ҚАЗАҚ ИНВЕСТИЦИЯСЫНА КIМ ЗӘРУ?

ҚАЗАҚ ИНВЕСТИЦИЯСЫНА КIМ ЗӘРУ?

ҚАЗАҚ ИНВЕСТИЦИЯСЫНА КIМ ЗӘРУ?
ашық дереккөзі
386

Елiмiзде оң шешiмiн таппай отырған сан алуан әлеуметтiк, саяси-экономикалық түйткiлдер мейлiнше қордаланып қалғанына қарамастан Қазақстан бизнес-қауымның соңғы күндерi таяу шетелдер мен өзге аймақтарда белсендiлiгiн күрт арттыра түскенi аңғарылады. Әсiресе олар таяу шетелдерде өздерiнiң бизнестерiн өрiстетуге құлшыныс бiлдiрiп жүргенiн көршi елдердiң мамандары мен зерттеушiлерi жиi айта бастады. Елiмiздiң кәсiпкерлерiнiң бұл қадамдарына соңғы жылдары мемлекетiмiздi Орталық Азияның тағдырына ықпал ететiн саяси ойыншыға, экономикалық көшбасшыға айналдырғысы келетiн Қазақстан билiгi ықпалын тигiзiп отырғаны сөзсiз.

Осы мақсат — Орталық Азиядағы көшбасшы болу Қазақстанға қаншалықты тиiмдi? Құдайы көршi болса да өзге елдердiң экономикасына инвестиция құйып, оларды гүлдендiру бiз үшiн пайдалы ма?

Осындай сандаған сұрақтарға бiржақты жауап беру мүмкiн емес. Әрине, Қазақстанның түркi халықтарының басын бiрiктiретiн мемлекет болуына отандастарымыздың ешбiрi қарсы бола қоймас, оның үстiне экономикалық әлеуетiмiз оған мүмкiндiк те бередi. Сөйте тұра, күш — байлықта емес, рухани айбында екенiн де ұмытпаған жөн.

Расы керек, Қазақстанның аймақтағы көшбасшы болғанын құптамайтын, өз елдерiндегi демократиялық реформалар мен дамуына, тұрақтылығына қауiп төндiрдi деп қараушылар да жетерлiк.

Қырғызстанның белгiлi саясаткерi Роза Отунбаева ханым отандық газеттердiң бiрiне берген сұхбатында Ош, Жалалабадтағы жағдайларды айта келiп, "облыстық әкiмшiлiктi басып алған басбұзарлардың кейбiрi өзара қазақша сөйлескендерiне куәлар бар. Қазақстан арнаулы қызметтерiнiң адамдары болуы ықтимал",— деген мазмұнда пiкiр айтып, күдiк туғызғанын ұмытпаған жөн.

Тiптi, 2005 жылы желтоқсанда Қырғыз Республикасы Президентi жанындағы адам құқығы жөнiндегi комиссияның төрағасы Тұрсынбек Ахун мырзаның да елiмiздiң кейбiр ақпарат құралдарының беттерiнде:

"…Рас, проблемалар бар, бiрақ бұл жаңа түйткiлдер емес, ескi өкiмет қалдырған қиындықтар. Бiрақ, бiз оларды шешу үстiндемiз және бiзге Назарбаев та, ешкiм де көмектесiп жатқан жоқ", — деп мәлiмдеме жасағаны да ұмытыла қойған жоқ. Көмектесу мәселесiн кiм бiлсiн, ал қырғыз революцияларының Қазақстанға қымбатқа түсiп отырғаны да рас. Биылғы көктемде айыр қалпақты бауырларымыздың экономикалық жағдайын оңдау үшiн Қазақстан 100 млн. доллар қайтарымсыз қарыз, оған қосымша ондаған мың тонна жоғары сапалы астық бердi.

Иә, Қырғызстан экономикасы кейiнгi жылдары аса ауыр жағдайды бастан кешуде. Осыған қарамастан олар "Дуананың көңiлi құртқа шабады, көжесiнiң қатығы жоқ" дейтiн тәкаппар күйдi бастан кешетiнi қарапайым көзге де айқын аңғарылады. Өткен көктемде Халықаралық валюта қоры (МВФ) мен Бүкiләлемдiк банк Қырғызстанда реформалар өздерi ұсынған жүйе бойынша жүргiзiлсе, алған несиелерiнiң жартысын кешiруге уәде еткен болатын. Бiрақ, қырғыздар халықаралық ұйымдар ұсынған реформалар "азат басты құл қылады" деп, одан үзiлдi-кесiлдi бас тартты.

Ал қырғыздардың сыртқы қарызы аз ақша емес. 2 млрд.доллар! Бұл дегенiмiз 5 млн.тұрғыны бар Қырғызстандағы Iшкi жалпы өнiмiнiң 80 пайызын құрайды және оны қайтару үшiн әрбiр азамат — еңкейген кәрiден бесiктегi жас сәбиге дейiн 400 доллардан жинауға тиiс. Соның 1 млрд.долларын қысқартуға келiспеген қырғыздар биылғы жылғы төленуге тиiстi 76 млн.долларды адамдардан жинау үшiн Ұлттық банкiде арнайы халықтық шот ашып отыр. Онда жұрттан ақша, әйелдердiң әшекей заттары да қабылданбақшы. Бiр сөзбен айтқанда, әрбiр қырғыз азаматы 15 доллардан жинаса жетiп артылмақ.

Мiне, осындай тұйықтан шығу үшiн Қырғызстан билiгi өздерi осыған дейiн жекешелендiруге түбегейлi қарсы болып келген гидроэлектр станциялары мен ұлттық жоғары вольттi электр жүйелерi секiлдi стратегиялық нысандарға жаңаша қарай бастады. Әзiрге «Тоқтоғұл» гидроэлектр станциялар тiзбегi туралы сөз қозғала қоймағанмен, құрылысы ұзақ жылдарға созылып, аяқталмай қалған Қамбарата ГЭС-iн және Бiшкек ТЭЦ-iн жекешелендiруге жол ашқан арнаулы заң қабылдап отыр. Қамбарата ГЭС-iн толық пайдалануға беру үшiн 2,5 млрд. доллар қаржы керек. Оның үстiне бұл гидроэлектр станциясының салынуына көршiлес өзбектер мейлiнше қарсы. Сөйте тұра бұл жобаға қазақстандық инвесторлар да белсендi түрде қатысуға тиiс деп күтiлуде. Бұл мәселе қалай шешiлген күнде де көршiлес ағайын елдердiң арасына айтарлықтай сызат түсу қаупi бар. Бiздiң елiмiздiң оппозиционерлерiнiң мәлiмдеуiнше, Қазақстаннан жылына 5 млрд. доллар көлемiндегi қаржы заңсыз сыртқа әкетiлетiн көрiнедi. Егер бұл шындық болса, онда бiздiң алпауыт инвесторлар осы ақшаның есебiнен немесе офшорлық компаниялардың көмегiмен аталмыш ГЭС-тi жекешелендiруге қол жеткiзуi ықтимал. Шет елдерге инвестиция құюдың жолдары сан алуан. Таяуда қазақстандық «Capital Partners» компаниясы Түркияның аса iрi туристiк жобасына 1,5 млрд.доллар көлемiнде қаржы құюға шешiм қабылдағаны мәлiм болды. Олар Түркияның оңтүстiк шығысында мыңнан астам үй және бес қонақ үйiн тұрғызбақшы.

Мұның бәрi бизнестiң пайдалылығы тұрғысынан дұрыс та шығар. Өкiнiшке қарай, елiмiзде мыңдаған елдi мекендер мен ауылдардың шаңырағы құлап, ондаған шағын қалашықтардағы үйлердiң бiразы қирандыға айналған қазiргiдей күрделi уақта осыншама қомақты қаржының өзге елдiң игiлiгiне, туризмi онсыз да жоғары дамыған Түркияға жұмсалатыны қынжылтады. Бұл қомақты инвестиция Қазақстанда туризмдi дамытуға көбiрек қажет екенi аян.

Дау жоқ, жекеменшiк компаниялар мен банкiлер өз қоржынындағы ақшасын қайда, қалай жұмсауды өз ықтиярларымен шешедi, ең тиiмдi сала мен экономикалық тұрғыдан өзi тез ақтайтын нысандарға инвестиция құюға қақылы, дей тұрғанмен ежелден келе жатқан "әуелi өзiңдi, сосын жақын-жуықтарыңды, артылса көршi-қолаңды жарылқа" деген ғибратты ұмытуға бола ма?!

Әлде елiмiзде өздерiн мейлiнше жарылқап болған, "Форбс" журналындағы ең бай адамдардың тiзiмiне қосылған алпауыттардың Қазақстанға еш қатысы жоқ шығар, олар қазақстандықтарды жақыны, отандастары ретiнде бағаламайтын шығар?! Оған да таңданар түк жоқ, күтпеген жерден жаңа байығандарда ақша, мен алтыннан басқа жақын, еш ардақты нәрсе жоқ деседi ғой.

Биыл жылдың басында Үкiмет билiгiне келген премьер-министр Кәрiм Мәсiмов мырзаның соңғы айларда сыртқы саясатта аса белсендiлiк таныта бастағаны да құпия емес. Ол Қазақстанның бизнес қауымдастығын алыс және таяу шетелдерде белсендi түрде әрекет етуге үнемi үгiттеп жүр. Әрине, ол Үкiмет басшысы ретiнде әрбiр iсте Президенттiң қолдауына толықтай ие болатыны ә, дегенде-ақ ашық мәлiмденген едi. Осындай карт-бланшқа ие болған К.Мәсiмов сыртқы экономикалық iс-шараларда шешiмдi қадамдар жасай бастады. Екi жұмадай уақыт бұрын Өзбекстанға iскерлiк сапармен барған Қазақстан Үкiмет басшысын Ташкенттегi Ақсарайда Өзбекстан президентi Ислам Каримовтың өзi қабылдауы өзбек бауырларымыздың қазақстандық инвестициялардан дәмелi екенiн де дәлелдедi.

Қазiр бұл елде қалыптасып отырған жаңа саясатқа қарағанда, Өзбекстан бұл уақытқа дейiн мемлекет меншiгiнде болған iрi кәсiпорындарды бiрте-бiрте жоспарлы түрде жекешелендiрмек сыңайлы. Ресми деректерге қарағанда, бұл елде қазақстандық инвесторлар қатысқан 96 кәсiпорын, оның iшiнде 4 бiрлескен 48 iрi кәсiпорындар жұмыс iстеуде. 2007 жылы бiздiң елiмiз Өзбекстанның сауда-экономикалық әрiптестерi арасында екiншi орын алды. Қазақстанның жалпы үлесi 10 пайызды құрайды. Ал бiрiншi орындағы Ресей — 28 пайыз, үшiншi орындағы Түркия — 6,5 пайыз.Экономикасы қиын жағдайдағы Өзбекстан жалпы инвесторларды, әсiресе Қазақстанның кәсiпкерлерiн құшақ жая қарсы алуға даяр. Ел президентi Ислам Каримов таяуда арнайы Жарлық шығарып, жүздеген өндiрiс ошақтары мен аяқталмаған құрылыстарды жекешелендiруге рұқсат еттi. Бұдан былай бұл елде де нарықтық қатынастар мен экономикалық реформалар шын мәнiнде жүзеге асырылғалы отыр. Алайда, Өзбекстанда бiр кездегi бiздiң елдегiдей жекешелендiру жапатармағай, заңсыз жүргiзiлiп, аса iрi нысандар ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетпейдi. Керiсiнше бәрi де жобалаған негiзде, салқынқанды түрде жүзеге асырылмақ. Сондықтан да бiздiң елдегi "Ай" дер ажа, "қой" дер қожа жоқтығына" үйренiп, еркiнсiп алған кәсiпкерлерiмiз бұл елде үлкен қиындықтарға тап келуi ықтимал. Талап қатал, тәртiп мығым!

Дегенмен, қазақстандық инвесторлар Андижандағы табысты жұмыс iстеп тұрған "Uz-Daewoo Auto" зауытына әлден-ақ көз тiгуде. Бiр таңданарлығы, өз елiмiздегi "Шкода" автокөлiк құрастыратын зауыттың iсi алға баспай отырғанда басқаның автозауытына нелiктен көз салғандары түсiнiксiз-ақ.

Премьер-министрдiң белсенделiгi Шығыс Қашаған кенiшiнiң тағдырына байланысты мәселеде де аңғарылған. Жобаның операторы итальяндық Agip KCO компаниясының басшылығы биылғы жылдың 29 маусымында мұнай өндiру жұмысы кешеуiлдейтiнi және жобаның құны бұрынғыдан қымбаттайтыны жөнiнде хат жолдады. Жасырары жоқ, кен игеру мезгiлiн олар бұған дейiн де бiрнеше рет кейiнге шегерген және қымбаттатқан-ды. Қазақстан Үкiметi ол кездерi келiсiп, бас шұлғыған.

Бұл жолы К.Мәсiмов мырза Agip-тiң басшылығына ақпарат құралдары арқылы мәлiмдеме жасап: "Келiсiм шарттардың мерзiмiнiң өзгертiлуi келiсiмшарттың өзiнiң өзгертiлуi болып табылатындықтан компания басшылығына ескертемiн, бiздiң әрекеттерiмiз де осыған пара-пар болады", — деп қатаң, табанды ұстанымын танытты. Бiр сөзбен түйiндегенде, Қазақстан тарапы әу бастағы келiсiмдi бұзуға қақылы әрi одан «кетәрi» емес секiлдi.

Осылайша жаңа құрамдағы үкiмет тұсында Қазақстан кәсiпкерлерi жан-жағымыздағы елдердiң бәрiне инвестиция құюға даяр. Белсендi түрде әрекет етуде. Тiптi, таяу жылдарда шетелдерден 1 млн. қосымша жұмыс күшiн шақыртуға да бел байлап отыр. Таяуда бiр топ зиялы қауым өкiлдерi осы мәселеге байланысты Қайрат Келiмбетов мырзаның атына ашық хат жариялады.

Қазақ ауылдарындағы жүздеген мың адамдар жұмыс таппай, жер шұқып отырған шақта мұншама адамдарды шеттен әкелу жоспарланғанының өзi мүлдем түсiнiксiз. Елiмiзде балабақшалар, мектептер де жетiспей жатқанда, жүздеген мектептердiң құр аты ғана боп тұрғанда, өндiрiс орындары белсендi жұмыс iстемейтiн уақытта шетелдердiң экономикасын дамыту, оларға инвестиция салу Қазақстанға тиiмдi деу адасқандық. Ол ол ма, осыған дейiн заңды-заңсыз байыған бiрқатар қазақстандық кәсiпкерлер жабайы капитализмге әбден бауыр басып, соның сорақы әдiстерiн қолданудан, ашкөздiктен арыла қоймаған болар. Ондай жағдайда әлгiлер бұл iстерiн көршi елдерде де қайталауы ықтимал. Шындықты мойындау керек, көршiлерiмiздiң бiразы қазақтар сияқты жуас, қой аузынан шөп алмайтын момын емес, қызба, содырлау. Олар қазақ кәсiпкерлерiнiң қылығына бас шұлғи бермеуi мүмкiн. Тату елдердiң арасы шиеленiсiп кетуi ықтимал…

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары