БҰЛ ПАРЛАМЕНТТI «ЖАҢА» ДЕП АТАУ ҚИЫН

БҰЛ ПАРЛАМЕНТТI «ЖАҢА» ДЕП АТАУ ҚИЫН

БҰЛ ПАРЛАМЕНТТI «ЖАҢА» ДЕП АТАУ ҚИЫН
ашық дереккөзі
271

Алтыншы шақырылымның Мәжiлiсi ырду-дырду сайлауды артқа тастап, өз жұмысына кiрiстi. Ата Заңға енгiзiлген өзгертулерге байланысты Мәжiлiс алғашқы отырысында-ақ Кәрiм Мәсiмовтiң сұрауымен Үкiметтiң қазiргi құрамымен жұмыс iстеуге дайын екендiгiн бiрауыздан бiлдiрдi. Анығын айтқанда, Үкiметтi қолдап 107 депутаттың 103-i дауыс берген.

Ал Сенаттың алғашқы отырысында сөз сөйлеген палата төрағасы Қасымжомарт Тоқаев «Нұр Отанның жеңiсi – партия жетекшiсi Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңiсi» деп пiкiр бiлдiрдi.

Ендi «Нұр Отан» мен Үкiметтiң аты жиi қатар аталатын болды. Мұның алғашқы белгiсi – Кәрiм Мәсiмов Үкiметтiң ендiгi жұмыс жоспары «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасына сай жасалады деп мәлiмдедi. Яғни, «Нұр Отан» ендi шынымен де билiк басындағы партияға айналмақ. Бiрыңғай «нұротандықтардан» құралған Мәжiлiс ендiгi отырыстарында партияның iс-шара бағдарламасын талқылайтын болды.

Мәжiлiстегi жаңалық – палата төрағалығына 100 пайыз дауыс алып, премьер-министрдiң бұрынғы орынбасары Аслан Мусин сайланды.

Бұл Парламенттi «жаңа» деп атау қиын. Есiңiзде болса, екi жарым жыл бұрын мұның алдындағы Парламенттi де «жаңа» деп атай алмай, «жаңарған Парламент» деп мақала жазғанымыз бар. Қорыта келгенде, соңғы үш жылда екi Парламент сайлауы өтсе де, заң шығарушы орган толықтай сапалық өзгерiске ұшырады деу қиын. Тiптi, бұл Мәжiлiстiң құрамында 90-жылғы Жоғарғы Кеңес депутаттары да бар екен. Он жетi депутат 2-шi, одан кейiн 3-шi шақырылымның да депутаты болған. Мысалы, Тито Сыздықов Жоғарғы Кеңестiң 12-шақырылымының және Мәжiлiстiң 2 және 3-шақырылымының депутаты болған. Рахмет Мұқашев екi рет Жоғарғы Кеңес және 2-шi Мәжiлiс депутаты болған.

Гүлжан Қарағұсова, Айткүл Самақова Преизденттiң тағайындауымен бұрын Сенат депутаттары да болған.

Үшiншi шақырылымның 39 депутаты бұрынғы орындарына қайта жайғасты.

Атқарушы билiктiң жиырма шақты өкiлi заң шығарушы органға өттi. Олардың iшiнде еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлжан Қарағұсова, Президент кеңесшiсi Айткүл Самақова, вице-премьер Аслан Мусин, Президент Әкiмшiлiгiнiң бөлiм меңгерушiсi Серiк Баймағамбетов, Сенаттағы Үкiмет өкiлi Қабиболла Жақыпов, Парламенттегi Президент өкiлi Рахмет Мұқашевтi атап өтуге болар.

Мысалы, Парламентте саналы ғұмырының он жылын өткiзген депутаттар да бар екен, олар: Уалихан Қалижан мен Мұхтар Тiнiкеев. Екеуi де 12 және 13 шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестiң, сосын 2 және 3 шақырылымдағы Мәжiлiске депутат болып сайланған.

Статистика Парламентте бұрынғы әкiмдерден: 6 аудан, 1 қала әкiмi, 3 әкiм орынбасары және Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары, 2 облыс мәслихатының депутаты бар дейдi.

Парламенттiң жаңа сессиясын Елбасы әдеттегiдей беташар сөзбен ашып, қазiргi Парламентке бiр-ақ ауыз сөзбен сипаттама бердi: «Мәжiлiстiң жаңа құрамына көз жүгiртсек, депутаттардың кәсiбилiгi артты деуге болады. Олардың iшiнде әйелдердiң, елiмiздегi ұлттар мен халықтар өкiлдерiнiң саны артты. Саяси және әлеуметтiк саланың барлығы дерлiк осында– өнер қайраткерлерi, бiлiм беру саласының мамандары, ғалымдар, инженерлер, кәсiпкерлер бар». Қазақша айтқанда, «әр жақтан, сай-саладан».

Президенттiң Парламент палаталарының алдында сөйлеген сөзi әдетте саяси маусымның ауанын айқындап берiп жүр. Төртiншi шақырылымның депутаттары қандай заң жобаларымен жұмыс iстейдi? Бұл Парламент «Қазақстанның 30 көшбасшысы» бағдарламасын жүзеге асыру үшiн Үкiметпен тiзе қосып жұмыс iстеу керек. Бұл бағдарлама аясында құны 900 млрд. теңге көлемiн құрайтын 22 жоба бойынша жұмыс басталып та кеттi. 60 млрд. долларлық 90 жоба әлi өз кезегiн күтiп жатыр.

Алдағы жылдары жаңадан 150 денсаулық сақтау мекемесiн, 250 мектеп, 50 кәсiптiк-техникалық оқу ордасын салу керек. Бұл да – Президент тапсырмасы.

Яғни, дәрiгерлер мен мұғалiмдердiң жалақысын көтерiп, кәсiбилiгiн арттыру үшiн мемлекет қамқорлығы екi еселене түспек.

Жалпы алғанда, 2012 жылы IЖӨ 1,5 есе өсiп, жан басына шаққанда 13 мың долларға жетуi керек.

Сонымен, Парламент ендi Үкiметтiң уысынан шықпайтын қолбала болып алғандай. Бұдан былайғы уақытта оған «қалта iшiндегi Парламент» т.с.с. теңеу тағып, өкпе артудың қажетi бола қоймас. Себебi, атқарушы билiк өзi «сайлап» отырған Парламенттiң басқаша бола алмайтыны түсiнiктi. Әрине, демократиялық мемлекетте Парламент Үкiметтi жасақтаса керек. Бiрақ Қазақстанның өзiнше даму жолы осындай шешiмге алып келдi. Билiк тармақтары арасындағы теке-тiрес заманы да бiржола тарих қойнауына кеттi. Қазақстан «күштi Президент–күштi Үкiмет–әлсiз Парламент» кезеңiне аяқ басқан сыңайлы. Ендi оның анығын Уақыт-төрешiнiң еншiсiне қалдырдық.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары