«SUPERSTAR. KZ» ПЕ, ӘЛДЕ «ӘЛЕМАРТ» ПА?

«SUPERSTAR. KZ» ПЕ, ӘЛДЕ «ӘЛЕМАРТ» ПА?

«SUPERSTAR. KZ» ПЕ, ӘЛДЕ «ӘЛЕМАРТ» ПА?
ашық дереккөзі
331

Осыдан бiр-екi жыл бұрын жер-жердегi, ел-елдегi таланттарды табатын, дарындарды iздейтiн бiр бағдарлама дүниеге келедi деген кезде, бәрiмiз бөркiмiздi аспанға атып қуанғанбыз. Есiмi – ағылшынша, тiлi – орысша болғанымен, iздегенi – қазақ болған соң, осыған тәбе дескенбiз. Қайдағы, басталғаннан-ақ, «көп ұлттылықты» насихаттауды паш еткен аталмыш бағдарлама көп ұзамай-ақ сырын бiлдiрiп алды.

Алғашында, рас «SUPERSTAR KZ» бағдарламасын сүйсiне тамашаламаған жан жоқ шығар. Бағдарламаның мақсаты да көрерменнiң көңiлiнен шығу болатын. Көпшiлiк жаппай жанталасып, қаракөз балаларына дауыс та берiп жатты. Өкiнiшке қарай, бағдарламаның соңы сиырқұйымшықтанып кеттi. Бүгiнде аты болмаса, заты елдi таң қалдырмайтын болды. Ал, жуырда ғана тұсауын кескен «ӘлемАрттың» жөнi бiр басқа. Басқа болатын себебi, ұлттық өнердi насихаттауында жатыр. Аты дәстүрлi өнердi насихаттайтынын паш етпесе де, iс-қимылы ұлттық дәстүрден алыстап кетпеген бұл жоба бар-жоғы екi-үш ай ғана өмiр сүрдi демесек, аз уақыт iшiнде өзiнiң ұлттық бояуымен, ұлттық нақышымен көрерменнiң есiнде қалғаны рас. Әрине, ұлттық дүниенiң аз болса да, саз болғаны қажет емес пе? ӘлемАрт та осынысымен құнды. Аталмыш жоба мамыр айының он бесiнде «Қазақстан» теле-радио корпорациясында тұсауын кескен болатын. Жобаның өмiрге келуiне арна себепкер болғанымен, демеушiлiк танытқан «ТұранӘлемБанкi». Мұндай әлеуметтiк жобаларға банктiң демеушiлiк танытып жүргенi бұл ғана емес.

Белгiлi өнер саңлақтары Сәуле Жанпейiсова, Қыдырәлi Болманов, Қарақат Әбiлдина, Абдулхамит Райымбергенов бастаған қазылар алқасы екi ай бойы республиканың түкпiр-түкпiрiн аралап, ел iшiндегi дәстүрлi әнге ден қойған жыршы-термешiлер, дәулескер күйшiлердi iздестiрiп, өнерлерiн тамашалап, қызу дода жасаған болатын.

Осы уақыт iшiнде қазылар әр облыстан бiр әншi, бiр күйшiден iрiктеп алып, үлкен додаға әкелiп, қосып жiбердi. Әр облыстан жиналған он екi өнерпаздың ақтық сынға соңында төртеуi ғана шықты. Екi әншi, екi күйшi. Бiрiнен-бiрi өтедi. Әсiресе, маңғыстаулық жас дарын Нұрым Асқановтың дауысында шек жоқ екен. 9-сыныптың оқушысының дауысына разы болған Ержан Қосбармақов Нұрымды өзi басқаратын Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжiне емтихансыз қабылдауды ұсынды. Асқақтата жыр төккен жас өреннiң үнiнен келешекте Ғарифолла Құрманғалиев сынды дауылпазды аңғарған болар, кiм бiлсiн?!

Жоба бойынша, дауысты көрерменнiң өзi бередi. Бiрiн жеңдiрiп, бiрiн жеңiлдiрiп, сайыста өнерпаздар да мәреге жеттi. Ең басты мәселе – Нұрымның жеңiп, Эльзаның жеңiлгенiнде емес. Мәселе – халықтың арасында әлi де болса, дәстүрлi өнерден алыс кетпеген жас таланттардың табылатындығында. «Бұлақ көрсең, көзiн аш» демей ме, елдiң арасында Нұрым, Абылай, Эльза, Алмас сияқты таланттардың тұсауы кесiлгендiгiнде. Әрине, мұндай дарындардың әлi де болса, елдiң арасында жүздеп табылатынына күмән жоқ.

Әр аптаның жұмасында телеарнадан тамашалап жүрiп, бiздiң де бұған көзiмiз жеттi. Қазылар алқасының мүшесi болған әншi Сәуле Жанпейiсованың пiкiрiмен айтқанда, «бидайды сабағынан айырғандай, бағын сынап келген балалардың iшiнен өнерлiсiн таңдап алу өте қиын болғаны» рас. Мүмкiн, көпшiлiктiң арасында дәстүрлi музыканың не екенiн түсiнбейтiндер де бар шығар. Халық әнiн эстрадаға салып, әннiң құдiретiн, қасиетiн сезiнбей жүргендер де көп. Аталмыш жоба осы тұрғыдан келгенде, халық үшiн дәстүрлi ән өнерiнiң, ұлттық дәстүрдiң құндылығын арттыра түспек. Шын дарынның талабын түсiрiп, байқаудың құнын өзiмiз төмендетiп алмасақ, келешекте бұл байқаудың ұзаққа шабатын түрi бар. Мұның жанында «суперстарлардың» жiп есе алмай қалатынын мойындауымыз қажет.

Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары