АБАЙДЫҢ ДIНИ НАНЫМЫ МЕН ТАНЫМЫ

АБАЙДЫҢ ДIНИ НАНЫМЫ МЕН ТАНЫМЫ

АБАЙДЫҢ ДIНИ НАНЫМЫ МЕН ТАНЫМЫ
ашық дереккөзі
468

Бiр ұлттың өз дiнiне сенуi, оны құрметтеп түсiнуi сол ұлттың еркiндiгi мен ұлттық рухының, дүние тануының қаншалық екенiн өлшесе керек. Дегенмен дiнге табынып, құлшылықтан көз жазбай, ғибадат орнынан шықпай қою еркiндiк пен рухтың баянды жемiсi бола ма, болмай ма? Бұл жағынан дiндi насихаттау немесе оған табынудың өзiндiк өлшемiн жасау мәселесi көп адамдарды толғандырса керек.

Дiндiк еркiндiгiмiз қалпына келген бүгiнгi таңда әлi де баяғы коммунистiк көзқарастан арыла алмай келе жатқан адамдар да аз емес. Ендеше не iстеу керек? Бүкiл қоғам болып дiндi өз мәнiнде — Ислам қағидалары бойынша бiржолата сiңiрiп әкету, ендi ғана ес жиған елге ауыр тиюi де мүмкiн. Олай болса, жаны мен тәнi үйiрлесiп болмаған ұрпақты бiртiндеп тәрбиелеу парызы баршамыздың мойнымыздағы ауыр жүк. Менiңше, ең әуелi Абайша дiндiк нанымда болу бұл мәселеге толық жауап бередi деп ойлаймын. Абай шығармаларын жалпақ қазақ елi бiржолата қабылдап кеткен жоқ. Оның да өзiндiк кедергiсi болды. Бiрақ, уақыт бәрiн көрсеттi — Абай ұлы тұлғаға айналды. Абайдың дүниетанымына тоқталғанда кешегi Құнанбайдың "аузына сөз салғанымыз" сияқты, ол ешқашан дiнсiз немесе орыс болып кеткенi жоқ. Олай болса, Абай дiн мәселесiне қалай қарады? Оның дiндiк нанымы мен танымы қандай болған?

Абай жасаған ХҮIII ғасырдың соңғы жартысы қазақ даласына Ислам дiнiнiң бiршама кең таралған мезгiлi болып, әкесi Құнанбай Өскенбайұлы Мекке, Мединеге барып хажылық атақ алған, аса беделдi аға сұлтан едi. Бұл дәуiрде көшпелi қазақ сахарасындағы ақсүйек әулеттерi түгелiмен арнаулы ұстаз ұсыныс етiп, балаларына дiн оқуын үйрететiн. Оқу жасына жеткеннен бастап Абай да өз үйiнде ауыл молдасынан осы дiн оқуын оқыды. Сегiз жасар Абайдың оқуға деген зеректiгiн байқаған көреген әкесi оны Семей қаласына апарып, әуелi Ғабдулжаппар деген молданың тәрбиесiне бередi. Бұл молданың қарамағында екi жылдай болып, мұсылманша бастауыштық бiлiм алады. Бұдан кейiн он жасар Абай бiр басқыш жоғары дәрежедегi оқу орны — мешiт жанындағы дiни медресеге түседi. Осы медресе имамы Ахмет Ризаның қарауында үш жылдай болады. Бұл медресе жүйеден дiн жолын қуған оқу орны болатын. Абай бұл медресе оқуын да үздiк меңгерiп, ерекше көзге түстi. Ислам дiнiнiң ереже-заңдарын, иман шарттарын кезiндегi көп молдадан әрi терең, әрi көп игерiп жеттi.

Жасынан ұғымтал жас жеткiншек айналасындағы күллi тiршiлiкке сын көзбен қарап, өмiрдiң қатпарлы сырларын бiлумен бiрге бос уақыттарында Низами, Науаи, Фирдауси секiлдi Орта Азия және Әзербайжан халықтарының шығармаларын оқи жүрiп ой елегiнен өткiздi. Абайдың ендiгi өмiрi өзiнiң жүрек қалауы бойынша қоғамдық ортада туылып жатқан алуан әлеуметтiк жұмыстар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, қайшылық сынды күрделi дүниенi тануға үңiлдi. Сөйтiп, оның өмiр тануымен өзiндiк дiндiк идеясы да қалыптаса бастады.

Мейлi қандай ақын, я жазушы болсын әрқашан өз шығармасына өз идеясын сiңiрiп, өзiнiң сезiнген, бiлген, қорытқан өмiр логикасын, философиясын бiртiндеп дәлелдеп отырады. Құдды сол секiлдi Абай Құнанбаев та өз шығармаларында өз танымын, идеясын, көзқарасын ашық немесе жасырын түрде ортаға қойып отырды. Абайдың дүниетанымы дегенде оның дiндiк нанымына көз жiберсек, оның өзiне ғана тән үнiн байқау қиын емес.

Мейлi әкесi Құнанбай хажының ықпалына ұшырасын, мейлi дiн оқытқан молдалардың әсерiн қабылдасын, Абай ең алдымен Ислам дiнiне құрмет ете бiлген әрi өзi де "Жаратушы бiр Аллаһтың" барлығына жүрегiмен табынып келген. Оның: "Құдай тәбәрәкә уә Тағаланың барлығының үлкен дәлелi — неше мың жылдан берi әркiм әртүрлi қып сөйлесе де, бәрi де бiр үлкен құдай бар деп келгендiгi, уә һәм неше мың түрлi дiннiң бәрi де ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендiгi" (Абайдың қырық бесiншi сөзi) — деуi мен оны өлеңiнде бейнелеп:

Алланың өзi де рас, сөзi де рас,

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кiтап келдi Алладан, оның төртi,

Алланы танытуға сөз айырмас, — деуiнiң өзi осы ойымыздың шындығына көз жеткiзедi. Бұл ғана емес, отыз шақты өлеңiнде Алланы ауызға алады.

Алайда, Абайдың Аллаһқа мiнәжат етiп, тануы мен табынуы сол тұстағы күллi қазақ баласынан әлдеқайда өзгеше әрi озық болған. Бұлай деудегi себебiмiз, Абай бiр жағынан қарасаңыз дiнге табынады, Аллаһты құлай сүейдi. Ендi бiр қырынан қарасаңыз — дiннiң ғылым екенiн ортаға қойып, өз мәнiнде түсiну қажеттiгiн айтып, диалектикалық материализм көзқарасымен қарайды. Әсте өлi түрде құлшылық ету, жалған құдайшылдық көрсетудей көзқарастан көш құлаш аулақ. Сөзiмiздiң басындағы Абайша дiнге табыну дегенiмiздiң өзi осы ойымыздың әдiл өркенi.

Дiн — адамзат қоғамына белгiлi идеяны сiңдiрудiң құралы болғандықтан, Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с) өзiнiң данышпандығына сүйенiп, Аллаһтың ақ үнiн жеткiзiп, Ислам дiнiн таратып, әлемдегi ең ықпалды адамға айналды (Американың физика ғалымы Мекхаттың "Адамзат қоғамындағы әйгiлi жүз адам" атты кiтабында Мұхаммед Пайғамбарды (с.а.с) бiрiншi орынға қойған). Демек, Ислам дiнi бiр қарағанда бiр Аллаһтан басқаны айтпайтын секiлденгенмен, бiр жағынан шындығында үлкен ғылым. Бұл ғылым өзiнiң табынтушылық құдiретi арқылы үгiт-насихат айтады. Адамзатқа ары таза адамгершiлiк, өмiршең үмiт, жарқын болашақ бағыштайды. Осы орайда бүгiнгi Исламды қаралаушылардың әртүрлi сандырақтарына батыл қарсы тұруымыздың да қажеттiлiгiн айта кеткен жөн. Исламмен сусындап, мұсылманшылықтан есейген Абайдың дiннен айрыла алмауы әбден орынды едi. Бұған бола Абайды кiнәлау басы артық шаруа болар едi. Әрi солай делiнген күннiң өзiнде бiз оны жетпiс жылдық бодандық "жемiсi" ретiнде қарар едiк. Өзiнiң "жартасқа барып күнде айғай салып, онан жаңғырық қайтып" жүрген тайталасты дәуiрiндегi үнiн, ұранын, жан дiлi — өлеңiн дiндiк түстен алып қашудың орнына қайта оны пайдалана отырып халыққа айтудың қажеттiлiгiн жақсы бiлдi. Онсызда "орыс, шолақ етек" деп кiнәлай бастаған айналасындағылардың ендiгi айтары — "дiнсiз" деген қарғыстан бетер жаман сөз болар едi. Ал, Абай шын мәнiнде дiннен бүкiлдей бас тартса, халық оны және өлеңiн қалай қабылдар едi?! Сол үшiн де Абай:

Әуелi аят, хадис — сөздiң басы,

Қосарлы бәйiт, мысал келдi арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы.

Немесе:

Күнi-түнi ойымда бiр-ақ тәңiрi,

Өзiне құмар қылған оның әмiрi — дейдi.

Сөйте тұра тағы да: "Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж ешбiр ғибадат орнына бармайды" (Абайдың оныншы сөзiнен) — деп дiннiң өзiнiң де белгiлi ғылыми заңдылығы болатындығын, ғылымға бағынатындығын, ғылымсыз дiннiң де, дүниенiң де қараңдығын уағыздайды. Осы тұрғыдан оның:

Кiтапты молда терiс оқыр,

Дағарадай болып сәлдесi.

Малқұмар көңiлi — бек соқыр,

Бүркiттен кем бе жем жесi, — деп сықақтауы да әбден лайығында. Бiлiм мен ғылымнан жұрдай, жалған бүркенiш жасаған молданың құлқы үшiн "Құлқуалланы" қайырған кеспiрiн ащы тiлмен әжуалайды. Осымен қатар ұят пен иманды бiр нәрсе деп қарап, қазақтың "ұят кiмде болса, иман сонда" дегенiн алға тартады. Әрi қандай iс ұятты болады? Ол адамгершiлiкке тән бола ма, ұятсыз болса имансыз болғаны, имансыз болса құдайсыз болғаны деген мазмұндармен дiн жолына қайшы нәрсенiң адамдардың ортақ мүддесiне зияндығын көрегендiкпен салыстыра көрсетедi.

Абай "барлығы Жаратушының жазған жазу, сызған сызығында" дегенге құлай берiлмейдi. Дүниеге материалистерше қарайтын кездерi де көп. Ол "Жетiншi сөзiнде": "Дүниенiң көрiнген һәм көрiнбеген сырын түгендеп, ең болмаса денелеп бiлмесе, адамдықтың орны болмайды" деумен қатар "Қырық үшiншi сөзiнде" дүниенi тануға болады деп қана қоймай, оны бiлу жолдарын, тану әдiстерiн көрсетедi. Адам өз еркiнен тыс тұрған сыртқы құбылыстарды, дүниенi, затты белгiлi жолдармен танып жете алады деп қарайды. Оның бұл ойлары:

Алла мықты жаратқан сегiз батыр,

Баяғыдай соғысып әлi жатыр.

Кезек-кезек жығысып жатып-тұрып,

Кiм жығары белгiсiз түбiнде ақыр, — деп табиғат құбылысындағы қыс-жаз, күн-түн, тақ-жұп, жақсылық-жамандықты жұмбаққа айналдыруынан және:

Қара жер адамзатқа болған мекен,

Қазына iшi толған әртүрлi кен.

Iшiнде жүз мың түрлi асылы бар,

Солардың ең артығы немене екен? — деп темiрдi жұмбақтауында көрiнiп, табиғат тылсымдарына үңiлген бiлу құмарлығының дiндi бөгет етпейтiндiгiн көрсетедi. "Жиырмасыншы сөзiнде": "Дүние бiр қалыпты тұрмайды, адамның қуаты, өмiрi бiр қалыпты тұрмайды" — деген сөздер айтады. Бұл айтылғандардан Абайдың дiнге жалаң қарамайтындығын, қайта оны дүниенiң қозғалысты даму заңдылығымен қабыстыра түсiнетiндiгiн көремiз. Осылайша Абай дiндi ғылымға, адамгершiлiкке, ахлақты мiнез-құлыққа сыйдыра отырып, тiрлiк заңына, ақиқи өмiрге ұштастырады. Оның дiндi түсiнуi, бiлуi, игеруi қаншалықты терең болса, дүниенi, ғылымды, жалпы қоғамның алға басуын зерттеуi де соншалықты терең. Сол себептi де ол "құдай, құдай" деп құрғақ жылауға да, "барлығы Аллаһтан" деп мүлиюшiлiкке де, "құдай деген құр қалмас" деп "алма пiс, аузыма түс" деушiлiкке қарсы. Ол сонымен бiрге дiнде терiстелетiн "өтiрiк, өсек, арамдық, надандық, жауыздық" сияқты адамшылыққа жат алуан құбылыстарды (былайша айтқанда Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с) хадисiнiң iзiмен) шенеп, әшкерелеп, одан аулақ болуға үндейдi. Оның орнына достыққа, береке-бiрлiкке, бiлiм-ғылымға насихаттайды.

Сөйтiп, Абай дiндi түсiндi, оған құрмет еттi, ғылымды маңдай алды орынға қойды, адамдар арасындағы алуан қайшылықтың қатпарына үңiлдi, жат құбылысты сын тезiне алды. Осы арқылы Абайша дiн тануды қалыптастырды. Осы орайда Бейбiт Сапарұлының "Құнанбай қажы" (Алматы, "Ер-Дәулет", 1995 ж.) кiтабынан мынадай үзiндiлер келтiргенiмiз артық болмас:

"Мұсылманшылдық дегенде, Абай бес уақыт намазға жығылып, хажыға баруды үзiлдi-кесiлдi мұрат тұтпаған. Ислам табиғатын кей мағынасында, рухани еркiндiкпен қабылдаған. Абай әр аптаның жұма күндерi оңашада ұзақ уақыт бойына Жаратушы күшке сыйынып, Аллаһ тағалаға құлшылық жасап, Қасиеттi Құран аяттарын нәшiне келтiре үздiксiз оқумен болған…" (287-бет)

Абайдың дiндiк нанымы мен танымы тек Абай сынды ұлы ойшылға ғана тән, Абай сынды ақынға тән, Абай сынды философқа тән. Ол — Абайдың Абай болғандығынан туған Абайдың дiнтану ғылымы болмақ.

Жәди ШӘКЕН, жазушы

Серіктес жаңалықтары