ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ: САН КЕРЕК ПЕ, САПА КЕРЕК ПЕ?

ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ: САН КЕРЕК ПЕ, САПА КЕРЕК ПЕ?

ГЕНДЕРЛIК САЯСАТ: САН КЕРЕК ПЕ, САПА КЕРЕК ПЕ?
ашық дереккөзі
265

Газетiмiздiң алдыңғы санында «Әйел пiр ме, күң бе?» деген мақала жарық көрген. Гендерлiк мәселе деп ушықтырып жүргенiмiздiң өзi саясаттың өзi ме деген ойымызға дәлел – бүгiнгi таңда саясатта бiлдей бiр ер-азаматтың қолынан келмейтiн iс тындырып, екiнiң бiрi шыға бермейтiн асудан аттап жүрген әйелдер бар. Қазақстанда жоғарғы лауазымды иеленген жетi әйел бар екен. Бұл аз ба, көп пе? Гендерлiк мәселенiң «майын iшкендерге» салсақ – аз. Себебi, олардың ойынша Үкiмет пен Парламенттiң елу пайызы – ерлер, елу пайызы – әйелдер болуы керек. Президент ер кiсi болса, премьер-министрдi әйел қауымынан таңдау керек. Ал сандық құрамға сай боламыз деп жүргенде, сапалық құрам шеттеп қалмай ма деген күдiк туындайды.

Ендеше, гендерлiк тепе-теңдiктi алға тартпай-ақ, мемлекеттiк саясатты өз қолымен жасап жүрген әйелдердiң имиджiне сараптама жасап көрсек.

Бiз бiлетiн, ел аузында жүрген, тәуелсiз Қазақстанның тарихында еркеккiндiктiлермен бiрдей өз мисиясының жүгiн көтерiп жүрген бiрнеше белгiлi төменетектi тұлғалар бар.

Айткүл Самақова. Гендерлiк мәселенiң «генералы». Ресмилеп айтқанда, Президент жанындағы отбасы және гендерлiк мәселелер жөнiндегi мемлекеттiк комиссияның төрайымы. 57-де. Екi жоғары бiлiмi бар. Сауда министрiнiң орынбасары, Сенат депутаты, Қоршаған ортаны қорғау министрi болған.

Айткүл Самақова өзiнiң шенеунiк екенiне қоса қазақтың келiнi екенiн мақтан тұтатын әйел. Баласы, екi немересi бар. Барша қазақстандық әйелдердiң жүгiн бiр өзi арқалап жүргеннен кейiн Самақованың әрi әйел, әрi саясаткер болмасқа, таразының екi басын тең ұстамасқа шарасы да жоқ.

Наталья Коржова. Биыл 49-да. Экономика ғылымдарының докторы. Қаржы министрлiгiнде қарапайым экономистен департамент басшысына дейiн көтерiлген.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi болып тұрған кезде аты шықты. Себебi оның министр болған тұсы – қазiргi зейнетақы реформасының жүргiзiлiп, Жинақтаушы зейнетақы қорларының құрыла бастағаны, халықтың жылдар бойы зейнетақы ала алмай, зар қағып жүрген кезi едi. Осы жылдары Коржованың аймақтарды аралап, зейнеткерлермен бетпе-бет кездесiп, Үкiмет саясатын қызғыштай қорғап, аузы-аузына жұқпай сөйлегенi есiмiзде қалыпты.

Наталья Коржованың күйеуi кезiнде лауазымды тұлға болып жүргенде iстi болып, он жылға сотталып кеткен М.Коржов. Қазiр ерлi-зайыптының қандай қарым-қатынаста екенi белгiсiз. Соның өтеуi көре ме, Коржова ханымның сыртқы келбет, пiшiнге көп мән беретiндiгi байқалады.

Зағипа Балиева. Он жылға жуық уақыт Орталық сайлау комиссиясының төрайымы болды. Жоғарғы Кеңестiң депутаты болып та үлгерген. Қазiр Әдiлет министрi. ОСК төрайымы болып тұрған кезiнде журналистер тарапынан көп сынға ұшыраған тұлға. Бiрақ 1999-дың, 2004-тың сайлауларын елдi дағдарысқа ұшаратпай өткiзген еңбегi «еленiп», өз алдына жеке министрлiкке қолы жеттi.

Биыл қырық тоғызға келген Балиеваның былайғы жұрт бiле бермейтiн тағы бiр қыры бар, ол – төрт баланың анасы.

Осыдан кейiн бiзде гендерлiк мәселе ушығып тұр деймiз-ау!

Гүлжан Қарағұсова. 57-де. Экономика ғылымдарының докторы. Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi. Бұған дейiн ауыз толтырып айтарлықтай iс тындырмаса да, бiр кiсiнiң мойнына артылған мiндеттi атқарып жүр-ақ. Әсiресе, 2008-2010 жылдарға арналған Тұрғын үй бағдарламасын талқылау кезiнде баспанаға мұқтаждарға жанашырлық танытқаннан кейiн оған көп журналистiң iшi жылып қалды.

Екi ұлы, бiр қызынан қазiр немере сүйiп отыр.

Үнемi жинақы жүредi, тартымды киiнедi. Депутаттардың сұрағына жауап бере алмай қалғанда, нағыз «әйелдiк» мiнезге басып, күлiп, әңгiме ауанын бақа жаққа аударып жiбергенге шебер.

Бiрғаным Әйтiмова. Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-вице-премьер. Бiлiм және ғылым министрi болғанға дейiн елеусiздеу лауазымдарда жүрген. Бiрақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейiн: «Сондағы қыздардың шашын жұлар едiм» деген бiр ауыз сөзiмен өзiне бiржола жағымсыз имидж қалыптастырғанымен аты мәлiм.

Сыртқы имиджiне селқос. Көбiне «жауын жаумай, су болып жүретiннiң» нақ өзi.

«Кто есть кто?» анықтамалығына Әйтiмова енбей қалған.

Әйтiмованың премьер-министр болуына Наталья Коржованың еңбегi айтарлықтай. Өйткенi, гендерлiк саясат және отбасы жөнiндегi ұлттық комиссиясының бiр отырысында Коржова премьер-министрдiң бiр орынбасарлығына әйелдi тағайындау туралы өтiнiш айтқан. Президент бұл өтiнiшке құлақ асып, әйелдерден Әйтiмованы вице-премьерлiкке бекiттi.

Бiрақ, әйтеуiр әйелдi премьерлiкке қояйықшы деп тағайындау …

Имиджиологтар әйел саясаткерлердi үш топқа жiктеп қарайды: оның бiрiншiсi – ер-азаматқа бергiсiз әйел, оның бiр мысалы — Ұлыбританияның аты аңызға айналған бұрынғы премьер-министрi Маргарет Тэтчер. Мұндай әйелдердiң киiм киiсi, жүрiс-тұрысынан әйелге тән тартымдылық пен сымбат көзге ұрса да, iс-әрекетiнде, саясаттағы мiнезiнде ерлерден қалыспайтын табандылық, қайсарлық пен батылдық танытады. Кейбiр сарапшылар, АҚШ-тың қазiргi мемлекеттiк хатшысы Кондолиза Райсты Тэтчердiң «iзбасарына» жатқызады. Мұндай әйелдер киiм киiсiнiң өзiн ресмилiктi сақтаудың бiр құралы деп түсiнедi және оны өзiнiң ерiк-жiгерiнiң мықтылығын байқату үшiн пайдаланады.

Саясатта табанды мiнезi мен әйелдiк сипатын қатар алып жүрген тұлғаларға Айткүл Самақова мен Зағипа Балиеваны жатқызуға болар.

Саясатта жүрiп, өзiнiң әйел екенiн ұмытып кететiн тұлғалар да болады. Германияның канцлерi Ангела Меркельдi осы топқа жатқызу мойындалса, бiз өз тарапымыздан бұл топқа Бiрғаным Әйтiмованы жатқызар едiк. Ангела Меркельдiң өз сыртқы келбетiне мүлдем көңiл аудармайтындығын сарапшылар оның священнiктiң қызына тән имиджге сай болғысы келедi деп топшылайды. Канцлердiң имиджмейкерлерi оны аз-маз болса да, опа-далап жағуға әрең көндiрген көрiнедi.

Бiрғаным Әйiтiмоваға да имиджмейкер жалдау артық болмас едi…

Ал өзiнiң әйел екендiгiн саясатта басты қару ретiнде пайдаланатын тұлғалар да болады. Латвияның президентi Вайра Вике-Фрейбергтi осы топтың «көшбасшысы» деуге де болар. Бұл әйелдiң сыртқы имиджiне тәнтi болғандар Ресейде тiптi, «Вайра Викенiң табынушылары» атты сайт ашқан. Әлемде бар-жоғы алты президент әйел болса, солардың iшiндегi ең көрнектiсi, ең сүйкiмдiсi (сыртқы келбетi жағынан) де – Вайра Вике-Фрейберг.

Ашық түстi киiм киiп, жарқырап жүруi жағынан Наталья Коржованы, Гүлжан Қарағұсованы осы топқа жатқызамыз.

Бiр қарағанда, бiзде өз «Маргарет Тэтчерiмiз» де, «Ангела Меркелiмiз» де, «Вайра Вике-Фрейбергiмiз» де бар. Ендеше, гендерлiк мәселе ақсап жатыр деп дабыл соғудың жөнi жоқ-ау.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары