КӨРМЕ ДЕП ОСЫНЫ АЙТ

КӨРМЕ ДЕП ОСЫНЫ АЙТ

КӨРМЕ ДЕП ОСЫНЫ АЙТ
ашық дереккөзі
259

15-рет өткiзiлiп отырған «Kioge»…

Күз айлары басқосулар мен форумдардың, әр түрлi саладағы жиындар мен көрмелердiң мезгiлi. Биылғы жылы 15-рет өткiзiлiп отырған «Kioge» – 2007 халықаралық көрме-конференциясы да өз жұмысын бастап кеттi.

Әдеттегiдей Алматы қаласына Қазақстанның және бүкiл Каспий маңы аймағының мұнай-газ саласына қатысы бар мамандары жиналып, төрт күн бойы пiкiр бөлiсiп, тәжiрибе алмасатын болады. Көрме аясында өзiнiң 15 жылдығын атап өткелi отырған «Kioge»-ға отыз үш елден шамамен 600 компания қатысып, өз өнiмдерiн және мұнай-газ саласының он бес мыңға жуық маманының қызметтерiмен таныстырады. Ал көрмеге қатысушылардың 31 пайызы отандық компаниялар, 40 пайызы алыс шетелден келгендер, ал 29 Ресей мен ТМД елдерi компания өкiлдерi екен.

Қатысушылар санының ұлғаюы ең алдымен Қазақстанның жақын арада әлемдiк нарыққа энергоресурстарды жеткiзушiлердiң алтын көпiрi болуында жатқан сияқты. Әрине, бұл стратегиялық жоба мұнай қоғамдастығының Орта Азияны, әсiресе, Қазақстанды құрметтеуiмен ұштасып келедi. Айталық, «Kioge» көрмесiне 120 компания өкiлдерi бiрiншi рет қатысып отыр. Демек, бұрын-соңды шетелдiктердiң қызығушылығын тудыра бермейтiн мұндай пiкiр алмасу мен тәжiрибе бөлiсудiң маңыздылығы ендi артқан сияқты. Өйткенi, Қазақстан – мұнай-газ өндiру саласында бiраз биiктi бағындырып, аяғынан тiк тұратын жағдайға жеттi.

Сонымен, көрме-конференцияның шымылдығы ашылып, тұсауы кесiлдi. Әр компанияның ұсынған өнiмдерiн аралау дәстүрiн «ҚазМұнайГаз» АҚ президентi Ұзақбай Қарабалин бастап жүрдi. Сол сияқты кеше мен бүгiн мұнай-газ саласында тапжылмай еңбек етiп жүрген Н.Балғымбаев пен Т.Құлыбаевты да осы көрмеден көрдiк. Ал ҚР энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаев мырза өзiне тиесiлi сала болғандықтан, көшбасында өзi жүрiп, мұнай-газ саласында қол жеткiзген жетiстiктерге куә болды. Министр Сауат Мыңбаев көрмеге қатысушыларға құттықтау жолдап, 15 жыл бойы мұнай-газ саласында ұйымдастырылып келген «Kioge»-дiң маңыздылығына тоқталды. «Өзiнiң 15 жыл өмiрiнде «Kioge» халықаралық мұнай-газ форумы Қазақстанның көрме бизнесiнiң көшбасшысына айналып, дүниежүзiлiк мұнай-газ нарығында жетекшi орындарға ие болып отырған алдыңғы қатарлы отандық және шетелдiк мұнай-газ компанияларын қатысуға шақырады. Жыл сайын көптеген елдер осы көрме-конференцияға қатысуға мүдделерiн бiлдiрiп жатыр» дегендi айтты. Айта кету керек, аталмыш шара негiзiн қалағаннан берi энергетика және минералдық ресурстар министрi мен «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясының ұйытқы болуы арқасында өткiзiлiп келе жатыр.

2-5 қазан күнгi өтетiн конференция жұмысына бiр мың делегаттан астам адам қатысуда. Конференцияның негiзгi көтерер тақырыбы – «Қазақстандық компаниялардың қатысуын кеңейту және мұнай-газ саласына жергiлiктi ресурстарды тарту». Мұнда отандық және Қазақстанмен ынтымақтастықтығы берiк елдердiң үкiметтерi мен салалық министрлiктер, халықаралық ұйымдар, және шетелдiк мұнай-газ компаниялары өкiлдерiнiң терең пiкiр алмасуы болады.

«Kioge» тұрақты ұйымдастырушылары ITЕ көрме компанияларының халықаралық тобымен Ұлыбритания және Ресей, Германия, Түркия, Қытай және басқа елдердегi серiктестiктермен бiрлесе жұмыс iстейдi. Сондай-ақ, биылғы көрмеге Қазақстанның, Әзiрбайжанның, Ауғанстанның, Ұлыбританияның, т.б толып жатқан елдердiң мұнай-газ саласының 15 мың маманы келiп отыр.

Қолда бар деректерге жүгiнсек, 2007 жылы Қазақстанда мұнай өндiру 65 млн. тоннаға, газ өндiру 29, 3 млрд. текшеметрге жетедi деген болжам бар. Егер осы жоба жүзеге асып жатса, Қазақстан әлем нарығында мұнай мен газ экспорттау мәселесiнде көпвекторлық саясатты табысты iске асырғаны болып есептелiнедi. Бiр айта кетерлiгi, елiмiзде мұнай-газ өндiруде қомақты табыс көзiн берiп отырған «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясы өзiнiң 5 жылдығын атап өтуде. «ҚазақОйл» және «Мұнай және газ транспорты» – екi ұлттық компанияның базасында 2002 жылы құрылған «ҚазМұнайГаз» АҚ алдында барлау, өндiру, көмiрсутегiн өңдеу және жөнелту бойынша ұлттық күштi оператор болу керектiгi туралы мемлекеттiк стратегиялық мақсат тұрды. Қазақстан экономикасының флагманы болып аталған компанияның даму серпiнi айтарлықтай. Өйткенi, мұнай өндiру бойынша магистралдық құбырлармен мұнай жөнелтудi 80 пайызға, газ тасымалдауды 100 пайызға, ал өңдеу көлемiн 50 пайызға жеткiздi. 2006 жылы магистралды мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдау көлемiнiң жиынтық өсiмi 2002 жылға қарағанда 25 пайыздан асса, танкер флотымен мұнай тасымалдау 1,4 есеге дерлiк, газ тасымалдау болса 9 пайызға өскен. «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясының Президентi Ұзақбай Қарабалиннiң айтуынша, компанияның табысы 2,5 еседен артыққа өстi. Жұмыс iстеп жатқанына бар-жоғы 5 жыл болса да, әлеуметтiк аударымының көлемi едәуiр жоғары деңгейде – жылына 100 млн. доллар шамасында. Қысқасы, «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясының келешекте Қазақстандағы ең iрi мұнай өндiру компаниясы болу ойы бар. Аталмыш ұлттық компанияның атқарушы директоры Арман Дарбаев: «Келесi жылы ұлттық оператор ҚХР бағытындағы газ құбыры құрылысын бастайды, сондай-ақ «Атасу–Алашанькоу» құбырын ұзартады» деген болатын Астанада өткен 2-шi «Kazenergy» форумында. Құдай қаласа, бұл жобаны iске асыру 2009 жылға жоспарланып отырғанға ұқсайды. Бұдан басқа 2007 жылы «ҚазМұнайГаз» «ВВВ» және «ВВВ» деңгейiнде, тиiсiнше «Standard and Poors» және «Fitch» халықарылық агенттiгiнiң атынан инвестициялық рейтинг алған болатын. Қазақстанның және Лондонның биржалық қорында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өңдеу компаниясының акциясын орналастыру iске асырылды. Акциялар мен депозитарлық қолхаттарды орналастыру нәтижесiнде 2,3 миллиардтан астам АҚШ доллары тартылып, бүгiнде олардың құны IPO бағасымен 35 пайыздық пункттен артыққа өстi. Мiне, бұл жағдай «ҚазМұнайГаз» АҚ ұлттық компаниясының халықаралық деңгейде танылғандығын айғақтайды.

Мiне, осы көздеген мақсаттарға жету барысында өтiп отырған «Kioge» көрме-конференциясы отандық мұнай-газ саласын дамыту мәселесiн талқылауға, шешуге арналған басқосу екенi белгiлi. Төрт күндiк көрменiң бағдарламасы қанықты әрi қызықты болмақ. Сол сияқты бұл күндерi көрме-конференцияға Нидерланды Корольдiгiнiң экономика жөнiндегi министрi Мария ван дер Хувен бастаған голландиялық 25 өндiрiс мекемесiнiң сауда өкiлдерi атбасын тiрейдi. Бұл кездесудiң мақсаты – Қазақстан мен Нидерланды арасындағы экономикалық қарым-қатынасты нығайту. Өйткенi, соңғы төрт жыл iшiнде Қазақстаннан Нидерландыға тауар импорттау айтарлықтай өсiп, биылғы жылы 336 млн.евроны құрады. 2005-2006 жылдары шетелдiк инвесторлар iшiнде Нидерландының алатын орны ерекше екенi осыдан-ақ белгiлi болса керек.

40-тан астам компания демеушiлiк жасаған «Kioge» көрмесi аясында «Мұнай-газ вакансияларының жәрмеңкесi» өтуде. Бұл «Kioge»» мұнай-газ көрме-конференциясы 7-9 қарашада Ақтау қаласында жалғасын таппақшы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары