55 ШАҚЫРЫМДЫҚ АЙНАЛМА СУ ЖОЛЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

55 ШАҚЫРЫМДЫҚ АЙНАЛМА СУ ЖОЛЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

55 ШАҚЫРЫМДЫҚ АЙНАЛМА СУ ЖОЛЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
ашық дереккөзі
482

Елiмiзде таза ауыз су мәселесi толыққанды шешiлмей келедi. Ресми дерек көздерiне сүйенсек, жалпы елiмiздегi су құбырлары желiсiнiң шамамен 70 пайызы iстен шыққан болса, 23 пайызы санитарлық-техникалық талаптарға сәйкес емес. Тiптi, кейбiр шалғайдағы елдiмекендер мен ауылды жерлердiң тұрғындарына ауызсу тапшылығы қатты батуда.<br>

Мұны елеп-ескерген Үкiмет көп кешiкпей "ауызсу" бағдарламасын қабылдады. Десек те, бөлiнген қаржының дiттеген жерiне бармай, тастай батып, судай сiңiп жатқаны жайлы да айтылып жүр. Нәтижесiнде ауыл тұрмақ үлкен мегаполистерде басты мәселеге айналған таза ауызсу проблемасы әлi күнге күн тәртiбiнен түспей отыр. Халқы тығыз қоныстанған Алматыдай шаһарда да бұл мәселенiң туындағаны қашан. Бiрақ бұл тығырықтан шығудың ауылы алыс емес.

Аптаның басында Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов ауқымды бастаманың тұсауын кестi. Ол Көктөбе жанындағы жалпы ұзындығы 55 шақырымды алып жататын су айналымының құрылысына сәттiлiк тiледi. Өйткенi, дәл қазiр құрылысы жанданып жатқан қаланың жоғары бөлiгiне ауызсу жетпейдi екен. Ол үшiн жерасты Алматы және Талғар су қойнауы көзiн қажеттi мөлшерде көтеру керек. Осы мәселенi шешу үшiн "Водоканал" ГКП арнайы жоба жасақтап, қала әкiмiне ұсынған. Иманғали Тасмағамбетовтың бас жоспарды мақұлдап, бiрауыздан жөн деп қабылдауы да құрылыс мекемесiн қуантыпты. Бұл жұмыстың басы-қасында жүрген мамандардың айтуынша, биыл межеленген 55 шақырымның 7 шақырымын салу жоспарланыпты. Ал 2011 жылы бiтуi тиiс үлкен су айналымына 30 млрд. теңге шамасында қаржы қарастырылған. Құрылыстың басты мақсаты – қала тұрғындарын үзiлiссiз сапалы сумен қамтамасыз ету, белсендi құрылыс аймақтарын, республикалық маңызы бар нысандарды жедел түрде сумен қамту болып табылады. Жоба үстiндегi нысандарды сумен қамтамасыз ету үшiн тәулiгiне 70 мың куб метрден астам су қажет екен. Осындай су көлемiн беру үшiн Талғар қайнарынан күнiне 70 мың куб метр, Ақсай су қойнауынан күнiне 50 мың куб метр су алып отыру да әңгiме өзегiне айналды. Қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, қаланың су мәселесiн шешу тәжiрибесiнде осы сынды алып құрылыс жұмысы соңғы жиырма жыл көлемiнде жүргiзiлмеген екен. «Бұл – өте маңызды шаруа. Су бар жерде тiршiлiк көзi бар. Әрине, су мәселесi қала тұрғындары үшiн үлкен мәселе. Қаламыз соңғы жылдары адам танымастай өзгерiп жатыр. Мына бүгiнгi құрылыс жұмысы басталайын деп жатқан ауықымды жоба да ертеңгi күнi қаламыздың бұдан әрi көркеюiне, әрленуiне сөзсiз үлес қосады» — дедi.

Сонымен, айналма су құрылысының жұмысы мынандай шара бойынша жүзеге асады: Талғар жер асты сулары торабының қуатын арттыру, Талғар жер қойнауынан әл-Фараби даңғылына дейiн, шығыс айналма жолды тiке өтетiн шығыс су жинақтағышының құрылысын салу, Ақсай жер асты су көздерiнiң қуатын арттырып, қаланың оңтүстiк батысына қарай Ақсай жер асты су торабының құрылысын жүргiзу. Осындай жоспар бойынша бiсмiлләсiн бастап кеткен құрылыс жұмысы бiрiншi кезекте 16 шақырымды құрайтын шығыс су құбырын 2009 жылы толығымен пайдалануға бермек, ал оңтүстiк су құбыры 2010 жылы өз жұмысын аяқтайды. Сондай-ақ, солтүстiк және батыс су құбыры 2010 жылдың соңында iске қосылмақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары