ТЕЛЕСАЙЫСТА ТIЛ БIЛМЕЙ ТОСЫЛМАҢЫЗ...

ТЕЛЕСАЙЫСТА ТIЛ БIЛМЕЙ ТОСЫЛМАҢЫЗ...

ТЕЛЕСАЙЫСТА ТIЛ БIЛМЕЙ ТОСЫЛМАҢЫЗ...
ашық дереккөзі
276

Сайлау науқаны басталғаннан берi теледебаттар «31-канал» телеарнасында өткiзiлiп келе жатқан. Жеребе бойынша, бiр-бiрiмен сайысқа түсетiн партия өкiлдерi сенбi күнi қазақ тiлiнде, жексенбi күнi орыс тiлiнде аталған телеарнада көрiне бастаған. Ал, өткен аптада «Қазақстан» телеарнасында Мәжiлiс сайлауынан үмiткер 7 партия өкiлдерiнiң барлығы да телесайысқа түсiп, өздерiнiң артықшылықтарын дәлелдеуге тырысты.

Телесайыс екi тiлде жүргiзiлдi. Партия өкiлдерiне берiлген сауалдар алдымен қазақ тiлiнде қойылып, сосын орысшаға аударылып тұрды. Бiрiншi бөлiмде сауалды жүргiзушiлер қойды. Олар: Сiздiң пiкiрiңiзше, конструктивтi оппозиция дегенiмiз не? Отандық инвестиция қаражатын шетелге салу қажет пе? Елiмiзге түгелдей кәсiптiк армия қажет деп ойлайсыз ба?

Бұл сауалдарға жауап берушiлердiң пiкiрi мен көзқарасы әрқилы болды. Мәселен, отандық инвестиция туралы сауалға партия өкiлдерiнiң көпшiлiгi инвестицияны Қазақстанға салу қажет деген ой айтты. Ал, «Ақ жол» партиясы елдегi жемқорлықты ауыздықтамай, отандық инвесторларды қаржысын отандық бизнеске салуға мәжбүрлей алмаймыз, мысалы елiмiздiң бизнесмендерi қаржысын Грузияға салуға әуес, себебi Грузияда корпоративтi салық төмен, коррупция жеткiлiктi деңгейде ауыздықталады, сол себептi де бiздiң инвесторлар сол жаққа қаржы салуға құштар. Яғни, отандық бизнесмендер қаржысын отандық кәсiпке салуы үшiн жағдай жасалынуы керек деген ой айтты. Ал, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы бiр-бiрiмен байланысқан жемқорлықты ауыздықтау мәселесiн сөз еттi. Сондай-ақ, олар бұған дейiн Қазақстанға инвенстиция салған шетелдiк инвесторлармен арадағы келiсiм-шартты қайта қарау керек деген пiкiрде.

Патриоттар партиясы елдiң түгелдей кәсiптiк армияға айналып кетуi – жастарды патриоттыққа тәрбиелемейдi, сол себептi де жастар бұл өткелектен қалай да өтуi керек деген пiкiрдi ұстанса, Руханият әскер жасындағы балалардың денсаулығына алаңдайтындығын бiлдiрдi. Ал, «Ақ жол» партиясы әскер түгелдей кәсiптiк армияға айналуы үшiн Қазақстанның қорғаныс саласында түбегейлi реформа жасауды ұсынды.

Ал, «Көзбе-көз» бөлiмiнде партия өкiлдерi бiр-бiрiне сауал қойды. Бiрiншi болып сөз алған «Руханият» пен «Ауыл» партиялары бiр-бiрiне жемқорлық және ұлттық мәселе төңiрегiнде сауал қойды. Ал, «Нұр Отан» мен «Ақ жол» өзара айтысты. «Ақ жол» партиясының лидерi Әлихан Бәйменов «Нұр Отан» партиясының «экономика iлгерiлеу үстiнде деген ұранының негiзi неде?» деген сауал қойды. Ал, «Нұр Отан» «Ақ жол» партиясынан үмiткерлердi тiркеу кезiнде 16 адамның құжаттары жарамсыз болғандығын, ол өзге емес, салық декларациясын көрсете алмағандығы себебiнен болғандығын айта отырып, партияға кiмдер мүше бола алады? деген сауал қойды. Партия өкiлдерi әр сұраққа өз көзқарасы деңгейiнен жауап беруге тырысты. «Нұр Отан» партиясы экономикадағы iлгерiлеушiлiктi тек мұнайға тели бермеу қажетiн айтса, «Ақ жол» партиясы тiркелу мерзiмiнiң тым тығыз болғандығын, ал «Нұр Отан» партиясының кезiнде әр адамның кiрiс салығын анықтайтын құжат болуы керек деген бастамаға қарсы болғандығын сол себептi де, өте қысқа мерзiмде салық декларациясына қол жеткiзе алмағандықтарын айтты. Ал, Патриоттар партиясына сауал қоюы тиiс ЖСДП негiзiнен өзге партияларға сауалы жоқтығын, сауалды тек «Нұр Отан» партиясына қойғысы келетiндiгiн айтты. Бiрақ, регламент бойынша олар жеребеге түскен партиямен сайысуы тиiс-тұғын. Сөйтiп, олар «Нұр Отанға» бағыттаған сауалдарын Патриоттарға қойды.

Телесайыста ең қызықтысы – көрерменнiң сауалы болды. Соның iшiнде ЖСДП мен «Ақ жол» партиясына қойылған сауалдары. Ең алдымен «Ақ жол» партиясына сауал қойған көрермен әлi күнге дейiн жұмбақ болып келе жатқан ол партияны бұрынғы әрiптестерiнiң тастап кетуiн түсiндiрiп беруiн сұрады. Бұған жауап берген «Ақ жол» партиясының лидерi Әлихан Бәйменов партия құрылған 5,5 жылдан берi бiрiздiлiкпен келе жатқандығын айта отырып:

— Бiз жыл сайын партия айырбастайтын көсемдердiң партиясы емеспiз, бiз жауапкершiлiктi бiздi қаржыландырам дейтiн алпауыттардың алдында емес, бiзге мүше жүздеген мың қазақстандықтардың алдында сезiнемiз. Ол жауапкершiлiктi сезiнбей, партияны қаржы топтарының қолжаулығына айналдырғысы келгендер партиядан кеттi, — дедi ол.

Дәл осындай сауал ЖСДП партиясына да қойылды. Залдағы көрерменнiң бiрi:

— Сiздер «Нағыз Ақ жол» партиясымен қосылып сайлауға қатысқалы отырсыздар. Араларыңызда неге «Ақ жол» жоқ? Ол сiздерге қосылмаймын дедi ме, жоқ сiздер кеудесiнен итердiңiздер ме? – деген сауал қойды.

Бұған жауап берген ЖСДП-ның төрағасының орынбасары Әмiржан Қосанов:

— «Ақ жол» оппозициялық партия бола тұра, неге президенттiң жанында жүрген Нәрiкбаевпен қосылады, неге бiздiң арамызда жоқ? Бұл сауал бiзге емес, ол адамның өзiне қойылуы керек. Ал, сайлауда халық бұған өз бағасын бередi деген ойдамын, — дедi.

Жалпы, теледебат барысына келетiн болсақ, сайысқа 7 партия қатысқанымен кейбiр партиялардың лидерi келген жоқ. Мәселен, Патриоттар партиясының лидерi Ғани Қасымов, «Ауыл» партиясының лидерi Ғани Қалиев, «Нұр Отан» партиясының лидерi Бақытжан Жұмағұлов, ЖСДП-ның басшысы Жармахан Тұяқбайлар телесайыста қара көрсеткен жоқ. Бұған дейiнгi теледебаттармен салыстырғанда, бұл жолғы теледебатта мемлекеттiк тiлдегi әңгiме көбiрек естiлдi. Залдан қойылған сауалдар да, партиялардың бiр-бiрiне қойған сауалдары да көбiнде мемлекеттiк тiлде болды. Сондай-ақ, әр партия арасында мемлекеттiк тiлде жауап бере алатын адамдары да бар екен. Жауап берушiлердiң көбi сөзiн алдымен қазақша бастап, орысша аяқтауға тырысып жатты. Яғни, берiлген 1 минутты екi тiлде пайдаланудың өзiн бiз шешендiк деп таптық. Бұрын мұндай сайыстарда мемлекеттiк тiл көлеңкеде қалатын да, ресми тiлдiң мерейi үстем болатын. Бұл қазақ тiлiнiң мемлекеттiк аренаға таяп келе жатқандығының көрiнiсi. Саясаткерлер мемлекеттiк тiлдi меңгермейiнше, саяси билiктен орын болмайтындығын түсiне бастағандығын танытады.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары