ДЕМАЛА БIЛУ ДЕ КЕРЕК

ДЕМАЛА БIЛУ ДЕ КЕРЕК

ДЕМАЛА БIЛУ ДЕ КЕРЕК
ашық дереккөзі
587

Соңғы кезде банк саласы қызметкерлерi бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiмен қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя бастаған сыңайлы. Өйткенi, қарапайым халыққа банк жүйесiнiң қызметтерiмен етене жақындастырып немесе жан-жақты түсiндiрiп беретiн де БАҚ өкiлдерi емес пе? Тiптi, кез келген банк жөнiнде мағлұмат пен қажеттi ақпараттың халыққа қаншалықты жетiмдi болуы да сол тынымсыз еңбектiң арқасы деуге болады.

Алайда, еңбегi – еш, тұзы – сор қауымның көңiлiн аулап, бiр уақыт жанын сергiту де артықтық етпейдi. Осыны елеп-ескерген «Альянс Банк» өзi бас болып, жаз мезгiлiнiң соңғы аптасында журналист қауымның басын қосты. Арнайы бағдарламамен жоспарланған бұл күнi банк қызметкерлерi мен БАҚ өкiлдерi таза ауамен тыныстап, бiр-бiрiне көтерiңкi көңiл-күй сыйлады. Салауатты өмiр салты – спортты серiк еткендер теннис, футбол, дартес, суда жүзу сияқты спорт ойынының түр-түрiмен шұғылданып, бойларына күш-қуат алғандай болды. Бар қызық БАҚ өкiлдерi мен банк қызметкерлерiнiң жеке топ болып футбол ойнауында жатты. Бұл жолы таразының басы банк қызметкерлерiне емес, журналистерге қарай ауып кеттi. Дәлiрегiнде, 1:0 есебiмен БАҚ өкiлдерi жеңiс тұғырынан бiр-ақ шықты. «Әрине, мұндай шараны өткiзу қоғаммен тығыз байланысты одан әрi жақындастыратыны анық», – дейдi, «Альянс Банк» басқарма төрағасы Дәурен Жұмағалиұлы Керейбаев:

– БАҚ өкiлдерi мен банкирлердiң де жұмысы ауыр. Үнемi қызу жұмыстың iшiнде қайнап жүремiз. Әрине, бiр уақыт адам демалмаса да, шаршап-шалдығып жүредi. Сондықтан да бұл күнi шаруаның бәрiн ысырып тастап, жақсылап демалуға арнағымыз келдi. Бiз мұның нәтижесiнде БАҚ өкiлдерiмен етене байланысты арттырып, тереңiрек танысуға мүмкiндiк аламыз, – дегендi айтады.

«Таза ауа – жанға дауа». Табиғаты сұлу, әсем Алматының баурайында саф ауамен тыныстап, жанды сергiтiп, жадырату да өзiмiздiң қолымызда. Бiрақ күйбең тiрлiгi көп мына қоғамда бiр уақыт демалу да адам ағзасына өте пайдалы екенiн ескере бермеймiз-ау. Негiзiнде мұндайды алдын-ала жоспарламай-ақ, аяқ астынан ұйымдастыру ұтымды әрi қызықты болады деген Дәурен Керейбаев: «Бұл дәстүрдi бiз бастадық. Ендi демалыс шараларын өткiзудi үзбей, әрдайым жалғастыруға тырысамыз» дейдi.

Д.МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары