"Ақ жол" демократиялық партиясы атынан ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттығына үмiткер Серiк Тұрғынбекұлы: ҰЛТТЫҢ СӨЗIН АЙТАТЫН УАҚЫТ КЕ

"Ақ жол" демократиялық партиясы атынан ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттығына үмiткер Серiк Тұрғынбекұлы: ҰЛТТЫҢ СӨЗIН АЙТАТЫН УАҚЫТ КЕ

"Ақ жол" демократиялық партиясы атынан ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттығына үмiткер Серiк Тұрғынбекұлы: ҰЛТТЫҢ СӨЗIН АЙТАТЫН УАҚЫТ КЕ
ашық дереккөзі
262

>— Серiк аға, "Ақ жол" партиясына қашан мүше болдыңыз?

— Бiр партияға өтiп, саясаттың қазанында қайнау шешiмi ұзақ толғаныстан кейiн, асықпай ойланғаннан соң келдi. "Ақ жолға" бұрыннан бүйрегiм бұрып тұратын. Осы партияға мүше болмас бұрын, Мұхтар Шахановтың "Халық рухы" партиясының ұйымдастыру жұмыстарына бiраз араластым. Тiптi "Халық рухы" деген газеттiң бас редакторы да болдым.

Бiрақ "Халық рухы" партиясы тiркеуден өтпей қалды. Ал "Ақ жол" партиясына мүше болғанға дейiн де оның басшысы Әлихан Байменовпен пiкiрлес, сұхбаттас болып жүргенмiн. Әлиханның iскерлiгiн, азаматтығын өте жоғары бағалаймын. Әсiресе, оның Жезқазған облысының әкiмi орынбасары болып тұрғанда, көптеген зиялы қауым өкiлдерiмен кездесулер өткiзiп, олармен үнемi пiкiр алмасып тұрғаны есiмде. Әлихан — ұлттық мәселелердi көтерiп жүрген азаматтардың бiрi. Ал "Ақ жол" партиясы — бұрыннан қалыптасқан, ұлттық намысты оятуға бiрден-бiр үлес қосып жүрген партия.

Қаламгер болғаннан кейiн, замананың бағытына бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан бiр партияны таңдауыма тура келдi. Әлиханның өз ықылас-ниетiмен партияның Алматыда өткен құрылтайына қатысып, осы партияның белсендi бiр мүшесiне айналдым. "Ақ жол" партиясының артықшылығы сол — олар билiкке бас шұлғып отырған жоқ, өздерiнiң нақты ұсыныстарын айтып жүр. Басқалар секiлдi, "айқайшыл" да, ұраншыл да емес, кәсiби деңгейде жұмыс жасауда. Жалпы басқа партиялар сияқты өзгелерге қара күйе жағып, жетiстiктерiн жоққа шығарып та жатқан жоқ. Сөйте тұра елдiң iшкi рухани жұтаңдығына, қоғамдағы келеңсiздiктерге дер кезiнде нұсқап, өздерiнiң патриоттық, отаншылдық ұстанымдарын бiлдiрiп отыр.

— "Ақ жол" партиясы құрылғалы берi әлеуметтiк салаға көп маңыз берiп келедi. Партияның осы жолғы сайлауалды бағдарламасында осы салада қандай жаңашыл ұсыныстар бар?

— Партия тұғырнамасында көрсетiлген ТЕҢДIК, ЕҢБЕК, ИМАНДЫЛЫҚ деген үш ұғым бiр-бiрiмен қабысып жатса, онда iсiмiздiң алға басқаны. Бұл орайда, "Ақ жол" тындырған iстер аз емес. Ең бастысы, бұл партия Абайдың ұлы философиясын үлгi тұтады. Алаш арыстарының iсiн ардақтап, олардың орындалмай кеткен арман-мақсаттарын Тәуелсiздiктiң алтын арқауына айналдырып, байыпты да байсалды бағдарламалар жасаған. Теңдiк, Еңбек, Имандылық деген ұғымдар бiздiң қоғамда әлi орнын таба алмай жүр. Шын еңбектiң мәнiн әлi түсiне алмай жүрмiз. Бiздiң қазiргi жағдайымызда адал еңбек еткен адам байи алмайды. Ал сыбайлас жемқорлар бiр-ақ күнде шiрiген бай болып шыға келедi. Нағыз еңбектiң иесi — мұғалiмдер, оның iшiнде бастауыш мектепке сабақ беретiн мұғалiмдер. Бiр емес, бiрнеше мекемеде жұмыс iстеп, күн көретiн дәрiгерлер бар. Бюджеттiк мекеме қызметкерлерiнiң, ой еңбегi адамдарының еңбегi әлi жанбай жатыр. Сондықтан, "Ақ жол" партиясы 2010 жылға дейiн жалпы iшкi өнiмнiң 7%-ын — бiлiм беруге, 5%-ын — денсаулық сақтауға, 3%-ын – ғылымға жұмсап, оқытушылар мен дәрiгерлердiң орташа жалақысын 110 мың теңгеге дейiн көтеру керек деп есептейдi. Мұғалiмдердiң апталық жүктемесiн азайтып, мұғалiмдер мен дәрiгерлердi тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын қабылдау да партия бағдарламасында бар. Себебi, мұғалiмдер мен дәрiгерлердiң қазiргi жағдайы — елдiң ертеңгi ахуалы емес пе?!

Екiншi бiр мәселе — имандылық. Имандылық болмаған жерде игi iс болмайды. Қазiр ұрлық-қарлықтың көбейiп кетуi, қоғамдағы әдiлетсiздiктер, тәртiптiң болмауын имандылықтың әлсiреуiнен деп бiлу керек. Ислам дiнiн жексұрын етiп көрсеткендерге тосқауыл қоя алмай отырмыз. Сондықтан, "Ақ жол" партиясы қоғамдық мәдениеттi қалыптастырып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшiн мемлекеттiк "Мәдениет" пен "Бiлiм" телеарналарын ашуды ұсынады.

"Ақ жол" партиясының басты ұрандарының бiрi — теңдiк. Қоғамда теңдiк болмаса, әр түрлi топтардың арасында кикiлжiң көбейедi. Қоғамымыз аса бай мен тақыр кедейге бөлiнiп, екiге жарыла бастады. Ал бiз дамыған мемлекеттердiң қатарына қосыламыз десек, орташа таптың қатарын көбейтуiмiз керек. Жерiмiз ортақ, ол жердiң астындағы, үстiндегi байлық та бәрiмiзге ортақ, ендеше оны пайдалану құқығы да бәрiмiз үшiн тең болуы тиiс. Теңгермешiлiк деген осы. Мен де осы идеялардың жүзеге асуына қызмет етсем деймiн.

— Мемлекеттiк тiлдiң мемлекеттiк органдарда қолданылуы бiртiндеп қолға алынып жатыр. Iс қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу жолға қойылып келедi. Ендiгi мәселе — қазақша құжаттардың, заңдардың, кiтаптардың сапалы болуын, сауатты жазылуын қадағалау. Мектеп оқулықтарының өзiн сапалы, сауатты шығара алмай, қайта басуға мәжбүр болып отырмыз. Мұндай қателiктердi ендi қайталамас үшiн не iстеу керек?

— Бiздегi кiтаптардың көбi сапасыз шығады. Соңғы кезде Үкiмет баспа iсiне көп көңiл бөлiп, кiтап шығаруға мемлекеттiк бюджеттен қаржы бөле бастады. Бiрақ бұл салада мемлекеттiк бақылау жолға қойылған жоқ. Басқаны былай қойғанда, кейде түкке тұрғысыз, арзанқол дүниелер де кiтап болып баспадан шығып, халыққа тарап жатыр. Президенттiң өзi бiр сөзiнде айтып қалды: "Кiм көрiнген кiтап шығара беретiн болды. Осыған тыйым салу керек" дедi. Амал не, баспалар бiрiншi орынға пайданы, ал идеологияны екiншi орынға қойып отыр. Ең әуелi, баспа қоржынындағы дүниелердiң сапасын анықтайтын жүйе керек. Мен кеңестiк кезеңдегi цензураны аңсап отырған жоқпын, бiрақ асыл мен жасықты айыратын таразымыз болуы керек. Тiптi Жазушылар одағының мүшелерiнiң шығармалары да сараптаудан өтуi керек. Бiздiң қоғам әлi санасы қалыптаспаған жас бала сияқты, оған не болса соны тықпалай беруге болмайды. Ұлттың өсуiне ықпал ететiн, рухын өсiретiн шығармалар ғана жарық көрсе деген арманым бар.

Қара базарда қаптап тұрған қытай тауарлары секiлдi, Ресейдiң кiтаптары, газет-журналдары рухани базарымызды жаулап алды. Тiптi, ресейлiктердiң өзi оқымайтын, зиян санайтын дүниелер кiтап дүкендерiмiзде толып тұр. Сонда бiз өзгенiң идеологиясына сыймаған керексiз дүниелердi тастайтын қоқыс жәшiгiне айналдық па? Бұл да мемлекеттiк саясаттың араласуын қажет ететiн жайт. Бiздiң ертеңiмiз — балаларымыз. Олай болса, "Ақ жол" партиясы ең алдымен солардың рухани тәрбиесiн ойлап, "Балаларға арналған әдебиет" деген арнайы мемлекеттiк бағдарлама дайындауды ұсынып отыр. Имандылық — тәрбие тiрегiне айналуы тиiс.

— Депутат болған жағдайда, ең әуелi қандай мәселелердi көтерер едiңiз?

— Мен өзiм Торғай жерiнiң перзентiмiн. Торғай, Семей сияқты облыстарды таратып жiбергеннен кейiн, ондағы шаруашылықтардың құлдырап кеткенi жанымды ауыртады. Осы орайда, менiң бiр ұсынысым бар: шетелден келiп жатқан оралмандарды оңтүстiкке ғана емес, солтүстiк аймақтарға да орналастыру керек. Себебi олар мал шаруашылығының қыр-сырын әбден меңгерген ғой. Торғай, Семей сияқты облыстар ежелден мал шаруашылығымен айналысқан. Сонда екiжақты пайдалы iс болар едi. Оралмандар туралы қоғамда қалыптасқан кейбiр терiс пiкiрлер бар. Бiрақ шын мәнiнде, оларға жұмыс тауып берiп, кәсiп ететiн мүмкiндiк берсек, нағыз еңбекқор, бейнетқор, төзiмдi адамдар — солар. Iргемiздегi Ресейде, Қытайда әлi қаншама қандастарымыз бар?! Олардың бәрiн елге қайтарып, ұлттық мемлекет құру қолымыздан келедi. Экономикамыз өсiп келе жатыр, бiрақ оның жақсылығын әуелi еңбек адамдары көру керек. Оның iшiнде, қазақ халқының жағдайы бiрiншi орында тұруы керек. Кеңес өкiметi кезiнде бәрiмiз орысқа бағынып, орысқа жағындық. Ендi өз жерiнде қазақтың рухы биiк, мерейi үстем болуы керек. Бұл басқа ұлттардың намысына тимеуi тиiс. Басқа мемлекеттердiң бәрiнде мемлекет құрушы ұлттың мерейi үстем. Ұлттың сөзiн айтатын уақыт келдi.

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАРОВА

Серіктес жаңалықтары