шақырған үндеулерi мен жарнамалық роликтерiне қарап, сайлау науқанының төрешiсi – Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) ғана халықтың сайлауға жаппай қатысқанына мүдделi сияқты. Шынтуайтында, олай емес. Өйткенi, ОСК-ның билiкпен iшкi бауы араласып кеткендiгi, әмiсе билiкке iш тартатыны туралы көп айтылады. Сондықтан «Сайлау учаскесiне халықтың көп келгенi билiкке тиiмдi ме, әлде оппозицияға тиiмдi ме?» деген сұрақ ОСК үшiн де маңызды.

Биылғы сайлау жаздың қызған шағында өткелi тұр. Күн ыстық, жұрттың көбi демалуға кетедi, бау-бақшасын күтедi, малға шөп, ошаққа отын жинайды – саясат туралы көп бас қатырмайтыны анық. Жылдың бұл мезгiлiнде үгiт-насихат жұмыстарын жүргiзу де қиын. «Альтернатива» актуальды зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пiкiрiнше, 18 тамызда сайлау өткiзу билiктiң көздеген мақсатын жүзеге асыруға қолайлы болып тұр. Билiк сайлау учаскесiне халықтың аз келгенiн қалайды. Сайлауға қатысатын адам неғұрлым аз болса, бұл жағдай – бiр адамды бiрнеше рет дауыс бергiзуге таптырмайтын мүмкiндiк. «Өткен жолғы сайлауда мұндай әдiс қолданылған» дейдi ол. Бiрақ бұл пiкiрге айтылатын уәж бар – кiмнiң сайлаушысы демалысқа кетедi, сайлауға қатыспайды? Өткен жексенбiде «31-телеарнада» болған сөз жарыста Патриоттар партиясының жетекшiсi Ғ.Қасымов: «Билiк сайлауды әдейi жазда өткiзiп отыр» деп «Нұр Отанның» өкiлi Қ.Келiмбетовтi айыптай сөйледi. Қ.Келiмбетов: «Кiмнiң сайлаушысының ақшасы бар, демалуға мүмкiндiгi бар, кiмнiң шамасы жоқ?» деген сыңайдағы сұраулы жауап бердi. Шынтуайтында да, кiмнiң сайлаушысы – билiк партиясының ба, оппозицияның ба, сайлауға қатысады, кiмдiкi қатыспайды – дөп басып айту қиын. Билiк тек мына факторды есепке алып отырған секiлдi. Билiк партиясының сайлаушылары – мұғалiмдер, дәрiгерлер, үлкен кәсiпорынның қызметкерлерi. Оларды әкiмшiлiк әдiстер арқылы дауыс беруге әкелуге болады. Ал басқа оппозициялық партияларға қиын болады, мүмкiндiгiнше көп күш жұмсауына тура келедi. Өйткенi, оларға да өзiнiң жақтастарының сайлауға көп келгенi дұрыс. Оның үстiне оппозициялық партиялардың аймақтық құрылымдары нашар, қаржылық және адами ресурстары жетiмсiз. Партия жетекшiлерi «әрi кеттi» дегенде облыстарға бiр рет қана барып қайта алады. Ал «Нұр Отанда» ондай проблема жоқ.

Сайлауға қанша халық қатысатындығы туралы ортақ пiкiр жоқ. Әлеуметтанушылар жүргiзген сауалнама нәтижелерi де ала-құла. Кейбiр мәлiметтерде «сайлауға құқы бар азаматтардың 75 процентi», кейбiрiнде «35 процентi» деп айтылады. Мұнда тек өткен сайлаулардағы мәлiметке жүгiнiп пiкiр түзуге болады. Бұған дейiн өткен Парламент сайлауының бiрде-бiрiнде бұл көрсеткiш 50 проценттен асқан емес. Тек ең соңғы саяси науқан – 2005 жылғы президенттiк сайлауда ғана халықтың саяси белсендiлiгi жоғары болды, сайлаушылардың 60 проценттен астамы дауыс бердi. Бiрақ бұған қарап «Жылдан-жылға халықтың саяси белсендiлiгi артып келедi» деп пiкiр түюге болмайды. Президенттiк сайлауды Парламент сайлауымен, Президенттiң қолындағы билiктi депутаттық корпустың өкiлеттiлiгiмен тiптi салыстыруға келмейдi. Бұл – аксиома ретiнде қалыптасқан, басы ашық мәселе. Сайлаушы мұны да есепке алады.

Бұл жолғы Мәжiлiс сайлауы пропорционалды негiзде, партиялардың өзара жарысы, бәсекесi, күресi түрiнде өткелi тұр. Бұл да халықтың саяси белсендiлiгiне керi әсерiн тигiзетiнi анық. Бұрын Мәжiлiс құрамының түгелге жуығы бiр мандатты округтардан сайланған депутаттардан жасақталып келдi. Әр округтан кем дегенде үш-төрт үмiткер саяси бәсекеге түсетiн. Әрбiр үмiткердiң артында сенiмдi өкiлдерi, қолдаушылары мен уағызшылары жүрдi. Олардың үгiт-насихат жасайтын нақты объектiсi, нақты территориясы, нақты сайлаушысы болды. Дауыс беруге үгiттеген насихат әрбiр сайлаушыға жеттi. Электоратты бұлайша оңашалап, бөлшектеп игеру сайлаудың саяси температурасын көтерiп, халықтың делебесiн қоздырды. Сайлаушыға да бәрi түсiнiктi болатын, көзбен көрiп, қолмен ұстай алатын объектiсi бар едi. Ол – «партия-абстракция» емес, аты-жөнi, кескiн-келбетi, өмiрбаяны бар нақты адам. Адам болған соң, оның ұлты, қазақ болса, руы, туған жерi, жасаған жақсылы-жаманды iсi болатын. Қашанғы бақталастық, бақастықтың айтағымен «Бiзден де бiр депутат шықсын» деп, рулық сезiмдi қоздырып немесе «Жақсы ма, жаман ба, әйтеуiр қазақ қой, соған дауыс берейiк» деген әсiреұлтшылдыққа салынып, қалыптасқан саяси көзқарасты тiзеге салып жiберген жағдайлар да болды. Осындай ұлтшыл, рушыл көңiл-күй талай адамды сайлау жәшiгiнiң алдына апарғаны да өтiрiк емес. Қазiр бәрi тiптi басқаша. Партияның аты болғанмен, оның туған жерi жоқ, нәсiлi, ұлты, руы жоқ. Осы және жоғарыда айтылған басқа да мәселелер халықтың саяси белсендiлiгiн төмендететiнi анық.

Парламент сайлауы мен жергiлiктi мәслихат сайлауының бiрге өтуiне қарап, «Халықтың саяси белсендiлiгi артады, сайлауға көп келедi» деушiлер бар. Бұл – ұшқары, тiптi негiзсiз пiкiр. Екi дос жiгiттiң үйлену тойын бiрiктiрiп өткiзгенге дөп келетiн арифметика сайлауға келгенде – жүрмейдi. Қазақы саяси дәстүр мұны талайдан берi дәлелдеп келе жатыр. Халықтың ең аз қатысатын саяси науқаны – мәслихат сайлауы. Бiрiншiден, мәслихат депутатына ешкiм үмiт артпайды. Өйткенi, оның қолында ешқандай билiк жоқ. Екiншiден, «Бәрiн, кiмнiң депутат болатын-болмайтынын әкiм шешедi» деген түсiнiк толық орныққан. Әкiмшiлiк ресурстарға сүйенген әдiлетсiздiк бүткiл билiк жүйесiнiң бойында бар. Бұл талай саяси науқанда халықтың сағын сындырып, саяси жiгерiн құм еттi. Қоғамда сайлауға деген сенiм жоғалды. Бұл – ұзаққа созылатын қоғамдық-саяси кесел. Одан 18 тамызға дейiн құлан-таза айығып шығуы мүмкiн емес.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшiм – ешбiр саяси партияның мүшесi емес. Бiрақ ол мiндеттi түрде сайлауға барып, өзi қалаған бiр партияға дауыс бередi. Оған қазақ ұлтының проблемаларына көңiл бөлетiн партия жақын. «Нұр Отанның» саясаты оған түсiнiктi, Ж.Тұяқбай басқаратын ЖСДП-ның да бағдарламасымен танысып шықты. Әзiрге өзiнiң саяси көзқарасын анықтаған жоқ. Қазiр «Ақ жолдың» бағдарламасын оқып жатыр. Бәрiн оқып, бәрiн түсiнiп, таңдау жасап, сайлауға барған сайлаушы – саяси позициясы анық, саяси ерiк-жiгерi берiк сайлаушы. Бiрақ ондай адамдар аз. Д.Көшiмнiң пiкiрiнше, олар электораттың 2-3 процентiн ғана құрайды. Сайлаушы психологиясымен қол үзбей шұғылданып келе жатқан философия ғылымдарының докторы, әлеуметтанушы Марина Сәбитова ондай сайлаушылардың саны үгiт-насихат жұмыстарын халықпен етене жүргiзгенде ғана арта түсетiнiн айтады. Мысалы, әрбiр үйге барған үгiтшi сайлаушыны әңгiмеге тартып, партия бағдарламасын қолына ұстата алса, сөз жоқ, оны оқиды. Әрине, мұнымен билiк партиясы шұғылданбайды. Өйткенi, сайлаушыға тез әрi тиiмдi ықпал ететiн құрал – телеарналар «Нұр Отанның» қолында, сайлаушының миына ақпараттық-идеологиялық экспансия жасауға мүкiндiгi мол. Сондықтан билiк партиясы әрбiр сайлаушының үйiне барып, кiшiрейiп, қиылып-өтiнiп жатуды жөн көрмейдi.

Сайлауға қатысатын адамдардың тағы бiр бөлiгi – «дәстүршiлдер». Олар – Кеңестер Одағының темiр тәртiбiне үйренiп қалған, орта жастан асқан адамдар мен зейнеткерлер. М.Сәбитова «дәстүршiлдердiң» қатарына Қазақстандағы диаспора өкiлдерiн де жатқызады. Оның ойынша, қазақтан басқа ұлттар сайлауға өзiнiң осы мемлекеттiң құрамында бар екенiн бiлдiру үшiн барады. Олар қазiргi билiкке, соның партиясына дауыс бередi. Мәселен, Қырғызстандағы «қызғалдақ төңкерiсi» кезiнде елдiң оңтүстiгiнде тұратын өзбектер А.Ақаев режимiн қолдаған. Олар әрқашан билiк жағында болды. Бұл пiкiрдi Д.Көшiм де қолдап отыр. Қазақстандағы диаспоралардың, әсiресе, орыстардың жағдайы қазақтарға қарағанда жақсы: дiнi мен тiлi шеттеу көрiп жатқан жоқ. Бәрi орыс тiлiнде сөйлейдi. Бұл – жұмысқа тұруға, бизнес жасауға қолайлы жағдай. Сондықтан олар қазiргi саяси жағдайдың өзгермегенiне мүдделi. «Электораттың бұл бөлiгi қазақтарға қарағанда өзiмшiл, саяси белсендi, енжар емес» дейдi Д.Көшiм. Мысалы, екi жыл бұрын Алматы қалалық мәслихатының босаған депутаттық мандаты үшiн Айнабұлақ округi бойынша қосымша сайлау өттi. Негiзгi бәсекелесушiлер «31-теларнаның» журналисi А.Гавченко мен жергiлiктi емхананың бас дәрiгерi едi. Бас дәрiгердi Айнабұлақтың әрбiр адамы танитын, жұрттың да оған ықыласы дұрыс болатын. Ал А.Гавченко – Бостандық ауданының тұрғыны. Айнабұлақ халқының басым бөлiгi – қазақтар. Бiрақ жеме-жемге келгенде, сайлау күнi қазақтар салғырттық танытты – дауыс беруге қатыспай қалды. Дауыс беруге қатысқан алты жүзден сәл ғана астам сайлаушы А.Гавченконы жеңiс тұғырына көтердi.

«Жаппай» демей-ақ қояйық, сайлауға белсендi қатысатындар – әкiмшiл бұйрықпен баратын сайлаушылар. Олар – мұғалiмдер, дәрiгерлер, бюджет саласы мен мемлекеттiк кәсiпорындардың жұмысшылары, әскерилер мен әскер қатарында азаматтық борышын өтеп жатқан жауынгерлер. Бұлардың қатарына олигархтық топтарға қарайтын үлкен кәсiпорындардың жұмысшылары да кiредi. Оларды «Нұр Отан» партиясы сайлаушыларының ядросы» десе де болады. Бiрақ оның бәрi «билiк партиясына дауыс бередi» деп кесiп айту қиын. Сайлау жасырын дауыс беру арқылы өтедi. «Иә, «Нұр Отанға» дауыс берем» деген уәдесiн алғанмен, сайлаушының бюллетеньге белгi соғатын кабинаның iшiнде қандай таңдау жасайтынын қадағалай алмайды. Әлеуметтанушылардың жүргiзген сауалнамасына жүгiнсек, «сайлауға қатысам» деген адамдардың жартысына жуығы өзiнiң саяси көзқарасын, қайсы партияға дауыс беретiнiн әлi анықтамаған. Саясаттанушы Д.Көшiм: «Мұның басым бөлiгi қазақтар болуы мүмкiн» деген болжамды жоққа шығармайды. Партиялар арасындағы басты талас осы электорат үшiн жүредi. Д.Көшiмнiң пiкiрiнше, ұлт мәселесiн анық әрi қорқасоқтамай көтеретiн партия ғана осы электораттың даусын алуы мүмкiн. Бұл – негiзiнен оппозицияшыл партиялардың объектiсi. Бiрақ дәл қазiр партия бағдарламасын, мақсат-мүддесiн түсiндiруге уақыт тар. Сондықтан бұл электораттың басым бөлiгi сайлау учаскесiне шешiмсiз келедi, таңдауды сайлау кабинасының iшiнде жасайды. Әлеуметтанушы М.Сәбитованың айтуынша, сайлаушылардың бұл типi партиялардың атауына, лидерлерiнiң беделi мен халық арасындағы танымалдығына қарап таңдау жасайды. «Ақ жол», «ауыл», «патриот», «рух» («Руханият» партиясы), «отан» сөздерi халыққа түсiнiктi, тiптi кейбiрi қазақ үшiн киелi ұғым. Дегенмен, «отанға» «нұр» сөзiн жалғау билiк партиясына деген әрi-сәрi көңiл-күйдi тiптi ортайтып тастады. «Нұр Отанның» атауына тек партияның айнымас ядросы ғана оң пiкiр бiлдiруi мүмкiн. «Ауыл», «патриот», «рух» сөздерi де сайлаушының делебесiн қоздырмасы анық. Өйткенi, бұл сөздермен байланысты партиялар тым әлсiз, халыққа танымал емес. Саяси науқандар аралығында белсендi қоғамдық жұмыс жүргiзген жоқ. Сайлауларда билiктiң ыңғайында болды. ЖСДП – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атауы сайлаушы үшiн тiптi түсiнiксiз. Социал-демократияның ненi бiлдiретiнiн жұрт бiлмейдi, бiлген күнде де көмескi, там-тұм ғана. Оның екi себебi бар. Бiрiншiден, партиялар бағдарламасына сай классикалық түрде саяси спектрге жiктелмеген – кiмнiң солшыл, кiмнiң оңшыл екенi белгiсiз, сондай-ақ бас пен жақты ажыратып жатқан ешкiм жоқ. Екiншiден, ЖСДП – жас партия, саяси аренаға шыққанына бiр жыл болды. Саяси құрылым ретiнде халыққа таныла қойған жоқ.

Саяси жорамал жасап, топшылау айтушылар бұл сайлауда бәсеке екiншi орын үшiн болатынын айтады. Яғни, «Нұр Отан» сөзсiз көп дауыс алады, бiрiншi орында. Ал екiншi орын үшiн бәсеке «Ақ жол» мен ЖСДП арасында болатынға ұқсайды. Бұл тұрғыдан «Ақ жол» әлдеқайда ұтымды позицияда тұр: бес жылдық тарихы бар; бұдан бұрынғы Парламент сайлауында демократиялық жаңғыру процесiнiң феноменi болды; қазақ қоғамы өзiнiң болашағын партия атымен байланыстырды; өткен президенттiк сайлауда партияның лидерi Ә.Бәйменов дәл сол «Ақ жолдың» туын көтерiп шықты; партиядан бөлiнiп шыққан «нағызақжолдықтардың» қысымына төтеп бердi, «Ақ жол» брендiн сақтап қалды.

М.Сәбитованың айтуынша, ЖСДП-ның атауына қатысты кезiнде ескерусiз қалған олқылықты қазiр партияның саяси технологтары түзетуге күш салып жатыр. Олар партия атын оның «беделдi-ау» деген лидерлерiнiң есiмiмен байланыстырып, шырмамақшы. Сайлау бюллетенi тiзiмiндегi ЖСДП-ны көзi шалған сайлаушының есiне Ж.Тұяқбай яки Б.Әбiлев түсетiндей етпекшi. Шындығында да, лидер мен партия атауын байланыстыру, бiрiн айтса, бiрi ойға оралатындай етiп тұтастырып жiберу, ассоциация жасау — өте ұтымды саяси технологиялық шешiм. Бiрақ бұл жерде жсдп-лық саяси технологтар екi нәрсенi ескермей отыр. Бiрiншiсi, ол партия лидерлерiнiң – Ж.Тұяқбай мен Ә.Қосановтың және оларға қосылған «нағызақжолдық» О.Жандосов, Б.Әбiлов пен Т.Жүкеевтiң принципшiлдiгi мен азаматтығы. Екiншiден, ЖСДП-ның саяси технологтары бiр нәрсенi және басты нәрсенi – сайлаушының тарихи жадын ескермей отыр. Сайлаушының басы өшiрiп тастап, қайта жазатын компьютер емес — бәрi есiнде. Жады көмескiленуi мүмкiн, бiрақ қызуқанды саяси науқан оның жадын жаңғыртып отырады. Бiр жапырақ сайлау бюллетенiмен бетпе-бет қалғанда ұлы мәртебелi Сайлаушы өзiнiң патша көңiлiндегi кесiмдi сөзiн айтады. Ол партияны емес, өзiнiң тағдырын – болашағын таңдайды.

Оразымбет ӘЛIМБЕКОВ,

“Спектр” сараптама орталығы

Серіктес жаңалықтары