“ҚАЗАҚФИЛЬМДI” САТУҒА ҚАРСЫЛАР КӨБЕЙIП ТҰР. Бiрақ Сергей Әзiмов...

“ҚАЗАҚФИЛЬМДI” САТУҒА ҚАРСЫЛАР КӨБЕЙIП ТҰР. Бiрақ Сергей Әзiмов...

“ҚАЗАҚФИЛЬМДI” САТУҒА ҚАРСЫЛАР КӨБЕЙIП ТҰР. Бiрақ Сергей Әзiмов...
ашық дереккөзі
415

«Қазақфильмнiң» жыры бiтпейтiн түрi бар. «Ойбай-ау, ғимарат орналасқан жердi сатқанда тұрған не бар, бәрiбiр жаңа «Қазақфильм» салынады ғой» дейтiн де шығар бiреулер. Мәселе «Қазақфильмнiң» салынғанында емес, сатылатындығында болып отыр ғой.

Министр мырза жаңа «Қазақфильм» салу жөнiнде түрлi дәлелдердi келтiргенiмен, күнi кеше баспасөз-мәслихатын өткiзген киногер қауым киностудияның сатылатындығына разы емес. 120 адамның қолы қойылған хатты өздерiмен ала келiп, киногерлердiң ашу-ызасын жеткiзген Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко мен қазақ мультипликациясының атасы Әмен Хайдар журналистерге өздерiнiң көзқарасын ашық айтты.

Осыған дейiн де бiз бұл мәселенi сөз еткенде қазақ киносының өсiп-өркендеуi үшiн киностудиясын дамыту қажеттiгiн тiлге тиек еткенбiз. Онда бiз лажы болса, қазақтың ұлттық құндылықтарының бiрi саналатын «Қазақфильмнiң» ғимаратын сақтап қалу қажеттiгiн да айта кеткенбiз. Ал, баспасөз-мәслихатын өткiзуге себепшi болған топтың да көзқарасы осыған саяды.

«Киностудияны көшiру туралы Үкiметтiң қаулысы шығып қойған деп естимiн. «Бiр көшкенiң – өртпен тең» деген. Көшу деген оңай шаруа емес. Мен Отан соғысына қатыстым, адамдардың қырылғанын көрдiм, ендi мiне бейбiт күнде рухани тозып, күйреудi де көзiм көрiп отыр», – дейдi Әмен ата күйзелiп.

Аяқ астынан жеткен бұл хабар кино студиядағыларды да таңдандырып отыр. Жаздың аптап мезгiлiнде, ел демалысқа шыққан сәтте киногерлер арыз арқалап, Үкiметке шағым айтып жүргенi де жүректi қынжылтады.

«Қазақстанда бiрнеше киностудия болсын. Жалғыз «Қазақфильм» ғана емес, тiптi бiрнеше үлкен қалалардан да киностудиялар салайық. Киностудиялар көп болғанда ғана отандық фильмдер бiр-бiрiмен шындап бәсекеге түсе алады. Киноөндiрiсi сонда ғана дамиды. Киноның сапасы сонда ғана артады. Талғардағы киностудияны қазiргi заманғы ең соңғы технология құралдарымен жабдықтап, жарқ-жұрқ жасанған қазақ Голливудын жасайық та, «Қазақфильмдi» неге кинобаққа айналдырмасқа? Басқа елдер жоқтан бар жасап отырса, бiз бардың көзiн құртуға асығамыз»,–дейдi Игорь Вовнянко. Вовнянконың сенiңкiремей отырған тағы бiр нәрсесi: «Талғарда ұлтарақтай жер қалған жоқ. Кiм бiзге жерiн берейiн деп отыр?»,–дейдi.

Киногерлер өздерiнiң жазған хаты Үкiметтiң құлағына жететiн болса, бiр тоқтау болар деген ойда отыр. Олардың бар үмiтi Шәкен Аймановтың мұражайы тұрған қасиеттi мекендi сақтап қалу. Әрi жаңа ғимараттың қай уақытта салынып бiтерiн, Құдай бiлсiн?! Ол мүмкiн көздеген межеден тiптi ұзап кетер. Оған дейiн киногерлердiң жағдайы не болмақ?! Оның үстiне, жаңа киностудияға бөлiнетiн қаржы сатылған ғимараттан түсетiн сыңайлы. Онда қызмет орнынан айрылған киногерлер қайда барады? Нағыз даудың көкесi сонда болмай ма? Онсыз да киностудияның азғантай қаржысымен iлдалдалап күн көрiп жүргендер, ертең жұмыс iздеп, шетел асып кетпесiне кiм кепiлдiк бередi?! Қазақ киносы онда қайтiп дамиды?! Осылай дау-дамаймен жүргенде, қазақ киносы әлем кино кеңiстiгiнiң көшiне iлесе ала ма? Қаптаған шешуi жоқ сұрақтар. Үмiт артқан өнер иелерi. Соңы қалай боларын кiм бiлсiн?! Айтпақшы, хатқа «Қазақфильм» акционерлiк қоғамының президентi Сергей Әзiмов қол қоймапты. Неге? Демек, киностудия басшылығының бiр ойлағаны болғаны ғой. Әлде, iштей «Қазақфильмнiң» сатылғанын қолдап отыр ма, әзiрге ол жағы белгiсiз…

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары