Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ (соңы)

Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ (соңы)

Әбдiманап КӨМЕКБАЕВ (соңы)
ашық дереккөзі
366

Әбдiманап Көмекбаевтың өзi түрмеде жатса да, әйелi мен балаларына жүректен шыққан өнегелi сөзi жеттi. Сөз болғанда ше! Астары терең, ұлағатты сөз!

1989 жылдың 12 желтоқсанында Мәскеу Қырғыз Республикасының астанасы Фрунзеде (қазiргi Бiшкек) Асанбай Асқаров бастаған Шымкент облыстық партия комитетiнiң бұрынғы қызметкерлерiнiң үстiнен қозғалған iстi қарауды сол елдiң Жоғарғы Сотына тапсырды. Қырғыз Республикасы Жоғарғы Сотының мүшесi Найла Алимовна Ибрагимова бiр жарым жылға созылған сот қарауының соңына таман айыпкерлерге соңғы сөздерiн айтуға мұрсат бердi.

Әуелi сөз алған Лесбек Бекжанов Алматыдағы тергеу барысында болған жайды баяндады. Тергеушi Гаврилов: «Егер сен Әбдiманап Көмекбаевқа 5 мың сом пара бердiм деп жазып бермесең, анау жүктi қызыңды бұзақылардың камерасына отырғызып, масқарасын шығарамыз» деп ұрып-соққан соң, амалсыздан Көмекбаевқа жала жапқан едiм. Сол жалған көрсетуiм үшiн мен қазiр Әбдiманап Көмекбаевтан кешiрiм өтiнемiн», – деген.

Содан кейiн айыпкер Әбдiманап Көмекбаевқа сөз берiлдi. Ал мынау оның сол сөздерiнен үзiндiлер.

…1981 жылы КПСС ОК халыққа тұрмыстық қызмет көрсетудi жақсарту үшiн мемлекеттiк кооперативтiк сауданы жоспарлап, қаржыландырып дамыту мәселесiне үлкен мән бердi. Обкомдарда, өлкелiк партия комитеттерiнде, республиканың Орталық Комитеттерiнде сауда-қаржы бөлiмдерi құрылды. Сол жылдың мамырында обком партияның екiншi хатшысы Н.Г.Давыдовтың ұсынуымен КПСС ОК жаңадан ашқан бөлiмге меңгерушi болып бекiтiлдiм. Тап осы жерде айта кететiн бiр жай, бiрнеше рет қылмыстық iсi үшiн жазаланған Шәрiпов бетпе-бет кездесуде бұл бөлiмдi Асқаров пен менiң жеке пайдақорлық мақсатта ашты деуi бiздi жасамаған қылмысқа әдейi қаралап, жала жабу болып табылады. Асқаров өзiнiң жеке басының пайдасы үшiн Шымкент обкомынан осы бөлiмдi ашты деуi және тергеу тобынның «бәрiн де бiлемiн» деп көкiрегiн қағатын тергеушi В.Д.Бескишковтың оны қолдауы менi сол кезде де, қазiр де, таңқалдырды. Мен содан кейiн-ақ Бескишковтың партия құрылымы мәселесiнiң исi де мұрынына бармайтынына көзiм жеттi.

…Шәрiпов пен бетпе-бет кездесуден соң тергеушi Сидоренко менiң қарсылығыма қарамастан онымен бiрге конвоймен Қазақ ССР Прокуратурасының изоляторына жiбердi. Сидоренко мен Шәрiпов менiң екi тәулiк бойына нәр татпағанымды, ұйықтамағанымды бiлетiн. Жол үстiнде маған бутерброд ұсынды. Әуелгiде мен оны жеуден бас тарттым. Бiрақ Сидоренко алуымды талап еттi. Менiң конвойдан бутербродты алып, жей бастағанымды көрген Шәрiпов маған бутербродты конвой арқылы өзi бергенiн айтып, Тұрмысбек Ахметов жөнiндегi көрсетулерiн тергеуде мақұлда деп үгiттей бастады. Мен Шәрiповтың сол сөздерiн естiгенде бутерброд тамағыма тұрып қалып, қақалып-шашалып зорға дегенде түкiрiп тастадым. Одан сол көрсетулерiн не үшiн мақұлдауым керектiгiн сұрадым. Ол егер көрсетулерiн мақұлдасам, өзiнiң менiң үстiмнен тергеушiлерге берген арыздарын қайтып алатынын, бар айыптан құтылатынымды ескерттi. Мен үзiлдi-кесiлдi бас тарттым. Содан кейiн-ақ Шәрiповтың бәрiнде тергеушiлер секiлдi өз мақсат-мүддесiне пайдаланатын қылмыскер екенiне көзiм анық жеттi. Бұл олардың жұмыс тәсiлiнiң бiрi ғана.

…Ол кезде Давыдов облыстың сауда жағын қарайтын едi. Ол менi бөлiм меңгерушiсi етiп тағайындар алдында өзiне шақырып, осы қызметтi ұсына отырып, өзi екiншi хатшы ретiнде көмектесетiнiн, менiң мұны игерiп кететiнiме сенетiнiн айтты. Бұл iске Асқаровтың және өзiмнiң пайдақорлықты мақсат етiп келмегенiм анық. Соған дейiн обком партия секретариаты тарапынан ешқандай да кiнә тағылған емес. Бюро мүшелерi бұл қызметке менi бiр ауыздан бекiттi және сенiм артты

…Обкомның бiрiншi хатшысы Асқаров сауда саласында қанша қаталдық пен әдiлдiктi қадағалап отырса да хатшылар – Давыдов, Николаев, Черненко сауда бөлiмiн өздерiне қарату үшiн өзара iштей күрес жүргiздi. Олар саудада негiзiнен өздерiн ғана тыңдайтын кадрларды iрiктеумен айналысты. Бұл жағынан обкомның хатшысы В.С.Черненко ерекшелендi. Соңғы уақытта сауданы өзiне қаратып, өзi ғана қолындағы қаламымен жапон теледидарын, магнитофонын және азық-түлiктен еттi өзi бөлiп отырды. Сауда принциптерiн және қаржылық тәртiптi өрескел бұзды. Тiптен кейде олардың әрқайсысы өздерiнiң сенiмдi адамдарын ұстап, өз мақсаттарын iске асыруға дейiн барды.

…Сiздер менiң «қолдап, қорғаушым» санайтын Асқаровтан бюрода менiң жеке мәселемдi не үшiн, қандай кемшiлiгiм үшiн қарайтынын сұрағанымда: «Мәскеу комиссиясының және КПСС ОК сектор меңгерушiсi Н.Ф.Мищенконың талап етуiмен» деп ашығын айтты. Асқаров менен бюро iсiне дұрыс қарауымды талап етiп, өзi бюроға менiң жеке мәселемдi қарауға пәрмен бердi. Сонда Асқаровты менi «қолдап-қорғаушы» деп жүргендерiңiз осы ма?

Бюрода қызмет бабын жеке басына пайдаланған деген әдiлетсiздiк шешiммен менiң есеп кәртiшкеме жазылатын қатаң сөгiс жарияланып, қызметiмнен босатты. Бiрақ бюро мүшелерiнiң бiреуi де менiң қызметтен алынуымды құптап дауыс берген жоқ. Қайта не үшiн босатып, жазалауымыз керек деген сұрақ қойылды. Қызметiнде қалдырылсын деген ұсыныс та түстi. Бұған менiң «қолдап-қорғаушым» Асқаров: «Қалдыруға болмайды, босату керек. Мұны КПСС ОК-нен Н.Ф.Мищенко талап етiп отыр», – дедi.

…М.И.Алтуниннiң 1987 жылғы 6 тамызда СССР Прокуратурасына жазған арызы бойынша маған Алтуниннiң пәтер алу мәселесi жөнiнде обкомның бiрiншi хатшысы Асқаровтың қабылдауын ұйымдастырған және ол туралы жақсы пiкiр туғызған, сол үшiн Алтунин 500 жүз сом пара берген деген айып тағылды. Мен тергеулерде, 1987 жылдың 19 тамызындағы бетпе-бет кездесуде және СССР Прокуратурасына, XIX Бүкiлодақтық партия конференцияға, СССР Жоғарғы Советiне 16 қазан, 20 қарашада жазған өз арыздарымда және басқа да шағымдарымда Н.И.Алтуниннен пара алып, Алтуниннiң маған пара бермегендiгiн көрсеткенмiн. (54 т.,178-184 бб., 53 т. 10,44,83 бб. 54 т. 194,195 бб., 67 т. 60,68 бб.). Қазiр де осы сотта шын жүрегiмнен Н.И.Алтуниннен пара алмағанымды ақи-тақи мәлiмдеймiн. Бұл жала. Пара болған да жоқ. Және болуы мүмкiн емес. Асқаровтың келушiлердi кiргiзiп шығарып тұратын екi көмекшiсi, екi техсекретаршасы бар. Солардан басқа обком партияның барлық хатшылары және обком бойынша кезекшiлер келушiлердi өздерi де қабылдап, Асқаровтың қабылдауын да ұйымдастырып отырады.

…Асқаровтың мына көрсетуiне (45 т., 250 б.) назар қойыңыздар. «Маған Алтунин ведомстволық пәтерге заңсыз кiрiп алды» деп мәлiмдедi. Мен Алтуниндi шақырып, пәтердi босатуын талап еттiм. Одан : «Пәтердi алуға кiм рұқсат бердi?» – деп сұрадым. Ол: «Давыдов рұқсат бердi» деп айтты. Мен Н.Г.Давыдовты шақырдым. Ол ештеңе бiлмеймiн деп бас тартты. Мен Алтунинге пәтер босату туралы өз талабымды қайта қойдым. Ол пәтердi босатты. Ал ол басқа жаңа пәтердi қалай алды, оны бiлмеймiн. Мен Алтуниннiң менiң қабылдауыма ұмтылғанынан да бейхабармын. Алтунин мен Көмекбаевтың өзара келiсiмдерi туралы мен мүлдем бiлмеймiн. Қала бердi Көмекбаев соншама кiм едi?

…Егер Алтуниннiң көрсетуiне сенсек оны «қолдап-қорғаушы» Арғынбеков екен. Алайда көптеген қызметкерлер оны «қолдап- қорғаушы» Арғынбеков емес, обкомның екiншi хатшысы Н.Г.Давыдов екенiн жақсы бiледi. Ол өзi бағынышты Николаев және Черненкомен де жақсы қарым-қатынаста болды. Мен осының бәрiне сақтықпен қарап, олардан бойымды аулақ ұстадым. Давыдов оны қалаған уақытында қабылдады. Саяжайында жиi-жиi кездесiп тұрғанын да жұрт жақсы бiледi. Николай Иванович Алтунин осындай киттердiң қамқорлығында жүрiп, оның маған қалай күнi түседi? Николай Иванович, әрине сiздiң ондай қажетiңiз бола қойған жоқ. Сiз маған әдейi ойдан құрастырған жала жауып отырсыз.

…Тағы бiр дәлел. Сенiм хат арқылы еркiндiкте жүрген Алтунин тергеушi Сидоренконың сценариi бойынша Шымкенттен Мәскеуге келдi. Ол менi өзiнен және басқалардан пара алып, Асқаровқа бердiм деп мойындаған көрсету жазсаң мен секiлдi сенiм хатпен еркiндiкке шығасың деп үгiттей бастады. Николай Иванович, бұл Ю.Г.Сидоренко екеуiңiздiң iс-әрекеттерiңiз екенi есiңiзде. Сiз менi Қазақстан Компартиясы ОК бұрынғы бiрiншi хатшысы Колбиннiң сөздерiмен келiстiрмек болдыңыз. «Қазақстан Компартиясы ОК пленумында Колбин сөйлеген сөзiнде кiмдер өз кiнәсiн мойнына алып, мемлекетке келтiрген шығынын толық өтесе, Қазақстан Компартиясы ОК солардың бәрiн кешiрiп, тұтқыннан босатады». СССР Прокуратурасы В.И.Калиниченко мен Ю.Г.Сидоренкоға мойындап көрсету жазып берсеңiз сiздi мен секiлдi бостандыққа шығарады. Мен сонда Николай Иванович, сiзге өз сөзiңiзден бас тартып шындықты ғана айтыңыз деп едiм ғой. Әлi де кеш емес. Сiз «Әбеке, ойланыңыз» дедiңiз.

Құрметтi сот және төраға Алтуниннiң сондағы сөздерi менiң құлағымда әлi күнге ызыңдап тұр. Оның сондағы күлкiлi тұрпаты да қазiр көз алдымда. Оның үстiнде сұр пальто бар едi. Маған қарсы беттегi терезе жанында жаны ашығансып, өтiрiк қиналып отырды. Ал оның оң жағындағы стол басында отырған тергеушi Ю.Г.Сидоренко Алтуниннiң сөзiн естiмегендей кейiп танытты. Бұл әңгiме хаттамаға түскен жоқ. Сiздер екеусiздер. Мен жалғызбын. Ендi маған мұны дәлелдеу қиын екенiн де бiлесiздер.

… 1987 жылы 13 тамызда менi ұшақпен Мәскеуге алып келiп, рецидивист Стукалин мен қарақалпақстандық айыпкер К.Нұрымбетов отырған камераға орналастырды. Сонымен камерада екi қазақ және маған белгiсiз бiреумен тұрып жаттық. Бұл СССР Iшкi iстер министрлiгiне қарайтын №4 изолятор едi. Стукалин келген бойда маған Нұрымбетовтi партия қызметкерi екенiн, оны Гдлян бастаған тергеушiлер тобының тергеушiсi жауап алып жатқанын және оның парасатты жан ретiнде дұрыс көрсетулер берiп жатқанын, өзiнiң көмектесiп отырғанын айтты. Стукалин: «Тергеу кезiнде өзiңдi қалай ұстап жүрсiң? Қайдан келдiң, қандай iспен айыпталдың?»-деп сұрады. Мен өзiмнiң қайдан келгенiмдi және тергеушiлердiң қойған айыптарынан бас тартқанымды жеткiздiм. Бiздiң сөзiмiздi Нұрымбетов естiп тұрды. Стукалин маған РСФСР Қылмыстық iстер кодексiн оқуға бердi. Сосын ондағы баптарға түсiнiк бере келiп, мойындап көрсету беруiмдi ұсынды. Сол кезде Нұрымбетов менен мұндай жағдайда не iстеу керек деп сұрады. Мен тек қана шындықты айту керек дедiм. Менiң бұл айтқандарым Стукалинге ұнамады. Нұрымбетовтi тергеуге шақырып кеткенде Стукалин маған аузына келген былапыт сөздердi айтып, намысыма тидi. Ол жаман боқтық сөздер айтып қана қойған жоқ, аяғындағы тәпiшкеiсiмен, қолымен ұрып соқты. Сол сәттi ойлап, еске түсiрудiң өзi қорқынышты. Бар айыбым – мен оған өз қолыммен iстемеген айыпты мойындамаймын және мойындап көрсету жазып бермеймiн дегенiм. Мен де қарап қалмай, оған қарсылық көрсеттiм. Көп кешiкпей кезекшi менi басқа камераға ауыстыратын болды. Содан менi өзiн қарақалпақтық Абдулла Құдайбердиев деп таныстырған және нашақор Бахадүр Халиев отырған камераға жайғастырды. Ал олар маған не көрсетпедi. Оны бұдан бұрынғы сөздерiмде айтқанмын.

… Бұл Алматыда болды. КГБ-ның изоляторында менiмен бiрге Қ.Баекенов тұрды. Бiздi Қазақ ССР Прокуратурасында Сидоренко тергеп жатқан. Сол кезде В.И.Калиниченко келiп кiрдi. Оның үстiнде қоңыр түстi жеңi бар футболка бар едi. Ол менiң айыптан бас тартып отырғанымды бiлген соң «Бекерге қасарысасың, бiз сенi бәрiбiр мойындатамыз»дедi. Сiзге жоғарыдан, төменнен, бүйiрден қысқан кезде барар жерiңiздi таппай қаласыз. Сидоренко Калиниченконың көзiнше егер мен осы жерде мойындап көрсетуiмдi бермесем, онда Мәскеуге аттандыратынын, ондағылардың бәрi құтырынып тұрғандар екенiн ескертiп, ойлан дедi.

… В.И.Бескишков туралы мен сiздерге айтқанмын. Ал тергеу кезiнде В.Калиниченко, Н.Сидоренко, сондай-ақ кейiн қосылған В.Бескишков менi жеке-жеке тергеу барысында менi үнемi ату жазасымен және әйелiм мен балаларымды тұтқындаймыз деп қорқытып-үркiтумен болды. Солардың қорқытуымен және солардың сценариi бойынша камералас бұзақылардың ұрып-соғуымен солар жазған пара алып беру жөнiндегi көрсетулердi мақұлдамасқа шарам қалмады.

… Құрметтi төраға және халық заседательдерi. Мен сiздерге қазiр де айтамын. Мен А.Асқаровқа ешқандай да ақша бергенiм жоқ. Беретiн де ақша менде болған жоқ. Алдын-ала тергеуде мен жағынан және Асқаров жағынан көрсетiлген ақша көлемi басқа көрсетулермен еш сәйкес келмейдi және пара берудiң себептерi жазылмаған. Осының бәрi бiздiң еркiмiзден тыс В.Калиниченконың, Н.Сидоренконың, В.Бескишковтың қысымымен әрi жан төзгiсiз азаптаумен жазылған көрсетулер. Тергеушiлердiң солай қорқытуымен өздерi айтқан әралуан ақша көлемiн жазуға тура келдi. Оның бәрi де жала.

1991 жылдың 23-24 мамырында Қырғыз Республикасының Жоғарғы Сотының Қылмыстық iстер жөнiндегi сот коллегиясы Асанбай Асқаров бастаған топқа үкiм шығарды. Сот төрағасы Найла Алимовна Ибрагимова үкiмдi оқу кезiнде алдын-ала тергеу және сот процессi барысында 1978-1985 жылдар арлығында Ә.Көмекбаев қызмет бабын пайдаланып, 12600 сом пара алған деген уәжбен Қазақ ССР Қылмыстық кодекстiң 146 мен 147 баптарының екiншi тармақтарында көзделген қылмыстарды iстедi деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын күшейтiлген режiмдегi колонияда өтеуге үкiм шығарды.

1994 жылы 8 желтоқсанда Қырғыз Республикасының Жоғарғы сотының Президиумы олардың iстерiн қайта қарап, 1991 жылғы 23-24 мамырдағы шешiмдi жоққа шығарып, iстi қайта тергеуге қаулы қабылдады.

1995 жылы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы олардың қылмысқа қатысы дәлелденбегенiне байланысты №18/95467-88 қылмыстық iстi өндiрiстен алып тастау жөнiнде қаулы қабылдады.

Сөз соңы

Зейнеткер Дүйсенкүл Бопова естелiгiнiң соңында мына бiр жайды да айта кеттi. «Әбдiманап Көмекбаевтың ана жақтан елдiң iшiне оралған кезi. Бiр жолы көшеде кездейсоқ кездесiп қалдым. Есен-саулық сұрастық. Сөз ретi келген кезде «Әбеке, той-томалақтардан көрiнбейсiз. Сiздiң баяғы құлағымызға майдай жағатын әзiл сөздерiңiздi аңсап жүрмiз ғой», –дедiм. Ол күрсiндi: «Дүйсенкүл, әр нәрсе өз уақытында, өз жөнiмен екен ғой. Шынымды айтсам, бес-алты адамның басы қосылған жерге барғым келмейдi. Жұрт бiз туралы не ойлайды?», —деп күмiлжiдi. Ар-намысын ойлайтын жан ғой. Оны ойламайтын жанды да көрдiк. Түк болмағандай шалқақтап жүр. Мен: «Әбеке, сол көпшiлiктiң ортасында өзiм де жүрмiн. Сiз туралы, Тұрмысбек туралы бөтен сөз жоқ. Қайта сiздердi сырттарыңыздан құрметтеп отырады. Бұдан кейiн көпшiлiктiң қатарында болыңыз», –деп қолқа салдым. Еңсесi көтерiлiп, көңiлденiп қалды. Қоштасар сәтте үйге шайға шақырып едiм, Әбекең: «Шырағым, пейiлiңе рахмет! Бiр сәтi түскен күнi үйiңнен дәм татармын. Қазiр мына әкiмшiлiкте iстейтiн қызым Гүлжанға бара жатырмын. Жұмысы өте көп екен. Түстiк ас жеуге де қолы тие бермейдi. Мына бәлiштердi апарайын», –деп қолындағы пакеттi көрсеттi. Есейген қызын әлi сәбиiндей көретiнiне сүйсiндiм. Ұл-қыздарына шығарда жаны бөлек-ау деген ойда қалдым».

Түрмеде көрген азабы еркiндiкте жүрсе де iз-түссiз кетпедi. Ұлбосынға: «Қызым-ау, қазiр қай көшеде тұрғанымды ұмытып қалатын болдым»,-деген. «Папа, қалтаңа пәтердiң қай көшеде, қай үйде екенiн жазып, салып қойсайшы»,-деп Ұлбосын бәйек болды. Басына тиген соққылардың залалы екенiн iшi сезiп, жаны ауырады.

Әбдiманап Көмекбаев өмiрден өттi. Тағдырының тәлкегiне басын иген жоқ. Ар-намысын жоғары ұстап кеттi. Артында ұл-қыздарына рух, күш беретiн ұлағатты сөз қалдырды.

Ұлы Абай Көмекбаев әкесiнiң атын өшiрген жоқ, қайта асқақтатты. Оның туған жерi Қайтпас елдi-мекенiне әкесiнiң атындағы мешiт-медресе салып, жамиғаттың сауабын, алғысын алды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары