АЯЛДАМАЛАР ЖАҢАРЫП ЖАТЫР, АЛАЙДА...

АЯЛДАМАЛАР ЖАҢАРЫП ЖАТЫР, АЛАЙДА...

АЯЛДАМАЛАР ЖАҢАРЫП ЖАТЫР, АЛАЙДА...
ашық дереккөзі
238

Алматы қаласының күн өткен сайын жасарып бара жатқанының куәсi болып жүрмiз. Автокөлiктердiң кептелуiнен құтылудың бiр жолы — жол айырықтардың салынып, пайдалануға берiлiп жатуы да көңiлге қуаныш ұялатады. Бұған, әрине, қуана отырып, оның кейбiр көлеңкелi жақтарына назар аударғым келедi.

Рас, аялдамалар жаңарып, жол күтушiлерге жақсы жағдайлар жасалуда. Сол аялдамалар тұрған жерге екi тiлде жарнамалардың iлiнуi де дұрыс ойластырылған. Дегенмен, сол аялдамаларға қос-қостан «г.Алматы» дейтiн плакат, дұрысы Алматы қаласының орысша жасалған қартасының iлiнуiн құп көрмеймiн. Құп көрер едiм, егерде сол Алматы қаласы картасының қазақша нұсқасы iлiнiп тұрса.

Театр – киiм iлгiштен басталады дегендейiн алматылықтарды айтпағанның өзiнде сырттан келiп жатқан меймандардың көзi алдымен осы аялдамалардағы жарнамаларға түспей ме? Сонда олар "Алматы қаласының орыс тiлiндегi картасы бар екен, ендi оның қазақшасын да көрейiншi" деп екiншi картаны көргенде не деп ойлар едi? Мiне, қазақ тiлiнiң қадiрi осы жерден-ақ қашып тұрғанын бiлiп, жандарын мұң шалмас па едi.

Шынын айту керек, осы кезге дейiн жол күтушiлер келе жатқан өз автобустарын көрiп отыруы керек десек, олар бұл мүмкiншiлiктен айырылған. Себебi сол автобус келе жатқан жақты жарнамашылар бiр қабырғаны алып жатарлықтай жарнамасымен қалқалап тастаған. Керек десеңiз, автобус күтiп тұрған жүргiншiлер отыратын ұзынша орындықтың үстiне жарнамаларын орналастырып қойғандарына қалай ренжiмессiң. Бұған көрнекi мысалды Панфилов пен Қабанбай батыр көшелерiнiң қиылысындағы №117 автобус аялдамасын айтуға болады. Бұл жерде сол жарнамашыларға жол күтушiлердiң жағдайы емес, өздерiнiң жарнамасы қымбат болып тұрғандығын әркiмнiң iшi сезiп отырған болар.

Аялдама демекшi, кейбiр аялдама алқа-салқа. Қалқаның төбесiндегi тақтай жабындылары, отыратын орындықтарының тақтайлары тоналып кеткендiктен қаңқалары ғана қалған. Оған мән берiп жатқан, осыған жауап берiп жатқан пенденi көре алмадық. Бұның жарқын мысалын Торайғыров көшесi мен Науаи көшелерiнiң қиылысында орналасқан автобус және трамвай аялдамасы толық жауап бере алады.

Шаймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары