ӘДЕМI ҮРДIС

ӘДЕМI ҮРДIС

ӘДЕМI ҮРДIС
ашық дереккөзі
524

120 000 қазақ ана тiлiн сақтап қалуы үшiн Н.Назарбаев Моңғолияға оқулықтар мен әдебиеттi жеткiзiп тұруды тапсырды

Қазақстанға ресми сапармен Моңғолия президентi Намбарын Энхбаяр келiп кеттi.

Қандай да бiр мемлекеттер арасындағы байланысты тауар айналымымен өлшейтiн түсiнiк бар. Сол пайымға салсақ, екi ел арасындағы тауар айналымы биыл 13 миллион доллардан аспаған. Бұған дейiнгi көрсеткiштерге қарағанда аз. Яғни, моңғол бауырлармен қарым-қатынас әзiрше ойдағыдай емес деген сөз.

Бiрақ бұл экономикалық қарым-қатынасқа ғана қатысты. Рухани байланыс, Құдайға шүкiр, әлсiреген емес. Бұған бiрден-бiр сеп – Моңғолиядан ағылып келiп жатқан қалың оралман қандастар. Олар Қазақстанға жылдар бойы қордаланған сағынышы мен ата-баба жерiне деген сарқылмас ықыласын әкелiп, ұмытыла жаздаған салт-дәстүрiмiзбен, қолөнерiмiзбен, тұрмыстық санамызбен қайта қауыштырды. Қазақылықты бiр кезде тау асып кетiп, ендi Қазақстанға қайтқан қандастардан үйренген жайымыз бар.

Бiрақ моңғол жерiн паналап қалған 120000 қазақтың ана тiлiн сақтап, салт-дәстүрiн мұртын бұзбай ұстап тұруы ата мекендегi бiздерге байланысты болып отыр. Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға қазақ тiлiндегi оқулықтар мен әдебиеттердi жеткiзiп тұрудың жолдарын қарастыруды айрықша тапсырды.

Моңғолиямен саяси-экономилық байланысымызды қайта жаңғыртудың ретi келiп тұр. Моңғол басшысының келуiне орай Астанада қазақ-моңғол кәсiпкерлерiнiң iскерлiк басқосуы болып өттi. Осы жиында сөз болғандай, бұдан былай Қазақстан Моңғолияға бидай мен мұнай өнiмдерiн жөнелтудi жөн деп тауыпты. Ал Моңғолия бiзге ет өнiмдерiн жеткiзiп берiп отырмақшы.

Моңғолия өз экономикасын өркендету үшiн жақын шетелден инвестиция тартуға бел байлаған. Көршiмiз Қазақстанның кен қазу жұмыстарына қатысып, қазба байлықтарын өңдеу туралы iс жоспарын ықылас қоя тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаев моңғол жерiнде минералды қорларды өңдейтiн зауыт салынуы мүмкiн екендiгiн де емексiтiп қойды.

Моңғолия президентi соңғы жылдардағы Қазақстанның құрылыс саласындағы мол тәжiрибесiн ескерген болар, бiздiң кәсiпкерлердi инфрақұрылым салуға, құрылыс жүргiзуге шақырды.

Екi президент тағы да жол-көлiк мәселелерiн пысықтады. Өскемендi Баян-Өлгийге жалғайтын әуе жолы бар, ендi жеңiл көлiк жүретiн Ресей жерi арқылы өтетiн 46 шақырымдық жол салу қажет. Бұл мәселенi шешу үшiн елбасылар Ресеймен келiссөз бастауға уағдаласты.

Алдағы жылы Нұрсұлтан Назарбаев Моңғолияға ресми сапар шегетiн болды.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары