БАҒА ЫРЫҚҚА КӨНЕ МЕ?

БАҒА ЫРЫҚҚА КӨНЕ МЕ?

БАҒА ЫРЫҚҚА КӨНЕ МЕ?
ашық дереккөзі
227

Парламенттiк сайлаудан кейiн естерiн әзер жиған саяси партиялар қоғам өмiрiне белсене араласа бастады. Нан бағасы мен инфляция деңгейiне алаңдаған олар: «Үкiмет отставкаға кетсiн!» деп ұрандауда. Өткен жолы премьер мен вице-премьердiң қырына iлiккен министр Есiмов кешегi кеңеске келген жоқ. Үкiмет басшысы тарапынан айтылған сын мен ескертудi оның орнына орынбасары арқалап қайтты. Қазiр Мәсiмовтiң командасын толғандырған басты сұрақ: «Инфляция мен нан бағасы қайтсе ауыздықталады?».

«ҚОЛДАРЫН МЕЗГIЛIНЕН КЕШ СЕРМЕДI»…

Үкiметтiң дүйсенбiдегi селекторлық кеңесiнде ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Есiмов төбе көрсеткен жоқ. Есесiне, оның орнына келген орынбасары премьерден сөз естiп қайтты. Өткен аптадағы жиылыста министрге 1 аптаның iшiнде нан бағасын тұрақтандыруға қатысты тапсырма берiлген болатын. Бiрақ тапсырма орындалмады. Кешегi кеңесте күн тәртiбiне шыққан басты мәселе – тағы да нан бағасы мен инфляция деңгейi. Iшкi нарықтағы қазiргi жағдайдың ушығып кетуiне Ауыл шаруашылығы министрлiгi кiнәлi екендiгiн, уақытында шара қолданбағандықтан, мәселенi ушықтырып алғандығын айтқан Мәсiмов ендiгi тапсырманы облыс пен аудан басшыларына бердi. Бұл жолғы нұсқау: әрбiр облыс, аудандарда астық қорларын, яғни, тұрақтандыру қорларын құру. Дәл осы ұсынысты ауыл шаруашылығының министрi Есiмов жаз айында айтқан едi. Министр жуық арада нан нарқының көтерiлуi мүмкiндiгiн, сондықтан әрбiр облыс, аудандардан астық қорларын құру қажеттiгiн ескерткен. Өкiнiшке қарай, қашанда «қолдарын мезгiлiнен кеш сермейтiн» бiздiң билiк қапы қалды. Қорлар дер кезiнде құрылмады, алдын алу шаралары мезгiлiнде жүргiзiлмедi. Сорлап қалған тағы да – «қалтасы тесiк» халық. Мәсiмовтiң жергiлiктi басшыларға жүктеген мiндеттемесi «әдеттегiдей» Үкiметтiң дәлiздерiнде қалып қоя ма, әлде әкiмдер тарапынан нақты шаралар атқарыла ма, оны келесi аптада бiлемiз. Бағамен бас қатырған премьер қазанның 20-күнi Президенттiң алдында есеп беруi тиiс. Қарапайым жұртшылықтың қалтасына салмақ салған қымбатшылықты Елбасына не деп түсiндiрерi белгiсiз. Бiрақ дүйсенбiдегi кеңестен кейiн Астана дүкендерiн аралап көрген ол бағаның тым шарықтап кеткендiгiне көз жеткiздi. Премьердiң пiкiрiнше, нан өнiмдерiн өндiру саласын әлдекiмдер монополияға айналдырып алған көрiнедi. Елдегi қатшылық пен қымбатшылыққа кiнәлi – сол мүдделi топ. Сондықтан «тез арада нан өндiрушi мекемелердiң жұмыстарына арнайы тексеру жұмыстарын жүргiзiп, анық-қанығына көз жеткiзу қажет. Егер бағаны қолдан өсiргендiктерi дәлелденсе, кiнәлiлерге тиiстi жазаларын беру керек». Айтпақшы, ресми дерек көздерi Қазақстандағы инфляция деңгейi 8,2 пайыз десе, оны тәуелсiз сарапшылар терiске шығарады: «Кез келген өнiм бағасының 10 пайызға өскенiн ескерсек, инфляция деңгейi 20 пайызға артқанын аңғарамыз».

ӨЗДЕРI ӨЗДЕРIНЕ ӨКПЕЛI

Осыдан бiр апта бұрын Мәсiмов пен Есiмов нан бағасының ресми құны 39 теңгеден аспайтынын мәлiмдеген болатын. Алайда, Алматының көп бөлiгiн ас атасымен қамтамасыз етiп отырған «Ақсай нан» өкiлдерi 29 қазаннан бастап нанның 55 теңгеге дейiн қымбаттайтынын айтады. Мекеме басшысы Нәсiм Қалиев: «Май, жұмыртқа, қант сияқты өнiмге қосылатын заттардың бағасы күннен күнге қымбаттап бара жатқандықтан, нан бағасын да өсiруге мәжбүрмiз» деп ақталады. Бейресми деректерге сүйенсек, алдағы күндерi нан 120 теңгеге дейiн қымбаттамақ. Егер шынымен солай болса, жалақыдан жалақыға не зейнетақыдан зейнетақыға «шықпа, жаным, шықпамен» әзер жететiн отандастарымыздың, әсiресе, ауылдағы ағайынның күнi не болатынын қайдам. Есiмов нан бағасының өскенiне емес, құны арзан нанның қадiрi болмайтындығына, құны жоқ нанды малға беру, Қазақстанның нанын Ресейге әкету қаупi барына көбiрек алаңдайтын сыңайлы. Министрдiң «құлағына алтын сырға», қазiр ауылдағы ағайынның арасында күнұзақ нан мен қара шайды талғажау ететiн отбасылар көп. Қалалық жерлерде негiзгi асы нан мен сүттен тұратын зейнеткерлер де баршылық. Баға осылай шарықтай берсе, көп кешiкпей сiз бен бiз дүкен сөрелерiндегi тауарларды мұражай экспонаттарын көргендей тамашалауымыз ғажап емес. Министрлер кабинетiнiң пiкiрiнше, тығырықтан шығар жолдардың бiрi – отандық егiншiлердi астықтарын шетелдiктерге емес, Мемлекеттiк азық-түлiк корпорациясына өткiзуге үгiттеу. Отандық астық өндiрушiлердiң жәрдемiне Мәсiмов кәдiмгiдей үмiт артып отыр: «Бұған дейiн Үкiмет арзан жанар-жағар май берiп, басқа да жеңiлдiктер жасап, көмектесiп келдi. Ендi олардың Үкiметке болысатын кезi келдi». Премьердiң үмiтi ақталса жақсы. Өйткенi, астықты экспорттауда отандық егiншiлер мен шетелдiктер арасында жүретiн «дайын асқа тiк қасық» делдалдардың олжаларынан оңайлықпен айырылмасы белгiлi. Мысалы, үстiмiздегi жылдың 1 ғана тамыз айында 91 мың тонна (!) астық шекара асыпты.

Инфляцияны ауыздықтай алмай отырған Үкiмет кешегi кеңесте нақты баға туралы тiс жармады. Бiрақ бұл жолы премьердiң айқайы ащы шықты. Ол нан бағасына қатысты мәселенiң саяси реңк алып бара жатқандығына алаңдайтынын да жасырмады. Кеңесте жасаған мәлiмдемесi «саяси астары жоқ, iшкi шаруаға қатысты шешiмiн табатын мәселеге саяды. Бiрақ өткен аптада «Ақ жол», «Руханият», «Ауыл» мен ҚХКП өкiлдерi баспасөз мәслихатын өткiзiп, Үкiметтiң отставкаға кетуiн талап еттi. Наразы топ, «егер Үкiмет қаласа, нан бағасын оп-оңай реттеуге қауқарлы» деген сенiмде. Кешегi саяси науқанда «Нұротанға» дауыс берсеңдер, «ауыздарыңнан ақ май ағызады» деп сайлаушылардың дауысын жинап алған «нұротандықтар» жуырда өздерiне өздерi ұсыныс жасады. Анығында, Министрлер кабинетiнiң немқұрайдылығына налыған «нұротандық» депутаттар «нұротандық» Үкiметке шүйлiктi: «Бағаны тез арада реттеу қажет». Халық қалаулысы Бекболат Тiлеухан осындай келеңсiздiктердiң кесiрiнен Үкiмет Президенттiң атына кiр келтiрiп отырғандығын көлденең тартса, оның әрiптесi Шалатай Мырзахметов «резеңкенi соза берсе, үзiлiп кететiнiн, шыдамы таусылған халықтың көшеге шығып кету қаупi барын» айтады. Ал сарапшылар болса, о баста-ақ нан бағасына қатысты айқайлардың соңы төңкерiспен емес, дастарқан басындағы күңкiлдермен шектелетiнiн айтқан болатын. Не деседе, ел аман, жұрт тынышта қара суды қайғысыз iшкенге не жетсiн!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары