ҚАЗАҚ АНИМАЦИЯСЫ ТЫҢ БАСПАЛДАҚТА

ҚАЗАҚ АНИМАЦИЯСЫ ТЫҢ БАСПАЛДАҚТА

ҚАЗАҚ АНИМАЦИЯСЫ ТЫҢ БАСПАЛДАҚТА
ашық дереккөзі
329

Алматы қаласы – өнер ордасына айналды. Өйткенi, Алатау баурайында бiр емес, екi кинофестиваль шымылдығын ашып, жаңа жұлдыздармен табыстырды. Ал бiз тоқталатын «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалiмен кино өнерiнiң көрермендерi 15-19 қыркүйек аралығында осымен бесiншi рет қайта қауышты. Биылғы фестивальдiң жас кинематографтар мен кино өнерiн көзiнiң қарашығындай қастерлейтiн жандар үшiн беретiнi көп. Неге десеңiз, қазақ киносы да жылдан-жылға толысып, жаңа қырларымен, жаңа фильмдерiмен өз көрерменiн қуантып келе жатқаны анық.

Фестиваль аясында фильмдер «Дебют», «Жастар киносы» секiлдi секцияларға бөлiндi. Оның iшiнде толықметражды және қысқаметражды көркемсуреттi, деректi кинолар номинациялары бойынша байқауға түсiп, бақ сынады. Бiр қуантарлығы, биылғы фестивальде «Студенттiк кино» атты тағы бiр жаңа әрi тың секцияның ашылуы болды. Бұл кино саласында өнерiн ендi ғана шыңдап жүрген талантты әрi жас режиссерлардың еңбектерiн көрермен назарына ұсынуға ашылған үлкен мүмкiндiк. Осы орайда, әсiресе жастардың әр түрлi тақырып бойынша мәселе көтерiп, көздеген мақсаттарын көгiлдiр экран арқылы киносүйер қауымға жеткiзе бiлуi басты назарда ұсталды. Бұл номинацияда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттерi ерекше көзге көрiнiп, тәжiрибе жинақтауға барынша атсалысты. Осы фестиваль барысындағы байқау жарияланған анимациялық фильмдерге бiраз кiдiрiс жасап, жастар талпынысының жоғары екендiгiн атап өткiмiз келедi. Алайда, байқаудан тыс қалып қойған бұл номинация аздап қынжылтқанымен, бағдарламадағы басқа да анимациялық фильмдердiң әрқайсысының өзiндiк мән-мағынасы мен көтерiп отырған мәселелерi баршылық. Мәселен, «Жебе» киностудиясынан келген Саит Атабеков өзiнiң «Ұмайдың түсi» атты дебюттiк фильмiнде бiр Ұмай-ананың бейнесi арқылы бүгiнгi заман ағымындағы келеңсiз жайттар мен оқиғаларды ашып көрсетуге тырысса, (әсiресе қолына қару ұстаған адамдардың намазға жығылуы) украиналық Юрий Марченко «Баласт» атты дебюттiк фильмiнде билiктен әбден семiрiп, сiңiрi шыққан генералдың күйiн жан-жақты сипаттайды. Дәл осыған ұқсас елемiздегi «Көкше» университетiнiң студентi Сергей Окунскийдiң «Интриги в лесу» атты фильмi сюжетi жағынан өте қызық. Оқиға кейiпкерлерi орман құстары мен аңдары бола тұра, нақ бүгiнгi қоғам айнасының шынайы сипатын дәл сол қалпында көз алдымызға әкелгендей болды. Ал «Екiншi дүниежүзiлiк соғыс» фильмiнде (Р.Шепетя, Д.Юн, М.Абишев) соғыстың ауыр зардаптары мен қиыншылықтарын қуыршақтар арқылы сатиралық үлгiде өте шебер бейнелуi табысты шыққан. Сондай-ақ, «Дровосек и дракон» (Д.Құлбаева), «Тамақтың буына, ақшаның сылдыры» (С.Сабырғалиев) фильмдерi көрермендерi өзiнiң бұрын-соңды кездеспеген жанрлық ерекшелiгiмен тәнтi еттi.

Жалпы, анимация дегенiмiз – қозғалыстағы картиналар дегендi бiлдiредi. Бұл өнер түрiнiң кино секiлдi өзiндiк жанрлары да бар екенi белгiлi. Олар аңыз, ертегi немесе философиялық тақырыптағы мультфильмдер болып бөлiнедi. Туындылар топтамасы фестиваль бағдарламасының құрамында да кездесiп, бүгiнгi күннiң өзектi мәселелерiн қамтыды. Демек, байқауға қатысқан анимациялық шығармалардың көпшiлiгiнде шынайылық басым суреттелдi.

Осындай бағытпен бастау алған байқауда тек фильмдер көрсетiлiмi ғана емес, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында фестиваль қонақтарының қатысуымен шеберлiк сағаттары да өткiзiлдi. Нәтижесiнде кәсiби режиссерлар өз тәжiрибелерiмен бөлiсiп жас мамандардың сұрақтарына жауаптарын алып жатты.

Кино өнерiнiң әлi толығымен кең қанат жаймаған анимация секiлдi салалары осындай фестивальдер көмегiмен көпшiлiкке таралып, үлкен жетiстiкке жетуiмен қатар, қазақ киносының өсiп өркендеуiне түрткi болары анық.

Гүлзат Мамытова

Серіктес жаңалықтары