ТЕМIРЖОЛШЫЛАР ТАЯҚ ҰСТАП ҚАЛМАСА ИГI

ТЕМIРЖОЛШЫЛАР ТАЯҚ ҰСТАП ҚАЛМАСА ИГI

ТЕМIРЖОЛШЫЛАР ТАЯҚ ҰСТАП ҚАЛМАСА ИГI
ашық дереккөзі
394

Құлекеев ендi қайтер екен?

Жақында ғана бiр танысымның төркiнiне қонақ боп барып қайтқан пысықай келiншегi Алматыға тұлан тұтып оралды. Арық адамның ашуланғаны да қызық-ақ: қолды-аяққа тұрмай дызалақтайды. Әңгiмесi темiржолдың таусылмас жыры, үйден үш қадам алыстап шыққан бейшара жолаушыны таусылмас әбiгерге салатын шойын жолдың шыжығы.

— Құрып қалсын-ай, — дедi әлгi келiншек ашу мен шарасыздықтан түтiгiп, –темiржолың құрысын! Бiз мiнген отарбалары боқ арбадан әрмен сасық, лас, оның үстiне маған сатқан орынға басқа бiреулерге де билет берiптi. Вагонға мiнгеннен-ақ қызыл кеңiрдек болып дауласып, омбаған проводник нервiмдi тауысты. Кiшкентай қызымды бауырыма қысып, үстiңгi сөреде сүтке тиген күшiктей бүрiсiп жатып жеттiм, ауылға. Мына қаладағы жекеменшiк пе, не пәле, кiшкентай кассалар билеттi өтiрiк сата бередi екен ғой. Бүйте берсе поезға ешкiм мiнбейтiн шығар, түбi…

Ұзақ қашықтар шақырымдармен емес, тәулiктермен есептелетiн ұлан-байтақ Қазақстанда дәп қазiр, әсiресе, жазғы маусымда поездан қолайлы көлiк жоқ. Әуе ұшақтары әкесiнiң құнын сұрайды, жол жүру бағасы аса қымбат, автобустар жайсыз. Таяу жылдары жөнделiп бiте қоймайтын тас жолдардың азабын адам басына бермесiн. Сондықтан келiншек айтқан отарбаға отыратындар бұдан кейiн де көбеймесе, азая қоймайтыны бесенеден белгiлi. Елiмiз бойынша маусым айында 39 темiржол кассалары арқылы 39 мың билет сатылса, шiлде айында 62 мың билет сатылған. Демек, осыған дейiн ай сайын 20-23 мың билеттiң ақшасы белгiсiз бiреулердiң қалтасына түсiп келгенi ғой. Олар кiмдер?! Бұл жағдай қашаннан берi созылып келедi?

Қазақстан экономикасының аса маңызды, стратегиялық саласының бiрi – темiржолда ұзақ жылдардан берi қалыптасқан келеңсiз, сорақы жағдайлар осынау қолайлы көлiк түрiнiң өзiн қазiр «әй, кәпiр» етiп тынғаны да даусыз. Жылма-жыл Үкiметте «Қазақстан темiр жолдары» Ұлттық компаниясына» қатысты түрлi оңтайлы шараларды жүзеге асыру жоспарланып, сан қилы шешiмдi қадамдар қағаз жүзiнде белгiленгенiмен, темiржолдағы түйткiлдер азаятын түрi жоқ.

Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң көлiктердi тексеру комитетi темiржол жұмысын кезектi тексерудiң нәтижелерiн хабарлауы соны дәлелдейдi. Алақайлап қуана қоятын көрсеткiштер емес, қайта бүкiл қоғам болып қауiп дабылын қағатын нәтижелер.

2007 жылдың 7 айында 1254 шаруашылық және «Қазақстан темiр жолы» Ұлттық компаниясына» қарасты 322 кәсiпорны, құрылымдық бөлiмшелерi тексерiлген екен. Осы тексеру нәтижелерiне орай елiмiздiң экономикасының тағдыры, оның дамуына тiкелей ықпал жасайтын аса маңызды салада 12 мың 633 тәртiп бұзу анықталған. Нақты деректерге сенсек, Қазақстан темiржолдарының жалпы ұзындығы 14 мың 200 шақырымға созылады. Соған қарағанда, әрбiр шақырымда бiр тәртiп бұзу орын алатын сияқты. Сонымен темiржол саласындағы әлгi тәртiп бұзулардың 10364 жол жүру қауiпсiздiгiн қасақана бұзу, 1450 темiржол көлiгi қызметiн реттейтiн нормативтi – құқықтық актiлердi аяққа басу, 141 өрт сөндiру қауiпсiздiгi мен 101 санитарлық – экологиялық ережелерiн сақтамауға қатысты.

Анықталған кемшiлiктер мен тәртiп бұзушылықтарға орай 1179 актi жасалып, әлгiндей 864 кемшiлiктi қайта түзетуге шешiм қабылданды. 219 әкiмшiлiк-құқықтық тәртiп бұзу қаралды. Кiнәлiлерден 3,1 млн. теңге көлемiнде айыппұл өндiрiлген көрiнедi.

Иә, мұның бәрi ет өлiп, кеуiл үйренген күнделiктi жайт деуге де болады. Құрамында 142 мың 800 адам жұмыс iстейтiн орасан зор құрылымда мұндай ұсақ-түйек кемшiлiктердiң болмауы мүмкiн де емес. Бiрақ осылай көңiл тыныштандырудан сапарға шыққан сайын темiржолдың тауқыметiн тартатын жолаушыларға келiп-кетер еш жеңiлдiк жоқ. Ең бастысы, «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң» демекшi, Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң қатаң шараларынан соң Қазақстан темiржолшылары түптiң түбiнде таяқ ұстап қалатын түрi бар.

Елiмiзде белгiленiп, бекiтiлген ереже талаптарына сай болмағандықтан 155 локомотив, 584 вагон, 73 түрлi жол техникалары, 284 рельс ауыстыратын құрал-жабдықтар пайдаланудан бiржола шығарылды. Тозығы жетiп, талқаны шыққан 158 подьездiк жолдар жабылып, бұдан әрi қолдануға тыйым салынды.

Әсiресе, елiмiздегi темiржолдың жолаушылар тасымалында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан келеңсiздiктердi қысқа уақытта оңдау оңайға түспейтiн сияқты. Бейнелеп айтқанда, бұл салада сiрескен сеңдi бұзуға аңқылдап есетiн алтынкүрек керек-ақ. Мемлекетiмiздiң территориясымен арлы-берлi заулап жатқан 1706 жолаушылар поездарын тексерген комитет мамандарының ортақ пiкiрлерi осындай. Әлгi поездардың 1256-ы Қазақстанда жасақталғандықтан темiржол саласындағы былықтардың өмiрiмiзге қаншалықты тереңдеп енгенiн көрсететiн барометр секiлдi. Тексерiс нәтижесiнде 2507 жол жүру және өрт қауiпсiздiгi сақталмау фактiлерi тiркелiп, санитарлық ережелер мен нормалардың бұзылғандығы анықталған. Тiптi, көп жағдайда жолаушылар тасымалдау мен жүк алып жүру ережелерiнiң де бұзылатыны байқалса керек.

Әрине, бұның бәрi соншалықты тың жаңалықтар емес. Тексерiс нәтижелерiне қарғанда, 1369 билетсiз жолаушылар және 14 тонна рәсiмделмеген жүк анықталды. Кiнәлiлерге 2,8 млн. теңге көлемiнде айыппұл салынды.

Дау жоқ, жаз айларында ондаған мың жолаушыларды тасымалдайтын темiржол үшiн билетсiз ұсталған 1369 жолаушы түк емес. Сөйте тұра вагондардың пайдаланылудан көптеп шығарылуы алаңдатарлық жағдай. Қазақстан темiржолында локомотивтер мен вагондардың жетiспейтiнi ежелден белгiлi. Әсiресе, күз айларында – астық жинау науқанында жүк таситын вагондардың жетiспейтiндiгiнен елiмiздiң диқандары талай зар қақан. Ол ол ма, осыдан бiрер жыл бұрын астық жинау науқаны кезiнде бос вагондарды қасақана ұстап қалатын ресейлiктермен қызыл кеңiрдек болып дауласып, оларға лағынет айтқан кездерi де аз болмаған.

Қазақстан темiржолы нелiктен қауқарсыз? Мұндағы кемшiлiктердiң шектен шыққаны сонша, осы салада ұзақ жылдар бойы қордаланған түйткiлдер, бiр қарағанда, жұрттың бәрiне мәлiм. Шешуi де оп-оңай сияқты. Бiрақ, «баяғы жартас – сол жартас».

Жоғары айтып өткенiмiздей, Қазақстандағы 14.200 километрге созылған темiржолда 142 мың 800 адам жұмыс iстейдi, яғни әрбiр мың шақырымға 10 мың. адам қызмет көрсетедi. Ал мұхиттың арғы бетiндегi жер көлемi бiздiң елiмiзден үлкен, климаты да қолайсыз Канадада темiржолдардың жалпы ұзындығы 50 мың шақырымнан астам әрi бұл салада небары 55 мың адам ғана жұмыс iстейдi. Қарапайым есепке жүгiнсек, әр мың шақырымға 1000 адам ғана қызмет көрсетедi. Көрген көздi сүйiндiретiн әсем поездары жергiлiктi линияларда сағатына 300 км жылдамдықпен зуылдайтын Жапония мен Франция туралы айтпай-ақ қоюға болар. Мұның бәрi Қазақстан темiржолының мүлдем мешеу қалғандығын, еңбек өнiмдiлiгiн арттыратын, жаңа заманға сай құрал-жабдықтардың жоқтығын, барларының мейлiнше тозғанын және осынау аса маңызды салада жаңа технологиялардың қолданылуы кешеуiлдеп отырғанын аңғартса керек.

Бiр ғажабы, таяу жылдары Қазақстан темiржолына қосымша тағы да 50 мың түрлi мамандар қажет болатын сыңайлы. Оны мамандар алдағы жылдары елiмiзде салынуға тиiс 1600 километр темiржолмен байланыстыра қарастыруда. Сонда қалай, бiздiң елiмiзде еңбек өнiмдiлiгi жоққа тән болмағаны ма? Әлгi атышулы пайдалы әрекеттер коэффициентi (КПД) дегеннiң қазақ темiржолшыларына еш қатысы болмағаны ма?!

Ол ол ма, А. Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi иниституты дайындап, 2007 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздiкте» «темiржол» бiрiктiрiп жазылса, ал алпауыт мекеме, табиғи монопалист «Қазақстан темiржолы» Ұлттық компаниясы» деген атауда бұл сөздер бiр-бiрiнен ат-тонын ала қашып, бөлектеп жазылған. Сiрә, орыстың «железная дарогасын» еш өзгертпей, формалық жағынан дәл қалпында көшiрме жасай салған сыңайлы.

Иә, қазiр Қазақстан темiржолының беделi әбден төмендеген уақыт. Мұндағы ұйымдасқан қылмыстық топтар, коррупция, заң талаптарын орындамайтын тамыр-таныстық туралы қауесеттер ел iшiнде кең таралғанына өткен жылдар куә. Өткен сенбi күнi «Казахстанская правда»газетiнiң тiлшiсiне берген сұхбатында аталмыш ұлттық компанияның президентi Жақсыбек Құлекеев мырзаның өзi де мұны амалсыздан мойындапты.

«Қазiр компанияның имиджi соншалық жақсы емес. Бiздiң елiмiздегi дерттiң бәрi мұнда айрықша көзге ұрып көрiнедi.

Мұнда бәрi де есепшотқа («счетчик») мықтап қойылған. Жасырмай айтайыншы, менi де сол ұйық батпаққа сүйрегiлерi келдi. Өздерiне тиiспеуiм үшiн аса қомақты ақша ұсынды»,- дедi ол.

ҚТЖ президентiнiң сол ақшаны алған-алмағаны белгiсiздеу болып қалғаны өкiнiштi, бiрақ қысқа уақытта жолаушылар тасымалынан елiмiздiң қоржынына 1 млрд. теңгеден астам қосымша қаржы түскенiне қарағанда, сiрә, алмаған-ау.

Ең сорақысы сол, кезiнде елiмiздегi 121 темiржол вокзалының 99-ы коммуналдық жекеменшiкке, шынын айтқанда, жеке компаниялардың иелiгiне берiлген болып шықты. Түрлi құжаттарын заңға сәйкестендiрiп алған әлгiндей жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктер қолы көтере алмайтын шоқпарды белдерiне байланғандарымен қоймай, «Мұрның барда бiр сiңбiр» дейтiн принциппен ғана жұмыс iстейтiнi еш құпия емес. Яғни, вокзалдарды жөндеу, оларды жаңа заман талаптарына сай қайта құруды ойларына да алмайды. Есесiне вокзал ғимаратын, оның территорияларын өзгелерге заңды-заңсыз түрде жалға берiп, өз қалталарына түсетiн ақшаны ойлаумен ғана шектелiп қалған. Билет кассаларының жаппай жекеменшiкке өтiп кетуi де түрлi алыпсатарлар арқылы билет сатып, жасанды түрде билет жетiмсiздiгiн туғызуға қолайлы жағдай жасауда. Ал мұның өзi түскен табыстарды жасырып қалуға ең қолайлы жағдай туғызады.

Осының бәрi бiр кездегi Англия темiржолдарында қалыптасқан жағдайды ерiксiз еске түсiредi. Темiржолдағы дағдарыстың, заң бұзушылықтың шектен асқандығынан әбден ығыр болған ағылшындар темiржолды түгелдей мемлекет меншiгiне қайтып алып, кейiнiрек, экономикалық тұрғыдан қолайлы кезең туған уақытта, Маргарет Тэтчер тұсында қайтадан жекешелендiрiлген болатын. Бiздiң елiмiзде де темiржол саласында сондай күрделi кезең қалыптасып отыр. Қазiр вагон, локомотивтердi жөндеу мәселесi жекеменшiк компанияларға жүктелген. Елiмiздегi вагондар паркi 185 түрлi серiктестердiң уысында және олар оны өз кезiнде су тегiнге алған. Еңбексiз келген нәрсенiң құны болмайтыны рас десек, қазiргi күнде 11 мың вагоннның жөндеу күтiп тұрғаны әлгiдей меншiк иелерiнiң жауапсыздығынан демеске шара жоқ. Ол ол ма, дәп қазiргi таңда Қзақстанда зуылдап жүрген жалпы вагондардың үштен бiрi Ресей иелiгiндегi вагондар. Ал «Ресей темiржолдары» компаниясының басшысы В. Якунин мырза оларды табан асты қайтаруды талап етсе, Ресей территориясындағы вагондарымызды ел аумағынан шығармай қойса ҚТЖ сазға отырмақ.

Өз елiмiзде вагон жасау, локомотив жасау туралы мәселе көтерiлгелi де бiрталай жылдың жүзi болған. Бiрақ, оң шешiмiн таппай тұруы Қазақстан темiржолының жағдайын одан әрмен қиындата түсуде. Локомотив шығаратын зауыт салу мәселесiнiң аяғы сиырқұйымшақтанып, су аяғы құрдымға сiңген секiлдi болғандай едi. Соңғы деректерге қарағанда, Ceneral Electric компаниясының технологиясы бойынша Астанада локомотив шығаратын зауыт салу 2009 жылғы жоспарланған көрiнедi және бұған 78 млн. доллар көлемiнде қаржы жұмсалғалы отыр.

Осыдан соң қазақ жолаушылары түрлi бағыттарда бұған дейiн түсiне кiрмеген жылдамдақтармен заулайтын шығар, сiрә!

Әттең, қашықтығы нәйетi бiрнеше жүз километрге ғана созылатын Шар-Өскемен темiржолын салып бiтiру туралы сөз болғанына да екi-үш жылдың жүзi боп қалды. Басқа басқа, ол туралы ел Президентi Н. Назарбаев та биiк мiнберден мақтанышпен мәлiмдегенi жұрттың жадында. Бiрақ, бұл құрылыс та аяқталар түрi жоқ. Баяғыда, XX ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында атақты Түркiсiбтi қалың ел кетпен-күрекпен-ақ бұдан тез салып бiткен секiлдi едi. Ұзаққа созылған осы құрылыстың астарында да мән бар шығар… Бәлкiм, Қазақстанға да өзiнiң атақты БАМ-ы – ешқашан аяқталып бiтпейтiн «ғасыр құрылысы» қажет болар.

Ал Қытайдан әкелiнген, елiмiздегi санитарлық-эпидемиологиялық қызу талас-тартыстың басты себебiне айналған 152 жолаушы вагоны жөнiндегi даудың да соңғы нүктесi әлi қойылған жоқ. Тiптi, толастай қоймайды-ау деген күдiк басым.Соңғы күндерi отандық ақпарат құралдарының бiрсыпырасы Жақсыбек Құлекеев мырзаның «Қазақстан темiржолы» Ұлттық компаниясы» президентiнiң биiк орынтағына жайғасқанына 100 күн болғанын дабырайтып, дақпыратқа айналдырып жаза бастағаны байқалады. Дұрыс, бұл да ауыз толтырып айтарлықтай әжептәуiр мерзiм. Әсiресе, әскерде. Ант қабылдаған соң 100 күннен кейiн қарулас жолдастары ант қабылдаған жауынгерлердiң алақанына қасықпен 100 рет ұрады. Кейбiр әскери бөлiмшелерде белден төмен де ұрады деседi. Әскер қатарындағы бiр-бiрiне ұқсас сүреңсiз күндерге басқаша рең беруге талпыныстан туған зiлсiз рәсiм ғой, әншейiн.

Өткен жүз күнде темiржолда атқарылған оңды iстер аз емес көрiнедi. Бiрақ, елiмiздiң темiржолындағы қалыптасқан ауыр ахуалды жою үшiн бұл салада ашықтық пен жариялылықтың қажет екенiн ҚТЖ-ның президентi де мойындауы қажет. Онсыз осынау қиын да күрделi салада iс алға баспайтыны сөзсiз. Ұлттық компанияның жаңа тағайындалған жетекшiсi, жуырда ғана 50 жасқа толған мерейтойын атап өткен Жақсыбек Құлекеев мырза да мұны мойындайтын шығар.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары