Қатерлi iсiк: БIР ЖЫЛДА — ҮШ МЫҢ ӘЙЕЛ...
Қатерлi iсiк: БIР ЖЫЛДА — ҮШ МЫҢ ӘЙЕЛ...
Соңғы жылдары онкологиялық ауру түрлерiнiң саны өсiп, таралу жағынан мүлдем өршiп барады. «Сақтансаң сақтайды» дегендi қаперiмiзде ұстай бермейтiнiмiз өкiнiштi, әрине. Өйткенi, елiмiзде сүт безi және жатыр мойыншасы қатерлi iсiгiмен ауыратын қыз-келiншектер мен аналардың саны күрт өсiп, орташа есеппен 15 мың әйел есепке iлiккен.
Одан берi жыл сайын сүт безi қатерлi iсiгiне үш мың әйел шалдықса, оның 1349-ы көз жұмады екен. Ал жатыр мойыншасы қатерлi iсiгiмен ауырған 1 172 әйелдiң 629-ы жарық дүниемен ерте қош айтысқан. Бұдан өзге жылына анасыз қалатын 4 мың отбасындағы жетiм бала мен жарсыз қалған ер азаматтың обалы кiмге? Бiр өкiнiштiсi сол, Алматы қаласы сүт безi қатерлi iсiгiнен Қазақстан бойынша бiрiншi орында тұрса, жалпы алғанда елiмiздiң өзi дүниежүзi бойынша бесiншi орынға бiр-ақ жеткен.
Қолымызда бар деректерге жүгiнсек, дәл бүгiн Қазақстанда 7,8 млн.-нан астам әйел өмiр сүретiн көрiнедi. Демек, бұл халықтың 52 пайызын құрайды деген сөз. Ал олардың 30 пайызының ғана денсаулық көрсеткiшi тәуiр деп анықталса, экологиялық апаты ушыққан кейбiр аймақта бұл 20 пайызға әрең жеткен. Себебi, атын айтуға үркитiн қатерлi iсiктiң түрлерi қоғамды түп-тамырымен жаулап барады. Ендеше елiмiздiң медицинасы бұл дертке қарсы тұра ала ма? Әсiресе, соңғы екi-үш жылда қазақ әйелiне дерт боп жабысқан сүт безi қатерлi iсiгiнiң алдын алатын дәрi-дәрмек жеткiлiктi ме? Жоқ. Мұнымен қоса, ақ халаттылар науқастың дұрыс диагнозын таба алмай, әуре-сарсаңға салатыны тағы бар. Кейде басқа елдiң медицина саласында ана мен балаға, жалпы дәрiгерге күнi түскен жандарға жасап жатқан шараларына тәнтi боласың. Мәселен, шетелде сүт безi қатерлi iсiгiне қарсы егетiн екпенiң өзiн тегiн салатын көрiнедi. Бiздiң елiмiзде оның бағасын анау-мынау жанның қалтасы көтере бермейдi, бақандай 3 мың доллар! Нарық заманында 3 мың доллар тұрмақ, 300 теңгенi әрең тауып жүрген қарапайым халық қайтедi сонда? Басын өлiмге тiгiп, бәрiне көндiгiп жүре бермек пе? Неге Денсаулық сақтау министрлiгi сүт безi және жатыр мойыншасы қатерлi iсiгiнiң алдын-алу үшiн арнайы бағдарлама қабылдамайды? Демографиялық ахуалымыздың деңгейiн көтеремiз дегенде алдымызға жан салмаймыз, неге қазақ әйелiнiң денсаулығына мықтап көңiл бөлмеске? Бұл аз десеңiз, осындай жанға батарлық ауру тамырын жая бастаған шақта елiмiз бойынша бар болғаны 40-ақ маммологтың бар екендiгi өте ұят жағдай емес пе? Рас, ертеде қазақ әйелдерi бұл дерттiң атын да, затын да естiп-бiлмедi, дәлiрегiнде бұл ауруға iлуде бiреуi ғана шалдыққандықтан дерт туралы мәлiмет қоғам арасына онша тарала қоймады. Неге десеңiз, ол заманның анасы нәрестесiн кемiнде бiр жарым, екi жасқа дейiн емiзiп, сүтi тарай бастағаннан кейiн ғана басқа тамақ түрiне үйрететiн болған. Ал қазiр ше? Ауылдың әйелiн қайдам, әсiресе қаланың келiншектерi баласын омырауынан ерте, яғни, үш-төрт, әрi кетсе, алты айдан соң-ақ шығарып жатады. Бар айтатын сылтауы – «Балам тоймайды немесе омырауымнан сүт шықпай қалды». Мұның себебi әрiде жатыр, яғни, баланы емiзгендi бүкiл 62 тамырың қоса июi керек екен. Сонда ғана омырауға сүт те келедi, бала да тойына емедi. Онкология және радиология институтының маммологы Аңдасбек Құраласов бiзге берген бiр сұхбатында, «Негiзi сүт безi қатерлi iсiгi – даланың емес, қаланың әйелiне тән» деген-дi. Бұлай деген себебi де, әлгiндегi қарапайым мысалда жатыр екен ғой.
…Сонымен дабыл қағатын уақыт жеттi. Жақында «Здоровая Азия» қоғамдық қоры бұл мәселенi бастама ретiнде көтердi. 2003 жылдың мамыр айынан өз жұмысына нықтап кiрiскен аталмыш қор қоғамда белең алып бара жатқан онкологиялық дерттiң алдын-алу шараларына қажырлы күш жұмсап келедi. Нәтижесi де жоқ емес. «Здоровая Азия» қоры сүт безi қатерлi iсiгi мен жатыр мойыншасы қатерлi iсiгi туралы мағлұматтың бағдарламасын билiкке ұсынды. Мұнда «Әйелдердi емдеу және оңалту» орталығын ашатын мезгiл жеттi. Ол тек Алматы немесе Астанада емес, республикамыздың басқа да облыс орталықтарында болуы керек» деген мәселенi батыл көтердi. Алайда, министрлiкке қол жайып қарап отырмаған қоғамдық қор үздiксiз еңбектiң арқасында Жезқазғаннан, Семейден арнайы бөлiмшелерiн ашып үлгерiптi. Сондай-ақ, маммолог-маманның аздығына алаңдаушылық бiлдiрiп, С.Асфендияров атындағы медицина университетiнiң онкология, маммология сәулемен емдеу, сәуле диагностикасы кафедрасымен бiрлесiп, «Жүз ауруханаға жүз маммолог» деген бастамаға мұрындық болып, диплом алғаннан кейiн маммолог-дәрiгердiң бiлiмiн одан ары жетiлдiре түсетiн арнайы мектеп ашты. Онда елiмiзге белгiлi профессорлар Ә.Есенқұлов, Б.Қайдаров, Қ.Нұрғазиев т.б. дәрiс беретiнiн айтқан жөн. Сол сияқты сүт безi мен жатыр мойыншасының қатерлi iсiктерiнiң алдын-алу мақсатында бiрнеше жоба жүзеге асырылып жатқан көрiнедi. «Здоровая Азия» қорының вице-президентi Аршагүл Тойбайқызы: «Trans online» ШСС-мен бiрлесiп қоғамдық көлiктерде «жүгiрмелi жол» түрiнде аурудың алдын-алу жөнiнде акция өткiзсек, коммерциялық емес «Seimar Social Fund» қайырымдылық қорының қолдауымен шағын автокөлiк алуға және протездер алуға, шұғыл телефонға қомақты қаржы жұмсауға мүмкiндiк алдық» дейдi. «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демей ме мұндайда. Тек қана дертке шипа болсын дейiк.
Кейбiр мәлiмет бойынша, қатерлi iсiктiң бұл түрлерiн емдеу үшiн министрлiктен жыл сайын 3 млрд. теңге бөлiнсе, 2008 жылы бұл көрсеткiш 5 млрд. теңгеге көбейедi деп жоспарлануда. Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұловтың пiкiрiнше, бұл қаражат науқастың толық ем алуына жетедi. Қысқасы, дәрi-дәрмек тапшылығы жоқ, елiмiздегi онкологиялық ауруға шалдыққан кез-келген ауру ем-домсыз қалмайды» дегендi айтады. Десе де, «Здоровая Азия» қоғамдық қоры керiсiнше, жылдан-жылға сүт безi мен жатыр мойыншасы қатерлi iсiгiмен ауыратын әйелдердiң шамадан тыс көбейiп кеткендiгiн алға тартып, оларды дәрi-дәрмекпен қамтуға келгенде бәзбiреулердiң жемқорлыққа жол беретiндiгiне ашынады. Шынында да, бұл дертке жыл сайын үш мың әйел шалдығып, оның 1349-ы дүниеден озса, сонда министрлiк тарапынан бөлiнген 3 млрд. теңге нендей мақсатқа көзделген? Жауабы беймәлiм сұрақтар көп. Дегенмен, бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлiгiнiң шындап кiрiсетiн уақыты жеткен сияқты.
21 қазан – «Дүниежүзi әйелдерiн сүт безi қатерлi iсiгiнен қорғау күнi» қарсаңында 18 қазан күнi сүт безi қатерлi iсiгiнiң проблемасына арналған «Орталық Азия және Қазақстандағы сүт безi қатерлi iсiгiнiң көкейкестi проблемалары» атты тақырыпта ғылыми-теориялық конференция өтпекшi. Бұдан соң «Здоровая Азия» қоғамдық қоры iле-шала 19 қазанда «Ана мен сенi сүйемiн!» атты қайырымдылық концертiн өткiзудi жоспарлап отыр. Құдай қаласа, одан түскен қаржы сырқат әйелдерге әлеуметтiк көмек көрсетуге жұмсалатын болады.
Естерiңiзге сала кетейiк, қазiр қордың жанынан арнайы қыз-келiншектердi қарайтын маммолог кабинетi ашылды. Кәсiби бiлiктiлiгi жоғары маммолог-дәрiгер аптасына екi рет – сейсенбi, жұма күндерi қараламын деушiлердi қабылдайды. Ал қордың вице-президентi Аршагүл Тойбайқызының қаламыздағы алты ауданның мектептерiне барып, мұғалiмдер мен 9-11 сынып оқушы қыздарына «Сүт безi қатерлi iсiгi мен «Жатыр мойыншасы қатерлi iсiгi» тақырыбы аясында семинар өткiзудi үрдiске айналдырғаны да құптарлық жайт.
Алматы қаласы, Абай даңғылы 157 А,
209 кеңсе, heilthasiakz@mail.ru www.fza.kz
Әскер ЕСЕНҚҰЛОВ, медицина ғылымының
докторы, ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң бас маммологы:
– Бұрын ата-бабамыз қызына «балаға сүтiңдi иiп бер» деп тәрбилеген. Сол мәселенi мен де 1985 жылдан берi айтып келемiн. Соны қайтсек бiз культ етiп ұлтымызға енгiзе аламыз?! Ана уызына жарымаған бала қандай болады? Бiрақ осы мәселенi бiз шетке итерiп тастадық.
Негiзi Құран бойынша ана баланы үш жыл емiзу керек екен. Жапонияда ең құрығанда бiр жарым, екi жыл емiзедi. Жақында арнайы зерттеу жұмысын жүргiздiм. Сонда белгiлi болғаны үш, төрт, бес ай, ары кеткенде жетi айға дейiн емiзедi. «Баланы омы¬раудан неге ерте шығардың?» деп сұрасаң, бала ембей қойды немесе сүт құрып кеттi дейдi. Ал олар негiзгi нәрсе – июдi бiлмейдi. Иiмегеннен кейiн сүт келе ме, келмейдi әрине. Сондықтан қызбаланы бала кезiнен, мектептен тәрбиелеу керек. Баланы қалай емiзу керектiгiн, июдiң не екенiн құлағына құя беру керек. Мәселен, Жапонияда қызбала тұрмысқа шығам десе, оны жұмыс орнынан бес жылға босатады. Тiптi, ақ жол тiлеп, жолына кiлем төсеп шығарып салады екен. Өйткенi, қызбаланың мiндетi – бала сүю, ана болу. Кейде жiгiттердi ұялтып, «Бiздiң еркектер паразит боп кеттi, сендердi әйелдер асырап жатыр» деймiн. Шыны солай ғой. Әйелдiң денi бала-шағаның қамын ойлап базарда қап көтерiп жүр. Кез келгенiмiз омырау емген баланың қандай болатынын бiлемiз. Оған анализ тапсыртып, тексерудiң қажетi жоқ. Неге Абай сияқты даналар туылмайды қазiр? Себебi, уызға жарымаған бала өмiрге келiп жатыр. Қазiр жасанды сүт деген шықты. Кезiнде Алматыда емшек сүтiн де беретiн донорлық пункт болған. Яғни, жарымаған балаға донор сүтiн берген. Ендi мұның бәрi жайына қалды. Менiңше, жасанды сүттiң балаға тамақ болмайтындығын айтып, халыққа түсiндiру керек. Бiздiң арманымыз да сол, осы жанайқай басшылардың құлағына жетсе екен деген ой.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ