YЛКЕН ТАРИХТЫҢ БIР ПАРАҒЫ

YЛКЕН ТАРИХТЫҢ БIР ПАРАҒЫ

YЛКЕН ТАРИХТЫҢ БIР ПАРАҒЫ
ашық дереккөзі
553

1916-ның зобалаңын көрген қарттар әңгiмесiн бiз де естiп қалғанбыз

Керей мен Жәнiбек iргесiн қалаған Қазақ хандығының ел тағдыры сынға түскен ауыртпалықты кезеңдердi басынан өткiзгенi белгiлi. Қазақ халқы ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай "мың өлiп, мың тiрiлдi…"

Жоңғардың қанды жорығын, Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтарының зұлымдығын, Қытай империясының жымысқы саясатын, Ресей патшасының отарлауын басынан өткердi. Кезiнде Ұлы Түрiк мемлекетiн құрып, дәуiрлеген ұлан-байтақ елiмiз ХIХ ғасырда Ресей империясының боданына айналды.

1916 жылы жаһандық Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста ауыртпалыққа тап болған, Ресей патшасы "Июнь жарлығын" шығарды. Жарлық бойынша 19-43 жас аралығындағы ер-азаматтарды майданның қара жұмысына алу көзделдi. Ер жүрек қазақ халқының намысына тиген бұл жарлық елiмiздiң барлық азаматын әбiгерге түсiрдi. Жарлық шығысымен оған қарсы әрекет күшейдi. Албан руының ер-азаматтары тегiс атқа қонды. Қарқара көтерiлiсiнiң басшыларының бiрi Жәменке Мәмбетовтың: "Берсек бала өледi, бермесек шал өледi. Бала өлгенше, шал өлсiн!", — деген ұранға айналған сөзi осы кезде айтылды. Патша өкiметiнiң қатал отарлауына қарсы ұлт-азаттық күресiне ұласқан бұл көтерiлiс, қазақ халқының әрбiр шаңырағын шарпып өттi.

Мен ендi сол жылдардағы бiздiң әулеттiң басынан кешкен оқиғаға тоқталмақпын. Кiшi Жалаңаш пен Қарабұлақтың ортасында "Жар тоған" деп аталатын арна бар. Мектепте оқитын кезiм, Мұстафа Жатықбайұлы атамыз баласы Серiк екеумiздi осы жерге алып келiп, құран оқып, артынан жылайтын. "Тәтемдi осы жерде орыстар атып кеттi. Сол кiсiнiң осы жерде қаны төгiлген", — дейтiн. Бiз ол кезде пионермiз. Павлик Морозовты үлгi тұтып жүрген кезiмiз. Қандай оқиға екенiне мән берiп түсiне алмадық. Мектепте Қазақстан тарихын үстiртiн оқытатын. Басты назар КСРО тарихына аударылатын.

1972 жылы ҚазМУ-дiң тарих факультетiне оқуға түстiм. Тарих қойнауына терең үңiле бастадық. 10 сыныпта оқып жүргенiмiзде тарихшы ағай Шамбылов Байдiлдә: "1916 жылы мына тұрған "Қырғын төбеде" қаншама адам қырылды. Сол жерде төңкерiлген қазанның астында қалып, Мәжбиевтiң әкесi Смағұл тiрi қалған. Рысбаевтың атасы Тұрғын Далашықта оққа ұшқан. Досымбековтың үлкен атасы Иманбердiнi Жартоғанда атқан" деген. — Мұғалiм үнсiз орнына отырды. Оқушылар Болат, Бейсенбай үшеумiзге қарайды. Сол кезде бiздiң жүрегiмiзде iштей намыс оты маздап жататын.

1916 жылғы көтерiлiстi терең зерттеу мақсатымен Мұхтар Әуезовтiң "Қилы заман" кiтабын қайта оқып шықтым. 1974 жылы көптi көрген көнекөз қария Сабаншы Бәшейұлынан бiраз нәрсенiң мән-жайын сұрап бiлдiм. Сабаншы ақсақал ол кезде ұзын бойлы, дөңес мұрынды, бiр көзiнiң ағы бар сексеннен асқан кiсi едi. Есте сақтау қабiлетi жақсы, оқиғаны қысқа және нақты айтатын.

Мен сұрақ қоямын. Ол кiсi жауап бередi.

— Иманбердi атамды қалай атқанын айтыңызшы?

— Е-е, қарағым-ай, ол бiр қиын-қыстау заман болды. Жасым жиырмадан асқан жiгiт кезiм. Жаздың ортасында ел бiр-ақ күнде дүрлiктi. Қазақтардан әскерге қара жұмысқа алады екен дестi. Ақ патша жарлық шығарыпты. Иманбердi Қарабұлақ өңiрiнiң старшыны едi. Таушелектiң старшыны Түркебайдың Абиыры болатын. Екеуi үлкен ақсақалдармен ақылдасып, бала бермеуге ұйғарады. Бiр күнi шабарман келiп, Иманбердi мен Абиырды Жалаңаштағы казак-орыс атаманы шақырып жатыр деген хабар жеткiзедi. Сатыдан Абиыр келiп, екеуi Жалаңашқа аттанып кетедi. Содан олар қайтып оралмады. Артынан iздеп барғандар: жолдан қосылған бiр адам (аты-жөнi белгiсiз Албан руының адамы) мен үшеуiн Жартоғанда казак-орыс атыпты деген хабар әкелдi. Артында шулап ел жұрты қалды. Жерлеуге сүйектерiнiң қайда екенiн ешкiм бiлмедi. Аласапыран заман басталды. Ер-азаматтар атқа қонды, Қарқарадағы көтерiлiске қосылды. Бейбiт халықты казак-орыстар аяусыздықпен жазалап, қырғынға ұшыратты. Елдiң астан-кестеңi шықты. Тiрi қалған адамдар тiршiлiгiн етiп, қыстан әрең дегенде көктемге iлiндi. Көктемде Шелекке (Далашелек) барған бiр адам: "Тәтемнiң шекпенiн бiр ұйғыр киiп жүргенiн көрдiм. Тiлдесiп тұрағын бiлiп келдiм", — дедi. Бұдан кейiн бiрнеше адам әлгi ұйғырды iздеп Шелекке барды. Жөн сұрағандарға әлгi ұйғыр жiгiтi: "Есiктен шыққан казак-орыс әскерi жүгiн артқан көлiктердi айдап, Жалаңашқа барған. Менi және екi-үш жiгiттi алып, үш-төрт орыс солдаты қырдан бiр адамдарды тосты. Келе жатқан үш салтты адам, мылтық кезеген қарулы солдаттарға тап болды. Солдаттар қазақтарға аттан түсуге бұйырды. Олар аттан түстi. Осы шекпеннiң иесi, шекпенiн төсеп, намаз оқыды. Қалғандары да сол кiсiден көргенiн iстедi. Үш дүркiн мылтық атылды… Бiзге өлгендердi жар астына көмудi бұйырды. Мен қасиеттi адам екен деп қан болмаған шекпенiн ырым етiп киiп алдым". Ұйғыр жiгiтi өзi көрген қанды оқиғаның мән-жайын толық айтып бердi.

Кейiн ұйғыр жiгiтi өздерi көмiп кеткен адамдардың сүйегiн тауып бердi.

Мiне, осылай 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiс жолында Еламанның үлкен баласы Шағамның Иманбердiсi, кiшi баласы Найманбайдың Абиыры казак-орыс атаманы алдында басын имей бiр күнде мерт болды.

Халқымыздың бiртуар перзентi Д.А.Қонаевтың жездесi, белгiлi революционер Айтжан Түркебаев туралы белгiлi жазушы Ж.Тұрлыбаевтың "Таушелекте туған жiгiт", — деген кiтабында Иманбердi мен Абиыр жайында бiршама айтылған. Абиыр — Айтжанның үлкен ағасы.

Сабаншы Бәшейұлы ақсақал әңгiмесiн осылай аяқтап, көзiне жас алды. Көкiрегiндегi шердi осылай сыртқа шығарды.

— Ата, Мұстафа атамның Жартоғанда неге жасығанын ендi түсiндiм, — дедiм мен.

— А-а, оның жылайтын жөнi бар. Әкесiнен жастай жетiм қалды Сенiң әкең Досымбектен бiр жас кiшi болатын. Екеуiн егiз қозыдай өсiрдi. Ел аралап келе жатқанда екеуi алдынан қатар жүгiретiн. Мұстафаны алдына алып, өз баласын артына мiнгiзетiн. Үйде оны оң тiзесiне, өз баласын сол тiзесiне отырғызатын.

Жарықтық ешкiмнiң ала жiбiн аттамайтын адал адам едi. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын үлкен молда да болатын. Досымбектi Қарақолда орысша хат танытып, одан кейiн Ақтиiн молдаға оқытты. Сол кiсiден бiлiм алып, Шәршiкен екеуi кейiн үлкен молда болды.

Жалаңаштан орыс ұсталар алып келiп, Жаманбұлақтан екi бөлмелi қима ағаш үй салғызды. Осы кiсiнiң шөбересi мен де тоғыз бөлмелi ағаш үй салдым. Бұл да бiр ұрпақ сабақтастығы болар.

— Ата, 1916 жылы патшаға қарсы Қазақстанның барлық жерi көтерiлiптi. Оны тарихтан оқып жатырмыз, — дедiм ақсақалдың әңгiмесiн қостап.

— Тарихыңды қайдан бiлейiн қарағым. Алғаш бiзге Албан көтерiлiп, Албан ғана қырылғандай көрiндi. Артынан естiп бiлдiк Дулат, Суан жалпы үш жүз қазақтары көтерiлiптi. Талай елбастар серкелерi мен боздақтарынан айырылыпты. Елiм деген талай ер азамат қазаға ұшырапты. Жандары жаннатта болсын! Ұрпақтарына Алла жар болсын! Әумин, — деп бетiн сипады.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов суреттеген "Қилы замандағы" Албан көтерiлiсiне өткен жылы 90 жыл толды. Бұл туралы көптеген зерттеулер жарық көрдi. "Қазақ тарихы" журналының былтырғы жылғы санында менiң кластасым, тарих ғылымының докторы Төлебаев Тұрғанжанның "Қызыл бөрiктер көтерiлiсi" — деген архив материалдары негiзiнде зерттеу мақаласы басылды.

Қарқарада Ойрантөбеге ескерткiш орнатып, көтерiлiсте құрбан болған боздақтардың тiзiмi жазылған тақта қойылды.

Өткен жылдың қыркүйек айында Қарқара көтерiлiсiнiң 90 жылдығы Райымбек ауданының орталығы Кеген селосында аталып өтiлдi. Алқалы жиында академик Кеңес Нұрпейiсов келелi сөз сөйледi. Кейiнгi ұрпақ ерлiк алдында тағзым етiп, өзiнiң перзенттiк парызын өтедi, аруақтарға арнап құран бағыштады.

Алайда, әлi де зерттелмеген, жазылмаған дүниелер жетерлiк. Мен соның бiр ғана тамшысын жазып отырмын. Алда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң анық-қанығы терең зерттелiне бередi деген ойдамыз.

Осы мақаланы жазуда ақыл-кеңес берген "Атамұра" баспасының редакция меңгерушiсi, курстасым Әдiлхан Пiрмановқа алғысымды бiлдiремiн.

Нұрлан ДОСЫМБЕКОВ, тарихшы

Серіктес жаңалықтары