БЕКБОЛАТ YНСIЗ ЕМЕС

БЕКБОЛАТ YНСIЗ ЕМЕС

БЕКБОЛАТ YНСIЗ ЕМЕС
ашық дереккөзі
363

Сайлаудың алғашқы қорытындысы шыға салысымен, ел арасында жаңа Парламенттiң әлеуетi туралы алып-қашпа әңгiме көбейiп кеттi. Бiр партиядан жасақталған Парламенттiң жұмысы қалай болады екен деп дағдарғандар да болды. Кейбiр газеттер «Қазақстанда Парламент болғанымен, парламентаризм жоқ» деген қорытынды да жасады.

Қалай десек те, жаңа жасақталған Парламенттiң алғашқы жұмыс аптасы өттi. Алғашқы сенсация да орын алмай қойған жоқ. Ең алдымен, өткен шақырылым депутаттарынан мұраға қалған, «журналистердi Парламент мәжiлiсi залына кiргiзбеу» туралы құжат шу көтеруге негiз болды. Өткен аптаның қорытынды жаңалықтарында да, газет-журналдарда да бұл мәселеге кәдiмгiдей орын берiлдi. «Астана» телеарнасындағы «Апта» қорытынды бағдарламасында бұл мәселенi әңгiме еткен журналист Есенбек Санатұлы «бiр партиядан жасақталған Парламенттiң ендiгi айтысары да, пiкiр таласары да төртiншi билiк өкiлдерi болайын деп тұр. Сондықтан, Парламент алдымен БАҚ өкiлдерiн мониторға тығуды жөн санап отыр» деген болатын. Журналистердi жеке кабинетке шақырып, мұң-мұқтажын тыңдаған жаңа спикер Аслан Мусин мәселенi оңтайлы шешуге көмектесетiндiгiн айтқан едi. Сөзiнде тұрды. Осы сәрсенбiдегi пленарлық мәжiлiсте фототiлшiлер мен телеоператорларды Парламенттiң отырыс залына жiберетiндiгiн мәлiм еттi. «Бүгiннен бастап, Мәжiлiстiң пленарлық отырысында баспасөздiң жұмыс механизмiн бұрынғы қалыпқа түсiру қажет деп санаймын. Фототiлшiлер мен телеоператорлар залда қалағанынша жұмыс iстей берсiн» дедi жаңа спикер Мәжiлiстiң осы аптадағы пленарлық отырысын аша отырып.

Сөйтiп, журналистердiң бұған дейiн «монитордан түсiрген сюжеттiң көрерменге несi қызық?» деген күмәнi сейiлдi. Депутаттар ұйықтап отырса да, сөзжұмбақ шешiп отырса да, электронды БАҚ Парламенттiң бүкiл болмысын ел алдына жайып сала алатын болды. Бұның өзiн билеушi партиядан жасақталған Парламенттiң сөз бостандығына берген алғашқы мүмкiндiгi деп бағаласа болғаны.

Бiз Парламенттiң жаңа құрамынан ұлт сөзiн сөйлейтiн – Амангелдi Айталы, Мұхтар Шаханов, Амалбек Тшановтарды көре алмайтындығымызды айтып налыған едiк. Дегенмен, олардың орнын жоқтатпайтындар да шығып жатыр. Өткен шақырылымда да ұлт сөзiн сөйлеуде аталған әрiптестерiнен қалыс қалмаған Бекболат Тiлеухан Парламент сессиясының алғашқы күнi-ақ өз миссиясына кiрiстi. Спикер Аслан Мусиннiң Мәжiлiс отырысын орысша бастағанына қынжылыс бiлдiрдi. Шарасыздан Елбасының, «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессiн» деген үндеуiн көтердi. Аслан Мусиннен мемлекеттiң конституциялық маңызы бар заңдарын сыйлауды өтiнiп, Мәжiлiс отырыстарын мемлекеттiк тiлде өткiзуге шақырды. Бекболат Тiлеуханның мойнына артылар жүк еселендi. Бұрын оны қолдайтын, оның сөздерiне құлақ асатын әрiптестерi бiршама едi. Бұл жолғы Парламентте ол жүктi жалғыз өзi көтеретiн түрi бар. Өйткенi, Бекболат Тiлеуханның ашынып сөйлеуiне үн қосқан ешкiм болмады.

Ал, кейбiр депутаттар депутаттық сауалға қарсылығын танытып жатыр. Мәжiлiс депутаты Нұрдәулет Сәрсенов депутаттық сауалдарды мүлдем алып тастау немесе пленарлық отырыстың соңына қалдыру туралы бастама көтердi. Әзiрге ол бастаманың қаншалықты қолдау табатындығы беймәлiм. Дегенмен, егер партиялық әрiптестерi оны қолдап кететiн болса, бұрынғыдай Үкiмет мүшелерiн Парламент мiнберiне шақырып алып, сiлiкпесiн шығару да жайына қалатын шығар.

Сонымен, қазiргi парламентаризмнiң әлеуетiн танытар екi түрлi мәселе тұр алда. Бiрi – «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы заң жобасы. Бұл заң елiмiзде өз үйiнде жүргеннен артық тайраңдап жүрген шетелдiк инвесторларды ауыздықтайтын заң болуы тиiс. Оған қатысты алғашқы мәлiметтер айтыла да бастады. Мәселен, жаңа заң жобасы бойынша, Қазақстан Республикасының экономикалық мүддесiне немесе ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiретiн болса Үкiмет шетелдiк инвестормен арадағы жер қойнауын пайдалану туралы келiсiм-шартты бұза алады. Бұл мәселе қазiр Қашағанды игерумен де қатысты болып отыр. Депутаттар премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтен Қашағандағы болып жатқан жағдайды ашық жеткiзiп отыруды талап еттi. Экология және табиғатты пайдалану жөнiндегi Комитет палатасының төрағасы Ерлан Нығматуллин «Кәрiм Қажымұқанұлы, көрсетiлген мерзiмде Парламенттi аталған мәселелер төңiрегiнде құлақтандырып отырсаңыз. Қазақстан аумағындағы «Қашаған» кен орнын игерушi Agip KCO және консорциумға қатысушылардың барлығының iс-қимылдарының нәтижесi жөнiнде мәлiмдесеңiз» дедi.

Парламенттiң тiсiн көрсететiн екiншi мәселе – «Протон» зымыран тасығышының жылда қазақ жерiне құлап түсiп жатқандығы. Күнi кеше ғана құлаған зымыран тасығыштың әкелген зиянын дұрыс есептеп, елдiң есесiн жiбермеуде күш салу. Депутаттардың алғашқы пiкiрiн де бiлiп үлгердiк. 11-қыркүйекте Парламент Мәжiлiсiнiң экология мәселелерi және табиғат пайдалану комитетiнiң отырысында депутаттар В. Нехорошев пен Б. Әлiмжанов «Ресейде ракета ұшып өткенi үшiн өтемақы төленетiн аймақтар бар екен, ал, бiз төбемiзге «Протон» құлап, гептилi төгiлiп, зардабы тиiп жатса да отыра беремiз. Сондықтан, Ресей мен Қазақстан арасындағы Байқоңырды жалға беру туралы шартты қайта қарап, мүмкiн болса, зымыран тасығыштарды ұшырмау жайында мәселе көтеру керек» дедi.

Демек, Мәжiлiстiң алғашқы аяқ алысы осы бiр оқиғалардан-ақ байқалып тұр. Алдағы жұмысы қалай болатындығын уақыт көрсетедi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары